/////

Бақытбек Бәмішұлы: Британия күнделігі

2997 рет қаралды

12.10.2021.

«Сұры бұлт түсі суық қаптайды аспан»…
Атақты Альбион бұл тұман басқан.
Білмеймін, үйлесе ме Юкейге (Англия),
Көңілім туған жерге ала қашқан.

Көнесі көп үйінің дені тапал,
Қан қызыл қыштан салған ескі шаһар.
Бай елдің бақ-қуатын көрсем деген,
Басталған Ньюкаслден біздің сапар.

Мұнда да машина көп сабылысқан,
Бірінен бірі ығыстап, үркіп қысқан.
Көбісі майсыз жүрер ауа содан
Таза екен қолқа қабар қара ыстан.

Ағылған су бетімен керуендер,
Сая бақ, бағзы бульвар серуендер.
«Мың жыл»,- дейд мына тұрған ескерткішке,
Көтерер өстіп кеуде еру елдер

Әлі де жайқалып тұр жасыл орман,
Көгалдар, көк майсалар қолдан қойған.
Көзіндей ерте-ерте замананың,
Сұр сұсты шіркеулер мен алып қорған.

Бар екен мұнда-дағы жарлы-жүдеу,
Қол жайып қайыр сұрау, баққа түнеу.
Бір ғажап ерекшелік адамының
Болғанмен түсі әр түрлі, тілі біреу.

Көздері-ай, мөлдіреген екпе талдың,
Көкшенің ақ қайыңын еске салдың.
Көп екен арба айдаған Кәрі-құртаң,
Кемтары аз емес-ау деп те қалдым.

Үй іші жылу әлсіз, қоңыр салқын,
Бөтен жан бұза ала ма елдің салтын?
Бейпіл су, артық жылу атымен жоқ,
Үнемге байлап қойған бүкіл халқын.

Күз мезгіл қоңыр салқын қазан айы,
Қайда екен асыр салған құлын-тайы?
Адам да аз автобус пен метрода,
Содан-ақ байқалады елдің жайы.

Тәж тажал кесірінен тұмшаланған,
Көрмедім күйі түскен мұң шағар жан.
Жаныңды жылытпайды удай баға,
Қайда да Қорқыт көрі-ай, дүние жалған.

Алады ауық-ауық аспан жылап,
Отырмын ой соқтылау елден жырақ.
Тайн-апон Ньюкасл деген қала,
Өздері дейді екен бұл бір жұмақ.

Қараймын терезеден сұр аспанға,
Не жетсін өлеңіме сыр ашқанға.
Көңілім орталайды, ойым сергіп,
Қиялым Ұлы таумен ұласқанда.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар