Алматы қаласының қақ ортасында болған, шырғалаң мен шайқасқа толы Шаңырақ оқиғасына қатысты істі болып кеткен күрескер ақын Арон ағамыздың бүгінгі ахуалы әлеуметтік желі қолданушыларының, жалпы қоғам белсенділерінің ұйқысын қашырған ба дерсіз!
ШАҢЫРАҚ ОҚИҒАСЫ ДЕГЕНІМІЗ НЕ? ТАРИХҚА КӨЗ ЖҮГІРТСЕК
2006 жылы 14 шілдеде Алматының іргесіндегі Шаңырақ ауылына “жерді заңсыз иеленіп” алғандардың үйін сүруге келген билік өкілдеріне жергілікті халық қарсылық көрсеткен. Шаңырақ тұрғындары – елдің түрлі өңірінен күнкөріс қамымен Алматыға көшіп келген азаматтар баспанасын қорғауды ұйғарған. Қазақстанның жаңа тарихына Шаңырақ оқиғасы деген атаумен енген қақтығыс кезінде ондаған адам зардап шекті. Қатты күйіп қалған жас офицер бірнеше күннен кейін ауруханада жан тапсырды.
АРОН АТАБЕК КІМ?
Сот “тәртіпсіздікті ұйымдастырған” деп тапқан диссидент, шаңырақ ісі бойынша ең ауыр жаза алған Арон Едігеев (Атабек – әдеби лақап есімі) қоғамдық-саяси қызметке совет кезінен араласқан. Ресейдің Астрахань облысында дүниеге келген Арон Атабек Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Кейін Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік университетінің моңғолистика және түркология кафедрасы аспирантурасында оқыған. Біраз уақыт кино, баспа саласында жұмыс істеген.
Осыдан 15 жыл бұрын темір торға қамалған Арон Атабектің бүгінгі ахуалы қандай? Неге ақынның соңғы суреті әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті?
Атабектің денсаулығындағы ақау жайлы ақпарат беріп, жүдеген суретін жариялаған bureau.kz бюросы
«Екі қолым ауырады, жоғары көтере алмаймын, бүгілмейді, қаламсап ұстаудың өзі қиын. Аяғым да ауырады, камера ішінде ғана жүремін, серуенге шығудан бас тарттым. Таксафонға коляскамен барамын. Этапта соққыға жыққан кездегі жарақаттарым болу керек. Толық (медициналық-ред) тексеруден өтуді ұсынды, бірақ мен одан бас тарттым. Себебі менің жасымда сәуле (облучение) алу қауіпті деп есептеймін, – деген Арон Атабек.
Тамыздың 18-і күні Азаптаулардың алдын алудың ұлттық алдын алу тетіктері тобының өкілдері Павлодар облысындағы АП-162/1 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан саяси тұтқын Арон Атабекке барды.
Кездесу барысында Арон Атабек топ мүшелеріне денсаулығына байланысты шағымдарын айтқан»
Естеріңізге сала кетсек, Арон Атабек осыдан 9 жыл бұрын яғни 2012 жылдың желтоқсан айында телефон арқылы Азаттық тілшісіне сұхбат берген болатын. Сол сұхбатында денсаулығы жайлы да ақпарат берген екен.
«Қаражалда отырған алғашқы кезде бір жас жігітпен төбелесіп, көзіме зақым келді. Арқалықта жатқанда ауруханаға апарып тексертіп, маған операция жасамақ болды. Операциядан бас тарттым, себебі мен медицинаға сенбеймін – мынадай жағдайда тіпті сенбеймін. Халық емі амалдарын жасап, өзімді өзім емдедім. Көзім қазір – минус 2,5. Кітап оқуға болады, оған да шүкір. Көзілдірік тақпаймын, принципім солай. Менің ойымша, көзілдіріктен көз керісінше нашарлап кетеді.
Туберкулез де болды. Ем қабылдап, ресми емес, «самолечение» баяғы, оның да бетін қайтардым. Денсаулығым қазір жаман емес»
ҚОҒАМ АРОН АТАБЕККЕ АРАША СҰРАЙДЫ
Ақынның денсаулық жағдайын сипаттап тұрған соңғы суреті қоғамдық резонанс тудырды. Бүгінде әлеуметтік желі арқылы қоғам белсенділері саяси тұтқынға бостандық сұрап жатыр.
«Суреттегі Арон Атабек ағамыз. Бұл билікте қасқалдақтың қанындай ұят қалса шығару керек қой енді бостандыққа. Көрерін көрді, аларын алды. Мынадан артық қандай жаза керек. Әлде бұл биліктің “бізге қарсы келгеннің күйі осындай болады дегені ма?!
Қалай десек те халық талап етіп келеді. Еститін билік жоқ!!!» дейді өзінің инстаграм парақшасында белгілі журналист Ерқанат Көпжасар
View this post on Instagram
«Ауғанға араша түскендерің неге керек, өз азаматтарыңды аямаған соң… Жауызсыңдар ғой…» деп жазды тәуелсіз журналист Дина Елгезек.
View this post on Instagram
Ақын жүректі тек ақын ғана түсінетін шығар. Қазақстан Жазушылар Одағының Семей өңірі филиалының төрағасы Мерей Қарт өзінің жүрек сөзін өлең сөзге сыйдырған. Бір өлеңде барлық қазақ жанашырларының шері жатыр ма дерсіз? Ақын туындысын назарларыңызға ұсынамыз.
ЖАНСАУҒА
(Арон Атабекке)
Ажалды да жүгіндірген арына,
Қу дүние – құсалыға құр сағым!
Сауға сұрап жаралының жанына,
Жаратқанға жалбарындым құлша мың!
Кім түйсінсін шемен-шемен шерімді?
Ел тілеуін төтесінен қабыл ал!
Сақта, Құдай, жұрт деп туған Ерімді,
Жүрегінде арыстанның жалы бар.
Салқын қанды саясаттың сиқы да,
Ер арытып, әруақ қылдық түрмеде.
Қайран Елім – қам-қаперсіз ұйқыда,
Ірткі салар ібіліс те – іргеде…
Ханнан күтіп, таңнан күтіп қайырды,
Билер қайда, уәзір қайда, төрелер?!..,
Бабалардың дәстүрімен байырғы,
Жұрт атынан жанға сауға бере гөр!
Мың адамның мұң мен зарын арқалап,
Кең әлемнен тарлық көріп тұр ақын!
Шындық іздеп шыр айналды шартарап,
Мұқым жұрттың мұқалдырма мұратын!
Кең дүние меңіреу ме керең бе?
Қоғам – мылқау, бесігінен-жасынан.
Бұралқылық қайдан жұққан өр Елге,
Бір Ақынның сипай алмас басынан?!..
Мерей Қарт @merei_qart
Парақшамызға жазылыңызView this post on Instagram