/////

Кешегі бала бүгінгі баланың мәселесін түсіне ме? НЗМ оқушысының оқиғасынан не түйдік?

2875 рет қаралды
фото: informburo.kz

Қоғамдағы кейбір стереотиптердің сетінеуіне немесе белгілі бір тәртіптің орнауына бір оқиға себеп болатыны бар. Ақпаратты жасыру немесе бүркемелеу – біздің қоғамның ең үлкен дерті. Әңгіме анық-қанық айтылмаған соң алуан түрлі аңыз туады. Ал ол «аңыз» кей адамға соққы болатынын ойлана бермейміз…

8-сынып оқушысының өзіне қол жұмсауы туралы алғашқы ақпаратта бала психологпен әңгімелескен соң кейін суицид жасағаны жазылған.  Назарбаев мектебінде өткен «Хәрри Поттер» тақырыбындағы кеште сегізінші сынып оқушысының тақырыпқа сай  юбка кигені, оны құп көрмеген куратор баланы мектеп психологына күшпен апарғаны айтылады…  

Осыдан кейін желіде психолог мамандығы мен мамандарға, Назарбаев зияткерлік мектебіне қатысты алуан-алуан пікір борады. Тіпті мәселенің мән-жайы анықталмай жатып, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров кәмелетке толмағандармен жұмыс мәселелері бойынша жедел әрекет ету штабының отырысын өткізіп, мектеп психологтарының біліктілігін арттыру жұмысын жеделдетуді тапсырды.

Бір қызығы, Назарбаев мектебінің ресми өкілі (баспасөз хатшысы) баланың мүлде юбка кимегенін, оны ешкім психологқа апармағанын, мектеп психологы әрдайым балалармен тығыз-қарым қатынаста екенін айтты.

Мектептің бұл жауабына қарсылық ретінде оқушылар мектепке юбка киіп келді. Олар бұл арқылы үлкендер жеткіншектердің пікірімен санасуы керек дегенді айтқысы келіпті.

Ал қайтыс болған баланың әкесі мектеп әкімшілігіне хат жазып, баласының атын ешқандай акцияға қоспауды сұраған және кураторға да, психологқа да еш шағымы жоқ екенін айтқан.

Мінбер.кз тілшісі бұл оқиғаға байыппен қарап, Назарбаев мектебінде бірнеше жыл психолог болып жұмыс істеген Ермек Нұрымовтың пікірін білді.

Ермек Нұрымов, психолог:

ТӘРТІПКЕ БАҒЫНУ МЕН ҚЫСЫМ КӨРУДІҢ АРАСЫНДА АЙТАРЛЫҚТАЙ АЙЫРМАШЫЛЫҚ БАР

Статистикалық көрсеткіштерге қарасаңыз, Қазақстанның суицид бойынша алдыңғы қатарда екенін көресіз. Жасөспірімдер арасында өзіне қол жұмсау жыл сайын арты барады. Дабыл қағатындай жағдай! Оның себебі – мемлекет пен отбасы институтының әлсіздігінде.

Жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюіне бірнеше фактор әсер етеді. Оның ең бастысы – отбасы институтының дұрыс жұмыс істемеуі. Қазір көп отбасы балаларды тек материалдық тұрғыдан қамтамасыз етсек болды деп ойлайды. Олай етпесе тағы болмайды, себебі қатарластары жақсы телефон ұстаса, «менің баламның одан несі кем?» деген принцип бар. Дәл осы әлеуметтік мәселе салдарынан бала мен ата-ана арасындағы байланыс дұрыс емес. Батыс ғалымдарының зерттеуіне сүйенсек, балаға ең алдымен «еститін құлақ» жетпейді екен. Бұл балаға материалдық жағдайдан бұрын, психологиялық қолдау маңызды дегенді білдіреді. Бала соңғы үлгідегі телефон ұстап жүргенімен, ата-анасымен қарым-қатынасы жақсы болмаса, бәрі бекер. Көп жағдайда ата-аналар жұмыстан келгеннен кейін «шаршадым» деген сылтаумен телефонға үңіліп кетеді. Ондай кезде бала өзіне керек дүниені әлеуметтік желіден, басқа да жерден іздейді. Бала ол жерден өзіне пайдалы ақпарат алып жатыр ма, жоқ па, ата-ана одан хабарсыз болып қала береді. Әбден уақыт өтіп кеткенде, «менің балам мұндайға қалай барды екен?» деумен бас қатырады. Ата-ана баласына қаншалық керек болса, соншалық жауапты екенін естен шығармауы керек!

Ата-аналардың көбі әлі күнге дейін мектептің тек білім беретін орын екенін жете түсінбейді. Салыстырмалы түрде айтсақ, мектеп тек 30% тәрбие береді, себебі балалар  тәуліктің 6 сағатында ғана мектепте болады. Қалған уақытта отбасымен немесе достарымен бірге.

Ал енді қоғамда резонанс туғызған НЗМ-де болған жағдайға келсек, әрине, алаңдайтын жағдай. Әлеуметтік желідегі жазбаларға анализ жасағанда баланың психологиялық әлсіздігін байқауға болады. Адам ешқашан бір сәтте өз-өзіне қол жұмсамайды. Суицид – психологиялық депрессияға түсудің салдары. Адамның бойына негатив ой күннен-күнге жинала береді. Сол жағымсыз ой жиналып, шегіне жеткенде адам өзіне қол жұмсайды. Қайтыс болған жасөспірімнің әрекетіне байланысты қоғамның көзқарасы тек біржақты болып жатыр. Қоғам бала әңгімелескен соңғы адам кім болса, кінәні содан іздеуге кірісіп кетті. Бұл дұрыс емес, бірінші кезекте отбасындағы тәрбие мен атмосфераға, бала психологиясына назар аудару қажет.

Мен бірнеше жыл Назарбаев мектебінде психолог болып жұмыс істедім. Ол жерде кез келген адам психолог бола алмайды. Жұмысқа қабылдау қатаң  тәртіппен жүзеге асады, іріктеу де әділ. Ондағы психологтар жыл сайын екі-үш рет біліктілігін жетілдіріп отырады. Мектеп психологынан мін іздеу шындыққа жанаспайды. Мектеп білім беру орны болған соң, оның өзіндік тәртібі бар. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дегенді білесіз. Тәртіпке бағыну мен қысым көрудің арасында айтарлықтай айырмашылық бар.

Мұндағы тағы бір жайт, мектеп жүйесінде де болуы мүмкін. Көп ата-ана баласының қабілетін шамаламай, қайткенде де Назарбаев мектебінде оқытқысы келеді. «Престиж», «атақ», «даңқ»  деген сыртқы абыройға көп мән береді. Зияткерлік мектептің талабы мен ондағы балалар арасындағы білім, әлеуметтік жағдай, психологиялық тұрақтылыққа байланысты көзге көріне бермейтін бәсеке кез келген бала үшін өте ауыр. Психологиялық тұрғыдан және білім жағынан қатарластарынан қалмау үшін бала өзін күн-түн демей қажай береді. Бұл да бала психологиясына әсер етпей қоймайды. Сол себепті әр пікірді даурықтырмай, жеке мәселені жан-жақты зерделеу керек.

Бұл мәселе туралы әлеуметтік желіде де түрлі пікір жазылды. minber.kz солардың бір парасын жариялауды жөн көрді.

Қалмаханбет Мұқаметқали, баласы НЗМ-де оқитын ата-ана:

КІНӘНІ БІРЕУДЕН ІЗДЕЙТІНІ РАС…

…Рас, трагедияның ең ауыры баланың өлімі, өкінішті, ешкімнің басына бермесін…

Аздап аналитика жасасам, қоғамның біраз мүшесі Назарбаев зияткерлік мектептерінде ұзын өші, қысқа кегі қалғандай-ақ мінеп тастапты.

Демократия ғой, ләббай. Бірақ, сол мектепте баласы оқитын, белсенді әке көзімен қарағанда… кей пікір ренжітті. Мысалы, соның бірерін айтайыншы: НЗМ білім, тәрбие беруде оқушыға «Сен лидерсің, сенің жаныңда басқалар ешкім емес…» деп оқытқан емес, биыл үшінші жыл ондайды естімедік. «Ұлттық тәрбиеден жұрдай…» дейсіз, сіздерді қайдам, мен өзім 46 жасқа келдім, әлі де ұлттық тәрбие дегеннің не екенін түсінбей-ақ қойғаным. Бірақ, балалар домбыра шертеді, киіз үй тігіп үйренгенін білемін, белгілі мерекелерде оюлы шапан алдырады, ет астырып, бауырсақ пісіртеді, негізінен қазақша сөйлейді. Біздің ұлдың мектебінің домбыра оркестрі шетелде өнер көрсеткен…

Қой, біреудің алдында бірдемеден ақталып отырғандай болғаным не?

Сосын, қазақтың барлық нәрсені қолдан шығарып алып, кінәні біреуден іздейтіні рас қой, бала тәрбиесінде де солай екенбіз. Және бала тек НЗМ-де ғана өзіне қол салып жатыр ма? Статистика сұмдық екен. Балаларға қатысты. Мені шошытқан бір дерек: кәмелетке толмағандар арасындағы асылып қалу мен жүкті болып қалу… қашықтан оқу кезінде де тіркеліпті. Карантиндегі бір жылдағы, былтырғы жағдай. Ал мектепке тыйым салынған зат алып келу, оның ішінде суық қару да бар, күн сайын тіркелетін көрінеді. Темекі шегу әшейін, винт. колеса сияқты таблеткалар, тіпті аса қымбат тұратын есірткімен ұсталатын балалар да бар-мыс…

…Құдай сақтасын бізді, балаларымызды!

Ілияс Мыңжасаров, Республикалық физика-математика мектебінің түлегі:

КӨП ҮМІТ КҮТУ БАЛА ПСИХИКАСЫНА ОҢАЙ СОҚҚЫ ЕМЕС

НЗМ оқушысының басына түскен оқиғадан кейін кейбір азаматтар көп нәрсені түсінбей қалды. «Осындай элиталық мектепте қандай мәселе болуы мүмкін? Біз одан да нашар мектепте оқыдық, мұғалімдер бізді указкамен ұрды, қазіргі балалар тым әлсіз», – деп жатқандар бар.

Бұл жағдайға арнайы түсініктеме бермей-ақ қояйын, бірақ басқа элиталық мектептің түлегі ретінде бір нәрсені нақтылай кеткім келеді.

Элиталық мектептерде ешқандай проблема болмайды, ондағы балалар тек «тойғанынан секіреді» деген ой – қате. Өркендеген оқу орындарында жағдайы ортадан төмен мектептермен салыстырғанда проблема аз емес, тек олардың сипаты басқа.

Иә, жөндеу жұмыстары, құрал-жабдықтар мен персоналға қатысты мәселе болмауы мүмкін, бірақ ол проблема жоқ деген сөз емес.

Біріншіден, атақты мектепке орта және жоғары сынып оқушылары қатаң іріктеуден өтіп түседі. Олардың барлығы дерлік өз мектебінде жұлдыз болған балалар. Алайда, бәсекеге қабілетті орта мен күрделі бағдарламамен бетпе-бет келгенде, бұрынғы жұлдыздар көптің бірі болып қалады. Интернеттегі «бәрі өз қолыңда» дегендей  жігер беретін сөздерге қарамастан, бұл бәсекеде жеңіп шыға алмайтыныңды түсінесің. Мәселе сіздің әлсіз екеніңізде емес, жағдайға әділ баға берсек, жай ғана біреу сенен жақсырақ және оны еш өзгерте алмайсыз. Дәл осы нәрсе бала кезінен озық болуға дағдыланған жасөспірімнің тұлғалық қасиетіне қатты әсер етеді.

Екіншіден, ата-ана қысымы. Бірінші абзацта айтылған қиындыққа бала азды-көпті көндігіп, өзін үздік сыныптастарымен салыстыруды тоқтатып, білім үшін оқуды үйрене бастағанмен, кейбір шолақ ойлайтын ата-аналар туралы естен шығармаңыз. Ата-аналар көбінесе балаларына өзімшіл көзқараспен қарайды және перзентінің жетістігі туралы мұғалімдерден мақтаулы сөз естімеу олардың жанына қатты батады.

Ондайда сіз енді достарыңызға балаңыздың үздік және сыныптағы ең жақсы оқушы екенін айтып мақтана алмайсыз. Мұндайда баланы қайраудың ең азған тәсілі – «бізге мұндай мектеп арман еді», «біз саған барлық жағдайды жасадық, сен барыңды салып талпынбайсың», «сенің ағаң осы мектептің мақтанышы еді, ал сен…» деуге көшеді.

Көшбасшылық, өзін-өзі құрметтеу, жанқиярлық туралы үнемі айтатын, бірақ мәселені шешкенде іс-жүзінде кеңестік тәсілдерді қолданатын мектеп әкімшілігінің қылығын айтпай-ақ қояйын…

Қысқасы, бала кезіңізде лайдан құйылған мектепте оқып, үлкендермен төбелесіп, мұздай суды белуарға дейін кешіп жүріп, 90-жылдардан аман өтсеңіз, бұл өзіңіз проблемасы болуы мүмкін емес деп санайтын бүгінгі балаларға тәкаппарлықпен қарауға болады деген сөз емес.

Үздіксіз жарыс, қатал бәсеке, үй тапсырмасын орындау жолындағы ұйқысыз түндер, басқалардың одан өте көп үміт күтуі бала психикасына оңай соққы емес. Сіз ондай соққыны аулада өткен балалығыңызда еш сезініп көрмегенсіз. 

Биік-биік мінберлерде, шағын және ауқымды жиындарда қоғам өзгерді, адам да өзгеруі керек дегендей ой-пікір жиі айтылғанмен, өзіне қол жұмсаған бір жасөспірімнің оқиғасы қоғамның әл-әзір өзгере алмай жатқанын көрсетті. Кешегі бала – бүгінгі үлкен мен  бүгінгі бала – ертеңгі үлкеннің арасында дұрыс диалог болмай тұр… Өркениетті саналатын зияткер мектеп те қоғаммен, өз оқушыларымен коммуникация орнатуда өркениетке жете алмай қалды. Жарым-жартылай ғана айтылған ақпарат қоғамды аз әбігерге салған жоқ…

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар