//////

Бақытбек Бәмішұлы: Британия күнделігі

2619 рет қаралды

28.10.2021ж.

ЕКІ ЖАҒАНЫҢ АРАСЫН КӨПІР ҚОСАДЫ

Англияның Тайн өзенінің бойындағы Ньюкасл қаласының негізін өткен мың жылдықтың басында римдіктер қалапты. Оның ізі, жұрнағы көрнеу тарих болып көмбесіз, дау-дамайсыз көрініп жатыр. Кетіліп-мүжіліп күйреп, арсиып қаңқасы қалған, мүк басып, қына шыққан ескі жәдігерлер. Қала теңіз жиегінен әудем жер, 10 миль шамасында орналасқан екен. Алғашқы көпірді де римдіктер салған дейді. Мың жылдықтар арасын жалғап, өзара байланыстырып тұрған ұлы арқау іспеті. Көпір дегеніміз тек қана бір өзеннің арғы бергі жағасын қосқан қолдан жасалынған мәдениет туындысы ғана емес екен, екі дүниенің арасын жалғастырған өмір дерсіз.
Өнеркәсібі өркендеген Ньюкасл қаласының көруге тұрарлық көрікті жерінің бірі де осы көпірлер болса керек. Көпірлерді салудай-ақ салыпты. Бар-жоғы 2017 жылғы мәлімет бойын 300 мыңдай халық тұратын қалаға осыншама көпір салар ма, бірі-біріне мүлдем ұқсамайтын, сәні де, сәулеті де бөлек 7 алып көпір бар екен. Бір төбенің басын мен екінші төбенің басын қосқандай үш-төрт қабат үйдің биіктігіндей темір көпірлер ғылым мен техникасы дамыған, адамы айға ұшқан заманның туындысы емес, тарихы арыда жатқан көне дәуірдің адамдарының ақыл-ойының күш-қуатын әйгілейді. (Сурет-1).


Бұл тек қана ақыл-ойдың өресінің биіктігін ғана емес, материалдық байлықтың ұшан-теңіз мол, жеткілікті болғандығын да паш етіп тұр. Алып құрылыстарды салуға қара қорым жұмысшы-пролетариаттардың табан-ет, маңдай тері көл-көсір, қыруар қаржы-қаражат аз жұмсалмағаны айтпаса да түсінікті. Оның сырын да осындай орасан зор мәдениетті жасаған жандардың Отанға, елге, жерге қала берді туған қаласына, туып-өскен мекеніне деген ерекше махаббаты, өз жұртын өз жүрек, жанындай жақсы көретіндігін осы көпірлерден-ақ, олардың сапасы мен сәнінен, санасы мен мәнінен-ақ сезінуге болады. Сондай-ақ Ньюкаслдің болашағы үшін қаланған әрбір түйір кірпішінен адамдарының, ел мен жер иесінің отанға деген сүйіспеншілігінің иісі аңқып тұр десем асыра мақтағаным болмас.
Ньюкасл көпірлерін қаланың көркі десе дегендей. Төменгі қабаты автомобильдер мен жаяуларға арналған, деңгейі су бетінен 26 метр, ал жоғарғы пойыз жүретін қабаты су бетінен 40 метр биіктіктегі екі қабатты темірден жасалынған көк көпір ерекше көз тартады. (Сурет-2).


Қоғам мен өндірістің дамуына орай көпірлер де жаңарып, жаңадан салынып отырған. Мәселен, ХІХ ғасырда бұрынғы тастан қаланған көпірлер үлкен кемелердің өтуін қамтамасыз ете алмаған. Сондықтан 1876 жылы алғашқы ашылмалы-жабылмалы көпірді салған екен. Міне қараңыз, жұрт осыдан 145 жыл бұрын екі жиекті қосқан қарабайыр көпір емес, ашылмалы-жабылмалы көпірді ойлап тапқан.
Әлемдегі алғашқы бір аралықты ең ұзын көпір де Ньюкасл еншісінде екен. Ол 1928 жылы пайдаға беріліпті. Ал 2001 жылы іске қосылған жаяу жүргіншілер мен велосипед мінгендерге арналған «Мың жылдық көпірінің» ерекшелігі де таңғаларлық. Ол қажет кезінде 40 градусқа айналып, көтеріліп түсетін өз ара темір арқандармен қосақталған екі доғамен екі жағаны жалғап тұр. (Сурет-3). Әзірге жер бетінде мұндай көпір біреу-ақ болса керек. Әлемнің бұл соңғы жаңалығын, көпірдің қос доғасының айналып көтеріліп, тұрқы биік кемелерді өткізу тамашасын алыс-жақынан келіп, көріп кетушілер топаны да аз емес көрінеді.


Осы көпірден таяқ тастам жерде бір неше алып көпірлер тұр. Біріне бірі ұқсамайды. Бірінің сәулетін бірі қайталамайды. Әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері, көркемдігімен айшықталады. Ал мына 2001 жылы пайдаға берілген айналмалы көпірдің бір қарасаң пайдасы, қажеттілігі де шамалы, босқа шашылған шығын ақша сияқты көрінеді. Бірақ, олай ойлау ағылшындардың ойына да кіріп шықпаса керек. Әрқашанда жаңашылдыққа, жасампаздықққа, бір нәрсені ойлап табуға, үнемі жаңаланып отыруға ұмтылатын, консерватизмге, тұрақтылыққа, өте-мөте қанағатшылыққа қас, үнемі үдеріс үстінде болатын ұлттық, ағылшындық менталитеттің өмірлік көрінісі екен.

Көпірдің ашылып жабылған сәтінен көрініс

Ньюкасл көпірінің үстінде тұрып салынып бітпей жатып құлап қалатын, судың бір тасқынына шыдамай орылып, ойылып жататын, эстетикалық дизайнерлік жағынан жұрдай көпірлер меен соңында Алматыдағы «сақалы ағарған», көркемдіктің нышаны да сезілмейтін «Алтын орда» көпір кешенін есіме алдым.

Ньюкасл апон Тайн

(жалғасы бар)

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар