////

Пандемия біздің қоғамның барлық бет бейнесін паш етті

9687 рет қаралды
COVID-19 new coronavirus vaccine, thermometer and medical mask

Батыс Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасының 09 тамызда жариялаған мәліметтеріне сәйкес6 тамыз күні облысқа 15 100 доза (І компонент) көлемінде «Спутник V» вакцинасының жаңа партиясы жеткізілген. Осыған дейін басқарма 16 маусым күні облысымызға 62 540 доза көлемінде Ресейлік «Спутник V» вакцинасының ІІ компоненті жеткізілгені туралы хабарлаған еді.

Ал, 11 тамыздағы мәлімет бойынша өңірде   вакцина алғандардың саны: І компонент  – 178 099; ІІ компонентпен екпе алған адамдар саны – 135 659.

БҚО бойынша екпе алғандарды санат бойынша жіктеуге салсақ:

Басқарманың хабарлауынша облысымызда эпиджағдай әлі күнге дейін тұрақсыз, қызыл аймақтан шыға алмай келеміз. Тәулігіне 156 адам вирус жұқтырғаны тіркелсе, оның 116-сында ауру белгілері байқалса,  40-ы симптомсыз. Алдыңғы аптамен салыстырғанда ауруды жұқтыру саны 10,7% азайыпты, бұл дегеніміз 118 адамға  төмендеген.

Вирустың таралуын болдырмау үшін, ауру санын азайту үшін, қалыпты өмірге тезірек оралу үшін сақтау қажет міндетті шаралар жайында күні-түні бұқаралық ақпарат құралдарынан, мүмкін болған ресурстардың барлығынан хабарлануда. Алайда, біз куә болып отырған жағдай мүлдем өзгеше. Той-томалақ, қонақтықтар жалғасуда, оларды анықтап, жазалау шараларын қолданып, айыппұл салып, тіпті тізімдерін жалпақ жұртқа жария қылған күнде де тойлауды тоқтатар емеспіз.

Әуел бастан вакцинаға қатысты ақпараттық насихаттау жұмысы осал болды ма, әлде билікке деген сенімін жоғалтып, вирусқа байланысты үрей билеген халық үшін бұл жұмыстар жеткіліксіз болды ма? Өйткені, вакцина алудың орнына жалған құжаттар жасатып, сатып алу оқиғалары кездесе бастады.   Атап айтсақ, Батыс Қазақстан облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі мемлекеттік шекараны кедергісіз кесіп өтуі үшін жалған ПТР тесттер және РФ Оренбург қаласында орналасқан медициналық мекемеге шақырту-анықтамаларын дайындаған сақтандыру компаниясының екі қызметкерінің қитұрқы әрекеті ашылғаны туралы хабарлады. Сонымен қатар, тергеу барысында әрі қарай жұмысқа орналасу мақсатында жалған тесттер сатып алған Орал қаласының үш тұрғынын анықтады. Аталған тұлғаларға қатысты ҚР ҚК 385 бабы бойынша (жалған құжатты біле тұра қолдану) сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында құжаттарды қолдан жасағаны және қолданғаны үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны туралы ескертеді.

Біз жалған құжаттар жасаудың салдары қылмыстық жауапкершіліктен бөлек, әрбіреуіміздің ар алдындағы жауапкершілігіміз екенін ұмытпауымыз керек, себебі жалған ПТР тесті де, шақыру-анықтамасы да айналып келгенде таралуы желден жүйрік вирусты жұқтыру ықтималдығына тікелей әсер етеді.

Осыдан бұрын Орал қаласында азаматтардың вакцинаға қарсы митингіге шыққаны туралы жазған болатынбыз. Митингтер тоқтағанымен вакцина алуға қарсы адамдар азайды не мүлдем жоқ деп айта алмаймыз. Ұжымдық қауіпсіздікті қалыптастыру үшін вакцина алуымыз керек екенін адамдар түсініп, саналы түрде өз еркімен екпе алуы үшін, жалпы бұл жағдайды өзгерту үшін тағы не істеуіміз керек? Осы мақсатта түрлі құнды сыйлықтар мен лотерея ойнату қаншалықты дұрыс? Вакцина алуға қарсы адам құнды сыйлық үшін не лотереяда ойнатылатын қомақты қаржы үшін өз ойын өзгертуі мүмкін бе? Егер ойын өзгертіп, вакцина алып, ұтысқа қатысар болса, осы уақытқа дейінгі вакцинаға қарсылық ұстанымы немен байланысты болды?

Батыс Қазақстан облысы да аталмыш трендтен қалыс қалмауды ұйғарса керек. Дәлірек айтсақ, @ikomek109_bko атты Instagram парақшасы (https://www.instagram.com/p/CSZn10UMsLI/) 10 тамыз күні облыс тұрғындары арасында ұтыс жарияланатыны туралы хабарлады.

«ЕКПЕ САЛДЫР ДА, СЫЙЛЫҚ ҰТЫП АЛ!

Коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның 2 компонентін алған облыс тұрғындары арасында құнды сыйлықтар ойнатылатынын Сіздерге хабарлаймыз.
13 тамыздан бастап апта сайын (әр жұма) ұялы телефондар, тұрмыстық техника (микротолқынды пеш, ет тартқыш, электр пеші, электр шайнек, блендер, үтік, шаш кептіргіш) ойнатылады.

 

 
 
 
 
 
View this post on Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

A post shared by iKomek 109 (@ikomek109_bko)

Ұтыс ойынына 1 ақпаннан бастап вакцинация төлқұжатын алған БҚО аумағында тұратын 18 жасқа толған азаматтар қатыса алады.

Ұтыс ойынына қатысу үшін:

  • kz сайтында немесе iKomek109 call-орталығы арқылы арнайы форманы толтырып, тіркелу;
  • жеке ұтыс нөмірін алу;
  • Ұтыс ойыны туралы барлық жаңалықтар туралы хабардар болу үшін Инстаграмдағы ikomek109_bko аккаунтына тіркелу және хабарламаларды қосу;
  • Жүлделер инстаграмдағы ikomek109_bko тікелей эфирінде кездейсоқ сандар генераторы арқылы ойнатылады».

Бұл шара көздеген мақсатқа жетуде құралдардың барлығы да жақсы дегеннің кері ме, әлде құрылымды ақпараттық насихаттан көрі «алтын көрсе, періште жолдан таяр» деген сыйлықтар мен ұтыстарды пайдалану тәсілінің тиімдірек болғаны ма? Бұл әзірге жұмбақ.

Ия, пандемия адамдардың өміріне түбегейлі өзгерістерімен келді. Ең бастапқы кезде вирустан, кейін келе вакцинадан, одан соң оның әсерінен қорықтық. Әр адамның бір басына жетерлік үрейлері болады, осы уақыт ішінде сол үрейлердің қатары көбеймесе кемімеді. Пандемия өмірімізге енгелі 1,5 жылға жуық уақыт болды, дәл қазіргі реалияда адамдар өзін қалай ұстап, қалыптасқан жағдайға қалай бейімделуде? Осы орайда медицина, психология саласының мамандары не дейді?

БЕЛГІСІЗДІК АДАМДАРДЫҢ ЖҮЙКЕСІНЕ САЛМАҚ САЛАДЫ

«Осы «жаман ауру» бізге келеді деген сәттен бастап бізді соған байланысты алдын ала кәсіби түрде дайындады. Медициналық тұрғыдағы дайындықтан басқа, ЖҚҚ костюмін қалай киіп, шешуден бастап, өзімізді пациенттермен қалай ұстауымыз қажет, осының барлығына үйретті. Ең бірінші пациент Орал қаласында 2020 жылдың 29 наурызы күні түсті. Алдын ала дайындық болған соң аса бір қорқыныш болмады. Алайда, ішімізде қызыл аймаққа кірмейміз деп бірден бас тартқан медбикелер де болды. Менің үйде ата-енем, жолдасым, балаларым бар. Жұқпалы аурулар ауруханасында медбике ретінде жұмыс істегеніме 18 жыл болды, біз үшін күнделікті жұмыс, бірден қызыл аймаққа кірген кезде үй-ішінде қорқыныш болды әрине. «Саған ауру жұқпай ма, ауырып қалмайсың ба, үйдегілерге ауру алып келмейсің бе» деген ойлар да болды. Бірақ, оның барлығы уақыт өте келе сейілді. Пациенттер болса бастапқы кезде «өліп қаламын ба, қашан өлемін» деген сұрақтар қойып жүрді. Олардың жүйкелері тез тозып кетеді, белгісіздік моральдық тұрғыда ауыр болды. Әр істің өз қиындығы мен қызығы болады, өзім үшін ісімді адал атқару маңызды. Пандемия өмірімізге келгелі 1 жылдан астам уақыт өтсе де көбі әлі сенбейді, себебі өз басынан өткізбеген адамды сендіру қиын. Ал, өзі, жақындары, туыстары, достары ауырған не олардан айырылған адамдар аурудың барын біледі, сенеді. Вакцинаға келетін болсақ, өз басым алу керек деп есептеймін. Әр адамның ағзасы, иммунитеті әртүрлі және екпені де түрлі қабылдайды. Екпеден кейін ауырып қалған адамдар бар, бірақ олар әлдеқайда жеңіл түрде ауырады» – дейді есімін атағысы келмеген Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының медбикесі.  

Александра Бундина, Бәйтерек ауданы Махамбет ауылының Махамбет орта мектебінің педагог-психологы:

АДАМДАР ҰЗАҚ МЕЗГІЛ ТӘУЛІК БОЙЫ БІР-БІРІМЕН БІР ЖЕРДЕ БІРГЕ УАҚЫТ ӨТКІЗЕ АЛМАЙТЫНЫН КӨРСЕТТІ

– Пандемия бізге ең басты ресурс коммуникацияны жоғалтқанымызды көрсетті. Біз қарым-қатынас жасауды, келісімге келуді, сұрауды, өтінуді ұмытқанбыз, өз сұрақтарымыздың барлығын ок Google арқылы шешеміз. Әрине, енді өмір мүлдем басқа болатынын түсінуіміз қажет, бастапқы кезде көп адам аурудың барына сенбеді. Алайда, жақындарынан, жұмысынан, табыс көзінен айрылған соң өмірге деген көзқарастары өзгерді. Мен адамдардың өмірді, жақын жандарымен бірге өткізетін уақытты бағалай бастағанын көрдім және ең бастысы адамдар бір-бірін, өз жүрегін, өз жанын естуді үйренді. Психолог ретінде бұл өзгеріс мені қуантады.

Әрине, әр нәрсенің екінші бір белгісіз қыры болатынындай, пандемияның да кері жағы бар. Көптеген отбасы кенеттен келген қиындыққа төтеп бере алмай, ажырасты. Көптеген бала ата-аналарын тастап кетті. Осының барлығы адамдардың психикасы мұндай өзгерістерге мүлдем дайын болмағанын көрсетті. Адамдар ұзақ мезгіл тәулік бойы бір-бірімен бір жерде бірге уақыт өткізе алмайтынын көрсетті. Психологиялық тұрғыдан үйлесімсіздік (дисбаланс) орын алды, оның салдары күйзеліс, суицид және түрлі фобияға әкеліп жатқан жағдайлар да болды. Қазір кеңестерде бәрінің сұранысы бір, олар: өмірдің мәнін жоғалту, енжарлық, жалқаулық, мазасыздану, өзі және балалары үшін қорқыныш.

Балалар оқу үрдісіне қорқынышпен оралды, олар онлайн тәртіпте өзіне сенімсіздеу болса да, жауап беру оңай болатын, қарап, көшіріп ала алатын. Осы уақыт ішінде психологтың қызметіне сұраныс күрт өсті, бұрын сыныптағы 25 оқушының 5-уі ғана психологқа жүгінсе, қазір барлық 20 бала келеді. Кейде жай ғана сырласып, сұхбаттасқанның өзі де қордаланған мәселелерді шешуге көмектеседі. Ата-аналар балаларына, олардың эмоциялық көңіл-күйіне, оның құбылуына көбірек көңіл бөлгені дұрыс, балаларының кіммен араласатынын, кіммен дос болатынын, бос уақытында немен айналысатынын білу өте маңызды. Ата-аналар көп жағдайда мәселенің шешімін өздері таба алмаған кезде ғана келеді, балалар сенбейді, қарсы шығады, бүлік шығарады. Бұл кезде психологиялық қолдауды бала емес, ата-ана қажет етеді. Көптеген жағдайда ересектер үйіне мазасыздық, үрей және сенімсіздік алып келеді, балалар болса ата-ананың ажырасуы мен отбасындағы зорлық-зомбылыққа өте сезімтал.

Виталий Кузнецов, психолог, әлеуметтік  педагог:

ПАНДЕМИЯ ҰЗАҚ УАҚЫТ БОЙЫ ҚОҒАМДА ЖИНАЛҒАН ІРІҢНІҢ БЕТКЕ ҚАЛҚЫП ШЫҒУЫНА ЫҚПАЛ ЕТТІ

– Сонымен пандемия қоғамның, әр отбасының, жекелеп алғанда әр адамның өмірін ДЕЙІН және КЕЙІНге бөлді. Қай кез болмасын адамзаттың басына түскен соғыс, эпидемия, табиғи апаттар сияқты кез-келген сынақтар қоғамда бірігу, ұйымдасу, альтруистік ниеттерге деген логикалық және табиғи қажеттіліктерді туғызатын. Өйткені, адам әлеуметтік жаратылыс және оның қалыптасуында қоғам үлкен роль ойнайды. Пандемия ұзақ уақыт бойы баяу төменге қарай құлдырап келе жатқан социумның іріңін бетіне шығарған лакмус қағазы секілді қалыптасқан шынайы жағдайды көрсетті.

2020 жылдың басында пандемия әлі бізге келе қоймаған кезде біз нені байқадық? Эпидемия күш алып, ауру үдеп жатқан елдердегі жағдайға толық бейжай әрі немқұрайлы ғана бақылап қана отырдық. Біз «алыста» болып жатқан соғыс, теракт, өлімге бой үйреткен едік. Мұның екі себебі бар: бір жағынан, бұл рейтинг үшін жасалған сенсациялар деп ойлап, біз оған сенуден қалдық. Екінші жағынан, өзіміздің мызғымастығымызға деген сенім, «құдайға шүкір бізде бұл жағдай жоқ» деген ой болды.

Сөйтіп, пандемия бізге де келіп жетті. Бірінші күндері не болды – скепсис – мүмкін психиканың қорғаныс реакциясы ретінде анықтан бас тарту, екіншіден, бизнес-магнаттардың алдағы азық-түлік коллапсы арқылы баюды көздеу әрекетіне түсінік іздеу (адамдардың бір бөлігі қарақұмық пен дәретхана қағаздарын жаппай сатып ала бастады), үшіншіден, белгісіздік алдындағы үрей және ақпараттық шабуылдардан шатасу.

Оралда анықталған COVID-19 ең алғашқы жағдайларын еске алсақ. Аулаларды қоршап алып, көпқабатты үйлердің кіре беріс есіктерін қоршап, көрші пәтерлердегі тұрғындарды көшіріп және тағы да басқа әрекеттер жасады. Сол кезде ең бірінші ауырған әйел адамды (ол туралы жеке мәлімет бірден желіде жария болған болатын) ауланың ортасына шығарған болса, халық оны талап жеп қоюға дайын еді. Бұл – өкінішке орай білімді, зайырлы, дамыған және әлемдегі дамыған елдердің қатарына қосылуға ұмтылған қоғамның шынайы жүзі еді.

Келесі бір айта кететін жай, емдеу мекемелерінің бастықтары үкімет алдында эпидемияға: яғни жатын орындардың саны, стационарлардың жабдықталуы, кадрлармен қамтамасыз етілуге қатысты «толық жауынгерлік дайындық» туралы есеп беріп қойған болатын. Үкімет те жергілікті бастықтардың есебіне әдеттегідей сенді. Аурудың жұғуы үдеген алғашқы аптаның өзінде сақадай дайындықтың көбесі сөгілді. Сол бастықтар өз креслосы үшін дірілдеп, сандарды біресе өсіріп, біресе кемітіп, статистиканың жалған сандарына батып жатқан кезде халық қарапайым бір түшкірудің өзінен үрейленіп, дүрбелеңге бой алдырып жатты.

Сонымен, бірінші толқында біз немен бетпе-бет келдік? – А.Маслоу бойынша ең негізгі деген қажеттіліктердің күйреуімен бетпе-бет келдік – қауіпсіздік, сенімділік және ақпараттық сенімділік қажеттілігі күйреді. Қысым күшейе берді, барлық жерден үйде қалуға, жеке сақтандыру шараларын сақтауға үндеген хабарлар тарап жатты. Бірақ, дәл осы уақытта дәріханаларда дәрі-дәрмектер, жеке қорғаныс құралдары ұшты-күйлі жоғалды немесе ең арзандарының өзінің бағасы аспанға шарықтап кетті. Абдырау, қорқыныш, үмітсіздік, ашыну – біздің қоғамның көп бөлігін осы эмоциялар мен сезімдер жаулап алды.

Келесі бір сорақы жай пандемиямен күресуге қандай да бір қатысы бар барлық медицина қызметкерлері (бұл жағдайда кез-келген пациент әлеуетті ауру жұқтырушы болуы мүмкін) ауруды жұқтыру тәуекелін, психоэмоциялық жүктеменің ұлғаюын, шамадан тыс шығындарды есепке ала отырып, жалақысына қосымша ақы алады деген мәлімдеме болды. Бұл туралы биік мінберлерден мәлімдеме жасалды, ал дәл бір ай өткен соң дәрігерлер қосымша ақыны алмағаны анықталғанда, олардың дұрыс түсінбегені және қосымша ақының барлығына емес, тек жұқпалы аурумен ауырған пациенттермен жұмыс жасағандарына ғана төленетіні туралы хабарлады. Осылайша, біріншіден, дәрігерлердің барлығы бірдей «дұрыс түсінбеген» ақымақ болып шықты, екіншіден медицина қызметкерлерін екі жауласушы лагерьге бөліп қойды. Бұдан кейін не болды? Мұның арты ашыну, алдану сезімі, ынтаның төмендеуі және психоэмоциялық, кәсіби күю үдерісінің үдеуіне әкеліп соқты. Алайда, медицина қызметкерлерінің шыңдалғаны сондай, қандай «әлеуметтік тәжірибелерге» салса да, олар әлі қатарда, еңбек етуде, өздері жанса да, өзгеге жарық түсіріп жүр. Және қанша әділетсіздік пен қос стандарттарға куә болып жүрсе де әлі күнге дейін талмай еңбек етуде. Мүмкін көмекке шақыруға да тырысқан шығар, бірақ олардың даусы естілгеніне күмәнім бар. Ең сорақысы бірде бір стационарда персоналға психоэмоционалды шаршаудың адам төзгісіз қысымын еңсеруге көмектесетін психологтардың бірлігін енгізу қарастырылмаған еді.

Осы кезде қоғамда не болып жатты? Экономикалық тұрғыдан аз-маз болса да ұтымдырақ жағдайда болған мемлекеттік құрылымдардардың қызметкерлері болды. Бірақ, өзіміз білетіндей халықтың көпшілігі өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар еді, яғни жеке кәсіпкерлер. Олардың табысы болса шағын және орта бизнес нысандарын біресе ашып, біресе жапқан, логикаға сай келмейтін, нені басшылыққа алғаны белгісіз шектеулерге тәуелді еді. Шындығына келгенде, егер шектеулер қойылатын болса, барлығына бірдей болуы, егер мерзіммен болса, онда эпиддинамиканы есепке алып қойылуы қажет еді. Осыған қоса, қоғамда пайда болған сұрақтарға анық жауап болмады, жауап болған күнде де нақтылық болмады. Нәтижесінде белгісіздік тағы да дүрбелең туғызды, дүрбелең агрессияға ұласты, агрессия сәйкесінше микроәлеуметтік шиеленістер, қозғалыстар, митингтерге әкеліп соқты.

Одан кейінгі мәселе вакцинация. Бастапқы білімім медициналық болғаннан кейін өзім екпені белсенді жақтаушымын, өйткені адамзат ықылым заманнан екпенің көмегімен түрлі ауыр жұқпалы ауруларды жеңе білген. Аталған жағдайда, пандемия басталғалы жүздеген жалған уәдеге қанық болған халықтың вакцинаны теріс қабылдауы таңғаларлық жай емес. Бұл күтілген жағдай еді, қысым әрқашанда қарсылық тудырады. «Біз ешкімді екпе алуға күштеп мәжбүрлемейміз, бірақ вакцинасыз жұмысқа кіргізбейміз» (медицина, білім, қоғамдық тамақтану әне т.б. сала қызметкерлері) деген сөздің өзін қалай түсінуге болады? Немесе апта сайын өз есебіңізге ПТР тест тапсырыңыз, бағасы 7250 теңге, ай сайын шамамен 30 000 теңге. Ешкімді мәжбүрлемесе де, жұмыстан шығып қалмау үшін ерікті-мәжбүрлі түрде екпе алуға мәжбүр болатын жағдай туғызды. Ал, екпелер болса өз кезегінде әлі аяғына дейін сынақтан өтпеген және олардың тиімділігі мен қауіпсіздігіне ешқандай дәлелдемелік база жоқ еді. Осылайша адамдарды таңдау құқығынан айырды. Өз еркін білдіру – ең негізгі өмірлік қажеттілік болып табылады десек, бұл терең жарақаттайтын фактор. Бұл жағдай да қоғамда қарсылық  туғызды.

Келесі бір түсінуге келмейтін және ақтау мүмкін емес жағдайлардың бірі, пандемия кезінде ондаған, тіпті жүздеген қонақты шақыру арқылы тойлар, мерейтойлар және көңіл көтеру шараларын ұйымдастыратын адамдардың ісі. Оба кезіндегі тойлау не сүйектердің үстінде билеу! Мұны басқалай атай алмайды екенмін. Бұл – әлеуметтік жауапкершілігі төмен деңгейдегі, ұяты жоқ, ар-ождан мен жанашырлық сезімінен жұрдай адамдар дер едім. Нәтижесі бәрімізге белгілі – оннан астам, одан да көп аурулардың анықталуы, адамдардың өліміне ұласқан орны толмас өкініш. Бұл да біздің қоғамның шынайы бейнесі, заңдар мен ережелерді айналып өту, алдау, арбау, келісімге келу, әйтеуір бір ебін табу.

Ал аурудан көз жұмған жақыныңды лайықты жерлеу, бұл мүлдем бөлек мәселе. Біздің мәдениетімізде қоштасу мен жерлеу рәсімі қайғыны өткерудің маңызды бір бөлігі. Жақындарын ақтық сапарға шығарып салар алдында қоштаса алмаған, бетін сипап, маңызды сөздерін дұғада не жылау арқылы айта алмаған, жақындарынан айрылған адамдар қандай күйде болғанын айтып жеткізу қиын. Ия, ғылым эмоция мен сезімнен ада, бұл даусыз дерек. Жұқпалы аурумен ауырып, көз жұмған адамдарды жерлеу рәсімінің тәртібі де қатаң жазылған талаптарға сай өткізілуі тиіс. Осыдан кейін жақындары қандай сезіммен қалады – оларда шектен тыс кінә сезімі болады, өз парызын орындай алмаған, айтар сөзін айта алмаған, аяқталмаған сезімдер билейді.

Бұл пандемия біздің өмірімізге енгелі бері жергілікті мамандардың қызметі барысында бақылап, куә болып, ортасында жүріп түйген ойларының азғана бөлшегі ғана. Болашақта түрлі зерттеулер жасалып, ғылыми дәлелдерге сүйенген тұжырымдар мен қорытындылар, қалыптасқан мәселені тиімді, ұтымды шешу жолдары мен тәсілдері де пайда болары анық. Ол үшін уақыт керек. әзірге осы реалияда өмір сүрудеміз.

Сонымен қатар, кез-келген дағдарыс – адам үшін тоқырау не жаңа мүмкіндік. Бірақ, дағдарыстан тоқырау жасап құрдымға кету немесе дәл осы кез берген мүмкіндіктерді көре біліп жаңа, өзге өмірге жол ашу ол өзіміздің қолымызда, шешімді қабылдайтын өзіміз. Дәл қазір денсаулықты, әр күнді, жақын жандармен бірге өткізген уақытты, бір-бірімізді бағалай білейік!

Альфия Шамай, Орал қаласы, БҚО

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар