Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменов ағамыздың «Вечерний Алматы» газетіне берген сұхбатында Алматы қаласының атауын қайтадан «Алма-Ата» деп өзгерту жөнінде ұсыныс жасағаны ел ішінде, әлеуметтік желілерде қызу пікір-талас тудырып, құптағандар мен қарсы болғандар өз дұрыстықтарын дәлелдеп қызыл кеңірдек болуда.
Бұл қоғамдық жағдай күрделеніп, шиенелісті оқиғалар молаюына (мысалы Жамбыл облысындағы әскери қойманың жарылуы) байланысты жұрттың көңілін басқа салаға аудару үшін ебін тауып жасалынған кезекті бір ойдан шығарылған шоу ма деп те қаламын. Өйткені жаны қазақ, тәні қазақ, болмысы қазақ адамның Алматының, Алматы атауын өзгертейік деуге мың жерден балталасаң да, басыңнан төмен қарай алтын құямын десең де дәті бармайды. Ал Олжекең осындай әрекетке барды және бұнысы бұрыннан айтып, айызы қанған, ақжем болған дүние. Осындай бір сора-сора сорпасы шыққан түкке тұрмайтын, мәнсіз, нәтижесі нөл, бос сөз құсап көрінген нәрсені Олжекеңнің қоңырсыта беретіні қызық.
Олжас ағаны өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдардың жастары қатты құрметтейтін едік. Әлі де құрметтейміз, сыйлаймыз, кейбір тілге, тәуелсіздікке байланысты ат үсті айтып қалған ағат пікірлеріне кешіріммен қараймыз. Бұл тарапта профессор Құлбек Ергөбектің пікірін де оқыңыздар, оны қайталағым келмейді.
ӨР РУХЫМЕН БІЗГЕ ДЕ РУХ СЫЙЛАП ЕДІ…
Өз басым Олжас Омарұлымен ақынмен сол ХХ ғасырдың орта тұсынан, оқушы, студент кезімнен сырттай таныспын. Қай курста жүрген кезім екені есімде жоқ, жазғы практикаға шыққан кез еді. Жатақхана у-шуы сиреген, жатақта бір өзім. Ермек үшін ақ-қара түсті «Рекорд» телевизорды жалға-прокатқа бір айға алғанмын. Практикаға зауқым соққан күні барамын. «Келдің, келмедің» деп жатқан жан жоқ. Бітіргенім, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен Терін» оқып тауыстым.
Кеш тұратын әдетім, шамасы бесін, он, он бір сағат кезі, теледидарды қосып қалсам, қолында айқара ашып ұстаған кітабы бар Олжас тікесінен тік тұрып сахнада «Родина – женщина, История – женщина, Честь, Отвага, Поэзия – женщина…» деп өлеңді күркіретіп оқып тұр. Басымды жастықтан жұлып алдым. Ешкім келіп, оятып, мазамды алмаса екен деймін. Тапжылмай, бүкіл жырды ұғып отырғандай-ақ тыңдадым.
«Нет Востока,
И запада нет,
Нет у неба конца.
Нет Востока,
И Запада нет,
Два сына есть у отца.
Нет Востока,
И Запада нет,
Есть
Восход и закат.
Есть большое слова –
Земля!».. пай деп қоямын ішімнен. Тап осы жолдар мен үшін өте ұғынықты!
Ол кезде Олжастың «Арғымақ» атты өлеңін Қадыр Мырзалиевтің аудармасы бойынша жатқа білетінмін.
«Дала қандай, даладағы ат қандай,
нөсер шөпке белуардан батқандай.
Құйғытсам бір,
Дала, қала болады-ау, көз алдымда аунап бара жатқандай!!!…» деп бөлменің ішін басыма көтердім.
Советтер Одағының, СССР-дың астанасы Москвадан, оның атақты «Останкино» орталық телевидениесі төрінен қыранша қалықтап, сұңқарша саңқылдап, дүйім жұртты (солай ойлайтынмын) бас идіріп, тамсандырып, кісінеп, орыс тілінде, орыстың өзінен есе артық сайрап, өз өлеңін бірнеше сағаттап оқып тұру дегеннің екінің бірінің қолынан келмейтін және екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт қой. Ал осы бақыттың иесі – қазақ Олжас! Қазақстанға, оның «алма дидарлы арулары Қыз Жібек пен Баяндай, алмасының дәмі балдай» астанасы Алматыға ғашық, бір қазақтың төбесін көрсек төбеміз көкке жеткендей мәз болатын кез. Қалай оған қол соқпайсың? Өзің ақын жанды адам болсаң, қалай Олжас болып кеткің келмейді? Тіпті олай ойламаудың өзі күнә емес пе? Нәтиже осындай биік армандардың жемісі емес пе?
«АЗ и Я» МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНҒА, ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ ДЕГЕН БАЛАҢ МАХАББАТЫМДЫ ДА ҮДЕТІП, ШЫҢАП ЖІБЕРДІ
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңы еді ғой. Ленинградтың (Санкт-Петербург) қаржы-экономика институтында менің достарым, жерлестерім Дәулетхан мен Семей бар еді. Солармен бір факультетте оқитын, қара торы жүзді, үнемі тағып жүретін көзілдірігі бар, ажарына ақылдылық ұялаған, өте бір қайырымды, қазақшасы судай Шевченколық (қазіргі Ақтау қаласы) Дүзелхан Уразалиевна Байболатова деген адай қызы бізді бауырына тартып, араласып жүретін. Бір күні сол Дүзелхан Уразалиевна: «Қазақтың керемет ақыны Олжас Сүлейменовтың кітабы. Білесің ғой. «Аз и Я»… Ол сөзін бөлместен ары қарай жалғап: — Жоғарыдан зиянды кітап деп танылыпты. Запрещено. Оқуға да, сақтауға да рұхсат етілмей, кітапханалардан алынып, жойылып жатыр екен. Осыған сен ие боларсың» деп жасырып әкеліп, оңашада маған табыстады. Кітаптың зиянды болатынын, оқуға болмайтын кітап болатынын, оның жойылып жатқанын бірінші рет естіп тұрсам да сол сәтте оның сөзіне мән бермедім. «Олжастың кітабы» дегенде қуанғаным сондай, оның зиянды, зиянсызы есіме де кіріп-шыққан жоқ, қолынан жұлып алғандай болдым. Кітап мендік болып, қолыма тигеннен кейін барып кеше ғана менің идеалыма айналып, кумирім болып үлгірген, өлеңдері Алматы үстінен, аспандағы айырпланнан шашылып, ақ парақтары ақ қардай жауған, кеше ғана Советтер Одағының орталық телевидениесінен әлемге «Земля поклонись человеку» деп жар салып, шашасына шаң тимей, маңдайы жарқырап жалғыз қара келе жатқан сәйгүліктей Олжастың кітабы болғанына таңдана бастадым. Зиянды кітап жазбақ түгіл ондай ойдың өзі миға кірер иненің жасуындай тесік таппайтын заман ғой. Ондай саңылауды қоғамға, совет үкіметімен оның коммунистік партиясына зиянды антисовет адам ғана табуы мүмкін. Сол зиянды, антисовет адам ғана зиянды кітап жазбай ма? Кеше ғана «Мой адрес – Советский Союз» деп, кейін керемет әнге айналып кеткен айбынды жолдардың тұңғыш авторы. Бүкіл совет халқы алақанына салып аспанға көтерген жанып тұрған қызыл коммунист Олжасым қалай зиянды кітап жазуы мүмкін? Абсурд. Ол дегенің бүкіл әлемді билеп-төстеуге шақ қалған, мұхиттың арғы жағында, жер түбіндегі Куба, анау оңтүстіктегі Въетнам, Лаос, Кампучиямен орап, өзінің көрші-қолаңдар, Шығыс Еуропаны алып, он алты мемлекетті уысында ұстап, коммунизмді құрып, енді оны аяқтау сатысына жеткен ұлы державаға қарсы шығу емес пе? Құдай-ау, ол дегенің жанын садаға етіп, басын бәйгеге тігу ғой. Ондай жат ниетті адамның өзі де «запрещено» болуға тиіс қой… Сөйтсе де әлгіндегі қанатымен су сепкен қарлығаштай болып, көз әйнектің арғы жағынан ойлы жанары үміт шырағын ұшқындатып, шын сеніммен «зиянды кітап», «осыған сен ие боларсың» деп адал жүрегінен айтқан сөздері бірде қосарланып, ал бірде алма-кезек есімде жаңғырып тұрып алды. Сол сәтте «Аз и Я»-ның «идеологиялық бағытының бұрыс, ұлтшылдық пен түркішілдікті» дәріптейді деген қоңырау тағылған, орыс ғалымдарының шамына тиген кітап екенін қайдан білейін, тек Ұлы Олжасқа, ақынға деген қазақ қызының құрметі деп ұқтым. Бұлтарған жоқ. Көрбілтелеп, жасырып-жапқан да жоқ. Турасын айтты. «Зиянды кітап, осыған сен ие боларсың». Бұл – Аманат! Шынтуайтында бұл қазақтың сол бір кезеңдегі рухани құндылығын құтқарып қалуға ұмтылған, соған бел байлап кіріскен ержүрек өжеттік, атасынан дарыған қайсарлық екенін, кітапқа, кітап болғанда ғылымның тарихи бір саласының жүзін айдай қылған, ғылымдағы ар-ожданды қайта жаңғыртуға құлшынған, орыс тіліндегі көмескі, көрінбей тасада далдаланып жатқан түркизімдердің көзін ашқан «Аз и Я» атты ұлы еңбекке деген зор құрмет, өзіңнің көне тамырыңа, ескі, бағзылық жадыңа, елге деген шектеусіз махаббат екенін кейін түсіндім. Түу жер өмірден, Ұлы Каспийдің адуынды, асау толқындары арасынан аман-есен алып шығып, Балтық теңізінің жиегіндегі Ленинградқа (Санкт-Петербургке) қойнына тығып, қорғаштап әкеліп, құтқарып тұрғаны – ұлы мұраға деген асыл қайрат, таза мінсіз саф сүйіспеншіліктің, нағыз патриоттықтың жарқын символы екен ғой. Ал «Аз и Я» автордың өзбасына қара бұлт болып үйіріліп, итаршылары қара құзғындай қаптаған пәлекеттен сол кездегі Қазақстанның коммунистік партиясының бірінші хатшысы Д.А.Қонаев қорғап қалғанын әбден бертін білдік қой.
Сонымен «ит қорыған жерге өш», «Аз и Я»-ны бастан аяқ, бас алмай түгел оқып шықтым. «Соколы и гусы» (Сұңқарлар мен қаздар), «Боян» (Баян), «Невидимые тюркизмы» (Көзге түспейтін түркизмдер)…, ит, Испака, Кончак-каніш-қаншық, түркілер, көшпенділер, Алтай, Күлтегін, Қыпшақ, байтақ дала, бай өлке, аттың дүбірі, асаудың бұлқынысы… мен мұндалаған небір ғажайып рухты, көне сөздер. Естіген сайын, оқыған сайын қаным қайнап, тұла бойым қызып, денем шымырлап, арқам қозып, аруақтанып алабұртқанымды несін жасырайын. Оның үстіне ел сағынып, жер сағынып, алыстағы ата-анаңды, аға-бауырыңды сағынып, сағыныштың сары ала күзін кешіп жүргенде мынандай тұла бойынан тұтастай даланың иісі аңқыған жұпары дүниемен қауышу жан дүниеңдегі қордаланған махаббат сезімдерін одан әрмен қоюландырып, қордаландыра қоздыра түседі екен. «Аз и Я» менің Қазақстанға, қазақ еліне деген балаң махаббатымды да үдетіп, шыңап жіберді. Кейін «Тауда тудым, таудың нар тақтасында.\\ Айда, күн де, жұлдыз да тап қасымда.\\ Қайдан білем бір дәннің өнетінін,\\ Көкірегімнің көкорай бақшасында…» деп басталатын «Қазақстан – алғашқы махаббатым» атты өлеңімді ұзақ жылға жалғасқан, әлі де өшпеген әйдік әсердің жетегімен жазған да шығармын.
Бірақ, «Аз и Я» түркі және славян халықтарының ежелгі жазба ескерткіштерін зерттеуге арналған көне қолжазбалардағы ғылымда қатып қалған қасаң қағида, үстірт шешімдер, стереотитерге қарсы бағытталған публицистикалық еңбек екеніне кәміл сенсем де кемел, толық түсінуге, ұғуға тілімнің шамасы да, білім деңгейім де жетпеді. Өйткені, технократ студентпін. Техниканың тілі шолақ. Оның үстіне сым бойлап жүгірген оттың тілін ұғамын деп күндіз-түні формула жаттап, есеп шығарып, сызу сызу күнделікті тірлік. Ондай адамның тілі он-жиырма ғасырға тереңдеп кеткен, ойы орбитаға шығып кеткен Олжасты түсінем деуі де көтере алмайтын балтаны белге байлағанмен бірдей болар еді. Оның есесіне Қазақстаннан барып әртүрлі жоғары оқу орындарында оқып жүрген, бірақ қазақша әліпті таяқ деп білмейтін замандастарым, студент жастардың бәрін Олжастай көрдім. Олжастың отты, рухты өлеңдері арқылы қалыптасқан «орыстілді де қазақ болуға болады екен» деген түсінігімнің қате екендігін кеш түсіндім. Сол жылы жазда Олжастың «Аз и Я»-сы менімен бірге шекара асып, Моңғолияның астанасы Ұланбатырға барды. Мен әкемнің інісі белді қызметтегі әрі жазушы ағам Сәтей Нұртазаұлына тарту еттім.
ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ КЕЗІНДЕ БІРІНШІ ІЗДЕГЕНІМ ОЛЖАС БОЛДЫ
1986 жыл 12-айдыңекінші жартысының бір күні. Таңғы сағат сегіз аса бастығым Чимидбаатар шақырды. Ұланбатыр темір жолының Белгі беру және байланыс қызметінің 3- дистанциясының басшысы, мен – бас инженер. Келбетті, қазақы жүзді, қайқайта тарайтын қайратты қара шашты, қарлығыңқы дауысты, қатал талапшыл, қарынды кісі еді. Көп мазаламайтын, қажетті кезде ғана өзім кіретінмін не өзі шақыратын. Тарлау кабинетінің іші көк түтін. Үнемі тартатыны, фильтрсіз «Прима». Түсінікті. Таяқ тастам жерде, қаладан шеткері, бір жиегі көрініп тұратын советтік әскери базаның дүкендерінен алады. Жайылып жатқан жалпақ сары үстелдің оқ жақ тумпочкасында қырлы стакан, көк мойын бір бөтелке үнемі үзілмейтінін білемін. Содан бір жүз грамды тартып жібергені анық.
Чимидбаатар дарга (басшы адамды осылай атау дәстүр) аса сұңғыла, жан-жақты білімді, орыста оқымаса да орыс тіліне судай, орыс мамандарының өзінің екі аяғын бір етікке тығатын мінезді, саяси сауаты жағынан қандай саясаткерлеріңнін өзін сенделтіп жіберетін аңғарлы адам еді. Бүгінгі әңгіменің не жайында өрбитінін іштей сезіп кірдім. Кабинетіне. «Суу» (Отыр),- деді ол, тура алдынан жалғастыра қойылған ұзынша үстелдің сол жағын нұсқап. Содан кеудесін кере кейін тастап. – За, хүү минь, дуулсан уу? (Жә, балам, естідің бе?), – деп сәл тыныс алып, шылымын құшырлана тағы бір сорып, –Алмаатын залуус босож байгаа юм байна шүү дээ?! (Алматы жастары көтеріліп жатыр екен ғой),– деп ырғала қозғалып, түзеліп, екі шынтағын үстел үстіне қойды. Менің сол сәтте қаным ойнап, жүрегім дүрсілдеп, түсім бұзылып кетті білем, жауап беріп үлгіргенімше іліп әкетіп: – Наркаман, согтуу тэнэг, архичин бүлэг, үндэсэрхэг залуус гэнэ…(Наркоман, мас, ақымақ, арақшы топ, ұлтшыл жастар дейді), – Сонан соң аз пауза жасап,- бүхэл бүтэн ард түмэн, ард иргэд тийм байна гэч шал худлаа даа…(бір ел бірақ ішіп-жеп кетті деген құйдай өтірік қой, ә), – деп тоқтады. Мен сазарып барып, күрсініп қойдым-ау, «солай болыпты, даргаа, естідім…» дедім. Ол маған жүзінен нұры төгіле мейірлене қарап, «ерөн манай хасгууд мундаг шүү» (жалпы біздің қазақтарымыз мықты ғой) деп, үстел үстін тіміскілей сүзіп, үстелдің оң жақ үстінде көп кітаптың үстіңгі жағында тұрған М.С.Горбачевтің жаңа ғана аударылған «Қайта құру» атты кітабын алды да бұрышқа таман тұрған аузы ашық сейфтің ішіне лақтыра салды. «Бұл кітаптың не кінәсі бар, дарға?» дедім кенет ашылып. Осы әрекетімен-ақ басшымның Алматыда болып жатқан оқиғаға қатысты өз көзқарасын, сол сойқанның бастау көзінің қайда жатқанын сездіргенін байқау қиын емес еді. Әңгімеміз ары қарай Қазақ Ұлысы жайлы өрбіп кетті. Жарты сағат, әлде оданда ұзақ уақыт сырластық. Сөз арасында мен 1981 жылы ақпан айының басында Қазақстанда, Көкшетау облысының Рузаевск ауданында ауыл шаруашылығы училищесінде оқып жүрген інімді іздеп барғанымды, сонда Моңғолиядан барған бір топ баланың жетекшісі Пүрэвдорж деген мұғалімнің «Біз білмейді екенбіз. Мынау Қазақ Ұлысы (Хасаг Улс) дегеніміз «Ұлы держава» (Их гүүрэн) екен ғой дегенін айтып қалдым. Мынау мұңғұл (жергілікті қазақтар моңғолдарды осылай атаймыз) жұрты досқа адал, антқа берік, анда болған адамына жанын беретін халық қой. Мені бұрын ылғи да «Бек» деп шақырса, әзіл-қалжың арасында «ард түмний хүү» (халық ұлы) деп жататын басшымның алдынан көңілді, еркінсіп шықпадым. Кеудемді әлде не кернеп тұрды. Ыза, кек, намыс па білмеймін. Намыс болса ол іспен, әрекетпен көрінуге керекті. Қалай болғанда да, арам ойы жоқ, ар-ожданы таза бастығым түбім бір болса да тегім басқа ұлт екенімді есіме салғандай болды. Әйтпегенде «Алматы оқиғасы» туралы пікірлесетін адамы аз емес қой. Бөлмеме келген бойда ескі-жаңа «Правда», «Литература» газеттерін ақтара бастадым. Ойымда Олжас! Оның жоғары көтерілген оң қолының қимылымен-ақ ошарылған жастар оңды-солды қозғалатынына мық қадалған шегедей, нық сеніп алғамын. Олжас! Өйткені Олжас – жастардың жалауы! Ол заманда оған жететін де, жетеқабыл да тұлға болған жоқ-ау. Ел ішінде, союз көлемінде һәм әлемдік деңгейде атақ-даңқы аспандап, жұлдызы жанып тұрған шағы ғой Олжастың. Басқасын қайдам, әйтеу, біз – советтік идеологиядан еркін сусындаған және оның қайнар бұлағынан қанып ішіп отырған, Олжастың моңғол тілінде шыққан «Аргамаг» атты өлеңдер жинағымен толық таныс мұңғұл жастары солай ойлайтыныз. Ол – СССР Жоғары Советінің депутаты екенін де білеміз. Ол – Қазақстан Жазушылар Одағының басқарманың төрағасы, атақты «Аз и Я»-ны жазған, аты, атағы шулы, ауызы дуалы ақын! Олжас не деді екен? «Дауыссыз, дыбыссыз, қаріпсіз сөз» ойымда шарлап неше күн толғандырып, дел-сал қылып жүріп алды. Онан кейін де «Правданың» да, «Литератураның» да, «Жұлдыз» журналының да бетінен мен Олжасты көрмедім. Оның есесіне осы газеттер мен «Орбита» станциясы жер шарының барлық түкпіріне таралатын Москваның орталық телевидениесінің таратқан хабарлары арқылы әлемде теңдесі жоқ мызғымас Советтер Одағының бүкіл системасына, оның құдыретті қолбасшысы коммунистік партиясының көреген саясатына арсыздықпен қарсы шыққан Алматының ұлтшыл, жынды бас, дәлекүс, нашақор, ақымақ, алкаш жастарының жазаланып, тапталғаны туралы мәліметтерге қанық болдық… Ал, Олжас, Олжас Сүлейменовтың тап сол күндері түрмеге түспесе де абақтыда отырғандай қамалып, Брежнев атындағы орталық алаңда ит пен жендеттерге аяусыз таланып, жазаланып жатқан жастарға ОК үйінің төртінші қабатынан маңдайын әйнекке пергілеп, «Бедные!» («Байқұстарым-ай!») деп іштей қан жылап қарап, қайрансыз тұрғанын оқиғадан он жылдан соң білдік қой. (Толмачев Г. Повесть о Олжасе. Докум. повесть.- Алматы: РПО «Кітап», 1996 – 83 бет).
Тағдырдың жазуы, құдайдың қалауы солай болған шығар біз әулетімізбен түп қопарылып Ұланбатыр қаласынан бергі ғасырлар есебіндегі жүз елу жылдық құтты қонысымызбен қош айтысып, Қазақстанға 1991 жылы 17 маусымда көшіп келдік. Туған еліміз, атажұртымыз, Елбасымыз «Ақ Тілегін» жолдап, ақын-жазушылары «Қайт қазақ, Еліңе, Жеріңе!» деп айғайды салып, жер жүзіне сауын айтып жатқанда, жаны қазақ, қаны қазақ, қазақ рухпен тәрбиеленген қазақ қалай шыдап отыра аласың. «Аштықта жеген құйқаның дәмі тәтті» дейді. Жақсылықты да, жамандықты да елмен бірге көрейік, ыстығына күйіп, суығына тоңайық, жағдай жақсарып, тұрмыс түзеліп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда барсақ, «кеше басымызға ауыртпалық, белімізге салмақ түскен кезде, кел деп, қалап шақырып тұрған заманда қайда қалдың?» деп бетімізге басады, нар тәуекел, дүние кезек дегенмен уақыт екі келмейді» деп кеудедегі жүректі қолымызға ұстағандай алып-ұшып жеткен едік. Қателеспеппіз! Тәубә!
Бір мыңда тоғыз жүз тоқсаныншы жылдардың басында қазақ баспагерлері бұрын-соңғыда біздің қолға түсе бермейтін небір ғажайып кітаптарды ұсынды. «Абылайхан», «Қазақтың көне тарихы», «Қазақтың қилы тарихы», «Түп тұқияннан өзіме шейін», «Өтті заман осылай», «Түгел сөздің түбі бір», Л.Гумилевтің, Ахмет Байтұрсынұлының, Мағжан Жұмабаевтың еңбектері, Бұхар жырау, Төлебидің сөздері және Олжастың қазақ тіліне аударылған «Аз и Я»-сы қатарлы қырықтан астам кітапты жүзден сегіз жүз сом аралығында сатып алған тізім қазір де менде сақтаулы екен. Осы кітаптардың ішінде менің ерекше назарыма іліккені «Түгел сөздің түбі бір» мен «Аз и Я». Түркі сөздігінің түп атасы Махмуд Қашқаридың ХІ ғасырда жазған «Диуани луғат ит-турк» еңбегінің Қанапия Бекетаев пен Әрсен Ибатов тәржімалаған қысқаша нұсқасы «Түгел сөздің түбі бір» бойынша «Махмуд Қашқари және моңғол тілі» («Түбі бір түркі тілінің моңғол тілімен байланысы жөнінде») атты зертеу мақалаларым 1995 жылды «Ана тілі» газетінің бір неше санында жарияланды. Орыс тілінде (1975ж) жарық көргеннен кейін Сәбетқазы Ақатаевтың аудармасымен 16 жылдан соң өзінің ана тілінде шыққан «Аз и Я» оған деген құмарлығымды шыт жаңа ояты. Бәрі түсінікті, бәрі ойдағыдай. Тұнып тұрған інжу-маржан. Сүзіп ал да тағып ал. Көкейің болса құйып ал. Қазақ тіліндегі басылымына жазған алғы сөзінде автор, «Аз и Я»-ны кітап болып шыққан күннен батап Орталық қаһарына ілікті де, басқа тілге аудару, кітап етіп шығару былай тұрсын, шыққан кітаптың өзі түгел таралып үлгірмей жатып дүкен сөрелерінен, кітапханалардан түгел жойылсын деген өктем үкіммен қуғынға түсті» деген екен. (Сүлейменов Олжас. Аз и Я. Ізгі ниетті оқырман кітабы. Ауд. С.Ақатаев. Алмат. Жазушы, 1992 ж.-5 бет). Дереу моңғол тіліне аударайын деген ой келді де аудардым. Қанша уақытымды жұмсағанымды білмейімін, аяқтап қалған бір тұста Алматы аэропортында бітік тастың білгірі, белгілі ғалым Қаржаубай Сартқожаұлымен жолығып қалып «Аз и Я»-ны аударып жатқанымды айтқанымда кіммен келісімге отырғанымды, олай болмаған жағдайда еңбегімнің зая, еш болатынын ескертті. Тәжірибесіздік кесірінен ешкіммен де келісім-шартсыз бастап, аяқтап қалған еңбегімді бір қайыры болар деген ниетпен бітірдім. Қолжазбам күні бүгінге дейін өзімде сақтаулы. Кітапқа енген Қадыр Мырзалиев тәржімалаған өлеңдерін сөзбе сөз моңғол тіліне аударған жеке парақтарымды таппай отырмын. Басқасы түгел. Өзімнің ғұмырбаянымда О.Сүлейменовтің «Аз и Я» атты кітабын аудардым деп қосып жазып жүрмін. Достарым, көрнекті ақындар Сұраған Рахметұлы, Жүкел Қамайұлы сұрады қолжазбамды, тәңір жарылқасын, бермедім. Осында, Алматыда бір-екі баспаға бардым. «Моңғол тілінде ғой, қалай таратамыз, алмайды, өз кітаптарымыз өтпей жатыр» деді. Рас. Оларға сын жоқ, солай.
ІЗГІ НИЕТТІ ОҚЫРМАННЫҢ КІТАБЫ
2006 жылы қараша айының 8-20 күндері Алматыда қала әкімі Иманғали Тасмағанбетовтің қолдауымен «Фаверже» зергерлік үйінің әлемге әйгілі заттарының көрмесі Орталық мемлекеттік музейде ұйымдастырылды. Сонда істейтін этнограф ғалым Досымбек Хатранның шақыруымен көрменің ашылу салтанатына қатыстым. Міне Олжас ағамен тұспа-тұс тұрмын. Көз жазбаймын. Сөйледі-ау деймін естімеймін. Баққаным Олжас аға. Мүмкін болса, осы жолы, ыңғайы келсе тілдесіп қалсам деймін. Бұрын да мұндай ой болған. Бірақ, шет елде, Парижде болған кезі-ау деймін. Көрменің ашылу салтаны аяқталып, қойылған түрлі дүниелерді тамашалап, көрмені көрген болдым. Бір қарасам Олжекең сыртқа қарай беттеп барады екен. Жол-жөнекей жолын кескендей болғаным әбестік болса да, тәуекелге бел будым. Не айтуды, қалай бастауды да тиянақтап үлгірмедім. Мен соңынан ілесе жеткенімде ол кісі есік алдына шығып, әлдекімді күткен болу керек, айналсоқтап жалғыз тұр екен. Таяп келіп, тап бір бұрын таныс-біліс адамдай сәлем бердім.
– Армысыз, аға! – Ол түйенің үстінен қараған адамдай маған жоғарыдан «мынау кім?» дегендей үдірейе қарады.
– Аға, мен Бақытбек Бәмішұлы. Сіздің «Аз и Я»-ызды моңғол тіліне аударған едім.
– Нужно ли она монголам (Ол монголдарға керек пе еді?!). – Тура осылай деді. Шамасы бұндай жауап күтпеген мен сасып қалдым-ау деймін жүрегім лоқ еткендей болды. Кітапқа тиым салынғанына қарамастан Жапония, Венгрия сияқты елдерде аударылып, кітап болып шығып қойыпты. Түркі, славяндармен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын елдер қажет етіп, кітап қып шығарып жатқанда, қазақты жеті жүз жыл билеген моңғолдарға керек болмай қалған екен ғой. Бұл кезде біздің Олжас аға да түркі және монғол халықтарының арғы-бері тарихын, мәдениетін, қоянқолтық қарым-қатынасын, көне мұра жазба ескерткіштерін біртұтас, бір түбірден таралған тектестікте емес, бір-бірінен ажыратып, бөліп, мүлдем бөтен, атасы басқа халықтар ретінде зерттеп, зерделеп, сараптайтын еуроцентистік шеңбермен шектеліп, «Аз и Я»-да өзі айтатын құнды пікірлеріне өзі қайшы келіп тұрғандай еді. «Шығармадағы бір-ақ сөз идеяға қызмет етеді». (Тұрсын Жұртбай). Бойымды тез жинап алдым.
– Қалай керек болмайды? Сіз түркизм туралы, Шыңғыс хан туралы жазып отырсаңыз,– тап осы жерде миыма Олжекеңнің өз сөзі сап ете түсті. – Моңғолдар да «ізгі ниетті оқырмандар» ғой, – дедім. Аталмыш кітаптың бірінші бетінде «Ізгі ниетті оқырманның кітабы» (Книга благонамеренного читателя) деп жазылған еді ғой. «Шыңғыс хан» дегенде мен әрине кітаптағы «моңғол» атауының көптігін еске алған болармын. Олжекең енді бетіме тіктеп қарап:
– Иә, оларға да таныстырып қоюға болады, – деді. Үні жұмсарғандай болған соң,
– Соны кітап етіп шығарсам деп едім,– дедім.
– Мен кітап шығарып көрмеген едім, қанша болады екен?
– Мен де бағасын білмеймін. Сізден қайыр болса баспалармен сөйлесуге болады. – Олжекең өзінің кешікпей Парижге баратынын айтты-ау деймін, сонан соң:
– Қазір Қайрат деген жігіт шығады. Сонымен сөйлес,– деп жылжи бергенде музейден желе басып, қара плащты Қайрат та шыға келді. Олжекең айтты ма, әлде мен өзім сұрадым ба есімде жоқ, ол, қазір уақыты тығыз екенін ескертіп телефонын жаздырды. Мен Олжекеңді мазалағым келмеді. Қайратқа да қайыра телефон соқпадым. Телефон номерін де қайда белгілегенімді білмеймін.
КАСТИНГТЕН ӨТТІМ, БІРАҚ ФИЛЬМГЕ ШАҚЫРЫЛМАДЫМ
Тағы бір соңы түсініксіз қалған оқиғаны қосалқы қоса кетейін. 2018 жылы күзде мені «интернет арқылы таптық» деген сылтаумен «Путь лидера» фильмінің кастингісіне «Қазақфильмге» шақырды. Сол жылдары кино кейіпкерлері белгілі, тарихта болған адамдар болса сол адамға түр әлпеті ұқсас келетін адамды ойнату үрдіс алған болса керек. Әсілі мен Олжасқа ұқсайды екенмін. Бардым. Кастингтен өттім. «Мұртыңды алып тастаймыз, шашыңды сәл-пәл толқындатамыз» деді. Шашым онсыз да жеткілікті, желкеме түсіп тұратын. Сол кездің костюмін, батинкасын таңдап кигізді. Қолыма екі ауыз сөз жазылған бір жапырақ қағаз ұстатты да «Жаттап кел!» деп жіберді. Түсінгенім астананы Алматыдан Ақмолаға көшіруге байланысты кезекті бір жиында президенттің алдында әлгі екі жол сөзді айтуым керек екен. Айттым. Өттім. Үшінші жолы барғанымда келісім-шартқа қол қойдым. Атқалақтаған бір бойжеткен, мүмкін келіншек: «Түсірілім уақыты график бойынша. Өзіміз хабарласамыз» деді. Бірақ олар хабар-ошарсыз кетті. Мен бірнеше рет менеджер қыздарға телефон шалдым. Үйтті-бүйтті… сонан соң мен де телефон шалуды доғардым. Мен келісім-шарттағы немқұрайлылықтан кеткен бір-екі қатені көрсеткенмін. Бәлкім, сол шаптарына тиген болу керек деп те ойлаймын.
АЛМАТЫ ҚАЛАЙ ДА АЛМА-АТА БОЛА АЛМАЙДЫ
Ал, бүгін, міне, Олжекеңнің, көпшіліктің, көпшілік болғанда қазақ тілді жұрттың тынышын кетірген «Алматы атауын Алма-Ата деп қайта қалпына келтірейік» деген пікіріне орай осы жазбамды жазып отырмын.
«Игорь жорығы туралы жыр» қақында, бөтен біреу, басқа ұлт өкілі пікір айтып қойды деп тулаған орыс оқымыстылары сықылды Алматы атауы жөнінде орыстілді қазақ өз ойын білдірді деп ала тайдай бүлінгеніміз дұрыс па? Алматы қазақтың байырғы атау сөзі, ескі қала атауы екенін көне түркі тілдерін, тіпті сонау шумер тіліне дейін батып зерттеу жасап, славян тіліндегі көмескі түркі сөздерінің көмбесін күл талқан етіп ашқан Сүлейменов білмейді дегенге сенуге бола ма? Мұндай ой ойлаудың өзі күлкілі емес пе? Олай болса, қалағандар ауыз екі тілде у-шу шығармай Алма-Ата деп атай берсін, біз де Москваны Мәскеу дейміз емес пе. Қазақтар Мәскеу деп қойды деп қай орыс шу көтеріп жатыр? Қазақ тілі үшін үш бірдей дауыссыз дыбыс қатар келген атау Москва дегеннен гөрі айтуға жеңіл, тілге орамды, әрі нәзік, әрі жұмсақ дыбыстармен жымдасып келетін Мәскеу деу әлдеқайда көркем, әуезді.
Егер, «Ұлы ойшылдардың теориялық пайымдарының көпшілігі қазіргі заманға сай емес» (Сүлейменов Олжас. Аз и Я. Ізгі ниетті оқырман кітабы. Ауд. С.Ақатаев. Алмат. Жазушы, 1992 ж.-178 бет). болса, онда Алматы атауын Алма-Ата деп атау туралы Олжекеңнің пайымы да заман, уақыт талабына сай емес деуге әбден болады. Оған теориялық ғылыми талдаудың да қажеті шамалы. Өйткені, тіл білімінің жалқы есімдерді зерттейтін ономастика ғылымның жетілген бір саласы ғой. Алматы – ойконим, астионим ілімдері тұрғысынан көп зерттелген, иі қанған, ғылыми негіздемелері айқын, дәлел-дәйектері жеткілікті ескі атау. Бұл – бір. Екіншіден, Алма-Ата деп атау қазақ тілінің грамматикасына сай емес. Қазақ тілінің емлесінде жер-су, елді мекен, қала т.б. біріккен атаулары сызықша (дефис) арқылы жазылмайды; Қызылорданы Кызыл-Орда, Петропавлді Петр-Павл, Ақтөбені Ак-Тюбе, Талдықорғанды Талды-Корган деп бөліп, боршалап тастайық деуге бола ма?; үшіншіден, қатар келген екі қос дауысты дыбыс айтылымда бір-біріне сіңісіп бір дыбысқа айналады және қазақ тілінде созылыңқы дауысты дыбыстар жоқ. Сондықтан, Алма-Ата айтқанда қазақ баласы Алмаата деп езуді созып жатпайды, Алмата деп айтады. Сөз әуелгі әдемі мағынасынан мүлде айырылады;
«Аз и Я» -ны оқиық. Бұл мақаламды «Олжас и Мен» деп атадым. Олжекеңнің «Аз и Я» кітабының бірінші тарауының соңын ала мынандай жол бар: «Олар (ұлы ойшылдар) замандастарымызды болашақтың ұғым салауатымен ойлауға шақырады». Көңілге қонымды.
Бақытбек Бәмішұлы, 07.09.2021 ж. Алматы.
Парақшамызға жазылыңыз
Есенкул Кошербаева
Рахмет, сізге‼️Олжас ағамыздың сіздің бастығыңыз болған Чимидбаатар құрлы қазақты терең түсіне алғанына сенбеймін. Мен Олжас болғанымда жастардың алдына атып шығатын едім. Қалай дәті барады намыссыз ағамыздың терезеден қарап тұра беруге. Мен олардың жылағанына да сенбеймін. Сол кезде әшейінде “елім, жерім, халқым” деп жылап-еңіреп жыр жазатын, сөз сөйлейтін қалам ұстағандар жазушылар одағында тығылып отырмай алаңға атып шыққанда қантөгіс болмайтын еді. Күллі зиялы қауым шыққанда қандай қанды қол партия болса да өз елінде тәуелсіздік сұраған жастарды қырып-жойып, итке талатып, қыздарымызды шашынан сүйреуге дәті бармас еді. Өздері жырға, романдарына қосқан Намыс, Ұлттық рух деген олардың қанында жоқ екен деймін әлі күнге дейін. Ауыздағы сөз қандай жүректе солай болу керек. Сол кезде қатып қалған жүрегім Олжас дегендерге, содан жібіген емес.