/////

Айнұр Төлеу: Періштелер жазып отыр мықты өлең, Мықты өлең де тәмам болар, нүктемен

21425 рет қаралды
  1. Айнұр Төлеудің «Тамшы» өлеңі жайында ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тыныштықбек Әбдікәкімұлы «Бір тамшы барады әйнектен тайғанап. Тайғанақ тірлікті аймалап…». Былай қарасаңыз, ол сурет натурализмге тән қарапайым образ бояулары сияқты. Алайда, өлеңнің алғашқы жолына үңілсеңіз, ондағы жай сөздердің тасасынан ұлттық я мемлекеттік төл идеологиясы жоқ еш бағдарсыз елдің бейбағыт дүлей тірлігінде «қармап қаларлық қарайған талы» да жоқ, қайрансыз жеке бастың трагедиялық сұлбасы бірден кесек айқындала кетеді. Өлеңнің екінші жолының айтары тіптен сұмдық. Әлгі қайрансыз – қорғансыз кейіпкер өзіне еш қайырымы жоқ қатігез «тайғанақ» қоғамын өзі де өлердей сүйеді де! Ол – Отанына, Атамекеніне, Туған еліне деген таңғажайып махаббат! Яғни, «Жанымен әйнекке жаншылар, осылай өледі тамшылар». Бір елдің эпохальды тағдырының қасіретін бір-ақ шумақ өлеңмен суреттеп беру шеберлігі дегеніміз – сол енді!», – деп жазды.

«Бір тамшы» өлеңіндегі «Бір тамшы барады әйнектен тайғанап. Тайғанақ тірлікті аймалап. Әйнекке тамады бір қонақ, Бір қонақ барады сырғанап!», – деген жолдарын әлемдегі барлық тіршілік иесінің ғұмырына ұқсаттық. Өмірдің заңы. Ешкім тоқтата алмайтын, шектей алмайтын сырғанақ ғұмыр. Мұндағы тамшы шумақтың келесісінде нүктеге айналады. Сөйтеді де, «уақыттың уытын жұтады». Дәл осы «Келте екен бақыттың буы тым, Тамшылар жұтады уақыттың уытын», – деген жолдарды әр ғұмыр татқан азап, көрген бақыт, аққан жас, талайлы тағдыр деп ұқтық.

Автор «Бөтендік» деген өлеңінің соңғы шумағын:

«Келіп алып аспан жақтан қаңғырып,

  Неге іздейміз жер үстінен Мәңгілік?

  Қызығы көп мынау қызыл дүние-

  Мәңгіліктен құлап түскен саңғырық», – деп аяқтайды. Жер үстінен мәңгілік іздейтін адамзаттың арманы бір-ақ сәтте аласарып қалғандай күй кешесіз?.. Іле «мәңгіліктен құлап түскен саңғырық» дегенді оқығанда алып жердің он сегіз мың ғаламның ішіндегі кішкентай ғана бір бөлшек екенін шын ұғынасыз.

16 қыркүйекте Талдықорған қаласы С.Сейфуллин атындағы әмбебап кітапханада ақын, Жазушылар одағының мүшесі Айнұр Төлеудің «Бірдеңе» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Осы кітаптың атауына орай ақын Сағыныш Намазшамова «Бұл кітаптан әр оқырман өзінің бірдеңесін табады» деп бағалады. «Мінбер кітапханасынан» бүгін ақын Айнұр Төлеудің өзге де өлеңдерін оқыңыздар!

БІРДЕҢЕ

Уақыт және Кеңістік…

Кеңістікте ерегістік-керістік!

Біз секілді миллиард дене, мың дене

Кеңістіктен іздеп әлек бірдеңе!

Қайғы да емес, іздейтіні мұң деме,

Махаббатқа ұқсайтын сол бірдеңе.

Табылмаған, жоғалмаған бұл неге?

Атағым кеп тұрса соның шын атын

Тілім де осы қалады екен күрмеле!

Әй, Бірдеңе!

Сені іздеймін бәрібір,

Мен жеткенше, мен кеткенше

Кірлеме!

БІР ТАМШЫ

Бір тамшы барады әйнектен тайғанап,
Тайғанақ тірлікті аймалап.
Әйнекке тамады тағы да бір қонақ,
Бір қонақ барады сырғанап!
Аспанның көзінен асығып мөлт еттің,
Мөлт еттің, ғұмыр-ай, мөлтек тым.
Жанымен әйнекке жаншылар
Осылай өледі тамшылар.
Осылай қозғалып бір нүкте,
Бір нүкте келеді тірлікке.
Келте екен бақыттың буы тым,
Тамшылар жұтады уақыттың уытын.
Буланған әйнекке қарадым,
Жылаған жанарды сезбестей.
Жүректің суретін саламын,
Кетті деп мөлтек мұң кездеспей.

АПАМА

Ойға шомып отырмысың тағы да,
Перзентімнің құс қонсын деп бағына.
Сендей етіп ешкім бақыт орнатпас,
Гүлді кент пен патшалардың тағы да!
Жаулығың ғой – жақсылықтың жалауы,
Мейірім ғой жүрегімнің қалауы.
Жамалыңда жарты әлемнің назы бар,
Жанарымда жаңа өмірдің алауы.
Сарқылмашы, менің мөлдір бұлағым,
Шөліркетпес ешкім жасыл құрағын.
Бұлағыма жетсе екен деп бұл әнім,
Тәңірімнен таң сәріден сұрадым!

ПЕШЕНЕ

Періштелер жазып отыр мықты өлең.
Мықты өлең де тәмам болар, нүктемен.
Мың нүктелер ой түзеді күтпеген,
Сөз түзеді бітпеген…
Ғажайып па?
Ал ғажайып,
Сенбеген соң, бара жатыр азайып.
Сен екеуміз бәрін қолдан жасайық!
Пешенеге жазылмаған тағдырды,
Періштенің қолынан тартып алып жазайық!
Өткен күндер-ымырт шақ!
Ымырт шақты тура қазір ұмытсақ!
Ар көтерген арқамызды дәл бүгін
Күнге тосып жылытсақ…
Кеше толған, қайта бүгін солыпты АЙ,
Өзгереді ол да ешкімнен қорықпай!
Үрейі жоқ, қанаты бар тағдырлас,
Қайда жүрсің маған осы жолықпай?

ҚЫЗЫЛ ІҢІР

Жиекке барып жығылдың.
Жығылдың қалай іңір күн?
Шоп-шолақ сәтін ғұмырдың
Қып-қызыл қылып сімірдің!
Жиекте тұрды күн кетпей,
Бірді түсінбей, бірді ұқтым.
Күйгелек әлем күңк етпей,
Тынысын тартты тірліктің!
Қып-қызыл еді жаным да,
Ұқсайтын саған іңір сәт.
Өзіне ұқсас жалынға
Жүгірді жүрек – ұрыншақ.
Жүгірдім саған іңір күн,
Туыспыз ғой біз енді.
Жиексіз Жерге жығылдым,
Қанатып алдым тіземді…

БӨТЕНДІК

Уақыт қайдан бағаласын құнымды?

Кеміреді кетік етіп ғұмырды.

Жын біткендер жер бетінде ойнап жүр

Аспанша айтқан түсіне алмай тілімді!

Жынды қойшы, атамайық Періні,

Менің басқа, оның бөлек сенімі.

Бір таным мен бір кеңістік үстінде

Жапыспады-ау біздің ойдың желімі

Келіп алып аспан жақтан қаңғырып,

Неге іздейміз жер үстінен Мәңгілік?

Қызығы көп мынау қызыл дұние –

Мәңгіліктен құлап түскен саңғырық!

КӨБЕЛЕК

Биіктіктен осы сенің күшті нең?
Таудай бол деп тілек айта бересің.
Ұшқым келсе, биіктіктің үстімен,
Мені қалай сөгесің?
Бұл мақсатты ұқпа мейлі,
Түсіне ал!
Ренжімеймін, мен саған.
Биіктіктің бітіп қалған ұшы бар,
Ұш дегенді ұқпай қойды керсанам.
Тарыдай ма, әлде сондай алып па?
Мендік сана бағынбайды-ау қалыпқа.
Үлкен-кіші, аласа мен биік жоқ,
Асығамын формасыз бір Жарыққа.
Тау туралы білігіңмен бөлісіп,
Өзіңдегі танымыңа сене бер,
Өліп жатса, әз Жарықпен көрісіп,
Көбелекті жынды дейді, сөгеді ел.

ТОТЫМ-АУ

Бір басыңа жетеді мың тоқырау,
Торда екенін түсінбейтін тотым-ау.
Таусылардай шырылдайсың нәсібің,
Ашып қалсам, тұмша-тордың есігін.
Су ішпепсің, тасқа піскен бұлақтан,
Жалғыздығын айна арқылы жұбатқан.
Өзің осы қандайсың?
Жемсау-тірлік үйреншікті үлесің,
Қиял дейтін шексіздікке қанбайсың,
Тордан биік қалықтай да алмайсың…

СӨЗТҮКПІР

Сөз еді…
Жанымның өзегі!
Ол жайлы сүйкімді естелік
Есімді кезеді.

Өтірік сезімдер,
Көшеде жалған күз.
Сөзі жоқ үн естіп,
Үрпиіп қалғанбыз,
Себебі, біз кеше,
Сөз дейтін тұлпарды
үркітіп алғанбыз.

Жұп-жұмыр жүрегім,
Сөзсіз сан түңілді.
Ол барда сәуле едім,
Күн едім.
Сөз кеше тулады,
Содан соң сүрінді.
Жеткізбек болған ем,
Жетімек сырымды,
Ешкімге керексіз шынымды.
Сөзім жоқ болған соң
Естімей қойды әлем
Меңіреу мұңымды.

Кие сөз көшіпті,
Тұқымы қалмастан.
Біз жақта сөзсіздер,
Ұйықтатып ұятты,
Біреудің сөзінің,
Жалына жармасқан.

Бетімнен шығарып отымды,
Тұлпар – сөз осы деп,
О, неткен қасірет!
Сөзсіздер
Мәстекті мәпелеп отырды!

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар