Бірнеше жыл бұрын Шымкент Республикалық маңызы бар қалалар қатарына қосылды. Үлкен қалалардың дамуы ел әлеуетінің көрсеткіші бола алатынын ескерсек, бұл өзгеріс Шымкент тұрғындары мен оның аглогмерациясы үшін жақсы жаңалық. Мінбер.кз тілшісі Қазақстандағы қалалардың дамуы мен ондағы тұрғындарға жасалатын жағдай жайында DataSight тәуелсіз зерттеулер агенттігінің директоры, әлеуметтанушы Ілияс Тілеубергеновпен әңгімелесті.
2030 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ КЕМ ДЕГЕНДЕ 70%-Ы, АЛ 2050 ЖЫЛЫ ШАМАМЕН 80%-Ы ҚАЛА ТҰРҒЫНЫНА АЙНАЛМАҚ
– Бұдан біраз уақыт бұрын Астана қаласының маңындағы Қосшы ауылында 1 «ы» сыныбы бар екені айтылды. Бұл біздің елімізде урбандалу процесінің қарқынды жүріп жатқанын көрсетеді. Мұның пайдасы қандай, зияны неде?
– Дұрыс айтасыз, елорданың тұсында орналасқан елді-мекендегі орта мектепте бастауыш сыныпқа баратын оқушы санының көбеюі – урбандалу үрдісінің қарқынды жүріп жатқандығының айқын көрінісі.
Бұл үрдіс алдағы жылдары бұдан да қарқынды болмаса, бәсеңдемесі айдан анық. Еліміздегі аналитик сарапшылардың жұмысына сүйенсек, 2030 жылы Қазақстан халқының кем дегенде 70%-ы, ал 2050 жылы шамамен 80%-ы қала тұрғындарына айналмақ.
Бұл үрдіс, яғни ауылдық жерлерден жаппай қалаларға, әсіресе ірі қалаларға көшу дегеніміз, қала жақсы, ауыл жаман, немесе қала жаман ауыл жақсы дегенге келмейді. Урбандалу мәселесін талқылағанда қала мен ауылды бір-біріне қарама-қайшы қоя отырып қарастыру түбегейлі қате ұстаным. Себебі, қалалардың күшеюі мен ауылдардың дамуы бір-бірімен тығыз байланысты. Ауылдың жағдайы тек қалаларда дамитын ғылым мен технологияға тәуелді болса, қаланың күшеюі ауылдық жерде көбірек дүниеге келетін адами капиталға тәуелді.
Елордамыз Нұр-Сұлтан мен қаржы орталығы Алматыдағы оқушы санының артуы урбандалу тұрғысынан қарағанда қала үшін пайдалы немесе тиімсіз екенін айтпас бұрын, қала деген атауға анықтама бере кетсек…
Ежелгі грек философы Аристотельдің айтуынша «қала дегеніміз – бұл алуантүрліліктің тұтастығы». Жер жаһандағы ең мықты және ең сәтті қалалар – тұрғындары алуан-түрлі, әр түрлі экономикалық қызметтер атқарылатын, алуан-түрлі әлеуметтік және мәдениетті елді-мекендер болып табылады.
Алуан-түрлі көзқарас тоғысқан мекенде сантүрлі проблема мен қылмыс көп болатынын ескеруіміз керек. Себебі дүниетанымы мен көзқарасы, шежіресі мен экономикалық дәрежесі әр түрлі топ пен таптар арасында түрлі шиеленіс, қақтығыс туындайтыны анық. Ал қаланың дамып-дамымауы «қала әкімшілігі – бизнес қауымдастығы – тұрғындардан құралған қауымдастықтар (коммюнити)» триадасының осындай шиеленістерді бірге шеше алу қабілетіне байланысты. Себебі, қала проблемаларын осы үштік бірге шешкенде ғана ыңғайлы, жайлы қала қалыптастыра алады. Мұндай проблемаларды ауызбіршілік арқылы шешпесе, Оңтүстік Америкадағы Сан Паола мен Мехико қалалары секілді біздің Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларымыз қылмыс пен сан түрлі әлеуметтік проблемалардың нақ ошағына айналары сөзсіз.
Қаладағы баспана алудың қиындығы мен үйдің қымбатшылығына, ондағы түрлі-түсті қарама-қайшылықтарға қарамастан, адамзат баласы ауылдан қалаға көшуге бәрібір ынтызар. Бұл – тек батыс немесе шығыс халқына, мұсылман немесе христиан әлеміне тән дүние емес. Бұл – әлемдік тренд. Себебі, қалалық жерде ғана адам баласының күн көрісі оңай әрі жеке адам ретіндегі қабілетін дамыта алу (самореализация) мүмкіндігі мол.
Ауылдық жерде атың шығу үшін талант болуың шарт, ал сол талантты әрі қарай дамыту үшін дарынды адамның өзі қалаға көшуге мәжбүр. Ал, қалада сіз ерекше дарынды болмасаңыз да еңбек нарығында бәсекеге түсе алатын адам ретінде әлеуетіңізді (потенциал) дамытатын шарттар көп. Және ол шарттар сапалы болғасын жағдайыңызды жасап алу мүмкіндігіңіз еселеп артады. Мысалы, дәрігер немесе мұғалімдік мамандығы бойынша он жерден шетелдік маңдай алды жоғары оқу орның үздік бітірсеңіз де, ауылдық жерде кәсіби тұрғыдан өсу мен қалалық жерде жұмыс істеп жүріп өсудің арасы жер мен көктей. Себебі, қалада кәсіби мамандар шоғыры (профессиональный нетворк), инфрақұрылым (лаборатория), іс-шаралар (ғылыми жиындар мен конференциялар) және бейресми байланыстар көп және жиі өтеді. Бұған қала маңында орналасқан, агломерацияға кіретін ауылдық жерлер кірмейді. Өйткені, Қоянды, Жібек Жолы және бұрынғы Қосшы ауылдарының тұрғындары Нұр-Сұлтан қаласының артықшылықтарын кеңінен пайдалана алады.
Бір жағынан, ғылым мен технологияның даму орталығы, екінші жағынан, қылмыс пен әлеуметтік проблемалардың ошағы болып саналатын қалаға біз қаласақ та, қаламасақ та адамдар ағыла береді. Қосшы қаласындағы мектепте «ы» сыныбының ашылуы соның көрінісі. Ал мұны ел экономикасы мен қоғамның пайдасына қолдану немесе зиян шегіп қалу «жергілікті әкімшілік – кәсіпкерлер қауымдастығы – тұрғындар бірлестігінің» урбаландалу үрдісін реттей алуына тікелей байланысты.
– Жалпы бұл процесті реттеу мүмкін бе?
– Әрине мүмкін. Ол үшін мемлекеттегі саяси және экономикалық басқару орталықтанбаған және авторитарлы болмауы шарт. Үкімет билікті қалалық әкімшілікпен бөлісуге тиіс және азаматтық қоғамның құзыретін арттыруы қажет. Мәселен, бізде ең алдымен жаһандық және республикалық деңгейдегі стратегиялық проблемаларды шешу үшін сайланған Президенттің Алматы қаласындағы Сулпак дүкені маңындағы ағаштарды кесу секілді жергілікті проблемаларды шешумен уақыты кетеді. Бұл – популизм. Әр адам өз жұмысымен айналысуы қажет, сол кезде ғана ел боламыз.
Дейтұрғанмен бәрін «жоғары» жаққа ысырып қойып, «алма піс, аузыма түс» деу сау қоғамның ұраны емес. Азаматтық қоғам урбандалу процесіне қатысу қажет. Мәселен, жергілікті атқарушы биліктің бюджетін келесі жылға жоспарлауына үн қатып, жиналыстарға қатыса отырып, қаланың «ыңғайлы, жайлы» болуына қала тұрғындары ықпал ете алады, байқауымызша, оны бірте-бірте үйреніп келе жатыр.
Азаматтық қоғамның нығайып келе жатқанын – ПИК-тің (Пәтер иелері кооперативі) орнына МИБ-тің (Мүлік иелері бірлестігі) құрылуына қарап айқындауға болады. Демократиялық қоғамға қаншалықты дайын екендігімізге осы МИБ сын бола алады. Себебі, көршілермен ортақ мәмілеге келе отырып, ортақ бюджетті бекітіп, іштерінен біреуді басшы ретінде сайлап қана қоймай, ай сайын сол басшыдан есеп ала алу, жиналыстарға тұрақты түрде қатысып, белсенді болу – шынайы демократиялық мемлекет құру жолындағы нақты қадам.
БҰРЫН КАРТОП ЕГІЛЕТІН СОЛ ЖАҒАЛАУДАҒЫ ҮЙДІҢ 1 ШАРШЫ МЕТРІ 400 МЫҢНАН БАСТАЛАДЫ
– Әлеуметтанушы ретінде урбандалу процесінің қоғамға әсерін қалай тарқатар едіңіз?
– Әлеуметтік тұрғыдан алғанда, урбандалу процесінің қоғамға әсерін сипаттау үшін әр қаланы жеке-жеке қарастыру қажет. Себебі, біздің елдегі қалалардың даму тарихы үш кезеңге байланысты. Қазір Қазақстан халқы мекендеген қалалардың көпшілігі, алғашқы легі Ресей империясы кезінде әскери бекініс ретінде соғылған. Екінші кезеңдегі қалалар – Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде темір жолдарды байланыстырушы тұрақтар мен пайдалы қазбаларды игеру мақсатында жұмылдырылған жұмыс күші тұратын мекендер. Ал, үшінші кезеңдегі қалалар – тың жерлерді игеру барысында соғылған елді-мекендер. Бұл дегеніңіз – Қазақстандағы көп қалалардың болашағы әуел баста соғылу концепциясына сай жұмыс істей алу қабілетіне байланысты. Мысалы, атам заманнан 1954 жылға дейін Бекболат ауылы болған, кейін түрлі-түсті металдар игеру және жер қоймаларындағы көмір мен жезді қазып алу үшін жұмылдырылған завод пен шахта жұмыскерлері үшін Жезқазған және Сәтбаев болып құрылған қалалардың болашағы сол мекендегі жер асты қазба байлықтардың келешекте неше жылға жететіне тікелей байланысты. Себебі, адам мен бизнес жүрек қалауымен емес, «аяғымен» дауыс береді. Яғни, жер туралы «ата-бабамның жері, кіндік қаным тамған жер» деген сезімге толы әңгіме айтылғанымен, адамдардың қай жерде тұрақтап қалатыны жайлы шешімі олар барған елді-мекендердің статистикасымен сипатталады.
Қазіргі таңда, республикалық маңызы бар және көпшілік тұрғысы келетін үш-ақ қала бар. Ата заңмен бекітілген құқығына сәйкес Қазақстан азаматы кез-келген жерде өмір сүруге хақылы.
2030 жылға дейін осы бетімізбен кете берсек және халық саны 25 млн. болса, онда қала тұрғындарының үлесі 17,5 млн. болады (70%-ы). Ал қалалықтардың 38%-ы тек осы үш қалада тұрақтайды (шамамен 7,0 млн. резидент). Яғни, әрбір төртінші қазақстандық мегаполис тұрғыны болады. Ал, ауылдық елді мекендерді небары 7,5 млн. адам мекендейді. Осы жерде айта кету керек мәселе, қалалықтардың арасында жастар, ал ауылдық тұрғындардың арасында егде жастағы кісілер көбірек болады.
Қазірдің өзінде, 750 мың халқы бар, жер аумағы 125 мың шаршы км Павлодар облысынан сәл кішкентай 122 мың шаршы км жері бар Ұлытау ауданының 44 елді мекенінде не бары 15 мың тұрғын шашыраңқы өмір сүреді. Ал астана мен Алматы қаласында бұл санды алақандай жерде орналасқан 10 қабатты 10 тұрғын үй кешенінен-ақ шығаруға болады. Бұл – адам мен бизнестің өзі қалаған жерде емес, өзіне жайлы жерде өмір сүретінін анық көрсетіп тұр.
– Еліміздің үлкен қалаларындағы инфрақұрылым мен жағдай өз атына лайық деп санайсыз ба?
– Қаланың қала болуы үшін нақ қандай техникалық стандарттарға сай, қандай инфрақұрылымға ие болу керек екенін айта алмаймын. Дегенмен, Шымкент қаласын мегаполис ету үшін жақын маңайдағы бірнеше аудандарды қосқан болатын. Онсыз да көп қабатты үйлерінен жер үйі көп Шымкент аумағына 2018 жылы жақын ауылдық елді-мекендерді қоса салды. Ондағы инфрақұрылымның қала стандарттарына сай қаншалықты жаңартылғанын өзіңіз пайымдай беріңіз…
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны ретінде айтарым, елордамыз жылдан жылға жақсарып келеді, өмір сүруге он жыл бұрынғыдан ыңғайлырақ. Алайда әлі де жайлы қала деп шын көңілмен айтуға аузым бармайды. Біріншіден, мүмкіндігі шектеулі адамдардың және коляскасы бар аналардың көшеде еркін қозғалу үшін және ғимараттарға кіріп шығу үшін пандустар көп жерде қарастырылмаған. Қаладағы саябақтар мен демалыс орындарында уақыт өткізуге еңбек қарым-қатынасындағы ретсіздік жол бермейді. Ең бастысы, кең байтақ далаға салынған су жаңа қаладағы үй бағасы тым қымбат. Бұрын картоп егілетін сол жағалаудағы үйдің 1 шаршы метрі 400 мыңнан басталады. Бұл нонсенс, ақылға сыймайтын дүние. Табиғаты қатаң, алты ай қысы бар, маңайында тамсанып қарайтын әсем табиғаты жоқтың қасы, батпақты жерде салынған қалада көп қабатты үйдің бағасы күн өткен сайын шарықтап тұр. Салынған үйлердің сапасы жақсы болса бір сәрі, көбінің жағдайы мәз емес.
Қала бәсекеге қабілетті болып, ел экономикасының дамуына үлес қосу үшін оған өнімді еңбек ететін дарынды жастар мен білікті мамандар көп шоғырлануы керек, ал оған астанадағы үй бағасының қымбат болуы үлкен кедергі. Осының салдарынан, жастар ауылдан қалаға қалай ағылып келсе, дәл солай ең үздік әрі мықты мамандар ірі қалалардан алыс-жақын шетелге яғни өмір сүру шарттары «жайлырақ» қалаға көшуде. Қысқасы, біздің қоғам – тек мұнай мен газ және жер асты қазба байлықтарды ғана емес, адами капиталды да сыртқа экспорттаушы ел болып отыр.
Егер де Үкімет және жергілікті билік осы мәселеге жіті назар аудармаса, Шымкент қаласының болашағы бұлыңғыр. Себебі одан 150 шақырымдық жерде жақын болашақта Орта Азияның ірі мегаполисіне айналғалы тұрған Ташкент қаласы бар.
Алматы қаласының болашағы маңайындағы ірілі-ұсақты ауылдық жерлердің проблемаларын оңтайлы шешуіне және креативті экономиканың орталығына айнала алу қабілетіне байланысты. Себебі, көлеңкелі экономиканың тынысын тарылту, бейресми жол саудасын ресмилендіру үрдісі жалғасудың нәтижесінде Қытайдан бастау алатын транзиттік бизнес Алматы арқылы тиімсіз болып, көрші Бішкек, Ташкент және Кабул қалалары арқылы жалғасуы әбден мүмкін.
Ал, елордаға келер болсақ, бұл қаланың болашағы таза саяси шешімге байланысты. Болашақ ел тізгінін қолға алатындар Нұр-Сұлтан қаласын астана ретінде қалдыруды ұйғарса, онда бұл мекенде тіршілік болады. Себебі мұндағы кәсіптің көбі тікелей мемлекеттік тапсырыстың арқасында жүріп жатыр.
– Алматы мен Астананы аглогмерация деп айта аламыз, осы санатқа ендігі уақытта қай қалалар кіреді деп ойлайсыз?
– Жалпы алғанда кез-келген қаланың өзіндік бір агломерациясы бар. Себебі жақын маңайдағы елді-мекендерді тұрғындары тұрақты түрде қалаға келіп, тіршілік жасайды. Қайсысының алға шауып өркендейтіндігі адами капиталдың дамуына байланысты.
– Әңгімеңізге рақмет!
Парақшамызға жазылыңыз