Ел ішінде эпидемиологиялық ахуал мәз емес. Ұжымдық иммунитет қалыптасуы үшін ел тұрғындарының 80 пайызы екпе алуы тиіс екені айтылғанымен бүгін ғана 19 миллионыншы тұрғын өмірге келді деп қуанған Қазақстан тұрғындарының 5 530 789-ы ғана екпе салдырған. Бүгін Орталық коммуникациялар залында «GOVID-19 қарсы вакцинация: өзекті сұрақтарға жауаптар» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтіп коронавирусқа шалдыққандардың санының көбейіп жатқаны, оған қарсы тұрудың жолы вакцина екені айтылды.
Мемлекеттік ақпарат құралдары эпид ахуалдың күрделі екенін, реанимициялық төсек орынның жартысына жуығы толып кеткенін айтып дабыл қаққанымен ел ішінде вакцина алу қарқыны бәсең.
Шілде айының 19 күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев антиваксерлердің портретін жасау керек екенін айтып Денсаулық сақтау мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне олардың мотивтерін анықтауды тапсырған еді.
Мінбер.кз сайты халық арасындағы вакцинаға қарсылардың қандай ойы бар екенін білу үшін әлеуметтанушы Серік Бейсембаевпен хабарласып шағын сұхбат жасады.
БІЗДІҢ ЕЛДЕ ОНДАЙ ЗЕРТТЕУ ЖҮРГІЗІЛГЕНІ ТУРАЛЫ ХАБАРЫМ ЖОҚ, ЖҮРГІЗІЛСЕ ДЕ ЖАРИЯЛАНҒАН ЖОҚ
– Президент шілде айының соңында Денсаулық сақтау мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне антиваксерлердің мотивін анықтау жөнінде әлеуметтік зерттеу жүргізуді тапсырды. Әлеуметтанушы ретінде антиваксерлердің мотиві қандай деп ойлайсыз.
– Вакцинаға қарсы шығу мен оны салдырмаудың себебі көп. «Мен вакцинаға қарсымын» деген бір ғана ұстаным емес, оның артында түрлі аргументтер мен эмоциялар жатыр, оның барлығын жіктеп айту керек. Менің ойымша, шкала ретінде қарастыратын болсақ, вакцинаны мүлде қабылдамайтын оған қарсы адамдар бар, олардың мотиві үлкен-үлкен фармацевтикалық компаниялардың бизнесіне қарсы ұстанымнан туды деуге болады. Одан кейін соңғы 10-15 жыл ішінде адамның иммунитеті табиғи жолмен қалыптасуы тиіс, адам табиғатпен үйлесімде болуы керек, дәрі у дегенге саятын концепция кең тарады. Олар осы түсінікті халық арасына арнайы таратушылары бар, идеологтары мен лидерлері бар қозғалыс ретінде жұмыс істейді. Одан бөлек, «Мемлекеттік органдар ешқашан халықтың қамын ойламайды, олардың ойы тек ақша табу, олар тек өздерінің қалтасын ғана ойлайды» деген қалыптасып қалған түсінік бар. Олардың мотивін де бөлек қарастырған жөн. Вакцина қабылдамай жүргендердің ендігі бір тобы – екі ойлы адамдар. Олар кімге сенерін білмей көпшілік қайда бұрылса сол жаққа ойысатындар. Оларда қалыптасқан белгілі бір мотив жоқ. Менің ойымша, біздегі вакцина алмай жүргендердің ең көбі осы топта. Қоғам болғасын адам баласының бұлай екіұдай күйде болатыны қалыпты нәрсе.
Дәл қазір біз бұл мотивтердің қайсысы басым түсіп тұрғанын тап басып нақты айту қиын. Ол үшін арнайы әлеуметтік зерттеу жүргізіп анализ жасау керек. Біздің елде ондай зерттеу жүргізілгені туралы хабарым жоқ, жүргізілсе де жарияланған жоқ.
– Конспирология неге көп?
– Конспирология дегеніміз ол мотив емес, ол аргументтер жүйесінің шығу көзінің бірі. Конспирологияның көбеюі жалған және бұрмаланған ақпараттың көп таралуымен байланысты. Соңғы жылдардағы ақпараттық технологиялар мен әлеуметтік желі дамуының әсерінен ақпарат легі мен түрі шектен тыс көбейді. Ақпараттың түрі көбейіп, еш тосқауылсыз тараған соң адамдардың көзқарасы да алшақтап жік-жікке жіктеліп барады. Кез келген бір абсурд идея болса соны жақтаушылар мен тыңдаушылар табылады. Адам өзінің біліміне, ойлау деңгейіне байланысты өзінің ішкі сенімін ақтайтын ақпаратты тұтынады. Тіпті миға сыйматын ақпаратты оқитын, тыңдайтын адамдар бар.
– Мемлекеттік органдардың вакцина алуға үндеу кампаниясының пәрмені неге аз?
– Біздің елде вакцинациялауға қатысты кампания өте әлсіз жүрді. Бір қарағанда вакцинациялау кампаниясы жүрген секілді, алайда өте жүйесіз, қарама-қайшылыққа толы, мықты спикерлер болмады, аудиториямен жұмыс дұрыс жүргізілмеді. Антиваксерлердің мотивін анықтауды осы күнге дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолға алып, соған сай аудиториямен жұмыс істеу тетіктерін тауып, жүйелі стратегия жасауы тиіс еді. Олай болмады. Оны неге президент айтуы тиіс?..
Одан бөлек тұрғындардың мемлекеттік органдарға деген сенімінің аздығының да әсері жоқ емес. Вирус ушыққан кезеңде Денсаулық сақтау министрлігін басқарған Біртановқа қарсы қылмыстық іс қозғалуы адамдардың сенімін одан сайын азайтты. Тұрғындардың мемлекеттік органдардың сөзіне сенбеуі жемқорлық фактісі көп тіркелген елдерге тән нәрсе.
Соған қарамастан мемлекеттік органдар вакцинациялауды халыққа түсіндіру үшін халықтың сенімін ұялататын дәрігерлермен, спикерлермен жұмысты мықтап қолға алуы тиіс еді.
– Екпе алмағандарға жұмысқа кіруге болмайтыны, апта сайын ПТР тест тапсыруы міндетті екені айтылды. Бұл тұрғындарға қалай әсер етуі мүмкін?
– Ол талапқа қарсылықтың шет жағасын көріп те жүрміз. Пассив қарсылыққа жататын жалған вакцинация паспортын жасау, сатып алу кең тарап кетті. «Егер мені мәжбүрлесең, мен басқа жолын табамын» деген түсінік бар.
Менің ойымша, біз осы жарты жыл ішіне вакциянациялауды үгіттеуге қатысты көп мүмкіндіктен құр қалдық. Әрине, былай жасау керек еді, осылай болғаны дұрыс еді деп айтқан оңай, дегенмен білікті мамандардың нақты аргументтерін барынша халыққа түсінікті тілде жеткізіп, вакцина алуға үндейтін мықты спикерлерді вакцина алуға қарсы адамдармен дебатқа шақырып, коммуникацияның барлық тетігін қарастырып аудиториямен диалог жасаған жөн.
– Сұхбат бергеніңізге рақмет!
Парақшамызға жазылыңыз