Сеул төрінде қазақ халқының перзенті, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының бюсті орнатылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кибер университеттің аумағына орнатылған ұлы ақын Абай бюстінің ашылу рәсіміне қатысты. Бұл – корей бауырларымыздың қазақ халқына деген зор құрметінің белгісі, – деді ел Президенті.
Бюсттің жобасы Қазақстанда дайындалып, тұтас мүсіні Кореяда қоладан құйылған. Қасым-Жомарт Тоқаев бюсттің Корея астанасындағы университет аумағына орнатылуының маңызды екендігін атап өтті.
– Абай – ұлы ақын ғана емес, кемеңгер ойшыл, әйгілі ағартушы. Сондықтан, Абайға арналған бюсттің білім ордасына қойылуы орынды шешім екені сөзсіз. Мұның символдық мән-маңызы айрықша. Ол жұртты ғылым игеруге, білімдар болуға үндеді. Жаңашылдық пен жасампаздықты дәріптеді. Абай мұрасы – біздің елімізге ғана емес, барша адамзатқа ортақ құндылық. Дала данышпанының «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген сөзі бар. Бұл қасиеттерді корей халқы да ерекше бағалайтынын білеміз. Осы құндылықтардың арқасында қазіргі таңда Корея Республикасы озық дамыған мемлекеттердің қатарына қосылып отыр. Былтыр біз Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өттік. Осыған орай, көптеген ауқымды іс-шаралар ұйымдастырдық. Абай шығармалары әлемнің бірнеше тіліне аударылды. Соның ішінде, корей тілінде «Алтын шаңырақта шырқалған ән» атты кітабы жарыққа шықты. Кореяда ұлы ойшылға арналған маркалар әзірленді. Мұның бәрі екі елдің рухани ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсері анық, – деді мемлекет басшысы.
2010 жыл Қазақстанның Кореядағы жылы деп жарияланса, 2011 жылы Кореяның Қазақстандағы жылы атап өтілген болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы шаралар арқылы барлық бағыттағы байланыстардың арта түскеніне тоқталды: Әсіресе, мәдени-рухани саладағы ынтымағымызды нығайттық. Осындай тығыз қарым-қатынас болашақта да жалғасын табады. Қазақстанның жетекші оқу орнында корей тілі оқытылып келеді. Кореялық студенттер де қазақ тілін оқып жүргенін жақсы білемін. Бұл, әрине, көңіл қуантарлық ерекше жағдай. Көптеген қазақ жастары корей университеттерінде білім алуда. Біз білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыра береміз. Бұл өзара байланысты келешекте де достық рухта дамыта түсуге жол ашады, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы сөзінің соңында атсалысқан азаматтарға шынайы ризашылығын білдіріп, Абай мұрасының Корей халқының рухани әлемінен орнын табатынына сенімді екенін айтты.
Парақшамызға жазылыңыз