///

Бақытбек Бәмішұлы: Ұлы көштiң алғашқы қарлығаштары (тоқсан алты туралы толғау)

2191 рет қаралды

Қазақтың қасқа тарихында елiнiң есендiгi мен қасиеттi қара мекенiнiң тұтастығы жолындағы күрескерлiгiмен күмбезденiп көрiнетiн қаһарман ұл–қызы аз болмаған. Соның iшiнде ақыл, парасаты қаймана халқының мәңгiлiк жадында қалып, аты аңызға айналған ержүрек апаларымыз қаншама.

Әр заман өзiнiң қоғамына қажет батырларын тудырып отырды. Ел бастаған көсем, сөз ұстаған шешен, қол бастаған батырлар ел басына күн туған күндерде ғана тумайды екен. Бiрлiгi мен тiрлiгi жарасқан бейбiт дәуiр де қалың топтан даралап, өз тұлғасын таңдайтын көрiнедi. Уақыттың сондай бiр талғам, таңдауы екiнiң бiрiне түсе бермейтiнiнiң куәсi болғандықтан айтуға қақымыз бар. Алайда сондай ерекше жандарды кейбiр тұстарда, тұстарда емес-ау, аттам сайын аңдамай жатсақ онымызға кiмдi кiнәлаймыз? Бүгiн бiз сондай бiр алаштың аруы туралы аз да болса баян етпекпiз.
Жалпы қай ұлттың болсын басындағы ең бiр қиынның қиыны ол ұлттың бүтiндiгiн қамтамасыз ету болса керек. Ал сол ұлттың дүниенiң түкпiр-түкпiрiне шашудың құрты сынды шашылып кеткен үрiм бұтақтарын жинау мiндетi жүктелген болсашы. Мiне, қазақтың қилы тағдырындағы бiз бiлетiн тарихта болмаған құбылыс – қазақтың басын қосу. Осы ұлы iстi бастау қалауы түскен жан, қазағымның қайсар қызының бiрi – Сағат Заханқызы.
Қазақтың қазаққа қарай көшкен бiр көшiн бастау қалауы неге Сағат Заханқызына түскен? Бұған жауапты С.Заханқызының “Ұрпақтар тоғысы” (Астана, “Елорда”, 2001ж) атты еңбегiне тарих ғылымдарының докторы Өмiрзақ Озғанбайдың жазған беташар сөзiнен табуға болады: “З.Сағаттың осы бiр тарихи деректерге негiзделген кiтабын оқи отырып, қарындасымыздың сұңғыла экономист, ұлтжанды саясаткер, ақынжүректi азамат екенiн аңғарамыз”. Заман осындай азаматқа көш тiзгiнiн ұстатса керек. Оқырманға мәлiм: Кеңестер Одағының керегесi күйреп, шаңырағы шағылуға шақ қалған шақта “Атажұрттан ағайынға айтылған ақ тiлектi алғашқылардың бiрi болып Моңғолиядағы қазақтар қабылдаған едi. Сол бiр қой жылғы киелi көштiң көшбасшысы – Сағат Заханқызы.

фото: Қазақстан ұлттық арнасы

Тарих не дейдi. “1990 жыл. Сәуiр. Кеңестер Одағының Моңғолиядағы елшiсiне: Моңғолия қазақтары Қазақстанға көшкелi жатыр деген қауесет рас па? Кеңестер Одағының КП–ның бас хатшысы М.С.Горбачев”.
“1990 жылы. Сәуiр. Кеңестер Одағының КП-ның бас хатшысы М.С.Горбачевқа: Моңғолия қазақтары арасында Қазақстанға көшу туралы бұзық ой мүлде жоқ. Кеңестер Одағының Моңғолиядағы елшiсiнiң кеңесшiсi Қайыр Рахметжанұлы Омаровтан”.
C.Заханқызы: “Қайыр Омаровтың бұл iс-әрекетi бiзге пайдалы болыпты. Егер Қайыр Омаров елдiң көшкiсi келетiн ниетiн жоғарыға хабарласа, орыстар шекараны жауып тастауы мүмкiн едi”. “Жел соқпаса шөптiң басы қимылдамайды” демекшi бiр сыбыстың болғаны анық. Жай сөз Горбачевтi алаңдата қоймайды.
№1 жолхат. Сонымен тоқсаныншы жылдардың басындағы елдегi еңбек дағдарысын ұтымды пайдаланып қалу қажеттiлiгi туды. Жұмыссыздарды еңбекпен қамтамасыз ету үшiн шетелдерге шығару, соның iшiнде қазақтарды Қазақстанға шығару керек деген мәселенi көтередi. Сөйтiп, 1990 жылы желтоқсанның 19-ы күнi Сағат Заханқызы Моңғолияның Еңбек Министрлiгiнен Қазақ ССР–ына барып еңбек келiсiмшартын жасауға құқық берiлген №1 жолхатқа қол жеткiзедi.
Тарихи күн. Ұлы көштiң басталуына себепшi болған алғашқы еңбек келiсiмшарты сол кездегi Талдықорған облысының Сарыөзек кеңшарында 1990 жылы желтоқсанның 27 күнi дүниеге келедi. Келiсiмшартқа Қазақстан тарапынан Кербұлақ ауданының атқару комитетi төрағасының орынбасары В.М.Колупаев, ауыл шаруашылық бiрлестiгiнiң төрағасы Нұрбай Жантiлеуевтер қол қояды. Мiнеки, осы күн, 1990 жылдың желтоқсанының 27–i қилы замандарда әр қиянға кеткен ағайындардың басын қосуға мұрындық болған тарихи күн ретiнде қазақ тарихында белгiленуi керек деп ойлаймыз.
Алғашқы көш. Моңғолия Еңбек министрi Ц.Цолмонның бұйрығымен Сағат Заханқызы Қазақстанға баратын жұмысшыларды басқаратын өкiл ретiнде тағайындалады. 1991 жылы наурыздың 12-i күнi құрамында 96 адамы бар алғашқы көш Ұланбатырдан аттанып, атамекендi бетке алады. “Сол 96 адам Ұлы көштiң алғашқы қарлығаштары едi”. Туған елдiң топырағын тұңғышы болып аттаған сол тоқсан алты батырдың есiмi де қазақ тарихынан орын алуға тиiстi деп ойлаймыз. Бұлардың аты–жөнiн С.Заханқызының “Ұрпақтар тоғысы” атты кiтабынан табасыз. Елдi елге қосуда, нартәуекел етiп, ерен ерлiк көрсеткен ерлердiң есiмi ескерусiз қалмауға керек. Қой жылы басталған қоңыр көш әлi де жалғасуда. Олардың атамекендегi саны миллионға жуықтады.

«Түркістан» газеті, 2008ж.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар