25 қараша күні – Халықаралық әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін күрес күнінде «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді әрекеттердің 16 күні» халықаралық кампаниясы басталды. Кампания аясында дәстүрлі түрде «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы өтеді. Акция 25 қараша күні басталып 10 желтоқсан күні аяқталады.
Бұл күндері республика көлемінде мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, қоғам белсенділері және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа немқұрайлы емес қоғам өкілдері қоғамдағы әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық сияқты келеңсіз құбылысқа қарсы барлық мүмкіндіктері мен күштерін біріктіреді. Акцияның мақсаты – зорлық-зомбылық мәселесіне көпшіліктің назарын аудару, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа төзбеушілікті қалыптастыру, зорлық-зомбылықтың алдын алу және оның болуына жол бермеу үшін әлеуметтік, мәдени және басқа да шараларды өткізу.
Осыған орай 25 қараша күні Еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ЕҚЫҰ және БҰҰ-әйелдер құрылымымен бірігіп ұйымдастырған «Қазақстандағы отбасы институты және отбасы саясаты: мәселелер, үрдістері мен келешегі» тақырыбындағы халықаралық конференциясы өтті. Конференция аясында «зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді әрекет» халықаралық акциясы бастау алды.
Халықаралық конференцияға ҚР адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Ұлттық комиссия мүшелері, Парламент депутаттары, мемлекеттік ұйымдардың басшылары, ҮЕҰ өкілдері, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сонымен қоса дипломатиялық өкілдіктер қатысты.
Конференция жұмысы барысында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, ҚР адам құқықтары жөніндегі уәкіл және ҚР Ішкі істер министрлігі «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күні» Халықаралық кампаниясын өткізу бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойды.
Бірлескен іс-қимыл жоспары тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алуда республика деңгейінде барлық тараптардың жүйелі түрде жұмыла әрекет етуіне ықпал етеді деп сенгіміз келеді.
Алматы қаласындағы «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» Қоғамдық қоры да 25 қараша күні «Дағдарыс орталықтарының қызметін жетілдіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессорлармен жұмыс бойынша шараларды әзірлеу және іске асыру» республикалық әлеуметтік жобасының аяқталуына арналған дөңгелек үстелді (онлайн тәртіпте) «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясына орайластыра өткізді.
Аталған жоба тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және Қазақстандағы отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайын жақсарту бойынша кешенді шаралар қабылдауға бағытталған.
Жобаны 2021 жылдың 1 наурызынан бастап ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранттық қаржысына «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ еліміздің 17 өңірінде жүзеге асырды.
Дөңгелек үстел жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, ҚР қорғаныс министрлігі, ҚР ішкі істер министрлігі, коммерциялық емес ұйымдар, БАҚ өкілдері қатысты.
«Біздің командамыздың үлкен жетістігі – жобаның қамтуы 1 миллион 712 адамнан асты, біздің шараларға 12 мыңнан астам қазақстандықтар қатысты – дейді «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ президенті, жобаның жетекшісі Маргарита УСКЕМБАЕВА – әрбір әйелге, әрбір қызға, әрбір азаматқа дейін Қазақстанда әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша тұтас жүйе, инфрақұрылым қызмет ететіні туралы ақпарат жетуі өте маңызды, әрбір өңірде тәулік бойы жүгінуге болатын дағдарыс орталықтары мен баспаналар бар. Өткен жазда Францияда өткен «Теңдік ұрпағы» Халықаралық Форумында сөз сөйлеген кезде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Қазақстанның саясатындағы екі басымдықты және соның ішінде зорлық-зомбылықпен күрес туралы мәлімдеді.
Қоғамдық қор дөңгелек үстел жұмысы барысында жоба аясында алғаш рет (!) өткізілген шаралар жайында баяндап берді. Оларға нақты тоқталатын болсақ, Қазақстанда «Агрессорлармен жұмыс бойынша нұсқау» әзірленген, бұл нұсқау еркектермен және жәбірленуші әйелдермен жұмыс кезінде полиция қызметкерлеріне көмекке бағытталған. Мұнда отандық және шетелдік теорияда, тәжірибеде бар теориялық әзірлемелер, абъюзерлермен жұмыс бойынша оқыту және әдістемелік материалдар ұсынылыпты.
Республиканың барлық 17 өңірінде «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ бастамасымен және ҚР ІІМ қолдауымен онлайн және оффлайн тәртіпте (полиция учаскелерінде) агрессорлармен кездесулер өткізілген. Мамандар кездесулер барысында абъюзерлерге «жұдырықтасудың» зардаптарын түсіндіріп, шиеленісті қалай шешуге болатынын және көмекке қайда жүгіну қажет екені туралы тәжірибелік ұсыныстар берген. Осы жұмыспен барлығы 300-ден астам агрессор қамтылған екен.
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған мемлекеттік және мемлекеттік емес – дағдарыс орталықтары, баспаналарды мониторингтен өткізу жүзеге асырылған. Мониторинг жұмысына 17 дағдарыс орталығы қатысыпты. Мониторинг аясында дағдарыс орталықтарының және баспаналардың қауіпсіздігі, олардың қызметкерлері мен қызметтерді алушылары тұрғысынан бағаланған.
Жобаның тағы бір маңызды сәті – ҚР қорғаныс министрлігі мен ІІМ жүйесінің жоғарғы әскери оқу орындарының курсанттары арасында өткізілген ақпараттық кампания болыпты. Бұл ақпараттық кампанияға барлығы 1500-ден астам курсанттар қатысқан.
«Аталған оқу орындарында өз психологтары, тәрбиешілері бар болғанына, жүйелі жұмыс жүргізілетініне қарамастан, ҚР қорғаныс министрлігі, ҚР ІІМ бірден әрекет еткені және ақпараттық кампанияны өткізу қажет деп есептеген мекемелер тізімін ұсынғаны қуантты, – дейді Маргарита Ускембаева. – Өкінішке орай, біздің тәжірибемізде біздің баспаналарға, дағдарыс орталықтарына полиция қызметкерлерімен, бұрынғы әскери қызметкерлермен некеде тұрған зорлық-зомбылық көрген әйелдер жүгінген жағдайлар болды. Бұл барлық жерде деп айта алмаймын әрине. Біздің міндетіміз – кәсіби патриоттарды, болашақ полицейлерді қолданыстағы заңнама, қазақстандықтарды зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша инфрақұрылым туралы ақпараттандыру болды. Мысалы, біздің «ARASHA» атты баспанамызда қазір тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны ер адам бар. Сондықтан, ешкім де бұл жағдайдан сақтандырылмаған дегім келеді! Бірақ, жүгінетіндер көбіне әйел адамдар, әдетте балаларымен».
Сонымен қатар, жоба аясында өңірлерде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша инспекторлар, ювеналдық полиция инспекторлары, учаскелік инспекторлар, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтарының, баспаналардың заңгерлері мен психологтарына арналған қазақ және орыс тілдерінде онлайн тренингтер өткізілген, тренингтерге 415 адам қатысыпты.
Агрессорлардың қолынан зардап шеккендермен де психологиялық жұмыс жүргізілген – психологтар барлығы 1424 жеке кеңестер өткізсе, 2466 адам топтық кеңес алған. Жобаға қатысу үшін 5 адвокат шақырылған, Нұр-Сұлтан, Степногорск, Қарағанды, Орал, Алматы қалаларынан әйелдерге 312 кеңес өткізілген.
Аталған жобаға қатысушы Маңғыстау облысы, Ақтау қаласындағы «Рай» әлеуметтік жедел жәрдем орталығының негізін қалаушы Райхан Бекманова жоба туралы өз әсерін айтып берді. «Биылғы жылы наурыз айынан бастап әлеуметтік маңызы өте зор жобаға қатыстық. Ұйымдастырушысы – «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ. Жобаны жүзеге асыру кезінде сауатты және логикалық дұрыс жоспарланған нақты шаралар өткізілді. Өз кезегінде бұл тікелей қатысушы болған бізге, яғни дағдарыс орталықтарының қызметкерлеріне ғана емес, сонымен қатар біздің қызметімізді пайдаланушыларға да, жалпы жобаға қатысқан әр өңірдің халқына да дамуға әлеуметтік оң әсер берді деп сенімді түрде айта аламын. Әрбір өткізілген шарадан кейін біздер өз ұсыныстарымызды жолдап отырдық. Біз бұрын да отбасы агрессорлары, жәбірлеушілермен жұмыстар жүргізіп жүрдік, ал қазір жобаның арқасында біздер бұл жұмысты байыпты және дұрыс жүргізу үшін дайын өнімге, яғни әдістемелік құралдарға, материалдарға ие болдық. Сол себептеп мұндай әлеуметтік маңызды жобалар кем дегенде 3 жыл көлемінде жалғасуы керек деп есептеймін. Полиция учаскелерінде агрессорлармен өткізілген кездесулерден кейін олар үшін де кездесулердің өте маңызды екенін түсіндік. Өйткені олар өздерінің өзекті мәселелері жайында, қандай қиындықтармен кездесетіні және қандай себептерге байланысты отбасында зорлық-зомбылық болатыны туралы айтты. Кездесу басында олар өз наразылықтарын ғана білдірсе, аяғына қарай өздері де осындай кездесулердің жалғасы болғанын қалайтыны туралы ұсыныстарын жеткізді. Бізд өз тарапымыздан кездесулерді тоқсан сайын жоспарлы түрде өткізуге ұсынысымызды білдірдік. Жобаның аясында дағдарыс орталықтарының қызметкерлері де білім алды, біліктіліктерін арттырды, жоба ұйымдастырушылары ұсынған әдістемелік құралдарды өз жұмыстарында пайдаланып жүр. Жобаның біздің жұмысымызды жақсарту, жеңілдетуге үлкен әсері болды деп айтсам болады».
8 айға созылған әлеуметтік жобаның аясында өткізілген шаралар, жоба қорытындылары, мониторингілеу нәтижесі және «Агрессорлармен жұмыс бойынша нұсқау» сияқты материалдарды қоғамдық қордың сайтынан таба аласыз.
Өңірлерге келетін болсақ, 25 қараша күні Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында аталған акция БҚО ішкі істер департаментінің және Орал қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің Тұрмыстық зорлық – зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының қызметкерлері бірігіп қатысқан республика көлеміндегі «Ақ лента» челленджімен және өңірдегі колледждерде кездесулер өткізумен басталды.
«Ақ лента» – бұл кез-келген түрдегі зорлықпен келіспеудің белгісі. Ақ лентаны таққан адам өзінің зорлық-зомбылыққа қарсылығын білдіреді. Акцияның символы ақ лента Канадада пайда болыпты, бұл акция арқылы бір топ ер азаматтар бастамашы болып, жыл сайын отбасындағы зорлық-зомбылықтан жүздеген әйелдер мен балалардың зардап шегетінін басқаларға жеткізіп, көздерін ашқысы келген. Олар зорлық-зомбылықтан бас тарту және бір-біріне мейірімділік және шыдамдылық танытуға шақыру белгісі ретінде қолдарына ақ лента таға бастаған. Бұл принцип «Ақ лента» акциясына қатысушылардың барлығы үшін міндетті болып табылады.
Акция аясында полиция қызметкерлері мен дағдарыс орталығының қызметкерлері еріктілермен бірігіп Орал қаласындағы көпшілік жиналатын сауда-сауықтыру орталықтарында ақ ленталар және ақпараттық парақшалар, жадынамалар таратады. Орал қаласынан бастау алған «Ақ лента» челленджі облыстың барлық аудандарында жалғасады.
Бүгінгі кездесу Батыс Қазақстан индустриалды колледжі, Орал «Сервис» технологиялық колледжі және Орал политехникалық колледжінің оқушылары, студенттерімен өтті. Облыс көлеміндегі колледж студенттерімен кездесу жоспарланған кестеге сәйкес жалғаса бермек.
«Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді әрекеттердің 16 күні» халықаралық кампаниясы аясындағы «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы ең алғаш 1991 жылы өткізілгенін ескеретін болсақ, биыл акцияның өткізілгеніне 30 жыл толып отыр.
Халықаралық кампанияның ресми түсі – зорлық-зомбылықсыз жарқын әлемді білдіретін қызғылт сары түс.
Біздің редакция да халықаралық акцияны қолдау мақсатында 16 күн бойы қоғамдағы өзекті тақырыпқа акция аясында мақалалар және анықтамалық ақпараттар сериясын жариялауды жалғастыратынын хабарлағымыз келеді.
Парақшамызға жазылыңыз