Жаңа оқу жылын еліміздегі мектептер дәстүрлі форматта бастады. Яғни қалам-дәптерін арқа сөмкесіне салып, таң ата оянып, ұйқылы көзін жұлмалай, білімнің қара шаңырағы, сүйікті мектебіне аттанды. Иә, аты дәстүрлі болғанымен, биылғы оқу жылының өзгешеліктері жетерлік. Өзгешелік тудырып тұрған, әрине өзгелер емес, өз ішіміздегі COVID-19 індеті. Мінбер сайтының тілшісі жаңа оқу жылының алғашқы айында туындаған мәселердің жай-жапсарын білу үшін мамандармен де, білім берушілермен де сұхбаттасып қайтты.
«Менің балам мектепке барып жүр. Бірақ сыныбында тұмау тиіп, жөтеліп ауырып жатқан балалар бар. Бір апта бұрын ғана менің балам да жөтеліп бастады. Емін дұрыс жасап едім, жазылып кетті. Қазір жағдайы жақсы, сабағынан қалмайды. Бірақ көңілім тыныш емес, ауырып қалмаса екен деймін. Өзі де бетпердесін тағып, антисептигін сеуіп , сақтық шараларын жасап жүр.» дейді Бейбіткүл Төлегенқызы.
«Осы жылы білім беруді дәстүрлі форматта бастадық. Біздің мектепте 7-ші сынып шәкірттері алғашқы күндері сөмкелерін көтеріп, мектеп қабырғасына келіп жүрді. 5 күннен соң өңірдегі эпидахуалға байланысты карантинге жіберілді. Атап айтсам бұл сыныпта короновируспен ауырған бала болған жоқ, тек мектеп әкімшілігі алдын алу мақсатында тұмауратып тұрған, сәл тамағы қызарған балалардың барлығын 4 күнге карантинге жіберді. Десек те балалар білімнен қол үзген жоқ. Онлайн форматта, бұрынғыдай білім алуларын жалғастыра берді. 7-ші сыныпқа білім беретін пән мұғалімдері әдеттегідей онлайн сабақ беріп жүрді. Бірақ қыркүйек айының 10-күні жоғарғы сыныпта оқитын бір оқушының ПТР нәтижесі оң көрсетіп, барлық мектеп 2 аптаға карантинге жабылды. Онлайн болған екі аптада біз ZOOM , EduPage платформалары арқылы сабақтарды толық өткіздік. Бүгін, яғни қыркүйек айының 27-і күні қайта офлайн форматқа көштік.» дейді ағылшын тілі мұғалімі Райхан Нұрмаш.
«Қандай мектеп болсын COVID-19 жұқтырудың 1-2 жағдайы тіркелсе, сол сынып қана карантинге жабылады. Яғни дәстүрлі форматтан, онлайн форматқа көшеді. Егер одан да көп жағдай тіркелсе мектеп толығымен жабылады. Яғни бір мектептің оқушылары түгел дерлік қашықтан оқуға ауысады. Мектепті жабу жағын толық тексерістен кейін, СЭК шешеді.» дейді терапевт-дәрігер Саят Ткенбаев
«2021 жылдың 1- қыркүйегі мен 27- қыркүйек аралығында облыс бойынша оқушылар арасында коронавирустық инфекциямен сырқаттанудың 960 жағдайы тіркелді, оның ішінде 215 жағдай жазғы демалыс кезінде, 720 жағдай офлайн оқыту кезінде және 25 жағдай онлайн оқыту кезінде тіркелген. Облыстың 244 мектебінің 578 сыныбына карантин енгізу туралы 567 қаулы шығарылды және 9379 оқушы қашықтықтан оқыту нысанына ауыстырылды. Бүгінгі күні 578 сыныптың 201-і карантиннен шығарылып, 2753 оқушы қайта мектепке оралды.» -дейді Алматы облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау Департаментінің баспасөз хатшысы Алия Шагиахмет.
«Оқушыларға біресе онлайн, біресе офлайн форматқа көшіп жүру оңай емес. Ол-бала! Сәйкесінше, психологиясы хрусталь сияқты. «Алақай!»-деп мектепке келгені сол еді, «қайта үйде отыр»-деген сөз ауыр тиетіні сөзсіз. Менің алдыма талай оқушы келді , бәрі мектепке келгендеріне дән риза. Кейбірі тіпті «мектепке келгенім қандай жақсы болды, әйтпесе мамам күнде ұрса беретін»-дейді. Бала үйден безуге дайын, бұ нені көрсетеді? Яғни онлайн сабақ тек балаға ғана емес, ата-анаға да психологиялық тұрғыдан ауыр болғанын көрсетеді. Қанша айтсақ та мектептің аты мектеп, бағзы заманнан бері балаға ыстық ұя болған қасиетті жер. Әр шәкірт ең басты дүние денсаулық екенін түсініп, ортақ тәртіпке бағынып, уақытша мектебінен бас тартып, онлайн оқуды жалғастырудың өзі үшін және отбасы үшін ең дұрыс шешім екенін түсінсе игі болар еді. Оны әр оқушы өздігінен ұға салмайды, оған барлығын тиянақты және ашық жеткізу керек. Ол, әрине, ұстаздар мен ата-аналардың жауапкершілігінде» -дейді психолог Гүлнұр Декембаева.
Парақшамызға жазылыңыз