Күні кеше ғана Павлодардағы Көші қон департаментінде мемлекеттік тілдегі бланкілердің болмауынан дау шықты. Қоғам қайраткері Руза Бейсенбай апамыз мемлекеттік мекеменің бұл қылығын заңсыздыққа баласа, мемлекеттік бланкілерді жыртып, қызметкерлерді тілдегені үшін Руза апайымыз да жазықты ретінде жауапқа тартылуда. Мемлекеттік тілдің Павлодардағы ахуалы қандай? Павлодар облысында тілдерді дамытуға 74 миллион теңге қарастырылған екен. Соның ішінде қазақ тілі курстарына 46 миллион теңге бөлініпті. Біз Павлодарда мемлекеттік тілді дамыту мәселесі қай деңгейде екенін облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Самал Бегалиновадан сұрап білген едік. Самал Балғабайқызы әңгімені жалпы жағдайға тоқталудан бастады:
– Мемлекеттік тіліміз – руханиятымыздың, ұлттық болмысымыздың, тәуелсіздігіміздің негізгі қазығы, қастерлі құндылығы. Ал мемлекеттік бағдарламаның басты міндеті – қазақ тілін үйренуге жағдай жасау. Оның ішінде түсіндіру, ақпарат жеткізумен қатар, қазақ тілі курстары бар. Солтүстік өңірде мұндай курстар ауадай қажет. Қазақ тіліне қажеттілік те, қызығушылық та бар. Курсқа түрлі мекеме қызметкерлері қатысады. Хабарландырудан оқып-білген қала тұрғындары да жазылып жатады. Бастапқы кезеңнен өткендер әрі қарай жалғастыруға ниетті.
Облыс бойынша тілдерді дамытуға 74 млн 299 мың теңге бөлінсе, соның ішінде қазақ тілі курстарына 46 млн теңге қарастырылған. Қызмет көрсету саласы, ірі кәсіпорындар, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері және басқалар өз саласына байланысты оқытылады. Биыл тіл курсына 4159 адам қатысты. Оның ішінде 900 адам басқарма шеңберінде, ал 3259 адам қалалар мен аудандарда қамтылған. Курстарды өткізу ашық бәсеке жолымен жүреді. Құзырлы мекемелер барлық талапты көрсете отырып конкурс жариялайды. Мемлекеттік сатып алу конкурсынан ұтқан бір тіл орталығы қызметін ұсынады. Курс соңында қатысушылар сынақ тапсырады. Курстарды тәмамдағандарға арнайы сертификат табысталады.
Бюджет қаражатын тиімді игеру басты міндет болғандықтан, курстардың өту барысын мониторинг бөлімі қадағалайды. Оқу процесі толықтай бақылауда. Тапсырысты ұтып алған жеке кәсіпкер ұсынып отырған білім сапасы, оның ішінде қандай әдістемелік материалдар таратып жатқаны, сабақ барысы түгел тексеріледі. Еліміздің Конституциясында «Мемлекеттік тілді білу – әр азаматтың парызы» екені көрсетілген. Сондықтан тілді белгілі бір деңгейде меңгеріп шыққандар оны әрі қарай дамытып, қолданып, тілдік орта қалыптастыруы қажет. Тіл комитеті бұрын Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты болса, қазір Білім және ғылым министрлігіне берілген. Неге десеңіз, қазақ тілін оқытуды білім саласынан бастау қажет. Балабақшадан бастап, мектепте, жоғары оқу орындарында жалғастырған жөн.
Кезінде Елбасының бастамасымен қолға алынып, қазіргі ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатымен жалғасын тауып жатқан «Үш тұғырлы тіл» саясаты негізінде ағылшын тілін дамытуға 4 млн теңге бөлініп отыр. Одан басқа шараларға, яғни конкурстар, байқаулар, акциялар, бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмысқа 23 млн теңге қарастырылған.
– Қаржы бөліп, оны тиімді игеру басқа мәселе де, мемлекеттік тілдің шынайы қолданысқа енуі мүлдем бөлек дүние. Мемлекеттік тіл өз деңгейінде дамуы үшін не қажет деп ойлайсыз?
– Мемлекеттік тілді қолдануды мемлекеттік мекемелерден талап етумен шектелмей, әуелі өз отбасымыздан бастасақ деймін. Қоғамдық көлікке мінсеңіз, жастарды былай қойғанда, үлкен кісілердің өзі өзге тілде сөйлейтінін аңғаруға болады. Ата-әжелеріміз, әулеттің үлкендері ұлттық кодымызды сақтаумен айналыспаса, бұл жерде мұғалім, білім ошақтары, мемлекеттік мекемелер не істей алады? Бізге сын айтып, мін тағатындар көп. Өйткені сынау бәрінен оңай. Алайда сынағанның жөні осы екен деп, жасалып жатқан жұмысты жоққа шығару дұрыс емес. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудеПавлодар облысында ілгерілеу бар. Ал қазақша сөйлеуді әр азамат отбасынан бастауы керек. «Тіл жанашырымын» деп кеудесін соғып жүргендердің көбінің бала-шағасы орыс мектебінде оқитынын, қазақ балабақшасына бармайтынын көзіміз көріп жүр. Өзімнің балаларым қазақ балабақшасына, қазақ мектебіне барады. Үйде қазақша сөйлесеміз. Ата-аналар чатында да үгіт-насихат жүргіземіз. «Бәрі отбасынан басталады» деп қазақша орта қалыптастыруға шақырдым. Сенесіз бе, 25 ата-ананың ішінде үшеуіміз ғана қазақша жазамыз. Біз жаза берсек, қалғаны біртіндеп түсінер, үйренер деп ойлаймын.
Мемлекеттік тіл әрі қарай дамуы үшін тұтас қоғам үйлесімде жұмыс істеуі керек. Ана тілін дамытуға бірінші кезекте өзіміздің қазақтар күш салуы тиіс. Тек түсіндіру жұмысын деструктив жолмен емес, заң шеңберінде, мәдениетті түрде жүргізу қажет.
Қазақ тілінде өзімізден кем сөйлемейтін Алексей Лодочников, Максим Споткай, Марина Сахарова сияқты азаматтар бар. Достық үйіндегі көптеген орталықтағы өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілде сөйлейді. Олардың қазақ тіліне деген сұранысы, ынтасы, құрметі бар. Өкінішке қарай, орта қалыптастыруға кедергі болып жүрген өзге емес, өзіміздің қандастар.
– Сөзіңіздің жаны бар, дегенмен өңірдегі тіл үйрететін 34 орталықтың 10-ы ғана мемлекеттік тілді оқытумен айналысатынын көріп отырмыз. Жеті орталық ағылшын тілін үйретсе, төртеуі орыс тілін, қалған 13-і басқа тілдерді оқытады екен. Мемлекеттік тілді оқытатын орталық саны неге аз деген ой келеді…
– Тіл орталықтарының бәрі жекеменшік. Олармен кездесу ұйымдастырып тұрамыз. Соңғы рет Тілдер фестивалінде жасап жатқан еңбегі үшін марапаттадық. Мемлекеттік тілді оқыту орталықтарына деген қажеттілік бар. Бизнес болғандықтан, оларға қысым жасай алмаймыз. Дегенмен де сөйлесіп, түсіндіруге тырысамыз.
Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жұмыс істеп жатырмыз. Қызмет көрсету, сауда-саттық орындарында «QR-Қазақ тілі» жобасы жүзеге асып жатыр. Мобильді қосымшаны жүктеу арқылы тілашар, сөздіктер көмегімен кез келген адам мемлекеттік тілді тегін меңгере алады. Үгіт-насихат жұмысы бойынша YouTube әлеуметтік желісінде «Тіл альянсы» арнасы ашылып, апта сайын, ай сайын тіл саясатына қатысты атқарылып жатқан шаралар көпшілік назарына ұсынылады. Ең үлкен жетістігіміздің бірі – халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалы мен Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасы арасындағы өзара ынтымақ туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында сауда орталықтарында қазақ тілі кластарын ашу жоспарланған. Сондай-ақ биыл алғаш рет Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы республикалық көркемсөз оқу байқауы өтті.
Ешкімді күштеп оқыта алмаймыз. Қазақ тіліне деген қызығушылықты оятатын жаңа бағыт қажет. Алысқа бармай-ақ өзіміздің жергілікті мықты тіл мамандары бар, солардың бірі – әдістемесін үнемі жаңартып отыратын Шолпан Кенжикова. Сабақтарын әр жерде өткізіп, адамдармен байланыс жасай отырып жеткізуге тырысады. Қазақ тілі курстарына қатысушылардың 60-ы пайызы қазақтар, ал 40 пайызы – өзге ұлт өкілдері. Ресейдегі қазақ диаспорасының өкілдеріне де ана тілін оқытамыз. Омбы, Новосібір, Алтай өлкесінде тұратын отандастарымызды оқытып жатырмыз. Бұл іске 150 адам тартылып, қазақ тілін оқумен қатар, халқымыздың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптарын үйренді.
– Уақыт бөліп, сауалдарымызға жауап бергеніңіз үшін алғыс айтамыз. Еңбектеріңіз табысты болсын.
Сұқбаттасқан Сандуғаш Сапарқызы
*Мақала “Медианың негізгі машықтары” мектебі аясында жазылды.
Парақшамызға жазылыңыз