////

Ақынның 45 жаста өмірден өтуіне не себеп? Алматыда «Мұқағали» фильмінің тұсаукесері өтті

2963 рет қаралды
1

Мені де иектейді «қара кісі»… (М.Мақатаев )

Режиссер Болат Қалымбетов бұл фильмді түсіруге 15 жыл бойы дайындалдым дейді. Ақынның  өлеңдерін сараптаудан бастап, тіпті архивтен де ақын жайлы дерек іздеген. Мұқағалидың көзін көрген жандармен де пікірлесіпті…

Мұқағали өмірінің басым бөлігін Алматыдан жырақ жерде суреттеу мүмкін емес. Сондықтан өткен ғасырдың 50- 70 жылдарындағы Алматы қаласы бейнеленетін кинотуындыны түсіруде басты мәселе локация таңдау болыпты. Қазіргі Алматының келбеті фильмге жарамайтынын түсінген түсірілім тобы Қазақстанның өзге қалаларын шарлайды. Таңдау, Өскемен қаласына түсіпті. Фильмдегі көріністерге қарап бұл Алматы емес деп ешкім айта алмасы анық.  Сонымен қатар Өскеменде картинадағы маңызды детальдардың бірі трамвай қозғалысы да фильм үшін қалпына келтіріліпті.  Жалпы, 2019 жылы жазда басталған түсірілім жұмыстары Өскемен, Алматы, Санкт-Петербург және Алматы облысында өтіпті. Бұл тұста фильмнің қоюшы суретшісі Ермек Өтегеновтің де еңбегін атай кету керек. Фильмде қолданылған заттар сол кездегі тұрмыс пен инфрақұрылымды дәл көрсете алған.

Фильмде басты рөлді сомдаған Асланбек Жанбалаев Махамбет Өтемісов атындағы Атырау облыстық драма театрының актері .  Режиссер оны 2017 жылы «Талан» фильмінің Атыраудағы көрсетілімінде байқап, кейін кастингке шақырған. Бұл актердің үлкен экрандағы, жалпы кино саласындағы тұңғыш жұмысы…

Фильмде Мұқағалидан өзге Нұрғиса Тілендиевтің, Бауыржан Момышұлының және Фариза Оңғарсынованың бейнелері бар. Нұрғиса Тілендиевтің рөлін Бақытжан Қажымұқанов сомдапты.  Бауыржанның рөлін Бауыржан Қаптағаев, Фаризаны Раушан Мәжитова ойнайды.

Фильмде Мұқағали ақынның өмірімен хронологиялық байланыс жоқтың қасы. Өйткені режиссер фильм арқылы оның өмірбаянын көрсетуді мақсат тұтпаған екен.

Картина бар-жоғы 45 жыл өмір сүрген ақынның ерте дүниеден өтуіне не себеп деген сауалға жауап іздейді.

Сондықтан болар фильм бір көргеннен поэзиясымен баурап, қазақ руханиятының жаңғыру кезеңі 60-70 жылдардағы шығармашылық ортаға топ етіп, түсіре салмайды.  Фильмде өлең жоқ десе де болады. Тіпті, фильмді басында қабылдамауыңыз да, «мұнда Мұқағали жоқ» деп шешім шығаруыңыз да мүмкін.

Өйткені «әркімнің өз Мұқағалиы бар», дейді Болат Қалымбетов.  Ал, «Мұқағали» фильмін тамашалағанда Болат Қалымбетов суреттеген  ақиық ақын сізді күрсінтпей қоймайды.  Көрермен алдымен бас тартады, іштей сынайды, тіпті «осы ма, сондағысы» деп сыбай бастауы да мүмкін. Алайда, Мұқағалидың өзін де «қара кісі» иектегені  есіңізге түседі, фильмдегі кинодраматургияға тән шешімдер сізге соны ескертеді.

Иә, бұл фильмде Мұқағали жоқ. Тіпті, бар болғанның өзінде  болмысы қарама-қайшылыққа толы тұлғаның образын  сіз қалай елестетер едіңіз?  «Сіздің көкейіңіздегі Мұқағали» ол образға қалай қарар еді?

Мұқағали жоқ болса, фильмде не мән бар деп сұрарсыз. Фильмде Мұқағали  жан-дүниесінің арпалысы бар. Бірақ, театрланған, «ойналған» Мұқағали емес.  Асланбек Жанбалаевтың бұрын киноға, сериалдарға түспегені, камера алдындағы шынайылығы Мұқағалидың «театрланбауына» үлкен үлес қосыпты.

Ал, Мұқағалиды иектеген «қара кісі» кім еді? Таланты ма, поэзиясы ма, ажалы ма әлде еркіндігі ме? Ол неге  45 жасында өмірден өтті. Әлде ол да «қара кісінің» өкімі ме еді? Фильмді көрген соң бұл сауалдарға қатысты өз пікіріңіз қалыптасары анық.

Бастысы, коммерциялық картиналар экранды жаулаған заманда авторлық фильмді тосырқап қалған көрермен, негізінен режиссерлық шешімдерден құралған «Мұқағалиды»  көретін болады.

Режиссерлық шешім демекші, фильм соңында Жазушылар одағының алдында бір топ адам ақынды ақтық сапарға алып кетіп барады… Барлығы да бір-бір қара қолшатырдың астына тығылған. Әркім өз басын қорғаған өзімшіл заманның көрінісіндей…

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. «Ақынның 45 жаста өмірден өтуіне не себеп?» — деп айқайлатып тақырып қойып және соның себебін айта алмау — журналистік надандық!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар