//////////

Баян Болатханова: Әдебиеттің талғам-таразысынан өтпеген сапасыз шығарманы жас ұрпаққа ұсыну дұрыс емес

1881 рет қаралды

2021 жыл балалар әдебиеті жылы деп жарияланғалы бері балаларға арнап жазылған шығармалар үшін елімізде мүшәйралар мен жарыстар ұйымдастырылды. Соның бірі Республикалық «Ер-Төстік» байқауы. Балалар әдебиетіне орай түрлі жанрлар төңірегінде ұйымдастырылған байқауда жазушыларымыздың үлкені де, кішісі де бақ сынады. Оза шапқан автордың шығармасы қомақты жүлдемен марапатталды. «Ер-Төстік» байқауында Ертегі -фэнтези номинациясы бойынша Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері. “Кездесу”, “Гаухартас”, “Қазақтың Қаршығасы”, “Өнер өлкесіндегі өрім”, “Шипагердің шын сыры”, “Бибіажар және Бойтұмар”, “Қарагөз ғұмыр”, “Мың бір жүрек лүпілі” т.б. көркем, деректі повесть, әңгіме жинақтарының авторы.  “Molia & DOS” ЖШС директоры,   балалар жазушысы Баян Болатханова қанжығалы үшінші орынды иеленді. Баян ханымды жеңісімен құттықтай отырып сұқбаты мен жеңіске жетелеген шығармасын назарларыңызға ұсынамыз.

– Мектеп оқулықтарына енген авторлардың көпшілігі 50-60 жылдан бері өзгермей келе жатыр екен. Кейде әдебиет оқулықтарынан арзанқол  дүниелерді де кездестіреміз.  Оқулық авторларына қандай талап қою керек деп ойлайсыз?

– Классик жазушыларымыз бейнелеген өмір суреттері ешқашан  ескірмейді. Бұл жөнінде әңгіме басқа.  Ал кешегі кеңес заманында басшыларды мақтаған әңгімелер мен өлеңдер болса оларды шығаруға болмайды. Өйткені  тәуелсіз елдің өз қоғамдық  тарихи шындығын қалыптастыруымыз керек. Бұрын көркемдік кеңес деген болатын. Баспа жүзін көретін шығармаға  белгілі жазушы, сыншылардың рецензиясы жазылатын. Әдебиеттің талғам таразысынан өтпеген сапасыз шығарманы  жас ұрпаққа ұсыну дұрыс емес деп білемін.

– Қалам ұстағанның бәрі тарих қуалап кетті.  Ал  қазіргі балалар жазушылары бүгінгі балалардың таным-түсінігін ескере ме? Балалардың талаптарына жауап бере алатындай дүние жазып жүр ме? 

– Өзің білетіндей биыл еліміз үшін  мерекелі жыл. Ол – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Қоғамдық формация өзгерген заманда өмір сүрудің  бар қиындығын  ел болып бастан кешудеміз. Түгендейтін тақырып көп.  Жазушының мақсаты – тарихи, қоғамдық, әдеби шындыққа қол жеткізу. Сондықтан тарихқа бару заңдылық. Бірақ, мәселе кімнің қалай айтуында ғой. Мәселе қандай тақырыпта жазса да қалай жеткізе білгенінде. Тарихты да қазіргі заманға сай жеткізіп жазуға болады. Бала танымына қызық дүниелер жазып, ізденіп жүрген жастар көп. Мысалы, Зәуре Төреханның заманауи, ғылыми,  фэнтези шығармалары, Дәурен Қуат, Қанат Әбілқайыр, Әлібек Байбол, Елдос Тоқтарбай, Саят Қамшыгер, Рүстем Сауытбай, Есей Жеңісұлы,  Қуат Адис деп бұл тізімді толассыз соза беруге болады. Бұл жастардың бәрі балалар танымына сай көркем шығармалар жазуға еңбектеніп жүрген қаламгерлер.

– Әдебиеттегі халтура балалар әдебиетіне де жетті десек, келісесіз бе?

– Қандай заманда да көркем әдебиетке қойылатын талап – біреу.  Тақырыпты ұтымды жеткізу. Кейде балалар жазушысы, ересектерге арнап жазатын жазушы деп  бөлудің керегі жоқ сияқты көрінеді. Себебі Мұхтар Әуезовтың «Қараш-Қарашы», Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесі» үлкен де, кіші де сүйіп оқитын шығармалар. Адамзатқа ортақ тақырып әңгіме, ақ пен қара,  зұлымдық пен мейірім, жақсылық пен жамандық шығарма арқауы болады. Біздің бала кезімізде оқыған жазушыларымыздың өзі бір төбе.  Мысалы Сансызбай Сарғасқаев,  Мағзұм Сүндетов, Мұзафар Әлімбаев, Сапарғали Бегалин, Мұхаметжан Етекбаев, Сейдахмет Бердіқұлов ағаларымыздың  әңгіме, повесть, ертегілері бала жастан оқып өстіп. Оларды балалар әдебиетіне үлес қоспады деп айта алмаймыз. Олар жазған шығармадағы талай кейіпкерлерге еліктеп өскенбіз.

Ал енді халтура жөнінде айтатын болсақ, оны жоққа шығара алмаймыз. Қалам ұстағанның бәрі жазушы емес.  Жәй қызмет істеген, әдебиетке қатысы жоқ адамдар зейнетке шыққан соң жазушы боп кетеді. Өздерінің өмірі жайлы естелік қалдырғысы кеп, түрлі шығармалар жазады. Бірақ бұл әдебиет емес. «Не сойса да қасапшы сойсын»,- демекші көркем әдебиетке ат үсті, жеңіл қарауға болмайды. Сөзі дұрыс емес болса да, атын дардай  ғып өздерін ақын-жазушымыз деп одаққа өтіп, сол жерде жүргенін талай көргенбіз. Бұл жалпы бұрыннан келе жатқан гүл арасында өсіп тұрған арамшөптей құбылыс екені белгілі. Кейбірі кітабын біреуге жаздырып, жазушы атанады. Біреу диссертациясын өзгеге жаздырып,  ғалым атанып жатады. Бұлай оқырманды адастыруға болмайды. Бірақ, өкінішке орай жемқорлыққа, өтірікке құрылған қоғамда бәрі мүмкін…

– Шет ел балалар әдебиетінің кітаптары біздің балаларды қатты қызықтырады. Ал өзіміздің авторлар неге заман көшіне ілесе алмай отыр?

– Шет ел әдебиетінен кем емес шығармалар бізде де туатыны анық. Ол үшін әдеби талқылаулар, мемлекеттік қолдау, авторлар бәсекелестігі,  сауатты алғыр, зерек балалардың талап-сұранысы да керек. Жарыс қай кезде де жаңа есімдер туғызады. Әдеби байқаулар көп болу керек. Және жасқа шектеу қойылмау керек. Тұлпарын бәйгеге қосқан қазақпыз ғой. Қазір балалар мен жасөспірімдер жазушылары ортақ мақсатқа жұмылып біраз іс тындырып жатыр. Өйткені биыл балалар әдебиеті жылы деп жарияланды. Соның өзі қаламгер қауымға үлкен қанат бітірді. Жылдың қорытындысы әлі шыққан жоқ. Бұйырса биылға ұйымдастырылған байқаулардың нәтижелері мен жеңімпаздарынының арасынан шет ел әдебиеті шығармаларынан асып түсетін шығармалар болады  деген үмітім бар.

– Балалар жазушысы ретінде балалардың  жас ерекшеліктеріне  қарай жазасыз ба әлде өзіңіз жаңа айтып өткендей жасқа бөлмей жалпы жазасыз ба?

– Менің балаларға арналған прозалық шығармаларым өзімнің ең алғаш ес білген уақытымда не білдім, не көрдім, қоршаған орта, ата-ана, мен кіммін деген сауалдарға құрылған  шығармалар. Қазіргі кезде әже жасына жеткен жазушы ретінде жазарамыз да, арманымыз да биік. Балаларға деген махаббатымыз шексіз. Сондықтан балаларымыздың болашағы жарқын, аспаны ашық, еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен, бигіліміз көсем болса екен деп тілейтін рухани көшбасшы жастар дүниеге келсе екен деп ойлайтын жазушы апаларыңызбын. Тек қана кітап  оқу жылы ғана емес барлық жыл жастарымыздың кітап оқу жылына айналсын. Айтары мол, түйсінтетін түйіні мықты кітаптар көп болсын.

-Сұқбаттасқаныңызға рақмет. Қаламыңыз қарымды болсын!

Мейірбан жанарлар елінде

(Қиял-ғажайып ертегі-фэнтези)

Бұл есте жоқ ескі заманда болған екен. Жер – дүние қысы-жазы құлпырып тұрыпты. Су да кәусәр, жеміс-жидек те ерекше дәмді. Гүлдер де хош иісті. Тіпті тіршілік біткен бір-бірімен ұғынысып, тілдесе береді. Бірінің тілін бірі түсінеді. Күн жаңбырмен, шөппен, шөп топырақпен, желмен, тау-тас, бұталар, жан-жануар, аң-құс біткен бәрі өзара тілдесіп, ынтымақтасып тіршілік кешіпті.

Адамзат – әлемнің еркесі екен. Бойлары үш метрден асатын, бойшаң, сымбатты, жүздері көрікті боп келеді. Әсіресе, мөлдіреген аялы жанарлары ғажап тылсымға ие. Бір қарағанда-ақ, жүз шақырымдай алысты болжап, бақылап көретін. Қыбыр еткен тіршілік дүниесінің бар қимылын қалт жібермей, өз қырағы жанарларына дискке жазғандай жазып алады.

Бірақ, соншама қабілетті болғандарына қарамастан, ерекше мейірімді, жан баласына зияны жоқ, күллі тіршілік дүниесінің досы екен өздері.

Бұл өзгеше мейірімді, бейбіт елдің ғажаптығы соншалық, тек таза ауамен ғана тыныстап қоймай, өздерінің ақ пейіл, таза ниеттерінен ортақ қуат алатын. Жан дүниелері кіршіксіз, мөлдір еді.

Адамдардың мейірімділігі соншалық, жан-жақтарына көз тоқтатып қараған сайын бар әлем құлпырып, гүлденген үстіне гүлденіп сала беретін. Қар астынан көрінген бәйшешектер әп-сәтте биіктеп өсіп, жеміс ағаштары шыбық күйінде баққа отырғыза салысымен жапырақтары жайқалып, бір жазда-ақ жеміс бере бастайтын. Диқандар еккен дәндер де тез өніп, егістік біткен жайқалып өсуші еді. Күз болмай-ақ уылжып пісетін.

Мұндай ғажап өлкеде өмір сүрудің өзі ғанибет қой. Олар ауру, өлім дегеннен мүлде бейхабар, мамыражай, мәңгілік ғұмыр кешті.

Өздерінің басқарушы көсемдерін ерекше қадірледі. Мейірбан жанарлар елінде уақыттың қалай өткені де білінбейтін. Әркім-ақ асыл арманға берілсе болғаны, әп-сәтте орындалып сала береді. Өйткені, басқалар да оған тілеулес боп тұрады. «Көп тілеуі – көл» деген сол да. Тіпті, табиғат та сол жақсы ниеттің жүзеге асуына бейімделе түсетіндей.

Жазда туғандар жаз, қыста туғандар қыс, көктемде туғандар көктем, күзде туғандар күз адамдары боп қана ретімен тіркелетін.

1-ден миллиардқа дейінгі осылай шартты түрде тіркелгендері болмаса, риясыз көңіл, ізгі ниет ортақ жерде не болса соған бөліну деген атымен жоқ. Нағыз бейбіт, ала-құласыз, алашақ-берешегі жоқ бір ғажап тіршілік еді. Бөліну, бақталастық деген атымен жоқ. Қымқыру, жымқыру дегенді білмейтін елде бәрі тамаша болмай ма?!

Бақыт құсы жарықтық та көп. Тіпті әр адамның басында бақыт құсы айналып ұшып, қалықтап жүретін. Бұл да бір үйреншікті, қалыпты жағдай көрінетін. Тіпті адамдар мен бүкіл тіршілік дүниесі арасында қуаныш биі, алғыс биі, мейірім биі, береке биі, тазалық биі дегендер өзінен өзі мың бұрала, асыр сала орындалып жататын. Ән шырқау, өлең оқу, сырлы сазды аспапта ойнау – өмірдің бар сұлулығын, сиқырлы, сырлы әуенмен бейнелеу – өмірдің бөлінбес бөлшегіндей көрініс-ті. Өнердің өмірдің бар бояуын, бар бедерін беруге ұмтылып, ғажап өрістеген шағы. Жазушы, суретші, мүсінші, ұста, зергер, тоқымашы, қойшы әйтеуір кез-келген өнер иелері қиял-ғажайып әлемінің небір сұлулығын тамсандыра кестелер еді. Шын өмір қайсы, қиял дүниесі қайсы болжап болмайсың. Шеберліктің шыңдалуында шек болушы ма еді?!

Бұлбұл құстардың, түрлі сайрауық құстардың әуені таң атпастан құлақ құрышыңды қандырады. Бірінен бірі өтетін көбелек, алуан өрнек бояулы жәндіктер ше.

Ізгілік жұпары аңқып, мейірім шашуы шашылып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда аңдар да шетінен күлегеш, цирк ойынпаздарындай жаңалыққа құштар, бір нәрсе үйренуге бейімделгіш боп тұратын. Үлкеннің кішіге қамқорлығы, әлдінің әлсізге жанашырлығы бүкіл тіршілік дүниесіне тән мызғымас қағида болатын.

***

Әттеген-айсыз өмір болушы ма еді. Мәңгі мамырстан, бақыт құсы қалықтаған елде де япырма-ау, орындалмай келе жатқан бір арман бар еді. Мейірімді жанарлар елінің ханы – ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу жар құшқан. Алақанға сап аялаған сол келіншегі бала көтеріп, қуанта алмай, уайым шеккізді.

Емші, дәрігерлердің бәрі қарап, шипа іздегенмен еш нәтиже болмады. Ханым көрер көзге әлсіреп, солып бара жатты. Түн баласы көз ілуден қалды.

Бір күні таңға жақын талмаусырап, енді көз шырымын алмақ болғанда түс көрді. Түсінде сұмдық іс көрді.

– Ей, мейірімді елдің ханымы, сен неге қапа боласың? Бір ауыз сөзіңмен жан жарыңды аузыңа қаратасың. Осы айтқанымды орындасаң, сенен бақытты адам болмайды – деді бір үн.

– Менде не шаруаң бар? – деді келіншек әлсіз үн қатып, – Ерім бүтін ғалам шардың иесі болса да, бір перзентке зармыз. Көрмей тұрсың ба, күннен күнге уайымнан солып барамын.

– Әрине, білемін. Қайғыңды азайту үшін бір ақыл айтайын. Соны орындатсаң, бақытты боласыңдар.

– Ол қандай ақыл. Айтсаң, айт. Тыңдап көрейін. Осыны айтуы мұң, әлгі үн енді ханымның өз ішінен шыққандай, тіптен жақыннан естілді.

– Мейірімді елдің ханына айт. «Мен адам біткеннің көзіне жерікпін» де, – Сол жерігім қанып, жаным жай тапқан күні хан ием, сенің бір бұл әлем емес, бүкіл бізді қоршаған 18 мың ғаламды түгел билейтін ұлың дүниеге келеді. Өз қабілетіңіз де бұрынғыдан шексіз артады. Түпсіз ғаламның бәрін үйде отырып, көзіңізбен шолып, саяхаттап, басқа да бүкіл ғаламшар иелерінің тілін түсініп, алыстан ойша басқаратын қабілетке ие боласыз!»-де.

Жерлестерің онсыз да бақытты ғой. Саған көздерін сыйлағаннан олардың түгі кетпейді. Ғажайып перзенттерің дүниеге келген соң бәрі бір күнгідей болмайды. Бүкіл ғалам сол перзенттерің арқылы хан екеуіңе тиесілі боп, мына көргендеріңнен мүлде басқа тіршілік дүниесін көресіңдер. Бұдан да зор бақыт құшағына бөленесіңдер – деп тағы ой қосты әлгі үн.

Перзенттің зары өткен соң ба, жоқ өзі де әу баста тұрлаусыз дүниеде тиянақсыздық танытуға бейіл ме еді. Ханым ішіндегі әзәзілдің сөзін құп алып, ертеңіне ханға жеткізді. Жай жеткізбей, шарт қойды.

Хан ием, мені шын жақсы көретініңіз рас болса, айтар уәжім бар. Сөзіме құлақ салыңыз. Орындаймын – деп уәде беріңіз.

Жақсылыққа жаны үйренген, ешқандай қатер ойламайтын хан келіншегінің сөзін тыңдар-тыңдамастан, «Жарайды!» – деген, – «Бір тілегіңді бердім. Айта бер, ханымым!».

– Айтсам, хан ием, мен отандастарымның көзіне жерікпін. Сіз рұқсат берсеңіз, жерігім қанған күні әлемде өзгеше өзгеріс болады. «Мейірімді жанарлар елі» әлемінен басқа да 18 мың ғаламды басқаратын боласыз. Мұндай шексіз билікке дүниеге келетін ұлыңыздың айрықша қабілетінің арқасында қол жеткізесіз – деді.

– Ханымым, не айтып тұрсың өзің. Бұл қай білместігің? Мейірімді жанарлар елінің бар ерекшелігі де халқымның осынау мөлдір, аялы көздерінде емес пе?

Ақ пейілдер елінің беріктігі де, татулығы да осында. Ғасырлар бойы бір-бірімізді ыстық ықылас, ақ пейілімізбен қорғап отырмыз. Тіршілікке нәр беруші ең үлкен жылу – таза жан дүние қуаты. Ол аялы, мөлдір жанарлар арқылы шартарапқа тарайды. Әрдайым, тіпті бар тіршілік сұлулыққа, жақсылыққа құштар болған сайын бәріміздің денсаулығымыз артып, еліміз көркейе түседі.

Ал, сен болсаң ең жанды жерден пышақ салып отырсың, ханымым! Мұны мен тіпті түсіне алмайды екенмін!

– Елім, елім деп өзеуреп қоймайды екенсіз. Өз әулетіңізді неге ойламайсыз? Осы айтқанымды орындамасаңыз, мен қайтып бұл сырқаттан бас көтере алмаймын. Құсадан-ақ жан тапсырамын. Ал сіз бұл пәниден ұрпақсыз өтесіз. Әулетіңіздің, салтанатты сарайыңыздың шамы өшеді. Бұл дүниеде әулетсіз, жалғыздықты таңдайсыз ба, әлде жарқыраған болашаққа ұмтылып, басқа сансыз ғаламдардың ханы болып, ертегідей өмір сүресіз бе? Таңдау еркіңізде. Осыны айтқан ханым қайтадан талықсып кетті.

***

Хан екі оттың ортасында қалды. Көз алдында жанжары жан тәсілім боп барады. Буынсыз жерден пышақ салған түрі анау. Мұншама шарасыздықтан ханның ерекше мейірімді, айрықша мөлдір жанарлары сусыз жерде қалған балықтың көзіндей алайып, сұмдық жапа шекті. Қиналып-ақ тұр. Халқын да ойлайды. Ханымын, салтанаты бұдан да тасыған болашағын да елестетеді. Жаны мұрнының ұшына келгендей. Бір мезетте: «Хан ием, алаңсыз өміріңіз жалғаса береді ғой. Осы сіз өз басыңыз не үшін қайғырасыз? Елге де түк болмайды. Бұл еліңізден де мықты, жаңа сапалы адамдар өз әулетіңізден тарайтын болады» деген әзәзіл сөзге бір пәске кірпік қаққандай, қас-қағым уақытқа мойынұсынғандай кейіп танытты. Мұны тіпті өзі байқамай да қалды.

Әзәзілдің аңдығаны да осы болатын. Ақ пейілдер елінің жақсылық қуатына түскен болар-болмас жаман ниет ұшқыны өршіп, қаулап ала жөнелді. Бір-біріне деген ізгі ниеттен қуат алатын елде түсініксіз бір әрекет басталды. Алдымен аспанда жарқыраған Күн тұтылды. Жамандық дегеннің не екенін білмейтін, өздері үлкен, зор, күшті болса да титтей қараулыққа қарсы келе алмайтын мейірбан жанарлы адамдар барлық жерде бірінен соң бірі бәйтеректей сұлап, шетінен құлап жатты. Жай құламай, мөлдір тап-таза жанарлары бірінен соң бірі ағып түсіп, тау боп үйіліп қалды.

Өмірбақи сеніп келген хан иелерінің бір осалдығы бар дүниені күлпарша етті. Бақыт құсын қалқытып, тіршілік дүниесін мәз ғұмыр, шат-шадыман қуанышқа ораған ақ ниеттің, ақ пейілдің нәзік арқауы осылайша үзіліп, ыдырап, әлемді адам түсініп болмайтын, әлем-тапырық, бей-берекетсіздік жайлады.

Ханның «Жалған дүние-ай» деуге ғана шамасы келді, – «Ханымым, мен не істедім!», – деп көкірегінен жалын ата күрсініп, ах ұрды. Бірақ, енді бәрі кеш еді. Көзге көрінбес жамандық оты лаулап барады.

Ханым болса, керісінше қуаты артып, «Хан ием, сен дұрыс жасадың, міне, міне, қазір көресің, дүниеге көптен зарыға күткен сәбиіміз келеді. Адамдар көзінің қуаты маған қарай ағылуда, жерігім басылатын түрі бар. Қазір, қазір, көресің – деп масайрай, ерні-ерніне жұқпай шалықтай сөйлеп жатыр.

Сөйткенше болған жоқ ханымның қампиған қарны қақ жарылып, ішінен үлкен жалғыз көз сияқты басы бар бір еңгезердей дәу шығып келе жатты. Бұлым-бұлым бұлшық еттері сомдалып, бойы сорайып, ханның көз алдында сәт санап үлкейіп бара жатыр. Бас орнында шақырайған дәу көз, кірпік қақпай бағжия қарайтынын қайтерсің! Тарбиған үлкен қолымен жарық дүниеге бала әкелдім бе деп мәз боп, миығынан күліп, талықсып жатқан байғұс шешесін басынан, шашынан бүріп ұстап көтеріп алды да, самаладай жарқыраған сарай шамына қарай лақтырып жіберді. Қақпақыл жасап, қайта қағып алды. Содан кейін есерсоқтана тіл қатты.

– Жерік болған көзің менмін. Жерігің қанған шығар, Ана. Адамзаттың сенімін аяққа таптап, жеті қат аспанның аржағына ұшып, ұшпаққа шықпақсыңдар ғой, солай ма?

Қанағатсыз, жалған дүниенің бірінші ұрпағы – мына мені сен әкем екеуің өмірге әкелдіңдер. Тумай-ақ қояйын – деп едім. Анам әзәзілмен ауыз жаласты, соның ақылын тыңдады. Өзіңді де майда тілімен, тәтті, қияли болашақпен қызықтырды. Өзіңе сенген отандастарыңды олардың қалтқысыз сенімін аяққа таптайтындай, не көрінді, Әке!

Жақсылықтан несіне одан бетер жақсылық іздедің, Хан ием? Сені көпшілік хан көтергенде берген уәдеңде тұрмадың ба? Әулетің халқыңнан керемет болады, бүкіл елдің орнын толтырады деп кім айтты сізге?

Сатқындықтың алғашқы салқыны тиген анамның жер басып жүруге енді хақысы жоқ. Алдымен, жанын өзім аламын!

Осылай деп қаһарына мінген жалғыз көз дәу анасын уысында ұстаған күйі зығырданы қайнай мыжып-мыжып, әп-сәтте бір уыс күлге айналдырды. Сөйтті де сарай ішіндегі мәуелі, үлкен гүл өскен құмыраға шаша салды.

– Сендер, енді жай гүл емес, жыртқыш гүлсіңдер. Менің оң қолымсыңдар! – деп оларға бұйыра сөйледі. Гүлдер қорыққаннан бастары бүгіліп, қалтырап, иіле түсті.

Хан мына көріністен әлдеқашан естен танып қалған. Енді ше? Өзі үйренген дүние үлгісі көз алдында күлпарша болса, жерліктердің бір-бірінен өмір нәрін, тіршілік қуатын алатын аялы, мөлдір жанарлары әп-сәтте өзінің бір сәттік жаман ниетінен ағып түсіп, дүние олар үшін тас қараңғы түнекке айналса, айналадағы жарқыраған әлемнен енді кімге пайда? Шартараптан жеткен күңіренген, ыңырсыған, «Дүние жалған» деген үндерден құлағы тұнып, басы айналды.

Іштен шыққан шұбар жылан емес пе! Жаңағы жалғыз көз дәу ендігі жерде хан әкесін тарпа бас салған жоқ. Қайта оған таңырқап, әуестікпен қарап, жалғыз көз басын шайқап-шайқап қояды.

Сарай ішіндегілер тұра тұрсын. Енді сыртта не боп жатыр, соған келейік.

***

Сатқындық пен нысапсыздық вирусы мақта жіпті тұтатқандай лаулап, әп-сәтте ересек адамдардың қуатты, мөлдір жанарларындағы өмірге құштарлық оттары семіп, шамшырақтары бір пәсте, бірінен соң бірі ағып түсіп жатты.

Әлі санасы толық кіре қоймаған, өмір сүруге қабылетті шырақ көздерінің бәрі толық жанып болмаған, табиғи сақтық қалыптары сақталған жас балалар ғана жарқыраған жанарларынан айрылған жоқ. Қазақша айтсақ, періштелері қақты. Көз алдарында жанарлары ағып түсіп, қалт-құлт еткен ересек ата-аналарын, ата-әжелерін жетелеп, жол көрсетіп, у да шу.

– Апашым-ау, сізге не болды? Дүние сол қалпында. Жарқырап тұр, есіңді жинашы, анашым! – деп шырылдаған сәбилер жамандық, қасірет алдында мүлде қауқарсыз аналарын қайраттандырып, дем беріп әлек.

– Әкешім, Сіз мықтысыз! Өйткені, сізден туған мен де мықтымын! Қараңғыда жол көрсетер, анам екеуіңізді бағып-қағар балаңызбын ғой. Жанарыңыз болмаса, жанар боламын. Қорықпаңыз! Жетелеп жүремін. Қолымнан келген бар көмегімді жасаймын. Бауырларым да көмектеседі. Тек күштеріңізді жиып, жанымызда жүрсеңдер болды, қасиетті, кемеңгер, қамқор ата-анамыз! – деп әр-әр үйде-ақ балалардың мейірімді үндері үсті-үстіне естіліп, әке-шеше, ата-әжелерін қорғаштап, уайымы көп, өздеріне түсініксіз бөтен өмірге бейімделіп жатты.

Расында бұл енді, бәрібір басқа өмір, басқа тіршілік еді. Мейірімді жанарлар еліндегі сәт сайын шуақ шашқан жақсылық, қуаныш, ақ пейілді жас балалардың нәзік жүрек лүпілдері, шүпілдеген мейірім, ізгілік сезімдері түгел орнын басып толтырмаса да, үміт сәулесінің мүлде сөніп қалуына жол бермеді. Ізгілік ұшқындары әр-әр жерде жылтырай жанып, мәңгі мамырстан елінде тас-түйін күрес басталды.

Кішкентай балалар көрер көзге есейіп кеткендей.

Кішкене балалардың жақсылыққа құштар жан дүниелерінен от алған қуат сәулелері енді шартарапқа бұрынғысынан да жиі, айрықша жылдам, шашырай тарады. Үсті-үстіне дабыл қаққан, көмек сұраған дауыс жазбаларын жіберді олар.

– Дабыл! Дабыл! Дабыл! Біз, «Мейірбан жанарлар елінің» балалары өз ғаламшарымызда жалғыз қалып барамыз. Ай мен күндей, алып бәйтеректей ата-аналарымыз, ата-әжелеріміз шеттерінен морыған ағаштай сұлап түсіп жатыр. Олар жанарларынан айрылып, қауқарсыз боп қалды.

«Мейірбан жанарлар елі» планетасынан сыртта жүрген қандастарымыз! Біздің дабыл қаққан үндеріміз жетсе, шұғыл елге қайтуға тырысыңдар! Белгісіз дертпен күресу үшін ел бірлігі керек! Ересектердің ақылы мен жәрдемі керек бізге! Күтеміз! Жедел хабарласыңыздар!

Әрине, бейбіт заманда ғылым білім, ерекше дамыған болатын. Ізденісте шек бар ма? Мейірімді жанарлар елінің айрықша дарындылары шартарапқа тарап кеткен-ді.

Қазіргі адамдардан бір ғажабы, ілім-білімдері жетілген сайын олар қаласа өздері-ақ ұша беретін қабілетке ие болды. Қазіргідей әуе кемелеріне отырып, ұшып, қонбайды. Скафандрларын киіп, қиялмен баратын жері туралы нақты, тереңдей ойлап, бағыт таңдаса болды қалықтап ұша беретін. Неғұрлым қиялы ұшқыр болса, басқа ғаламшарларға баратын сапарлары да қиял-ғажайып бола түсетін.

Өздерімен қосқанда 18 мың ғаламның нақты төртеуінде тіршілік дүниесі барын бұлар әлімсақтан бері білетін.

Атап айтсақ, олар мына ғаламшарлар еді: Salman (балық тектестер) планетасы; Avesтар (құсбастылар) ғаламшары; Lignum (ағаш тектілер) планетасы; Formicаe (құрт-құмырсқалар) ғаламшары.  Ал, бұлардың «Мейірбан жанарлар елі» Бүкілғаламдық қауымдастықта Oculi benigni ғаламшары деген атпен белгілі еді. Өйткені, бұл есте жоқ ескі заманның ғылыми ортақ тілі, көне латын тілі деп ұйғарған болатын ғалымдар.

«Мейірбан жанарлар елінің» ерекше дарынды ғалымдары бейбіт заманда көптеген ізгі ізденістерге жол ашқан. Тіршілік бар деген ғаламшарларға небір қызықты ғылыми сапарлар ұйымдастырып, түпсіз тұңғиық аспан көгіне жиі-жиі ұшып, барыс-келіс көбейген кез еді.  Балалар енді міне, сол қаһарман қандастарын көмекке шақырып жатыр. Ең жақын ғаламшар Salmanда тіршілік дүниесі тек судан, су ішіндегі балық тектестерден тұратын.

(Жалғасы бар)

Парақшамызға жазылыңыз

Айғаным Айтақын

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Ақын. Халықаралық, республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Университетіндегі журналистика мамандығының білімгері.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар