///

Үйінде қараусыз қалған. Мүгедек жандарға қамқоршы тағайындалмаушы ма еді

3544 рет қаралды

Алматы облысы, Талғар қаласында ДЦП, эпилепсия диагнозы бар, балалар үйінің тәрбиеленушісі,өз пәтерінде құлап, 5 күн жатып қалған.

Қайтыс боларынан 14 күн бұрын ғана, Талғар қаласындағы пәтеріне орналасқан Медет Дүйсенбаев (1994ж.т) “Ковчег” балалар үйінде тәрбиеленген. 2 ші топтағы мүгедек жігіт, пәтерінде жалғыз өмір сүргендіктен, жиі көршілерінің көмегіне жүгініп отырған. Аулада балаларымен араласып,өздерінен көмек сұрап тұратын мүмкіндігі шектеулі жанның 4-5 күн қатарынан көрінбей кеткеніне тұрғындар алаңдай бастайды. Ерекше қажеттіліктеріне байланысты осы уақытқа дейін балалар үйінде болған Медет, пәтерінде құлап, ауруханада көз жұмды.
Біз Медеттің қайтыс болған пәтеріне барып, көршілерімен тілдесіп қайттық. Пәтердегі тозығы шыққан ескі диван марқұмның жатын орны болыпты. Ас бөлмеде ескі сынған, бос шкаф, тамақ ішетін үстел де жоқ. Тоңазытқыш та бос. Пәтерде ыстық су да жоқ.
Медеттің көршісі Индира Туманшиева
– Аулада балалармен араласып, бірге жүретін, көрінбей кеткен соң алаңдай бастадық. 4-5 күн не жарығы  жанбады, не өзі далаға шыкпады. Балалар үйіне хабарлассақ, жүргізушісі келіпті. Сол кісі көршінің балконы арқылы кіріп, есік ашты. Жерде құлап жаткан Медетті диванға жатқызып, аузына шикі жұмыртқа құйып, жақсы болып кетеді деп кетіп қалды. Шай беріп, өте әлсіз екенін көрген соң, жедел жәрдем шақырып, әкімшілікке хабарластық. Талғар қаласының әкімінің орынбасары келіп, жедел жәрдеммен алып кеткен. Артынан іздеп барып, сорпасын беріп келдім, өте әлсіз болды. 4-5 күн құлап аш жатып қалған ғой. Мына едендегі кілем, диван матрасына дәрет иісі сіңіп қалған. Бәрін жуғызып, бөлмесін тазалап шықтық. Суық сумен жуынып жүріпті. Киімдерінің сауы жоқ, бәрі жыртылған, жарамсыз. 2 ші топтағы мүгедек, тамақ жасап жей алмайды ғой, біз көмектесіп тұрдық. Дайын тамақтар алып жеп жүрді.
Бұл мәселеге қатысты Талғар қаласының әкімінің орынбасары Маден Бақтыбаевтың да пікірін тыңдадық
– “Ковчег” балалар үйінде қанша мүмкіндігі шектеулі бала бар, неше жасқа дейін тәрбиеленеді деп жазба түрде хат жолдадық. Енді жауабын күтеміз. Медетке негізі 2014 ж пәтер берілген. Алайда өз мүмкіндігіне қарай, балалар үйінде қалғысы келген екен. Негізі балалар үйінде 18 жасқа дейін тәрбиеленеді.  Десек те Медеттің жағдайында бұл балалар үйінің жанашырлығы да шығар. Өйткені өздігінен дәрісін, тіпті тамағын іше алмайтын баланы өздерінде қалдырып отыр. Біз Медеттің пәтеріне орналасқанын білген жоқпыз. Көршілері хабарласқанда бардым. Жағдайы өте ауыр болды. Жедел жәрдем келіп, алғашқы көмек көрсетіп, кетіп қалған екен, қайтадан шақыртып өзім бірге ауруханаға бардым. Дәрігер қолына қадағалап табыстап кеттім. 4 тамыз күні түскен, 10 тамыз күні қайтыс болды, өкінішке орай. Медеттің әке-шешесі қайтыс болған, туыстары жоқ деген. Қазір бір туысы табылып жатыр. Медет жайлы “Ковчегтен” сұрастырғанын олар ешқандай ақпарат бермегенін айтуда. Ал, балалар үйі ол туралы хабарсыз екенін жеткізді. Қаншалықты нақты екені белгісіз. Егер сот арқылы туысы екенін дәлелдесе, Медеттің жеке заттарын тапсыратынымызды айттым.
“Ковчег” балалар үйінің қызметкері Зарина Нуртазинаның айтуынша:
– Медет балалар үйінде 11 жыл өмір сүрген. Өзі қалағанда пәтеріне барып, балалар үйінде қалып, өз қалауымен жүрді. 27 жастағы ересек жігіт, қалаған кезінде келіп жүрді. Біз келген адамды қуаламаймыз ғой. 2ші топтағы мүгедектігі болғанымен, ересек адам ғой, өздігінше өз еркімен өмір сүрді. Телефонында есеп шотына қол жетімділік болды. Магазиндерден қалағанын алып жүрді. Түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі болып қайтатын. Ол мықты шахматшы еді. Бізде мүмкіндігі шектеулі әр түрлі бала бар. Макс арбада, ДЦП, және әртүрлі диагнозы бар тағы да 5-6 бала бар. Ең кішісі екі жаста. Ең үлкені Медет болатын.
Медет үнемі қадағалауда дәрі ішіп отыратын. Пәтерінде жүргенде уақытымен дәрі қабылдамаған болуы мүмкін. Ми ісігінен қайтыс болған.

Қоғам ашуын тудырған бұл оқиға туралы заңгер пікірін де тыңдадық:
– Заң бойынша жалғыз басты, қамқоршысы жоқ, мүмкіндігі шектеулі балаларға мемлекет тарапынан қамқоршы тағайындалады. Бұл жерде әкімшілік тарапы да, әлеуметтік қорғаушының да тікелей кінәсі бар. Учаскелік дәрігер неге тексермеген? Қамқоршысы жоқ адамдарды алты айда бір тексеріп тұруы керек. Адам тағдырына деген немқұрайлылықтың салдары ғой бұл. Екінші бұндай жағдай қайталанбас үшін, кінәлі тұлғаларды анықтау керек, – дейді заңгер Камиша Есмухамбетова.

Әлия Әбілсейітқызы, 

Алматы облысы, Талғар ауданы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар