///

ВАКЦИНАЦИЯ: Енді жасөспірімдер мен жүкті әйелдерге де салынады

9125 рет қаралды
фото: Азаттық рухы

Бүгінде Атырау өңірінде коронавирустың таралу көрсеткішінің артқаны соншалық, облыс «қызыл», ал, Атырау қаласы «қою қызыл» аймаққа еніп отыр. Күн сайын қауіпті індетті жұқтырушылар санының артып отырғанын ескерсек, вирустан қорғанудың ең басты жолы қандай? Бүгінгі күннің маңызды сауалына айналған осы мәселені Атырау облысына іссапармен келген ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК-ның Басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте жан-жақты талқылап берді.                                                                                                                         

Әлемде 200 миллионнан аса халық арасында коронавирустың зертханалық дәлелденген түрі тексеріліп, тіркеуге алынған болса,  қауіпті індеттің салдарынан болатын өлім-жітім 4 миллионнан аса адамды қамтыды. Кейбір мемлекеттерде халық саны  1-1,5 милллион болса, осындай бірнеше елде халық тұтастай жойылып кетті деуге болады. Мұның бәрі әрине, өте өкінішті жағдай. Бұл адамзат арасына жан-жануарлар арасынан келген вирустың бұрын-соңды еш кездеспеген жаңа түрі.  Өкінішке орай бұл вирусқа қарсы вакцина алдын ала қолға алынған жоқ. Себебі вакцинаны тексеруден өткізу қажет болғаны баршаға мәлім. Қолданылу аясы зерттелген вакциналар өндіріске енді ғана түсіп жатыр. Көптеген мемлекеттерде коронавирусқа қарсы вакцина 3-5 ай аралығында пайда болса, Қазақстанда биыл 1 ақпаннан бастап вакцинацияға кеңінен қол жеткізіліп жатыр.

– Басқа мемлекеттермен салыстырғанда біздің елде 4 түрлі вакцинаны пайдалану мүмкіндігі қарастырылған.  Бүгінде халық арасында вакцинамен қамтамасыз етілген азаматтар саны әлі де арта түссе екен деймін. Өйткені 5 млн. 500-ден аса адам екпенің бірінші компонентімен қамтылса, 4 миллионнан аса адам екінші компонентін қабылдады, – деген Айнагүл Мұқанқызы Атырау өңіріндегі қазіргі сырқаттану деңгейіне де тоқталды.

–Былтырдан бері 37300-ден аса сырқат тіркелсе, мұның қаншалықты қасірет екенін әрбір адам саналы түрде сезінуі керек.  Азаматтар саулығына аса күтіммен қарап, жеке гигиенаға басым мән берсе, көпшілік жерлерге бармай, бетперде киіп, ара-қашықтықты сақтайтын болса, бұл індеттен қорғануға болады. Алайда оны жұқтырған жағдайда асқынуларынан сақтайтын бірден-бір жол вакцина екенін ұмытпау маңызды. Біраз мемлекет вакцина алу арқылы жұқпаға қарсы ұжымдық иммунитет қалыптастырып жатыр, – деді ол.

Бүгінгі күннің өзекті тақырыбы талқыға салынған алаңдағы әңгіме әрі қарай сұрақ-жауапқа ұласты. Біз оның бірқатарын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

– Қазақстан «Pfizer» мен «Спутник» вакцинасын сатып алды деген. Бұл елге қашан жеткізіліп, азаматтарға салына бастайды?

– Денсаулық сақтау министрлігі Германияда өндірілген «Pfizer» вакцинасының тиімділігіне толық көз жеткізуінің нәтижесінде оны Қазақстанға алдыруды жоспарлады. Жылдың төртінші тоқсанында біздің мемлекетке жеткізіледі. Бұл вакцина ата-аналардың рұқсат қағазы арқылы 12 жастан асқан балаларға да салынады.

– Коронавирусқа қарсы емдеуде вакцина алған адам мен алмаған адамға медициналық ем тағайындауда қандай айырмашылық бар?

– Адамның екпе алған, алмағанына қарамастан, коронавирусты емдеудің протоколы біреу ғана. Барлық адам ағзасы үшін белгіленген коронавирус жұқпасының арнайы емі жоқ. Сондықтан ем-дом әр науқастың ағзасында болып жатқан өзгерістерге байланысты әртүрлі тағайындалады. Бұл вирусқа қарсы арнайы препараттар болмағандықтан, дәрігер-инфекционистердің тағайындауымен вирусқа қарсы жалпы дәрі-дәрмектер қолданылып келеді. Қазір кейбір науқастар дәрігерлерден онлайн кеңес алып, дәріханалардағы дәрі-дәрмектермен өз бетінше де ем алып жатқанын білеміз. Бұл дұрыс емес. Онлайн түрде дәрігерлік кеңес беру әртүрлі асқынуларға әкеліп соғады. Сондықтан науқас арнайы денсаулық сақтау мекемелерінің дәрігерлерінің қызметіне жүгінуі аса маңызды. Ағзаның оттегімен қамтылуын тексеріп, дене қызуын өлшеп, қан қысымын тексермей кез келген науқасқа ем-дом тағайындау дұрыс емес. Олай болса әр адам дәрігерлердің онлайн кеңесіне жүгінбегені абзал. Бұл жұқпаны емдеудің жолы толық медициналық тексерулерден кейін жүргізілуге тиіс.

– Кейбір мекемелерде екпе алу міндеттеліп жатыр. Бұл қаншалықты заңды?

– Мемлекетте екпе ақысыз түрде және әр азаматтың келісімі негізінде ғана жүргізіледі. Біз бүгінде балаларды, вакцина салуға қарсы көрсетілімдері бар ересек адамдарды жұқпадан қорғауымыз қажет. Сондықтан әрбір мекемеде қызметтегі вакцинадан бас тартқандар апта сайын ПТР сынамасын тапсырып тұруы қажет.

– Коронавируспен ауырып шыққан адам қанша мерзімнен кейін екпе ала алады?

– Жұқпадан кейінгі ағзада түзілетін антидене мөлшері 3 айдан кейін төмендейді. Сондықтан ауру жұқтырғаннан кейін 3 айдан соң вакцинаны ала беруге болады.

– Емізулі баласы бар ана ПТР сынамасын тапсырмай жұмысқа қосыла ала ма?

– Егер бұл азамат жұмысқа ең алғаш қосылып жатқан болса, қызмет орнының әкімшілігі міндетті түрде ПТР сынамасын талап етеді. Ал негізінен жүкті әйелдер мен емізулі нәрестесі бар аналарға вакцина салынбайды.

– Егер эпидемиологиялық ахуал мүлдем нашарлап кетсе, екпе алу барлық азаматқа міндеттеле ме?

– Елде қазіргі ахуалға сәйкес екпе ерікті түрде жасалып жатыр. Ал ахуал бұдан да нашарлап кетсе, екпенің міндеттілігі сол кезеңде ғана жағдайға қарай қарастырылады.

– Екпе салдырғаннан кейін жағымсыз әсерлер орын алса қайтпек керек?

–Екпеден кейін қолайсыз жағдай орын алар болса, вакцина алғаннан кейінгі үш күннен соң көрінуі мүмкін. Стандартта көрсетілмеген жағдайлар туындаса міндетті түрде дәрігерді үйге шақыртып, жан-жақты медициналық тексерулер жасалуы керек. Бірақ бүгінге дейін вакцинацияланған азаматтар арасында мұндай ауыр жағдайлар тіркелген жоқ.

– Неліктен вакцинаны екі кезеңде алу көзделген. Екі дозаны бір уақытта салуға болмай ма?

–Коронавирус адамзатты  қасіретке ұшырататын жаңа жұқпа болғандықтан, оған қарсы екпе де жаңадан қолданысқа енгізілді. Бірінші дозадан кейін ағзада вирусқа қатысты антиденелердің концентрациясы төмендейді. Ал екінші дозасынан кейін ғана антидене күшейтіледі.

–Қолданыстағы екпелердің құрамы қандай?

– Бүгінде вакцинаның 2 топтағы түрі бар: ресейлік және қазақстандық екпе. Олардың құрамында аденовирус бар. Бұл адам ағзасындағы антидененің артуына әсер етеді. Вакциналарды өндіру классикалық тәсіл арқылы жүргізілген.

Сандарды сөйлеткенде

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде бір тәулікте 416 адам «Covid-19» жұқтырған. Қауіпті инфекцияның таралуы «Теңіз» кен орнында, Жылыой ауданында  байқалып отыр. Атырау қаласында «Covid-19» жұқтырудың 258 жағдайы расталды. Скрининг нәтижесінде «Теңіз» кен орнында 60 науқас анықталды. Инфекция облыстың аудандарында да таралуда. Коронавирус инфекциясы бар 259 науқаста ауру тиісті белгілермен өтіп жатса, 157 адамда ауру белгілері жоқ.

Өткен тәулікте облыста коронавирустан 259 адам емделді.

Қазір 5 819 адам үй жағдайында, модульдік ауруханада –173, екінші облыстық ауруханада – 179 пациент, фтизиопульманологиялық орталықта – 105, кардиоорталықта – 108, Темір жол ауруханасында  107 адам ем алуда. Аудандық инфекциялық стационарларда – 409, облыстық ауруханада – 130, жатақханада – 142, «Теңіз» кен орнындағы инфекциялық стационарда 323 науқас бар.

Вирус жұқтырғандар арасында 95 науқастың жағдайы ауыр. Олар  реанимация бөлімшелерінде ем алып жатыр. 12 пациент өкпені жасанды желдету аппараттарына қосылған.

Ізбасар ҚАБИЕВ,

Атырау облысы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар