////

Жаңа туған нәрестелердің патронажы дегеніміз не?

9944 рет қаралды

Өмірге перзент әкелу – сүйінші сұрауға тұрарлық керемет жаңалықтардың бірі. Мұндай кезде бірі ана атанып қуанса, екіншісі әке, ата деген ардақты есімдерге ие болып, өміріне елеулі бақыт енеді. Ал жаңадан өмірге келген сәбидің күтімі, жаңа өмірдің ауырлығы мен қиындығын көрмеген нәрестеге кім түсіндіреді?  Жаңа әлемге адаптация қалай жүрмек? Нәрестенің патронажы деген не? Сол тақырып жайында Мінбер сайтының тілшісінеӘлеуметтік медициналық сақтандыру Қорының Алматы облысы бойынша филиалы,медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізу бөлімінің бас маманы, дәрігер Майра Айтуарқызы жауап берді.

Қазақстанда жаңа туған нәрестелердің патронажы туралы ата-аналар нені білуі қажет?

– Жыл сайын Қазақстанда 400 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Өмірінің алғашқы айларында жаңа туған нәресте үнемі бақылауды және дұрыс күтімді қажет етеді.

Бұл үшін біздің медициналық ұйымдарда патронаждық қызмет жұмыс жасайды, нәрестені үйге шығарғаннан кейін оны бірден емхананың учаскелік дәрігер мен медбикесі өз бақылауына алады.

18 жасқа дейінгі балалар медициналық сақтандыру жүйесінде азаматтардың жеңілдікті санатына кіреді, сондықтан оларға туғаннан бастап кәмелеттік жасқа толғанға дейін барлық медициналық көмек мемлекет есебінен тегін көрсетіледі.

– Жаңа туған нәрестелердің патронажы дегеніміз не?

-Жаңа туылған нәрестелердің патронажы-бұл аурудың алдын алу, ата-аналарды баланың үйлесімді дамуы үшін оған дұрыс күтім жасауға үйрету мақсатында перзентханадан шыққаннан кейін үйдегі кішкентай пациентті белсенді бақылау жүйесі.Айта кету қажет, анасы мен баласы ауруханадан тәулік бойы медициналық бақылау үшін медициналық көрсеткіштер болмаған кезде және қанағаттанарлық жағдайда ғана шығарылады. Бала үйге шығарылғаннан кейін перзентхана ол туралы ақпаратты одан әрі бақылау үшін нақты тұратын жері бойынша емханаға береді.

Ережеге сәйкес, медбике алғаш рет кішкентай пациентке ауруханадан шыққаннан кейін 1-3 күннен кешікпей баруы керек. Перинатальды және туа біткен патология белгілері бар шала туылған нәрестелерді шығарылған күні бірден  қарауға тиісті. Егер бұл күн демалыс немесе мереке күндеріне түссе, мұндай нәрестелерге кезекші педиатр – дәрігер барады.

Балалар учаскелік медбикесі балаға өмірінің бірінші айында аптасын екі ретке  дейін барады. Содан кейін ол анасы мен баласын бір айлық жасында емханаға алғашқы тексеруге шақырады.

Биыл 8 айдың ішінде медбикенің жаңа туған нәрестеге үйге патронаждық бару қызметі 1,5 миллионнан астам рет көрсетілді.

-Жаңа туған нәрестелердің үйдегі патронажына не кіреді?

-Балаға бірінші рет барған кезде медбике ата-анасымен танысады, төлқұжат мәліметтерін, сондай-ақ баланың барлық деректерін жазады, сонымен қатар анаға денсаулығына байланысты сұрақтар қояды, ана мен баланы хаттама бойынша тексереді.

Медбикенің міндеті:

  • Ана мен баланың денсаулығы туралы сұрау (шағымдар, сүт бездерінің жағдайы, физикалық белсенділік, тамақтану, ұйқы, контрацепция);
  • Ананың көңіл-күйін бағамдау, үй ортасының қауіпсіздігін және жаңа туған нәрестенің қажеттіліктеріне бағам жасау;
  • Ананы сәбиге күтім жасау ережелері, бала емізу принциптері, температуралық режимді сақтаудың маңыздылығы, бала күтіміне отбасының қатысуы хабардар ету, кеңес беру және үйрету;
  • Баланы тексеру және қауіпті белгілер анықталған жағдайда дереу учаскелік дәрігерге хабарлау;
  • Отбасына дереу медициналық ұйымға жүгінуді қажет ететін аурудың қауіпті белгілерін үйрету, олар: тамақтану проблемалары, жаңа туған нәрестенің белсенділігінің төмендеуі, минутына 60-тан астам тыныс алудың жиілеуі, тыныс алудың қиындауы, қызба немесе температураның төмендеуі, құрысулар, қалтырау және басқалар;
  • Вакцинациялау мерзімі туралы хабарлау;
  • Баланың өміріне, денсаулығына, қауіпсіздігіне және дамуына қауіп төндіретін әлеуметтік қатерлерге бастапқы бағалау жүргізу және оларды анықтаған жағдайда амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін емхананың әлеуметтік қызметкеріне хабарлау;
  • Қосымша көмекке мұқтаж балаларды анықтау және олар үшін жеке баруды жоспарлау (туу кезінде дене салмағы төмен балалар, АИТВ жұқтырған аналардан туған немесе ауырған балалар).

Мұның барлығын балаға одан әрі патронаж жасау кезінде ескеру маңызды.

-Жаңа туған нәрестеге алғашқы барудан кейін медбике не істеуі керек?

-Емханадағы жұмыс орнында медбике кішкентай пациентті БХТ АЖ-да тіркейді («Бекітілген халық тіркелімі» ақпараттық жүйесі), баланың амбулаториялық картасында тексеру нәтижелері туралы жазба жасайды, учаскелік педиатр дәрігерге үйде тексерудің нәтижелері туралы хабарлайды.

Егер медбике сәбидің денсаулығында орташа және жоғары қауіпті анықтаса, ол ЖПД дәрігерге, аға мейірбикеге, емхана меңгерушісіне медициналық ұйым осындай баланы бақылауда ұстауы үшін және дәрігер қауіп дәрежесі мен факторларына сәйкес жеке бақылау жоспарын әзірлеуі үшін хабарлайды.

-Егер емхананың патронаждық медбикесі келмеген жағдайда, ата-аналарға не істеу керек?

-Егер перзентханадан шыққаннан кейін ана мен балаға патронаждық медицина қызметкері келмеген жағдайда, ата-аналар нақты тұратын жері бойынша телефон арқылы емханаға жүгіне алады, баланың тууы туралы хабардар етеді және патронаж қағидаларына сәйкес баланы тұрақты тексеріп-қарау үшін медбикені үйге шақыра алады.

Егер сізде медициналық көмек алуға байланысты сұрақтар туындаса, сіздің өз емханаңыздағы Пациентті қолдау қызметіне хабарласуға мүмкіндігіңіз бар. Сондай-ақ Қорға ресми кері байланыс арналары арқылы өтініш бере аласыз: 1406 байланыс орталығы, «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасы, Қордың www.fms.kz. сайты, Telegram-дағы Saqtandyrybot.

Парақшамызға жазылыңыз

Арай Нұржанқызы

Арай Нұржанқызы Жетісудың тумасы, ақын, "Жетісу келіндері" орталығының төрайымы, "МедиаНет" халықаралық журналистика мектебінің, "Мінбер" ақпарат агенттігінің "Азаматтық журналистер" мектебінің түлегі.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар