/////

Назерке Серікқызы: Ғайша (соңы)

1325 рет қаралды

***

Ата-енем үйімізде бір аптадай қонақ болған соң, оларды бірден Алма-Арасанға жібермек болдық. Алғашында енем:

-Қызым-ау біз негізі тойға келген адамдар едік, санаториға баратын жөні түзу киімдеріміз де жоқ қой. Келесі келгенде барсақ, – деген. Сонда мен:

-Маматай, уайымдайтын нәрсені таптыңыз ба деймін. Осы жолы жіберіп алмасақ ауылдың тіршілігінен қолдарыңыз босамай уақыт өткізіп аласыздар. Одан да ештеңені алаңдамай он күн ем-домдарыңызды алып жақсылап демалып қайтыңыздар, – деп шипажайға керекті заттарды былайша айтқанда ата-енемнің бес қаруын түгел сайлап дайындап бердім. Ал келесі күні Азат екеуміз ол кісілерге сәт сапар тілеп жолға салдық. Қайтар жолда Бексұлтан мен Жансұлтанды ала кетпек болғанбыз. Ұлдар үйге келгенде ата-әжесінің кетіп қалғанын көріп жабырқамасын деп оларды қыдыртуға алып шықпақшы едік. Бірақ осы жоспарларымызды белгісіз адамнан келген хабарлама кідірткен. Телефоныма әлде бір Айбек деген адамнан хат келген екен. Азат бәрін байқап-көріп отырса да дымын ішіне сақтап, үндемеді. Айбек менің өткендегі хатыма «Иә, мен Ғайша тәтенің інісімін. Мен сізді таныдым. Сіз Гүлім тәтесіз ғой?» – деп жауап жазыпты. Осы сәтте көзімнен ыстық жас ыршып кетті. Осылайша, мен Ғайшаға тағы бір қадам жақындай түскен едім…

Айбектен келген хабарламаны үйге жеткенше қайта-қайта оқып әбден есім шықты. Бірақ онымен жолдасымның көзінше сөйлесе алмадым. Сондықтан, Азаттың балалармен бірге ойын алаңына кірген сәтін күтуіме тура келді. Шамалыдан соң, Айбектің жазғандарын ары қарай оқыдым. Бірақ оқығандарымнан кейін бойым бірден тіксініп қалды.

«Гүлім тәте, сізді өмірде көрмесем де менің әпкеммен жақсы жолдас болғандарыңызды көп естігенмін. Бірақ досыңыздан ойламаған жерден сіз де көз жазғаныңыз сияқты біз де Ғайша тәтемнен көптен бері қол үзіп қалдық. Тәтемнің хабарсыз кеткеніне төрт жылдай болды. Әке-шешемнің Ғайшадан мүлде көңілдері қалған. Ол жағын кейін айтып бере жатармын. Біз үйде жүргенде тәтемнің атын мүлде аузымызға алмаймыз. Бірақ ол кісілер туған қыздарынан бас тартса да, одан туған жиендерінен бас тарта алмады. Ғайшаның төрт жасар қызы бізбен бірге тұрады. Алғашында тәтем қызымды сағындым деп бес-алты айда бір хабарласып тұратын, кейінгі кезде телефон соғуды қойды. Біз әлі күнге дейін Шалқардағы үйде тұрамыз. Жақында үлкен әпкем Қадиша мезгілсіз дүние салды. Артында үш баласы мен туған-туыс жылап қалды. Біз де солардың арасында әулет болып Ғайша тәтемді жаназаға келер деп күттік, бірақ келмеді… Ауылдағы таныс адамдар ҒайшаныШаңырақжақтан көрдік деп жиі айтады. Өткен жылы солардың айтуымен Ғайшаны көрдік деген жерлердің бәрін өзім қарап шыққанмын. Тек басым салбырап үйіме қайтқаннан басқа еш нәтиже болмады. Ғайша қызын үш айында ғана көрген, қазір жиенім төртке келді, туған анасын мүлде танымайды. Гүлім тәте, егер сіз де әпкемді сағынған болсаңыз, оны міндетті түрде табыңызшы. Ата-анам онсызда бір қыздарынан айрылды, олардың жүректері енді тағы бір қазаны көтере алмайды. Әрі анасының мейіріміне бөлене алмай өсіп келе жатқан жиенімді де қатты аяймын. Сіз бүгінге дейін Ғайша туралы менен сұрап тұрған жалғыз адамсыз. Әпкемнің көп адамға жақсылығы тие қоймағанын білемін, дегенмен, ол кісі сізді ерекше жақын тартушы еді ғой. Шыны керек, мен тәтемнің не өлі, не тірі екенін білмеймін. Сондықтан, егер мүмкіншілігіңіз болып тәтемді тауып жатсаңыз, оны міндетті түрде осында туған үйіне алып келсеңіз екен. Менің ендігі бар үмітім сізде…»

Хабарламаны оқып тауысам дегенше жүрегім қарс айрыла жаздады. Болды, Ғайшама бірдеңе болды. Сезген екенмін ғой, Тәңір сездірген екен ғой… Жан құрбым-ау, жалғызым-ау, қайда жүр екенсің? Тірі ме екенсің? Мына жалған тірлікте бар ма екенсің? Осыншама жыл бойы күйеуімнің «ол қызбен араласпа» деген сөзіне еріп жүре бермей неге сені бір рет болсын іздемедім екен… Неге сені сол күні оп-оңай жібере салдым, өзім қонаққа шақыруын шақырып алып неге сенен құтылғанша асықтым? Кезінде мені талай рет қаланың жезтырнақ қыздарының төбелесінен арашалап қалғансың, бірақ мен неге сені тағдырдың күресінен арашалап қалмадым екен. Біз бір-бірімізге бауырдан да жақын едік. Енді осы сөздердің барлығын сені құшақтап тұрып айта алар ма екенмін?

Сауда үйінің екінші қабатындағы орындықта телефоныма үңіліп ағыл-тегіл жылап отырған мені елдің назары мүлде қызықтырмады. Жолдасым үлкен сауда кешенін шарқ ұрып мені іздепті. Алайда, ботадай боздап жылаған көздерімді көргенде айналдырған жарты сағаттың ішінде не болғанын түсінбей кетті.

-Гүлім, неге жылап отырсың? Үйдегілер аман ба әйтеуір?

-Аман… Жай, мазам болмай отыр. Ұлдар қайда?

-Оларды көлікке кіргізіп кеттім. Асығып жүріп телефоным да көлікте қалып қойыпты. Бұл жерді бес айналып сені әрең таптым ғой.

-М-м. Олай болса үйге барайықшы, шудан басым ауырып кетті.

-Иә, қайтайық. Кел, маған сүйеніп қолымнан ұстап ал.

-Керек емес, өзім жүре аламын.

Азат менің өзіне іштей ашуланып, қыр көрсетіп тұрғанымды бірден сезді. Бірақ бұл мәселені ел ұйқыға жатқан шаққа қалдырыпты. Мен үйге келген соң да, бөлмемнен шыққан жоқпын. Азатты көзім шалар болса оған аюдай атыла жаздап әрең жүрдім. Бұлай өкпелеуімнің себебі айдан анық еді, бірақ Азаттың бұдан мүлде хабары болмаған-ды.

-Балалар ұйқыға жатты.

-…

-Ештеңе демейсің бе? Тағы не бүлінді? Әлгінде ғана жап-жақсы едің ғой?

-Бәрі дұрыс.

-Гүлім, қанымды ішпеші өтінемін. Неге бірдеңе бола қалса ішімдегіні тап деп отырасың осы? Кішкене отбасымызды сыйлап, көңілге қарау керек.

-Сонда мен сенің көңіліңе қарамай жүрмін бе Азат? Онсызда біз үйленгелі бері мен тек қана сенің айтқаныңмен жүріп келемін. Онсызда әрдайым соңғы сөзді сен айтып келеді емессің бе? Саған сонда да жақпадым әйтеуір…

-Қой, бұлай артық кетпе.

-Мен әлі бастаған жоқпын.

-Гүлім деймін, болды енді. Босқа ренжіспейік. Ертең ертемен Қапшағайдағы үйді көруге баруым керек.

-Азат сен тек қана өзіңді ойлайсың. Ешқашан менімен дұрыстап санасқан емессің.

-Гүлім! Не дегің келіп тұр өзі? Жынымды қоздырма, мені білесің!

-Білемін, білгендіктен ешқайда қашқалы тұрғаным жоқ. Онсызда жемей жүрген таяғым емес…

-Мен сені кейде мүлде танымай кетемін Гүлім! Саған не ұнамайды? Не нәрсеге көңілің толмайды? Басыңда баспанаң бар, үйіңде күнде ас та төк дастархан. Маған екі ұл сыйладың деп астыңа көлік те алып бердім. Үлгере алмай жатқан шашылып жатқан тірлігің жоқ. Сонда да миымды тесіп жұмысқа шықпадым деп ренжисің. Мен де басқа еркектер сияқты ішіп-тартып әркімнің табалдырығында арақ сасып жатқаным жоқ. Ызыңдай бергенше осының бәріне шүкір демейсің бе?

-Азат, осыларды неге әркез ұрысқан сайын қайталап айта бересің? Үй алсаң өзіңнің отбасың үшін алдың. Дастарханың тамаққа толып тұрса ол да бала-шағаңның несібесі. Тіпті мына көлікті де ұлдарың жаяу жүрмесін деп сатып әпергенсің!

-Сенің ішің кәдімгідей толып қалыпты ғой? Тағы не айтасың?

-Осыған дейінгі қылықтарыңның бәріне көз жұма қарап келдім. Сенің айтқаныңды заң деп қабылдадым, сол заңмен жүрдім. Саған жақсы болсын деп өз арман-тілектерімді екінші орынға қойдым. Ал ең сорақысы талапшыл күйеуімді тыңдаймын деп өзегімнің өкінішке толғанын байқамаппын…

-Нені айтасың?

-Мені Ғайшамен араластырмай қойғаныңды айтам! Сенің көңіліңе қараймын деп жан құрбымнан бас тарттым.

-Ескі әуеніміз тағы басталды ма? Гүлім сен неге ылғи Ғайша туралы айта бересің?

-Ал сен неге ол туралы естігің келмейді?

-Ол дұрыс әйел емес. Мен сенің оған еріп бұзылғаныңды қаламадым!

-Одан бері қаншама жыл өтті. Алты жылда талай нәрсе өзгеруі мүмкін.

-Демек, бәріне мен кінәлі екенмін, солай ма? Ендеше, айтайын. Қазір мені жақсылап тыңдап ал, содан соң өзің ойлап таразыла. Алты жыл бұрын сен перзентханаға босануға кеткенде ауылдан енеңнің екі өкпесін қолына алып жетіп келгені есіңде шығар?

-Иә…

-Сол күні есіктің қоңырауы басылды. Ашып қалсам Ғайша келіп тұр екен. Сені іздеп келіпті. Мен «Гүлім перзентханада жатыр»,- дедім. Сенің үйде жоқ екеніңді білген соң қайтпақшы болған, бірақ анам қонақты босағадан қайтармайық деп Ғайшаны үйге кіргізді. Енеңнің қонақжай екенін білесің. Сондықтан, келінінің құрбысын да құр қол жібергісі келмеді. Шай үстінде Ғайша енеңе «Түнейтін жерім жоқ, далада қалдым», – депті. Сөйтіп, құрбың біздің үйде қонды. Мен Шыңғыстың үйіне барып жаттым. Ертесінде таңертең үйге барсам, анам сөмкесін құшақтап төргі бөлмеде отыр екен. Сөйтсем, Ғайша енеңнің немереме деп жинап әкелген бар ақшасы мен алтындарын ұрлап кетіпті. Қаным басыма шауып Ғайшаны жер көктен іздедім, бірақ жер жұтқандай зымзия жоқ болды.

-Н-е? Бұл туралы маған неге айтпадың?

-Менің айтқым келді бірақ анам жас босанған келінін аяп ештеңе айтқызбады.

-Бұл мүмкін емес.

-Гүлім, елдің бәрін өзің сияқты ойлауды қой. Ғайша сен араласатын адам емес. Енеңнің адал асын ішіп ақшасына көз салған әйелден жақсы жолдас шықпайды.

Осы сәт менің Ғайшаға деген сан жылғы сағынышым мен үмітім кеудемнен түйнек-түйнек мұң болып үгітіліп жатты. Енді енемнің жүзіне қалай қарар екенмін? Ол кісі барынан айрылып қалса да келінін ойлап осыншама жыл үндемей келген екен. Мен бұл ауыр жүкті енді қалай алып жүрмекпін? Одан да Ғайшаны есіме алмай-ақ қоюым керек пе еді? Іздемегенім дұрыс бола ма?

Азат Ғайшаның кешірілмес күнәға барғанын айтқан күннен бастап қатты өзгеріп кеттім. Өзімді арманы аяқ асты болған адамдай сезіндім. Сөйттім де, араны ашық қалған ескі жараның орнын жабуға тырысып бағумен болдым. Осындай қалың ойда жүріп аяғымның ауыр екенін байқамаған екенмін. Азат ылғи да енді бір қызымыз болса деп жиі айтатын. Ақыры сол арманымыз орындалды-ау деп екеуміз де қатты қуандық. Бірақ ерте қуанып қойған екенбіз. Бұл жатырдан тыс жүктілік болып шықты. Дәрігерлер жүктілікті дәрінің көмегімен ертерек тоқтатудан басқа амалдың жоқтығын айтты. Мен  амалсыздан түсік жасатуға келісім бердім, себебі, бұл жағдайда одан басқа шешім қабылдау мүмкін емес еді. Азат та, мен де көпке дейін ес жия алмай қиналдық. Әсіресе, Азат көбірек қиналды. Себебі, кеңесші дәрігер бұндай жүктіліктен соң қайта бала көтерудің оңай болмайтындығын ескерткен. Мен енді оның қызым болса деген арманын орындай алмайтын сияқтымын…

***

Алматыға күз де келіп жеткен. Мен де табиғатпен бірге түрленіп енді-енді ес жия бастаған едім. Азат әрине болған жағдайдың бәріне мені кінәлады. «Өзгелердің қамын ойлаймын деп өз өміріңді ұмыттың», – деді. Оның айтқандарына үнсіз келістім, бірақ мен Ғайшаны жүрек түкпірімде ешқашан жамандыққа қимаған едім.

Әлгінде ғана ауа жетпей өз деміме өзім тұншығып ояндым. Сағат таңғы бес болған екен. Азат пен ұлдар шырт ұйқыда жатыр. Ас үйге кіріп кувшиннан су құйып ішіп, терезеден аулаға қарап тұрғанмын. Таңғы салқын ауа маған сондай тұнық болып көрінді. Содан үйде тыншып тыныш отыра алмадым. Әлдебір күш мені сыртқа қарай итеріп шығарғысы келгендей болды. Далаға  шықсам қырыққа тақаған көше сыпырушы әйел таңмен таласып ауланы күзгі жапырақтардан тазартып жүр екен. Айнала тап-таза болып жинақталып қалыпты. Тек қана шошайып дөмпешік болып үйілген қоқыстарды жинап алу ғана қалыпты. Аула сыпырушы әйел маған көз қырымен бір қарап қойды да, ауланың екінші бөлігін сыпырып жүрген адамға:

-Ғайша, әй, Ғайша қалай, сыпырып боп қалдың ба? – деп айқайлады. Жүрегім селк ете қалды. Ғайшаның атын не дұрыс, не қағыс естігенімді білмей әлгі әйел дауыстап шақырған жаққа жалт қарадым. Анадайда қолына сыпыртқы ұстаған бір әйел тұр екен…

Сол ұмтылғаннан әлгі әйел тұрған жаққа «Ғайшалап!» жүгіріп жеткенмін. О, Құдайдың құдыреті! Бұл менің Ғайшам екен! Анық оның дәл өзі! Қаншама жыл бойы сағынып, іздеген адамымды Тәңірдің тұп-тура үйімнің алдына дейін әкелгенін айтсаңшы! «Ғайшатай» деймін. «Ақыры таптым-ау» деймін.«Бетіңе не болған?» деймін. Осылай деп өзін құшағыма қыса жөнелгенде Ғайшаның қарсыласуға дәрмені жетпей менің ауланы басыма көтеріп шыққан жан даусымды естімеген адамша аң-таң болып қарады. Осы кезде артымнан әлгі аула сыпырушы әйел де келіп жеткен.

-Тұра тұр, қыз-ау, өзіңе не көрінді? Бөтен адамға бұлай шап бергенің не?

-Ол маған бөтен адам емес. Ол менің құрбым. Ғайша, бірдеңе десеңші, бұл мен ғой, Гүліммін!

-Ойб-у-у-й, кешіре ғой қарағым, бірақ бұл әйелдің аздап есі ауысқан. Өзінің атынан басқа ештеңе білмейді.

-Не? Есі ауысқаны қалай? Ғайша саған не болды?

-Құдай-ау, саған адамша айтып тұрмын ғой, неменеге сонша жұлқисың иии-ааа түге! Ол сені бәрібір танымайды деймін.

-Танымағаны қалай?

-Өзің бермен келші. Ал енді ашығын айт. Бұл қыз шынымен сенің танысың боп тұр ма әлде жай ғана ұқсатып тұрмысың?

-Жоқ, шатасуым мүмкін емес. Бұл Ғайшаның өзі. Жаңа сіз де Ғайша деп атын атап шақырған жоқпысыз?

-Иә, атағаным рас, бірақ сен жаңа ғана мына биік үйден шықтың емес пе?

-Шықсам не болыпты?

-Не болыпты дегені несі, сенің де есің ауып қалған ба әлде осы бай көшенің қатындарының бәрі бірдей есалаң ба?Өткенде де дәл сен сияқты бөтен біреу  біздің орталықтағы Туғанай деген әйелді«танимын да танимын, өзіммен алып кетемін»,- деп айналшықтап қоймай қойған. Ақыр аяғы «шатастырған екем, мен іздеген адам қайтыс болып кеткен екен», – деп алды артына қарамай қашты. Ал әлгі бейбақ әйел «туысым табылды»,- деп босқа үміттеніпең соңында зар илеп қалды.

-Жоқ, мен өзіме анық сенімдімін.

-Қой, айналайын, бізді жолымыздан бөгеме. Онсызда жұмысымыз жетіп артылады. Түске дейін әлі үш ауланы сыпырып тазалауымыз керек. Бізді бүйтіп сұрауы жоқ деп кекетіп, нәумез етпеңдер.

-Тоқтаңыз, мен Ғайшаны ешқайда жібере алмаймын. Оны өзіммен бірге үйге алып кетемін.

-Жібер қолын! Үйбәй, недеген сөзге түсінбейтін адамсың өзің?

-Тәте, Ғайша мені таниды деймін. Жүр, Ғайша, үйге кіреміз.

-Таниды деймісің? Қазір, онда көзіңді жеткізейін. Ғайша, айта ғойшы сен мына келіншек кім? Білмеймін? Танымайсың ба? Көрдің ғой әне, ол сені танымайды. Болды, уақытымызды алма.Біле білсең, мен оған басыммен жауап беремін.

-Тәте, сізді түсініп тұрмын. Тым құрыса қай жерде тұратыныңызды айтыңызшы, соңыңыздан бірге барайын.

-Е-е, бағанадан солай демейсің бе? Кешкі алтыға таяу Күдерин көшесіндегіқаңғыбастарға арналған бейімдеу орталығына барамыз. Сол жерге кел.

-Кешкі алтыға дейін әлі ұзақ қой. Жоқ, мен бұлай көп күте алмаймын!

-Қарағым, сен сөз ұқпаймысың? Өзі ауру әйелді одан сайын жынды қылайын деп пе ең? Қазір айтқаныма құлақ ас та тып-тыныш жөніңмен кет әйтпеген болса…

-Жарайды, ренжи көрмеңіз. Ендеше, кешкі алтыда сол орталықта сіздерді күтетін боламын. Ғайша, мен сені міндетті түрде алып кетемін жарай ма?

-Қо-й-й деймін саған. Аллай, Аллай босқа үміттендірме дедім ғой! Жүр, Ғайша, бізде әлі жұмыс жетеді-і-і. Еріккен елді қайтеміз, тірлігімізді істейік…

Үйге жеткенше жүрегім атқақтап аузымнан шығып кете жаздаған. Алайда, үй ішіндегі танадай тыныштықты бұзып алмайын деп қыстығып өз-өзімді әрең ұстадым. Ұлдар сабаққа тұрамын дегенше ас үйде ебіл-дебілім шығып тағы бір жылап алдым. Соның арасынша Ғайшаны тапқанымды Азатқа айтуым керек пе жоқ па деп көп ойландым. Әсіресе, Ғайшаның қазіргі күйін көрсе Азаттың қуана қоймасы анық. Енді не істер екенмін? Ғайшаны қайда апарып орналастырамын? Шамалыдан соң, үйдегілердің бірін жұмысына, екіншілерін мектебіне оятып, таңғы астарын бердім.

Көше сыпырушы әйелдің айтқан орталықтың алдына сағат үште келіп алғаныммен кешкі алтыны болдыра алмай есім шыққан. Бірақ ел көзінен таса жерде тығылып орналасқан оңалту орталығынының ішіне кіруге жүрексінгенім рас. Дегенмен, орталық меңгерушісінің қабылдауына кіріп құрбымның жағдайын сұрадым.

-Ғайша бізге екі жыл бұрын келіп түскен. Оның өзінде орталықтың қызметкерлері қыстың күні көшеде үсіп қала жаздаған жерінен тауып әкелген екен. Өзінің атын ғана біледі. Кейбір адамдар біздің мекемеге өз еріктерімен келеді. Ал, отбасынан адасып қалған адамдардың аты-жөнін апта сайын газетке жазып туыстарын іздестіреміз. Кейбіреулері сол жерден оқып тауып келіп жатады, бірақ бүгінге дейін Ғайшаны іздеп ешкім келмеген, сіз алғашқы адамсыз…

-Келгендегі хәлі қандай еді?

-Жасырып қайтемін, өте мүшкіл болатын. Осында әкеле салысымен Ғайшаны медициналық тексертуден өткізгенімізде биіктен құлап екі қабырғасының сынғанын білдік. Қанша ауырсынса да ешкімге айтпай шыдап жүре берген екен. Ортаға да бірден сіңісіп кетуі қиынға соқты. Мінезі өте тұйық, көп сөзге жоқ. Қазірдің өзінде сіз кездестірген Айнаш деген әйелмен ғана сөйлеседі.

-Айтқандай, олар жұмыс істей ме?

-Иә, бір жылғы оңалту шараларынан кейін психикалық жағдайы орташа адамдарды шамамыз келгенше әлеуметтік жұмысқа орналастырып, ортаға бейімдейміз. Себебі, осындағы әр адам келісімшарт бойынша тек бір жылдан бір жарым жылға дейін ғана тұруға құқылы. Өйткені, бұндағы орын саны шектеулі. Ғайшаның бұл жерде тұру уақыты жеті ай бұрын өтіп кеткен. Бірақ қалада басқа паналайтын жері болмағандықтан жұмыстары аяқталған соң осындағы бос орындарға түнде келіп ұйықтауларына жағдай жасап отырмыз. Өте өкінішті әрине, бірақ әзірге осыдан артық көмек бере алмаймыз. Сіз жыламаңыз, бұл да адамның басынан өтетін тағдыр, пенденің көнбеске шарасы жоқ.

-Ғайшаның Шалқарда көзі тірі ата-анасымен төрт жасар қызы бар. Ол кісілер де күн сайын жолға қарап қыздарын күтіп жүр. Құрбымның бұл жағдайға қалай душар болғанын мен де білмеймін. Дегенмен, оны отбасына аман-есен  қауыштыруым керек.Мен Ғайшаны бүгін алып кете аламын ба?

-Ғайша онсызда біздің орталықтағы тіркеуден алынып тасталған. Бірақ қазіргі жұмыс орнынан сұрап алуыңыз қажет.

-Одан да бірден жұмыстан шығарып алсам деймін.

-Бұл асығыстық емес пе? Ертең қалай күн көреді?

-Ол жағына алаң болмаңыз, оны асырап-бағуға шамам жетеді. Әрі ең алдымен Ғайшаны емдетуім керек. Сондықтан, жұмыс орнынан шығарып алғым келеді.

-Қалауыңыз білсін. Бірақ біз сізбен бастапқы бес жылда ұдайы байланыс жасап отыруға тиіспіз. Ол үшін мына өтініш қағазды толтырып, астына тұрғылықты мекен-жайыңыз бен байланыс нөміріңізді жазып қалдырыңыз.

Меңгеруші қолыма бір жапырақ парақ пен қалам ұстатып, өзі әлеуметтік жұмыспен қамтитын бөліммен тілдесті. Алайда, олар арызды Ғайшаның өзі келіп жазуы керектігін ескертіпті. Сондықтан, мен де бұл істі кейінге шегере тұруды жөн деп таптым. Алтыға таман Ғайшабейімдеу орталығына әлгіндегі Айнаш деген әйелмен бірге келген. Қасындағы әйел менің шынымен де құрбымды іздеп келгенімді көріп таң қала қарады. Сәлден соң меңгеруші Ғайшаның жанына отырып, оған:

-Ғайшатай, сенің әкеңнің аты – Есімхан, анаңның аты – Жәмилә ма? – деп сұрады. Ғайша саңырау адамша көзін жыпылықтатып отыра берді. Меңгеруші сөзін одан әрі жалғастырып:

-Ғайшатай, сенің кішкентай қызың бар екен ғой. Оның есімін білесің бе? – деді. Осы сәт Ғайша сәл езу тартып:

-Иә, қызымның аты Гүлім ғой, – деген.

Мен алты жылдан кейін құрбымның дауысын алғаш естіген соң отырған орнымда қатып қалғанмын. Меңгеруші де Ғайшаның тілге келгеніне қуанып:

-Ал мына адам кім, білесің бе? – деп саусағымен мені нұсқап көрсеткен. Сол бір сәтті ешқашан ұмытпаспын. Егер «Танымаймын» деп басын шайқаса қайтпекпін? Шекемнен суық тер бұрқ ете қалды. Бірақ Ғайша:

-Танимын, бұл Гүлчетай, – деп күлімдеді. Мен бұдан әрі шыдап тұра алмадым. Ғайшаны өзімнің ыстық құшағыма қысып мауқымды басқым келді.

***

«Гүлчетай…» Иә, ол шынымен де менмін. Студент кезімізде бүкіл қыздар бірігіп «Белое солнце пустыни» деген орыстың киносын көретінбіз. Ол маған:

-Сен басты рөлдегі қызға қатты ұқсайсың, – деп мені еркелетіп Гүлчетай дейтін. Содан бері мен бүкіл университетке Гүлім емес Гүлчетай атанып кеткенмін.

Ғайша мені таныған соң меңгерушінің де Айнаш тәтенің де мен жайлы еш күдігі болмады. Бірақ қауіпсіздік үшін өтініш жазылған қағаз бен қоса жеке куәлігімнің көшірмесін жасап алып қалды. Осылайша, мен Ғайшаны қолынан ұстап орталықтан шыға бергенде ондағы адамдар кешкі ас ішуге ыңғайланып, асханаға бара жатыр екен. Олардың көздерінен Ғайшаға деген қуаныш та, қызғаныш та байқалады. Бізді меңгеруші әйел сыртқа дейін шығарып салды. Соңғы сөзінде:

-Ғайша енді мұнда екінші мәрте келмейді деген үміттемін, – деді.

Ғайша жол бойы көліктің артына қарайлай берген. Кезінде басына пана берген орталықты қимады ма әлде екінші анасындай болған Айнашты қимады ма, ол жағы өзіне ғана аян. Бір жағынан қимай қоштасатындай жөні бар. Себебі, Ғайша ол жерде жақсылы-жаман екі жылдай тұрған. Ал одан бұрынғы өмірі әзірге маған да жұмбақ. Көлік жүргізіп келе жатып сағатқа да қарап үлгердім. Бүгін Азат сегізге таман келемін деген еді. Ішімнен: «Азат келемін дегенше Ғайшаны жуындырып үлгеремін. Сосын келесі көшедегі қонақүйге орналастыра тұрамын деп жоспарлап отырдым. Бірақ Ғайшаны түнде жалғыз қалдыруға болмайды. Әпкем ауырып қалды, соның қасында боламын деп сұрансам ше? Бірақ, мен де бірге барамын десе қайтпекпін? Жоқ, үлгеруге тырысуым керек. Азатқа кейін бәрін жұмсақтап жеткізермін».

***

Ғайшаны үйге әкелген бойда қолындағы сөмкесін алып қалып, ал өзін жуынатын бөлмеге кіргізіп жібергенмін. Сөмкесінде бір-екі іш киімі мен бір шалбар, бір кофтасынан басқа киім жоқ екен. Қалған киімдерін артық жүк болмасын деп үстіне іліп алғанға ұқсайды, бірақ күздің суығынан қорғану үшін де бар киімін киюі де мүмкін. Меніңше, екінші жауап дұрыс сияқты. Дорбадағы киімдерін жуғаннан гөрі қоқысқа тастаған жөн деп шештім де өзім гардеробымнан Ғайшаға дәл келеді-ау деген бір қабат киімдерімді дайындап артынан кіргенмін. Ғайша сол күйі тұр екен. Жуынбаған, киімін де шешпеген.

-Ғайшам, неге бұлай тұрсың? Саған жуына бер дедім ғой?

Ғайша әлденеге өкпелеп жыламсыраған баладай көздері боталап ерінін кемсеңдете жөнелді.

-Саған не болды? Жылама, жыламашы.

-Сен маған ұрыстың…

-Жоға, ұрысқан жоқпын. Кешірші, Ғайша, кешірші.

Сол сәт менің алдымда жасы жиырма сегізге енді толған Ғайшамның жас баладай көңілшектеніп жылағанын көрдім. Сонда барып оның әлдекімнен қатты шошынып қалғанын түсіндім. Айнаш тәте де қоштасар алдында «Ғайшаның тілін тапқың келсе онымен жиі сөйлес, еркелет», – деген болатын. Құдайым-ау, әлгінде шынында даусым қатты шығып кеткен болды ғой. Болды, ендігіде оған барынша жұмсақ сөйлеуге тырысамын.

-Ғайшатай, сені өзім жуындырайын ба? Сөйтейін иә? Қанеки, сен киімдеріңді шеше ғой, ал мен ваннаға су толтырайын.

-Суда көпіршіктер бола ма?

-Көпіршіктер? А-а-а, иә, әрине болады. Қазір мен саған көп көпіршіктер жасап беремін. Сен тек жылама жарай ма?

Ғайша үстіндегі қабат-қабат киімін бірінен соң бірін шешіп ваннадағы ыстық суға кірген. Алғашында бойы ыстық суға үйренсін деп тек сырттай бақылап қана отырдым. Ғайшамның бұрынғы әп-әдемі қой көздеріне қазір әбден кішірейіп ал ішіне әлдебір тұңғиық мұң жасырынып алғандай.Кезіндегі жігіт атаулыны шетінен құлататынмәуелі бақтың жаңа піскен алмасындай жүзі бүгінде шау тартып, маңдайын ұсақ әжімдер басқан екен. Ал сол жақ бетіндегі қолдардың ізі қоюкүрең түске еніп, ісініп тұр. Денесінің сау жері жоқ. Әсіресе, арқасы мен қолынкөгерген ізденкөрінбейді. Мен Ғайшадан батылым барып «сені ұрған кім?» деп сұрай алмадым, бірақ көшеден келген неше түрлі қаңғыбастар мекендейтін жерде қаны қызу адамның да, төбелестің де жиі болып тұратыны айдан анық.

Ғайшаны жуындырып болған соң үстіне таза киімдер кидіртіп жатқанмын. Кенет, ішініңоң жақ бүйрек тұсындағы екі үлкен тыртыққа көзім түсті. Көз жасымды ұстап тұра алмай жерге отырып жылай кеттім.Ғайша кезінде талай төбелесте мені арашалаймын деп таяқ жеген еді. Студент кезімізде төрт қыз бірге пәтер жалдап тұратынбыз. Бір күні түнгі ондар шамасында үйдің  иесі келіп «Үйді тезірек босатыңдар, басқа адам алып қойдым», – деп бізді далаға қуып шықты. Төртеуміз көзіміз жәудіреп жеті түнде далада қалдық. Не қалтамызда ақшамыз жоқ, не қалада туысымыз жоқ. Қайта жер кеуіп, күн жылына бастаған сәуір айы болатын. Сөйтіп, төртеуміз сөмке-сөмке киіммен университет жатақханасына жаяу келе жатқанбыз. Бірақ бізді жол ортадан басқа көшенің қыздары ұстап алып, біздің жөні түзу киіміміз бен басқа да заттарымызды алмақ болды. Біздің ортада көшенің тірлігін Ғайша шешетін. Ал әлгі бір топ қыздың ішінен дәу қара қыз шықты. Ғайша сөзбен шешіп көрейін деп еді, әлгі қыз дік-дік етіп сөзге көнбеді. Әйтеуір, бір кірпік қаққанымда екі жақтан қол мен аяқтар аспанға атылып қыздар төбелесі басталып кетті.Мен кішкентайымнан әлжуаз болатынмын. Тіпті өзіме қарай жұмылып келе жатқан жұдырықтан қашып құтылуды білмейтінмін. Алайда, Ғайша мені әрдайым қызғыштай қорып жүретін. Жан құрбым сол күні де мені жалғыз тастамады. Әлгі көше қыздардың бірінің қолында өткір пышақ бар болып шықты. Негізінде ол қыздың бастапқы ой мен едім бірақ Ғайша маған келе жатқан суық қаруды өзіне қабылдады. Ішіне екі рет сұғылған пышақтан соң Ғайша жерге сұлқ құлап түскен. Қыздар оны өлді деп ойлап жан-жаққа бытырай қашты. Ал қалған үшеуміз қараңғы көшенің бойымен жер бауырлап жүріп жерде қансырап жатқан Ғайшаға ұмтылғанбыз. Ғайша біздің зар еңіреп жылаған даусымызды естіп «Ей, ақымақтар, жылауға әлі ерте, мен әлі өлген жоқпын», – деп қыстығып күлген. Міне, бұл сол күннен қалған тыртық болатын. Бұл оқиға неге менің есімнен шығып кеткен? Демек, нағыз қайырымсыз дос мен болғаным ғой! Қандай жиіркенішті адам едім! Мен үшін жанын да, тәнін де жаралаған жан құрбымды қалай ғана ұмыт қалдырдым? Жоқ! Енді осы жылдардың орнын толтыруым керек. Ғайшаны ешқайда да жібермеймін. Ол осы үйде бізбен бірге тұратын болады!

***

Жуынатын бөлмеден шығарып алған соң Ғайшаны қонақ бөлмедегі диванға жайғастырып өзім ас үйге кешкі тамақ жасауға кеткенмін. Арасында есіктен басымды шығарып қонақ бөлмеге көз салып қойып жүрдім. Тамақ дайын болды-ау деп енді бір қарасам Ғайша диванға жантайып ұйықтап қалыпты. Жүзінен қатты шаршағаны байқалады. Енді ше, таңғы бестен бастап бел жазбай аула сыпыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Шамалы көз іліп алсыншы деп оны мазаламауды жөн көрдім. Мен де осы сәтті пайдаланып жуынатын бөлмеде қалған Ғайшаның барлық ескі киімдерін жинап алып сөмкесіне салып жатқанмын. Киімді жинап үлгергенімше Азат сырттан кіріп келді. Кіріп келді де, қонақ бөлмеде ұйықтап жатқан Ғайшаны көрді. Мен де сол кезде жолдасымның қасына көз ілеспес жылдамдықпен жетіп бардым.

-Азат, жүр бөлмеде сөйлесейікші.

-Мынау Ғайша ма?

-Иә, өтінемін бөлмеге жүрші.

-Тоқта, сен оны қайдан тауып әкелдің?

-Азат, мен саған бәрін кейін түсіндіремін. Жалынайын, ақырын сөйлеші, жаңа ғана ұйықтады.

-Гүлім сенің есің дұрыс па өзі? Неге ылғи да мені қақсата бересің? Баяғы әуеніңе тағы бастың ба? Саған дауа жоқ екен! Адам деген үйге біреуді әкелер алдында ақылдаспаушы ма еді?

-Сен менің оны қайдан тапқанымды да білмейсің ғой. Ғайшаның қазіргі жағдайы өте ауыр.

-Мені ол жағы қызықтырмайды. Үй неге тып-тыныш? Балалар қайда?

-Балалар ма? Оларды бүгін сен әкелмеуші ме едің?

-Гүлім, мен саған таңертең бүгін өзің ал деп ескертіп айттым емес пе?

-Телефоным сөмкемнен шықпаған екен. Жансұлтанның тәрбиешісі үш рет хабарласыпты.

-Ғайшада басың қалсын! Балаларыңа ие бола алмай жүріп құрбыңды іздеу не теңің!

-Не дедің?

-Не дегенімді жақсы естідің! Мен ұлдарымды алып кетуге барамын. Келгенімде үйде мына әйел болмайтын болсын!

Азат осылай деп ашуға мініп тысқа шығып кеткен. Иә, шынымен де Ғайшаға жүгіремін деп жүріп балаларымды ұмытып кеткенім дұрыс болмағанын білемін. Бірақ, мен сонда да өз дегенімнен қайтпауды шештім!

***

Шамамен жарты сағаттан соң Азат ұлдарды алып үйге келді. Алайда, Ғайшаның ас үйде тамақтанып отырғанын көріп тағы да ызаға булықты. Сөйтіп, мені жатын бөлмеге сүйреп алып кірген.

-Мен саған не дедім а? Сен соңғы кезде жай сөзге түсінуді әбден қойдың!

-Азат, Ғайшаның жағдай шынымен ауыр деймін. Ол ақыл-есін жоғалтқан, оған күтім мен ем керек.

-Тіптен жақсы болған екен. Енді екеулеп емделетін болдыңдар ма?

-Неткен қатыгез едің Азат!

-Сен де қарап қалған жоқсың. Үйіме екінші жолатпа десем де ана қолының сұғанағы бар құрбыңды тағы жетектеп әкеліп төрге жайғастырып қойыпсың! Бірақ бір нәрсені біл! Мен енді бұрынғыдай аңқау емеспін. Қаншама жыл бойы маңдай терімді төгіп жинаған мүлкімді бұл жолы оңай беріп қоймаспын!

-Азат, бұл шынымен сенің өзің бе? Сен шынымен мен ғашық болып тұрмысқа шыққан Азатсың ба?

-Гүлім, сөзді басқа жаққа бұрма. Неге осы Ғайшаға жабысып қалдың айтшы?

Неге ана Жанарбектің әйелімен араласып құрбы болып алмайсың? Қарашы, Лаура қандай мықты әйел. Өзі де, сөзі де түзу.

-Сонда мені дұрыс әйел емес дегің келіп тұр ма?

-Жоқ. Дұп-дұрыссың. Бірақ мына ісіңді құптамаймын.

-Азат, мені енді сенің көзқарасың қызықтырмайды. Бұл жолы сені тыңдаймын деп құрбымды далада қалдыратын жайым жоқ. Егер Ғайша үйімнен кетсін десең, мен де бірге кетемін. Осымен сөз бітті! Ас үйге кеттім, балалардың тамағын беруім керек.

Мен осы сәтте тұңғыш рет күйеуіме қарсы шыққан едім. Оның өзінде әдейілеп емес менің де өз пікірім бар екенін ұқтыру үшін. Бірақ Азат менің бұл ойымды түсіне алмады. Сөйтті де:

-Мен енді сендей жөнімен кеткен әйелмен бір үйде тұра алмаймын,- деп киімдерін жинап есікті тарс жауып үйден кетіп қалған. Шынына келсек, мен де өз күйеуімді тани алмай кеттім.

***

Содан бері екі аптаға жуық уақыт өткен. Мен әдеттегідей балаларды мектепке тасып болған соң, Ғайшаны психолог мамандарға тексертуге апарып жүрдім. Психологтар Ғайшаның біреуден қатты қысым көргенін, соның салдарынан бойында үрей мен қорқыныш қалғанын айтты. Және де ес-ақылын қайта қалпына келуі үшін кем дегенде үш-төрт жыл уақыт керек екенін ескертті. Алайда, Ғайша басқа жағдайдың бәрін ұмытып қалса да менің атымды ұмытпаған. Бұның өзі мен үшін үлкен жетістік. Десе де, Ғайша әлі де болсын көп сөйлемейді. Маған бәрінен де осы уайым болып тұр. Үйде жүргенде де ұлдарымды еркелеткендей еркелетіп сөйлемесем өкпелеп жатып қалады. Ол енді осындай күйімен төрт жасар қызына қалай ана бола алар екен, осыған ақылым жетпей-ақ қойды. Мен Айбекке Ғайша табылған күні-ақ хабар бергенмін. Шалқардағы туыстарының төбесі көкке жеткендей болып бәрі қуанды. Дегенмен, оларға алдымен Ғайшаны дәрігерге қаратып, емдететінімді айтқанмын. Сонда да ата-анасы қыздарының денсаулығына алаңдап, тағаттары таусылып күніне екі-үш мәрте хабарласады. Телефоныма Ғайшаның туыстарынан қоңырау жиі түскенімен осы аралықта Азат ұлдарын сұрап бір де бір рет хабарласпады. Ұлдар да «Әкем жұмыстан қашан келеді?» деген сұрақты қоюдан жалықпады. Бірақ енем бірдеңені сезгендей «Сендерде бәрі дұрыс па?» – деп жиі хабарымызды біліп тұрды. Азаттың ол кісілерге ештеңе айтпағанын біліп, мен де арадағы жағдайды жария қылмауды жөн санадым.

Бір айға жуық алшақтықтан кейін біздің арамыз шынымен де үзілді деп ойлап және соған іштей дайындалып та жүрдім. Себебі, үйіме кез келген уақытта соттың қағазы келіп тұруы мүмкін еді. Бұл Азат екеуміздің ең алғашқы қатты ренжісуіміз және ол да алғаш рет үйден кетіп тұр. Осындайда Ғайшаның ештеңені түсінбейтіні қандай жақсы. Әйтпегенде ол бұл жағдайға сөзсіз өзін кінәлар еді. Десе де, бір ай бір апта дегенде есік алдына соттың қағазы емес Азаттың өзі келді. Балалар әкелерінің мойнына асылып үшеуі ұзақ құшақтасып сағыныштарын басқан. Мен жолдасымды үнсіз күліп қарсы алдым. Себебі, оның үйге қайтып келгенінің өзі мен үшін үлкен мереке болатын. Сол күні Азат алты жылдан кейінгі жаңа Ғайшамен қайта танысты. Таныса отырып Ғайшаның ер адамдардан әбден қорқақтап жасық боп қалғанын көріп жүрегі ауырды. Жатар алдында Азат екеуміз ұзақ сөйлестік. Ол әңгімесін менен кешірім сұраумен бастады.

-Саған ауыр сөздер айтқаным ең бірінші қателігім болды және сені өзгелермен салыстырғаным…

-Ұмытайық.

-Жоқ, сен бәрібір бұл оқиғаны оңай ұмыта алмайсың. Менің де өзегім өмір бойы өртенетін болады. Ал ең басты қателігім барлық жүкті сенің мойныңа артып өз үйімнен өзім безіп кеткенім. Бүгін Ғайшаның жағдайын өз көзіммен көріп сол кездері ашуға бой алдырғанымды түсіндім.

-Сені қайтып келуге не итермеледі?

-Кеше Жанарбектің үйіне барғанмын. Оның да жағдайы мәз емес екен. Лаура Жанарбектің әке-шешесін үйден қуып шығыпты. Енді екеуі ажырасқалы жатыр.

-Қайсысы? Әлгі өзі де, сөзі де түзу Лаураны айтасың ба?

-Гүлім, қайдан білейін, сырт көзге сондай жақсы әйел болып көрінді ғой. Қысқасы, оларға қарап біздің мәселеміздің түкке тұрғысыз екенін түсіндім. Әсіресе, жерді жеті айналсам да сендей әйел таба алмайтыныма көзім анық жетті. Гүлім, осы уақытқа дейін сенің нені қалайтыныңды дұрыстап түсіне алмаппын. Осы бір ай маған біраз нәрселерді ұқтырды. Енді есімді жинадым десем де болады. Сондықтан, ендігіде қандай мәселе болса да сенің пікіріңмен санасқым келеді. Және Ғайшадан да көмегімді аямауды шештім. Тек алдағы барлық күрестерде де, қуаныштар мен жеңілістерде де жанымда сен болсаң болғаны…

Азат маған үйленгеннен бері тұңғыш рет ағынан жарылып сезімін білдірген. Шынында да соңғы жағдайлардан түйгені мен түсінгені көп екені байқалады. Әсіресе, Ғайшаға деген көзқарасының өзгергені мені қатты қуантты. Содан бастап Азат екеуміз екі жақтап Ғайшаны тезірек аяққа тұрғызудың жолын іздедік. Қаладағы психотерапевт мамандардан бастап жүйке жүйесіне қатысы бар барлық клиникалардан кеңес алдық. Бәрінің бірдей көмегі болмаса да Ғайша тым құрығанда бір-екі апта бұрын өткен оқиғаларды есіне сақтауды үйрене бастады. Сондай кезде мен де ойға қалып «Өткен өміріндегі сұрықсыз шақтарды есіне түсірмей-ақ қойса екен», – деп тілейтінмін.

Бүгінде Ғайшаның бізбен бірге тұрып жатқанына бес айға жуық уақыт болды. Соңғы кездері мені қайтадан «Гүлчетай» деп атап жүр. Азат пен балалар да менің жаңа атыма үйреніп қалды. Өткен аптада бәріміз отбасымызбен Шалқарға барып қайтқанбыз. Ғайшаның ата-анасы қыздарымен аман-есен қауышқандарына сенбей ағыл-тегіл жылап, тіпті анасы мені де құшақтап «Саған екі дүниеде де ризамын», – деп аяғыма жығыла жаздаған. Бірақ олар бұның бәрі Ғайшаның арқасында екенін әлі толық түсіне алмады. Себебі, мен Ғайшаны табу арқылы жастық шағымда жоғалтып алған өзімді қайта тапқан едім. Құрбым ата-анасын еміс-еміс есіне алғанымен, кішкентай қызы Гүлімді құшақтап иіскегенде қаншама жылдан бері жүрек түкпірінде жасырынып жатқан аналық махаббаты қайта оянған. Мен де төрт жасар тәп-тәтті Гүлімді көргенде өзімнің балалық шағымды көргендей болдым. Олардың бір-біріне деген ыстық сағыныштарынан соң Азат екеуміз қызы мен анасы бұдан бұлай ешқашан айрылмасын деп Гүлімді  де өзімізбен бірге қалаға алып кеттік. Жақында Азат Қапшағайдан ата-анама деп үлкен бір жер үй сатып алған. Әзірге сол үйде Ғайша емін толық алып болғанша бәріміз бірге тұрып жатырмыз. Соңғы айларда Ғайшаның мінезінен оң нәтижелер көбірек байқалады. Әсіресе, қызын еркелетіп, ас үйде бірге тамақ істеп үйдегілермен де ашылып сөйлей бастаған. Бұл жақсы күндердің тек бастамасы болса екен деймін. Азат екеуміз Ғайшаның толыққанды жазылып шыққан сәтін көргіміз келеді. Өйткені, ол біздің ең үлкен жеңісіміз болмақ!

***

Алғашында сауда үйінің алдында кезіктірген бойжеткен қызды Ғайшаға ұқсатқаным есіңізде шығар? Ал қазір Ғайшаны көрген сайын сол қызды есіме алатын болдым. Енді ол да тура жолдан адасып қалмаса екен деп тілеймін…

Парақшамызға жазылыңыз

Айғаным Айтақын

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Ақын. Халықаралық, республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Университетіндегі журналистика мамандығының білімгері.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар