//

Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы БАҚ-қа қанша қаржы бөледі?

3386 рет қаралды

Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы ел салығынан жиналған бюджет қаржысынан ақпарат құралдарын қаржыландыру үшін 2021 жылы қанша  қаржы жұмсағанын сарапқа салуды жөн көрдік.

Біріншіден, қаланың өзіне ғана тиесілі екі ақпарат құралы бар. Оның біріншісі құрамына «Алматы ақшамы» және «Вечерний Алматы» газеттері енетін «Alatau aqparat» ЖШС-і болса, екіншісі “Almaty”  телерадиокомпаниясы. Тек осы ақпарат құралына аталған басқарма 3 миллиардқа жуық қаржы бөлген.

Ал, жалпы Қоғамдық даму басқармасының ақпарат құралдарымен жиыны 23 келісім шартқа отырғанын көреміз. Барлық келісім шарттың сомасы – 3,5 миллиардтың көлемінде.

«Alatau aqparat» ЖШС-інің Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасымен 2021 жылы жасаған екі келісім шарты бар. Оның алғашқысы жылдың басында қаңтар айының 5-інде жасалса, екіншісі наурыздың соңына қарай жасалған. Орындалып үлгерген алғашқы келісім шарттың сомасы – 112 миллион теңге (қосымша құн салығын қоса есептегенде). Ал екіншісінікі – 507 миллионнан асады. Қазір бұл соманың үш жүз миллиондайы төленіп үлгерген. Келісім шарттың қысқаша мазмұны  – Мемлекеттік және ақпараттық саясатты екі қалалық басылымдар арқылы қазақ және орыс тілдерінде жүргізу. Газеттердің оқырман саны қарайлас – аптасына 7,5 және  8  мың оқырманы, сайтта күнделікті 700 оқырманы болуы тиіс. Газетте жарияланатын материалдар тоғыз бағытты қамтиды. Негізгілеріне тоқталатын болсақ:

Алматы қаласы әкімдігі мен мәслихатының жүзеге асырып жатқан «Қазақстан – 2050» Стратегиясын, ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауларында және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «100 нақты қадам» Ұлттық жоспары мен «Мәңгілік ел» Ұлттық жоспарларында айтылған бағдарламалық нұсқаулары мен мемлекеттік саясатын мақсатты насихаттау; «Алматы-2050» қаланың дамыту Стратегиясы, Алматы қаласын дамытудың мемлекеттік және қалалық бағдарламаларын жүзеге асыру мен насихаттау; республика билігі мен қалалық атқарушы және өкілетті органдардың, қалалық қызметтердің мемлекеттілікті дамыту және қалыптастыру, экономиканы нығайту, ұлтаралық келісімді сақтау және дамыту, халықаралық қатынастарды кеңейту, тұрғындардың әлеуметтік-мәдени және тұрмыстық мәселелерін шешу және басқа салалар бойынша іс-қимылдарын жарыққа шығару – бұл бағыттарда басылымда репортаж, сұхбат, байыптама, есеп, инфографикалар, жаңалықтар, тағы басқа түрде беріліп тұрады.

«Alatau aqparat» ЖШС құрылған он жыл уақыт аралығында жылына 23 миллион теңгеден (2010 жылы) 80 миллионға дейін (2021 жылы) салық төлеп келген.

Ал, «Алматы» телерадиокомпаниясының бюджетке салмағы бұдан әлдеқайда ауыр. Миллиондарды емес, миллиардтарды жұтып жатқан гигант сынды. Ендеше телерадиокомпанияның 2021 жылғы бюджетіне көз жүгіртіп көрелік. Естеріңізге сала кетеміз, бұл тек Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасынан бөлініп отырған қаржы. Мемлекеттік сатып алу порталында аталған компанияның төрт келісім шарты бар. Оның алғашқысы – 437 миллионнан астамы орындалған. Қалған үшеуі әрекет етуде. Ең ірі келісім шарт,  наурыздың 29-ында 2 миллиард 189 миллионға жасалған. Төрт шарттың жалпы құны – 2 миллиард 668 миллион. Қосымша құн салығын қоса есептегенде. Келісім шарттардың қысқаша мазмұндары – Телекөрсетілім арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу қызметі деп аталады. Алғашқысының техникалық ерекшелігінде  600 сағаттық көрсетілім туралы айтылса, екіншісінде ол туралы айтылмайды. Ал 34 және 6 миллион теңге тұратын келесі шарттар жаңалықтар бағдарламаларының көрсетілімін сурдоаудармамен сүйемелдеуді қамтамасыз ету қызметі деп аталады. Демек, сурдо аударма үшін 40 миллион теңге тағы бөлініп отыр. «Алматы» телерадиокомпаниясының бюджетке төлеген салығы да қомақты. Компания 27 миллионнан (2010 ж) 425 миллионға дейін  (2020 ж) салық төлеген.

Алматы қаласының негізгі басылымдары саналатын осы екі компанияның сыртында қоғамдық даму басқармасының тағы 21 келісімі бар екенін жоғарыда айттық. Солардың ішінде қомақты қаржыға келісім шарт жасасқаны – «Хабар» агенттігі АҚ (51 миллион), «Атамекен Бизнес» (30 миллион) және «Еуразия ОРТ» (30 миллион). Бұдан кейінгі орынға «Қазақстан» телерадиокорпорациясы  (24 миллион) жайғасқан.

Интернет порталдардың ішінде www.nur.kz (19 миллион) пен “Effective Media Liaison” ЖШС-і (19 миллион) оза шауып тұр екен.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар