/////

Ньюкаслдегі антиваксерлер шеруі

3346 рет қаралды

Сенбі күні, 23 қыркүйекте Ньюкаслдегі Тайн өзенінің жағалауына серуендеп қайтпақ болдық. Біз барғанда бұл жағалауда бірнеше жүз адамның шеруі өтіп жатыр екен. Бұл не шеру екенін білмекке ұмтылып жақындап бардық.

Шеруге қатысушылардың қолындағы плакаттар мен листовкаларға қарап түйгеніміз, бұлар вакцинаға қарсы адамдар екен. Дәл осындай шерулер былтырдан бері біраз мемлекеттерде өткізіліп келеді дейді. Кейбір шерулерде қатысушылар мен полиция қызметкерлері арасында қақтығыс та болған екен. Тіпті Ньюкаслдің жергілікті сайты Chronicle live осы тамыз айында Ньюкаслдегі осындай шерудің соңы полиция мен шеруге қатысушылар арасындағы қақтығысқа ұласқанын айтады.

Біз жағалауға өзеннің шығыс жағынан келдік, ал шеру батыс жағалаудан бері беттеп келеді екен. Тайн өзеніндегі жеті ірі көпірдің үлкені әлі заманауиы – Gateshead Millenuim Bridge (яғни Гейтсхид мыңжылдық көпірі) деп аталады. Жаңа мыңжылдықта пайдаға берілген модерн көпірдің ерекшелігі – ірі кемелер мен желкенді қайықтарға жол беру үшін көпір тағанының көтерілетіндігі. Дәл осы ғажайыпты тамашалауға әлемнің түкпір түкпірінен туристер келеді. Бүгін де көпір маңы ығы жығы халық, ну нөпір екен. Алыстан шерудің дүбірі жетті. Жалма жан суретке түсіріп, видеосын ала бастадым. Бірнеше адаммен тілдесіп сұхбат жасадым.

Түйгенім шеруге қатысушылар вакцина паспортына, аяғы ауыр әйелдер мен балалардың вакцина алуына қарсы екен. Олар вакцинаның әлі эксперименттен өтіп жатқанын, ол эксперименттің тек 2023 жылы аяқталатынын айтады. Сол себепті де балаларымыз бен аяғы ауыр әйелдердің эксперименттің құрбаны болғанын қаламаймыз дейді.

Yellow card – вакцина алғаннан кейін қандай да бір ауруға ұшыраған немесе соның кесірінен қайтыс болған адамдардың статистикасын жүргізеді екен. Сол статистикаға жүгінсек тамыздың басында вакцинадан кейін Ұлы Британияда 1517 адам қайтыс болып, миллионнан астам адамда қарсы эффекті пайда болған.

Қолына “BBC is the virus” деген плакат ұстаған адам қазіргі медиа үкіметтің сөзін сөйлейді, шындықты айтпайды, пропаганда көбейіп кетті. Сананы манипуляциялау арқылы қоғамға шындықты айтпай отыр дейді.

Шерушілердің бірі қолыма The Light деген газетті ұстатып кетті. Онда вакцинаның әлі тексерілмегенін, оны салдырғаннан кейін адамдардың қандай күйге ұшырағанын жазған мақалалар бар екен.

Бұл оқиғаны Chronicle Live cайтынан ғана таптым. Басқа ақпарат құралдары назар аудармаған секілді. Алайда ол сайтта ВВС-ге қатысты плакатты көре алмадым. Дегенмен, мұндай шерулердің бүкіл әлемдік сипат алып отырғандығын айта кеткен орынды.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар