Жапония астанасы Токио қаласында XXXII жазғы Олимпиада ойындарының өтіп жатқанына міне бүгін он күн толды. Осы он күннің ішінде спорты жақсы дамыған, спортшылары мұздай дайындықпен келген елдің спортшылары алтынмен апталып, күміспен күптеліп, тіпті қоланы да қалдырмауда. Ал Қазақстан атынан қатысып жатқан біздің спортшылардың әзірше үшеуі ғана: дзюдодан 60 келі салмақта белдескен Елдос Сметовтен бөлек, ауыр атлеттер Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло да олимпиадада қоласы бар.
Күні бүгінге дейін медальдық есепте 21 алтын, 13 күміс, 12 қоламен Қытай бірінші орынға шықса, 17 алтын, 5 күміс, 8 қоламен олимпиада иелері Жапония екінші, 11 алтын, 15 күміс, 11 қоламен Ресей олимпиада комитеті үшінші орынға шықты. Ал Қазақстан құрама командасына алтын медальдің ауылы әзір алыстау болып тұр. Қазақстан үшін нөмірі бірінші спорт түрі саналатын бокста да әзір жолымыз болмай тұр. Олимпиадаға барған тоғыз боксшымыздың төртеуі жарысты ерте аяқтап, үйге қайтуға мәжбүр болды. Олар – Серік Теміржанов (57 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Бекзат Нұрдәулетов (81 келі) және Василий Левит (91 келі).
Осы боксшылардың ішінен қазақ жанкүйерлері 2019 жылы Екатеринбургте өткен әлем чемпионатында 81 келіде алтын медаль алған Бекзат Нұрдәулетовтен және Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левиттен олимпиада алтынын күткен. Бірақ барлығы керісінше болып Василий Левит бірінші кездесуінде испаниялық Эмануэль Рейестен нокаутпен жеңілсе (негізінен әуесқой бокста нокаут сирек кездеседі), Бекзат Нұрдәулетов осымен үшінші мәрте кездескен ресейлік Имам Хатаевтан ұпай есебімен жеңіліп қалды.Сондай-ақ 57 келіде Серік Теміржанов та екінші айналымда Дюк Рэгенге (АҚШ) есе жіберді. Ал әлем чемпионатының қола жүлдегері 69 келідегі Абылайхан Жүсіпов америкалық Деланте Джонсоннан ұтылып қалды. Жұрттың еңсесі түсіп, үміт оты сөне бергенде 75 келідегі боксшымыз Әбілхан Аманқұл өзбек Фанат Қахрамоновты жеңіп Токио олимпиадасының ширек финалына шықты.
Ал басқа спорт түрлеріне келсек таэквондадан Қазақстан намысын қорғаған атыраулық Жансель Дениз алғашқы айналымда өзбекстандық қарсыласын жеңгенімен, екінші айналымда ағылшын спортшысынан жеңіліс тапты. Кейін ол өзінің инстаграм парақшасында «Маған қазіргі жағдайымды айтып жеткізу мүмкін емес, сыртым бүтін, ішім түтін… Бұл менің екінші олимпиадам, бірақ тағы медальсыз қайттым»,- деп, өкінішін қалдырған.
Әйелдер арасынан сынға түскен Елена Рыбакина әлемнің алтыншы ракеткасы саналатын украиналық Элина Свитолинамен қола үшін айқаста қорытынды есепте жеңіліп, төртінші орынды місе тұтты.
30-шы шілде күні Қазақстандық жеңіл атлеттер жеңіл атлетикадан жарыс жолына шықты. Басты фаворит Лондон олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова үш қарғып секіруден іріктеу кезеңінде финалға өте алмай, пұшайман болды. Ол бар болғаны 13,69 метрге секірді. Финалға өту межесі 14,40 м. Рыпаковадан басқа Мария Овчинникова 13,34 метрге секіріп 26-шы орын, Ирина Эктова 12,90 метр көрсеткішімен 31-орын алды.
Қазақстан құрама командасы алтын ала ма? Алса кімдер алуы мүмкін? Біздің спортқа не жетіспей жатыр? Осы және өзге де сұрақтарымызға бұрынғы спортшылар, қазір бапкерлікпен айналысып жүрген спорт мамандарының жеке пікірлерін алған болатынбыз.
Айбат Рахман, Муай-тайдан ҚР-ның еңбегі сіңген бапкері, «Дәстүрлі Окинава годзю-рю каратэ-до дан» ҚР Батыс аймағының шеф-нұсқаушысы, Атырау облыстық спорттық және дәстүрлі каратэ және муай-тай федерациясының вице-президенті:
– Биылғы олимпиадаға Қазақстан құрама командасы өте үлкен дайындықпен барды деп ойлаймын. Еліміздің намысын қорғауға спорттың 27 түрінен 96 спортшы Токиоға кетті. Тағы бір айта кетерлігі биылдан бастап каратэ-до олимпиадалық спорт түріне еніп, одан еліміздің намысын қорғауға 3 жігітпен 2 қызымыз аттанды. Ал бұлардың барлығы осал спортшы емес. Олар Қазақстанның ішкі іріктеу чемпионатына қатысып, одан кейін халықаралық «А» кластағы лицензиялық турнирді жеңіп алғандар.
Әрине Қазақстан қазір тек үш қола медальмен тұр, алтын медаль қоржынымызға әзір түсе қоса қойған жоқ. Мысалы, боксшыларымыз Бекзат Нұрдәулетов, Василий Левит, Серік Теміржанов, Абылайхан Жүсіповтің шынымен жолы болмады. Олар барын салды, қолдарынан келгенін істеді. Керісінше дзюдодан Елдос Сметовтің алтын алу мүмкіндігі жоғары еді, ол да жан-тәнін салып жапондықпен хал-қуаты жеткенше белдесті, жан берісті деп айтуға болады. Бірақ бұйырмады. Енді солай болған екен деп оларды жерден алып, жерге салуға болмайды. Біздің жанкүйерлеріміздің бір әдеті егер спортшы алтын алса тым асыра мақтап, қол аяғын жерге тигізбейді, ал ұтылып қалса табалап есін тандырады. Әсіресе бокста. Менің ойымша олимпиаданың бітуіне әлі біраз уақыт бар, сондықтан сабыр етуіміз керек. Тіпті спортшыларымыз медальсыз қайтқан күннің өзінде де, оларды кінәлауға болмайды. Сізге бір мысал айтайын, футболдан ағылшын ұлттық құрама командасы 1966 жылдан бері әлем чемпионатынан немесе Европа чемпионатынан мүлде орын ала алмаған. Биыл өзіңіз білесіз олар финалға шығып, ұтылып қалды. Бірақ оларды ешкім сөгіп жатқан жоқ, бәрі қалыпты, түсіністікпен қарайды.
Сондықтан бокс болсын, дзюдо болсын әрбір олимпиада да әрдайым тұрақты түрде нәтиже көрсету мүмкін емес. Мүмкін енді осы олимпиада біз үшін сәтсіз болып жатқан шығар, оның көптеген себептері де бар. Мұның барлығын арнайы спортқа қатысты ұйымдар кейін қателік неден кетті, спортшы неге ұтылды деген сияқты сұрақтарға жауап іздеп, анықтайды. Өйткені бұл спорт, ал спортта барлығы да болуы мүмкін. Ал жалпы мен спортшыларға жеңіс тілеймін, себебі олимпиада біткенше біраз күн бар.
Біз тілдескен атыраулық тағы бір спорт шебері, 1980 жылдардағы бокстан жастар арасындағы Қазақ ССР-ның чемпионы, бұрынғы боксшы Сүндеткерей Қасанғалиев өз ойын былайша түйіндеді:
-Енді шынын айтқанда біздің боксшыларға да былтырдан бастап оңай болған жоқ, пандемияға байланысты оқу-жиындары да азайып, дұрыс дайындалып та үлгермеуі мүмкін. Бірақ соған қарамастан боксшыларымыз барын салып жатыр деп айтуға болады. Бір айта кетерлігі 1996 Атланта олимпиадасынан бастап еліміздің намысын даңқты боксшыларымыз Василий Жиров, Бекзат Саттарханов, Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, одан беріректе Данияр Елеусінов т.б. елімізге белгілі боксшылар қорғап келді. Ал осы жолғы олимпиадаға барған боксшылармыздың көпшілігі Василий Левитті қоспағанда өздерін жаңадан көрсетіп жүрген боксшылар деп айтуға болады. Әрине бұл олимпиада болғандықтан боксшылар барын салып, алтын алуға тырысады. Сырттай көрерменге боксшы жай сабырлы көрінгенімен, оның ішкі жан дүниесі алай-түлей болып жатады. Оның үстіне кәсіпқой бокстағыдай емес, әуесқой бокста қысқа уақыт берілетіндіктен боксшы барын көрсете алмауы да мүмкін. Ал боксшы осы уақыт аралығында барын салуы үшін өте үлкен дайындық керек. Ол дайындықты жалғыз бапкердің өзі жасауы мүмкін емес, оған қосымша көптеген психолог, дәрігер, тіпті ішкен тамағына дейін қарап отыратын арнайы диетолог мамандар керек. Яғни менің айтқым келгені спорттық медицина мен ғылымға көбірек көңіл бөліп, жас боксшыларды ғылымның соңғы жетістіктерін пайдалана отырып дайындауымыз керек. Мысалы, АҚШ пен Қытай. Олардың спорттық медицинасымен ғылым жақсы дамығандықтан кез-келген дүбірлі додаларда жүлдесіз қайтпайды. Сондықтан біздің спортқа қызығушылық танытқан жастарымыз қанша талантты болғанымен, ол өзінің бойындағы күш-қуаты сарқылып біткенше барын салады да, әрі қарай дайындығы да, нәтижесі де нашарлап өзін көрсете алмауы мүмкін.
Өзім боксшы болғаннан кейін менің ойымша қарсыластары қанша мықты болса да Қамшыбек Қоңқабаев пен Әбілхан Аманқұлдың жүлде алу мүмкіншіліктері жоғары деп есептеймін.
Қазір Токио олимпиадасында Қазақстан құрамасы сапында бокстан 52 келіде Сәкен Бибосынов, 63 келіде Закир Сафиуллин, 75 келіде Әбілхан Аманқұл, +91 келіде Қамшыбек Қоңқабаев қалды. Әйелдер боксынан олимпиадаға жолдама алған жалғыз қазақстандық боксшы Надежда Рябец (75 кг) бірінші айналымда канадалық Тамара Тиболттан жеңілді.
Айта кететін бір жайт 23 шілдеде басталған биылғы жазғы олимпиада ойындарының бір ерекшелігі бір жыл кешігіп, әрі пандемия жағдайында көрермендерсіз өтіп жатыр.
Олимпиада туралы қызықтар, біле жүріңіз:
- Ең бірінші олимпиада ойындары Греция астанасы – Афины қаласында 1896 жылдың 06-шы сәуірі мен 15-ші сәуірі аралығында өткен.
- Жапония жазғы олимпиаданы 1964 жылдан кейін осымен екінші рет қабылдап отыр.
- Осы жылы волейбол олимпиадалық спорт түріне енсе, биыл каратэ-до бірінші рет өткізілуде.
- Американдық жүзгіш Майкл Фелпс олимпиада ойындарында алтын алудан рекорд орнатқан спортшы. Оның активінде 23 алтын медаль бар. Алты алтынды 2004 жылғы Афиныда, 8 алтынды 2008 жылғы Пекин олимпиадасында, 4 алтынды 2012 жылғы Лондон, 5 алтынды 2016 жылғы Рио олимпиадасында жеңіп алған.
- Токио Олимпиадасында 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
- 2024 жылғы жазғы Олимпиада ойындары Франция астанасы – Парижде өтеді.
Ізбасар ҚАБИЕВ,
Атырау облысы
Парақшамызға жазылыңыз