/////

Бақытбек Бәмішұлы: Британия күнделігі (жалғасы)

3150 рет қаралды
03.10 .2021 жыл.

ҚАРА ТҮСТІ ҚАРА КИІМДІ АДАМДАР

Астана Нұр-Сұлтаннан таң бозында (05-30) ұшқан Эйрбус А321 LR  «Air Astana» компаниясының ұшағы Мәскеу, Вильнюс, Амстердам қалаларының үстімен 10 км биіктікте 965 км.сағат жылдамдықпен таң шапағымен бірге қалықтай төтелеп ұшып, таңғы сағат 07.30-да Лондон қаласының  Хитроу (London Heathrow Airport) халықаралық әуежайына келіп қонды.

Хитроу Лондондағы ең үлкен әуежай болса керек.
Паспорттық тексеруде ұзын сонар кезек болатынын алдын ала білгеміз. Алайда біз ойлағандай иін тірескен кезек болмады. Жан-жақтан әлемнің әр түкпірінен келген жолаушыларды түр-әлпетіне қарап, дені құрлықтың оң түстігінен, Азиядан екенін ажыратуға болады. Кезекте тұрып әуежай қызметкерлеріне көз тігемін. Әнеу жүрген қара сұр, қара формалы, басында ораған қара сәлдесі (мүмкін ол сәлде емес бас киімі шығар) еңгезердей азамат шығыс Африкалық, ал анау «аквариум» ішінде отырған құлағының үстіңгі жағындағы екі шықшытының шашын тақырлап қырып тастап, төбе шашын қайыра түйіп тастаған, жақ жүні үрпиген біздің көзімізбен сарғыш адам ағылшын контролер кеденші, мына жүрген тапал бойлы қаралтым қара қыз-келіншектер пәкістандық ба екен деп ойланеееп тұрғанда кезегіміз келіп, әлгі қара сұр бағыттаушы әйел бізге 7 кабинаны нұсқады.
Біздің бір семья екенімізді, бірге жүргенімізді, мына еріп жүрген екі пақырының ағылшын тілін білмейтіндігін Есенгүл тәптіштеп айтты-ау деймін үшеуіміз де бір кабинаға топырлап жетіп бардық. Сұсты көріну үшін сөйте ме кеденшілер  қара түсті форма киеді екен. Кабина ішінде де қара киімді, қара дәу отыр. Бар құжаттарымызды Есенгүл беріп жатты. Әуелі «тубтест»-ден өтті деген анықтаманы Алматыдағы бір медорталықтан кісі басы 34000 теңге төлеп, бір күн өтпей  нәтижесін алғамыз. Ол бар. Сонда ғой әлгі ұялы телефонын әлсін-әлсін шұқылап, ара-арасында бізге кеңес бергенсіп отырған басшысымақ дәрігер келіншек сапар мақсатымызды қате жазып қойып, көмекшісі түзеп екінші рет жазып беретіні. Сол жерде тілімді тістеп зорға отырған мен, есіктен шығысыммен ана «өзінше боп кісімсіген басшысымақтың жауапсыздығын, ісіне немқұрайлы қарап, құр ақша санап отырғандығын «бетіне басып» сыбап алғаным.
Келесі құжат, ұшақ билетін сатып алған компания кассирінің көрсетуі бойынша және бір жеке орталыққа барып, әр бірімізге 8000 тг төлеп, тексеріліп 5 сағаттан соң үш күнге жарамды қорытындысын алған ПЦР анықтамамыз. Ол бар.
Соңғысы тапсырыс бергеннен кейін 20 күннен соң қолымызға тиген жан басына 700 мыңға жуық теңге төлеген виза. Қазақстаннан Британ еліне баратын рұқсат визасының құны тым арзан деп ойламадым. Ал Британ тарапынан біздің елге келушілер де осындай мөлшерде виза құнын төлей ме, ол жағы маған беймәлім. Білуімше, біз бір жылға тұру үшін келе жатқандықтан визаның құны осындай қымбат екен. Өйткені визаға төлейтін мемлекеттік баж салығының сыртында, бір жылға денсаулықты сақтандыру полисіне төлеуің керек.
Кеден қызметкері аталған құжаттарды жеке-жеке тексеріп, мөрін тарс еткізіп басып, Есенгүлге әлденені түсіндіріп, қолымызға құжаттарымызды табыстап «қош келдіңіздер» деген болу керек,  ішке қарай жол нұсқады. Сөйтсем ол енді тұрақты тұратын жерге барған соң 10 күн карантинде болатынымызды ескерткен екен. Онда жеткен соң екінші және сегізінші күні және ПЦР тапсырасың. Бір адамға  екі тестінің құны £79 фунт болды. Оны Алматыдан шықпай жатып төлеп, алдын ала тапсырыс беріп қойғанғанбыз.  Онсыз ұшаққа отырғызбайды екен.

ХИТРОУДАН КИНГС КРОССҚА

Жүгіміз аман-сау алдымызда тұр екен. Бүлініп-қираған түгі де жоқ. Босқа күдіктенген екенмін деп қоямын. Бірақ ұшақтан-ұшақ ауыстырып жүрген кездерде жүктердің адасып кетіп, артынан іздеу салып жататын жағдайлар сирек болса да кездесіп жатады.
Жүк  алып жатқан кезде бағана астанада ұшақ күтіп отырғанда ақ сұр сүртік киген көз әйнекті ақ сұр жігіт Есенгүлге келіп амандасып, екеуі ұзақ әңгімелескен-ді.  Былтыр бір университетте оқығанбыз, биыл ол да оқуын жалғастыру үшін келе жатыр екен, ол дағы  Кингс кросс вокзалына барады екен, бірге такси алайық деді»,- деп сырттай таныстырған. Жат жерде жол көрсететін жақсы адамның жолыққанының өзі жұмаққа жол сілтегендей болады емес пе, ішім жылып қалған. Өйткені біз де ұшақтан вокзалға қандай жолмен бару керек екенін әлі шешпегенміз. Дұрыс жолды таңдау да бақытқа бір табан жақындатып тастайды ғой, мына жігіт жол мәселесін тас түйін шешіп тастағандай болды. Сол жігіт кеденнен бізден кейін өтіп жетіп келді. Тағы да бір екі бойжеткенмен сол жерде амандасып жатты.  Олар  Лондонда қалады екен де Әнуар  Кингс кросс вокзалынан басқа қалаға барады екен.
Мен олардың сөзіне килікпей үйірін баққан тәу ешкінің текесіндей оқшауырақ состиып тұра бердім. Жастардың ешқайсысымен де амандасып, жөн сұраспадым. «Үлкенге ізет көрсетіп өздері сәлем бермесе, мен неге жалпаңдап білімі озық балалардың алдарын орап сәлем беруім керек» деп кегжиемін. Мынау жаһанды жайлаған жан біткенді запы қылған жаман індет үрейі үркітіп тұрған да болар. Алайда ата дәстүр бойынша оң қолын жүрек тұсына апарып басын иіп ишарат білдірсе де мәз болып қаламыз ғой.
Біз таксиге отыратын болып төртінші қабаттағы авто тұраққа бару үшін лифтіге қарай бет алдық. Сонда барып мен Әнуарға:
 –  Балам, мына қалың жүгімізбен бір таксиге сиямыз ба?–  деп күңк еттім. Менің бұл қылығымды Есенгүл де, Ақтанай да жақтырмады. Ол қандай такси екенін білмейтінін, тапсырыс беріп қойғанын айтты. Бізді төртінші қабаттың екінші жолында қызыл түсті жұдырықтай форт маркалы машина күтіп тұр екен. Кабинадан ирелеңдей қозғалып, ұзынша келген, ұзын етек қоңыр түсті көйлекті қара кісі шықты. Апыл-ғұпыл жүк те тиелді. Бір чемоданмен сопиып мен қалдым. Сөйтсем бұл машинаға бір адам мен бір чемодан сыймай қалыпты. Есенгүл:
 – Сендер бара беріңдер, мен аттарыңнан барайын,–  дейді. «Сонда бұлар бағанадан бері  не ақылдасып, не сөйлескен?!». Әнуар машинаға әлде қашан отырып алыпты. Байқұс бала, мына тіс қаққан кәрі боз мен қалады деп ойлады ма екен жалма-жан машинадан шығып келіп, біздің келіспей қалғанымызды ұқты-ау деймін,
–  Сіздер кете беріңіздер,– деді. Жөні де солай болғанмен бұ баланы жол ортада «жау қолына» жалғыз тастап кетіп бара жатқандай күй кешіп бара  жатырмыз. Есенгүл Әнуардың Каспий голд картасына 30000 теңге аударды.
 –  «Мұның не?»,–  десем,–  мұнда жол ақысын алдын ала төлейді,–  дейді.
– Тиіп тұрған жерге 30000 мың теңге төледік пе?! – Бірақ, сұрақ жауапсыз қалды.
– Осы қашан, астанада бір таксист әуе жай мен қала арасына бір шетелдіктен 40000 теңге алып қойыпты деп қырылып қала жаздағандарың қайда?! – Бұл сауалға да жауап болмады. – Біз жол ақысын бөлісіп төлейтін болғамыз, енді Әнуарға обал болды ғой? 50 фунт. Қарыс жер.  30000 теңге. С ума сойти! – Орысшам да шығып кетті.
– Тыныш отыршы, бір жөнін табар. – Тыныш қайдан отыра аламын. Алдыңғы орын бос кетіп барады. Бұлар да бөтен жұрттан сескенетін сияқты алдыңғы орынға отырғызбай қойса керек. Жан-жағымды тінте қарап, әр нені сонырқалап келемін. Ағылып жатқан жүз мыңдаған машина арасынан арбиған, алпамсадай джиптер (Jeep) көзге түспеді. Есесіне электр қуатты қоңыздай домалаған өңкей ұсақ көліктер көп екен. 1 литр бензиннің бағасы шамамен 2 доллар дейді. Яғни 900 теңгеге жуық. Басымды шайқаймын.
– Әнуар таксиге тапсырыс берді ме екен?»,– деймін.
– Бере алмайды.
– Неге?
– Бір телефоннан екі рет тапсырыс қабылдамайды. Бірінші тапсырыс орындалуы керек.  Біз жеткеннен кейін ғана тапсырыс беруге болады. – «Әр елдің салты әр басқа». Біздің өз ара сөзіміз аяқталып жым-жырт бола қалған кезімізде таксист қайдан келе жатқанымызды сұрады. Есенгүл оның сұрағына ұзақ жауап беріп, екеу ара біраз шүңкілдесті. Білгеніміз шопырымыздың тегі Сомалидан екен, 27 жыл болыпты. Біз екі сағаттай жүріп Кингс кросс вокзалына жеттік. Әнуар вокзалға метромен келгенін жазыпты. Бізден әлде қашан бұрын жеткен екен. Көңіл орынына түсті…

ЛОНДОННАН НЬЮКАСЛГЕ

Түскі 14-30-да  балық тұмсықты, сүңгуір қайықтай пішінді қызыл ала түсті электричкаға отырдық. Вагондар ретін әліпби бойынша белгілейді екен. Билетті Алматыда отырып алып алғамыз. Вагон іші де сырдай, орындықтарын қызыл пүліспен жаңа ғана қаптап қойғандай. Жолаушылар сирек.  Әр жерде бір-екі адам. Сүйреткен чемодандарымызды кіре берістегі оңаша бұрышқа қоя салдық. Екі жігіт жол бойы пиво ішіп әңгімелесіп отырды. Арт жағымыздан бір егде ер адам жөтеліп еді анау жерде бізге қарсы қарап отырған жас жігіт маскасын жайлап киіп алды.
Екі қапталы ине шаншар жерсіз интірескен ағаш болғасын сондай ма пойыздың жылдамдығына көз ілеспейді. Су бетінде сырғанаған кемедей суылдайды. Тақ-тақ, тақ-тақ, арсыл-гүрсіл дыбыс жоқ. Қоспасыз рельс деген болушы еді, жалғаусыз, біртұтас. Табан темірлері сол ғой деймін.
Ара тұра жарқ етіп, ашылған шымылдықтай сәтте сыртқа көз саламын. Мұнтаздай, тап-таза, тақта-тақта, таптұйнақтай өңделген егіс алаңдары аялы алақанның жылуы мен тамған тердің куәсіндей. Қараусыз қобырап,  ұйпа-тұйпасы шығып жатқан жер көзге түспеді. Жер қадірін білгенге жер неге жемісін бермес. Осыншама ұқыпты игерілген жер де иесіне иімеуі мүмкін емес сияқты. Бірен саран тапал тұрпатты жылқы, қора-қора ақ шаңқан қой,  табын-табын қара ала, қара сиыр жиі ұшырасып отырды. Ұшы-қиыры көрінбей көкжиекке сіңіп жатқан орманмен орай көмкерілген көкала алқаптарда қадау-қадау жел энергиясының қадалары мен мұндалайды.
400 км  жолды үш сағатта жүріп өтіппіз. Міне көне Ньюкасл. Британияның, Юкейдің белді қалаларының бірі. Ар ма, Ньюкасл – Жаңақорған!
(жалғасы бар)
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар