////

Батыс Қазақстан: Мемлекеттің ақпараттық саясатын жүргізу қанша тұрады?

3622 рет қаралды
фото: Уральская неделя

«Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырыс – мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен қызмет көрсетуге арналған тапсырыс». Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі №451 «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңының 1-тарауы 1-бабының 10-2-тармағында  осылай деп жазылған. Бұл тапсырысты орындауға бюджеттен қаржы бөлінеді. Біз Батыс Қазақстан облысында осы мақсатта қанша қаржы бөлінгенін және оның қандай бұқаралық ақпарат құралдарына берілгенін талдап көрген едік.

Сұрағымызға жауап алу үшін Батыс Қазақстан облысы Ішкі саясат басқармасының сайтына жүгіндік. Облыста 74 бұқаралық ақпарат құралы қызмет етеді. Олар:

 

Басқарманың мәліметі бойынша (18.09.2020 ж.), биыл жергілікті бюджеттен 304 012 189,54 теңге бөлініпті. Бұл қаржыға 15 жоба іске асып, оның аясында 50-ден астам тақырыптық бағыт қамтылған. Бағыттар туралы таратып айтар болсақ, олар: мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру барысы, мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру барысын ақпараттық сүйемелдеу, мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресі, халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғау жөніндегі қызметін жария ету, құқық бұзушылықтың алдын алу, мерейтойлық күндер шеңберіндегі іс-шараларды ақпараттық сүйемелдеу және тағы басқа болып жалғаса береді.

Бөлінген қаржы қалай игерілді және бұл қызметтерді кім жүзеге асырды? Мемлекеттік сатып алу порталындағы Батыс Қазақстан облысы Ішкі саясат басқармасының 2020 жылы орындалған келісімшарттарының саны тізім бойынша 68 болса, соның ішінде мемлекеттік ақпараттық саясатты БАҚ арқылы жүргізуге, Батыс Қазақстан облысы туралы имидждік материалдарды жариялауға және басқа да мақсаттарға жалпы сомасы 339 211 381,18 теңгеге 19 келісімшарт жасалған.

Ішкі саясат басқармасы ақпараттық қолдау қызметін 13 бұқаралық ақпарат құралына сеніп тапсырған екен, олар:

 

Осылардың ішінде «Жайық пресс» ЖШС, «Қазақстан» Республикалық Телерадиокорпорациясы» АҚ, «KAZINFORM» ХАА» АҚ, «ӨЖК «Серик» ЖШС, «Effective Media Liaison» ЖШС сияқты бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мемлекеттік тапсырысқа бөлінген қаржының едәуір бөлігін, яғни 293 815 338,88 теңге алып (бұл жалпы соманың 86,6%-ы), тізімдегі 13-тің алғашқы 5-тігін құрап отыр:  

 

«Қазақстан» Республикалық Телерадиокорпорациясы» АҚ, «KAZINFORM» ХАА» АҚ республика көлемінде екі тілде ақпарат тарататын бұқаралық ақпарат құралы болса, «Жайық пресс» ЖШС мен «ӨЖК «Серик» ЖШС жергілікті деңгейдегі екі тілдегі ақпарат құралы. Ал, «Effective Media Liaison» ЖШС  республика көлемінде екі тілде шығатын «Tengrinews» интернет ресурсы» желілік басылымы екені анықталды. Құрылтайшысы – Қарабалин Сұңқар Болатұлы.

Ақпараттық қолдауды жүзеге асыру үшін ішкі саясат басқармасы жасаған 19 келісімшарт бойынша жұмыстарды орындау 6 келісімшартқа сәйкес мемлекеттік және орыс тілдерінде, 4 келісімшартқа сәйкес мемлекеттік тілде, 8 келісімшартқа сәйкес орыс тілінде жүргізілген, ал 1 келісімшартта тілге қатысты талап көрсетілмеген.

Мемлекеттік сатып алуды жасау кезінде 11 сатып алу өткізілмеген мемлекеттік сатып алу бойынша бір көзден сатып алу тәсілімен, 7-еуі ашық конкурс тәсілімен, 1-еуі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша жүзеге асырылған. Сайттың қазақ тіліндегі нұсқасында біз сұратқан кезеңге мемлекеттік тілде еш мәлімет жоқ. 

МЕМЛЕКЕТТІҢ АҚПАРАТТЫҚ САЯСАТЫ ҚАНДАЙ ТАҚЫРЫПТАРДЫ ҚАМТИДЫ?

Осы ретте мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырыстың мақсаты туралы да айта кеткенді жөн көрдік.   

  • БҚО аумағында мемлекеттік ақпараттық саясатты баспа БАҚ арқылы жүргізу (мемлекеттік және орыс тілдерінде);
  • Баспа БАҚ арқылы өңірлік деңгейде Батыс Қазақстан облысында білім беру жүйесін дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар және жобалар туралы материалдарды шығару (мемлекеттік тілде);
  • Республикалық деңгейде Батыс Қазақстан облысының қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріндегі негізгі мәселелері туралы материалдарды жариялау (орыс тілінде);
  • Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын электрондық БАҚ арқылы жүргізу (мемлекеттік және орыс тілдерінде);
  • Салауатты өмір салтын қалыптастыру мен аурулардың алдын алу бойынша материалдарды баспа БАҚ арқылы шығару (орыс тілінде);
  • Интернет-ресурс арқылы өңірлік деңгейде Батыс Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын жүзеге асыру барысын ақпараттық-талдамалық сүйемелдеу (орыс тілінде);
  • Республикалық деңгейде баспа басылым арқылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде материалдарды шығару (мемлекеттік тілде);
  • Батыс Қазақстан облысының қоғамдық-саяси және мәдени өмірін ақпараттық сүйемелдеу, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың жүзеге асырылуы туралы материалдарды жариялау (мемлекеттік тілде);
  • Баспа БАҚ арқылы Батыс Қазақстан облысының қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өмірі туралы материалдарды шығару (мемлекеттік тілде);
  • Бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық материалдар орналастыру бойынша қызмет көрсетулер:«Интернет-ресурс арқылы өңір халқының әл-ауқатын арттыру бойынша мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы материалдарды жариялау (орыс тілінде)»;
  • Ақпараттық материалдарды дайындау және басып шығару бойынша/бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру бойынша қызмет көрсету: Интернет-ресурс арқылы Батыс Қазақстан облысы туралы жағымды материалдарды және өңірдің негізгі маңызды әлеуметтік-саяси оқиғалары туралы материалдарды жариялау (орыс тілінде);
  • Ақпараттық материалдарды дайындау және басып шығару бойынша/бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру бойынша қызмет көрсету: Интернет-ресурс арқылы республикалық деңгейде Батыс Қазақстан облысы туралы имидждік материалдарды жариялау (орыс тілінде);
  • Бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық материалдар орналастыру бойынша қызмет көрсету: Интернет-ресурс арқылы республикалық деңгейде Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы имидждік материалдарды жариялау (орыс тілінде);
  • Бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық материалдар орналастыру бойынша қызмет көрсету: Батыс Қазақстан облысында жаңалықтар бағдарламасы мен тікелей эфирді электрондық БАҚ арқылы жүргізу (мемлекеттік және орыс тілдерінде);
  • Бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық материалдар орналастыру бойынша қызмет көрсету: Интернет-ресурс арқылы мемлекеттік және орыс тілдерінде Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы материалдар жариялау (БҚО 12 ауданы және Орал қаласын қамту);
  • Ақпараттық материалдарды дайындау және басып шығару бойынша/бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру бойынша қызмет көрсету: БҚО аумағында мемлекеттік ақпараттық саясатты баспа БАҚ арқылы жүргізу (мемлекеттік және орыс тілдерінде);
  • Ақпараттық материалдарды дайындау және басып шығару бойынша/бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру бойынша қызмет көрсету: БҚО аумағында мемлекеттік ақпараттық саясатты электрондық БАҚ арқылы жүргізу (мемлекеттік және орыс тілдерінде);
  • Ақпараттық материалдарды дайындау және басып шығару бойынша/бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру бойынша қызмет көрсету: Интернет-ресурс арқылы Батыс Қазақстан облысында «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру барысын ақпараттық-талдамалық материалдар жариялау (орыс тілінде);
  • Әлеуметтік желілер мен интернет ресурстарда мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша іс-шаралар ұйымдастыру және өткізу.

Қызметтерді көрсету үшін әлеуетті орындаушыларға қойылған талаптардың ішінде жергілікті атқарушы органдармен жүргізіліп отырған жұмыстар туралы жағымды қоғамдық пікір қалыптастыруға, мемлекеттің оң имиджін қалыптастыру және нығайтуға, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты бойынша облыста өтіп жатқан іс-шаралар туралы жағымды қоғамдық пікір қалыптастыруға, Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының оң көзқарасын қалыптастыруға, Қазақстан Республикасының позитивті имиджін қалыптастыру және нығайтуға, ҚР ішкі және сыртқы саясатындағы мемлекет қызметі туралы жағымды қоғамдық пікір қалыптастыруға баса назар аударылған.

ЖАҒЫМДЫ ПІКІР ҚАЛЫПТАСТЫРУ ҮШІН  МЕМЛЕКЕТТІК БЮДЖЕТТЕН ҚЫРУАР ҚАРЖЫ БӨЛУ ДҰРЫС ПА?

Мемлекет жүзеге асыратын саясат туралы жағымды пікір қалыптастыру үшін  мемлекеттік бюджеттен қыруар қаржы бөлу дұрыс па? Кез келген аяқталған істі лайықты бағалау үшін, ол туралы жағымды, оң пікір қалыптастыру үшін жасалған істі сапалы орындау ғана кепіл болуы шарт. Қазіргі жағдайда мемлекет өз жасаған ісіне жағымды пікірді сатып алып отырған сыңайлы. Ал, мемлекеттен қаржы бөліп қалыптастырған пікірдің жағымды не жағымсыз екенін қандай талаптар мен өлшемдерге сәйкес анықтайды? Алысқа бармай-ақ, әлеуметтік желілердегі пікірлерге назар аударсақ, мемлекеттік бағдарламалар, әлеуметтік сала қызметі және басқа да салалар бойынша жағымды пікірден гөрі, жағымсыз пікір басым сияқты. Әсілі, бюджет қаржысы мақсатқа сәйкес жағымды пікір қалыптастыру емес, нақты істердің орындалуына жұмсалуы үшін қоғамдық бақылау жоғары болуы, азаматтардың қатысуы белсенді болуы керек. Мысалы, қоқыс салу үшін пластиктен жасалған 200 дана еуроконтейнерді сатып алуға 11 605 440, 00 теңге жұмсалған екен. Ал қаланың қай ауданында болса да қоқыс жәшіктері жеткіліксіз екенін өз көзімізбен көріп жүрміз.

Орал қаласындағы Ульяна Громова көшесі 11, 11/1, 13 мекенжайы бойынша аула аумағын абаттандыруға 59 273 962,27 теңге  қарастырылған екен. Ауланы абаттандыру да – маңызды әлеуметтік мәселе. Дегенмен, жұмсалған қаржыға сай болса игі. Қала халқы үшін мемлекет саясаты қалай жүзеге асатыны, қандай мемлекеттік бағдарламалар бар екені туралы білу, хабардар болу маңызды. Сонымен бірге тұрғындар үшін абаттандырылған, жарықтандырылған, таза, өмір сүру үшін жайлы, ыңғайлы қалада өмір сүру қоғамда жағымды пікір қалыптастырудан әлдеқайда маңызды екенін естен шығармаған жөн.

Альфия Шамай 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар