Қазақстанда ақшаны желге ұшырудың түрлі амалы бар. Кеткен қаржының есебі болғанымен нәтижесі жоқ түрлі конференция ұйымдастыру осы санатқа кіреді. Тіпті ол конференциялардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру деген атпен өтетінін ойлағанда таңқалмасқа әбдіңіз қалмайды. Ең қызығы, бұл ақшаны қандай мақсатта, не үшін жұмсап жатқанын тапсырыс беруші де, орындаушы да түсіне бермейтін секілді.
Көптеген мемлекет бюджет қаржысын дәл осындай түсініксіз мақсатта шашуды қаламайды. Негізі шыққан шығын қайда, қалай, не мақсатта жұмсалғанын анық білу қалыптасқан үрдіс болуы тиіс еді. Өкінішке қарай, біздің елде жұмсалып жатқан қаржының есебі жоқ, тиімді жұмсалып, жұмсалмағаны да ескерілмейді.
Біз жақында БҚО ішкі саясат басқармасының Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру аясында қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және құқық бұзушылық профилактикасына бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және өткізуді іске асыруға 2020 жылы жариялаған ҚР мемлекеттік сатып алу порталындағы бір конкурсын зерттеп көрдік.
Порталдағы мәліметтерге сүйенсек қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және құқық бұзушылық профилактикасына бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және өткізуге нақты сомасы 8,8 миллион теңге бөлінген. Бұл қызметті «АҚ ЖОЛ» шағын және орта бизнесті қолдау Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі мойнына алған, жетекшісі Лаврентьев Борис Георгиевич.
Қызмет Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша сатып алынған. Келісімшарттың орындалу мерзімі – 31.12.2020ж., қызметтер орындалған, көрсетілген қызмет үшін ақы толығымен төленген.
Бұл тапсырыс аясында «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасын жүзеге асыру бойынша кешенді іс-шаралар өткізу; қоғамдық бақылау картасын жаңғырту; интерактивті қоғамдық бақылау картасын іске асыру; мемлекеттік сатып алуға мониторинг жүргізу секілді жұмыстарды жүзеге асыру көзделген.
Келесі тақырыптар бойынша (тақырыптар көрсетілген) ұзақтығы кем дегенде 1 минут болатын 5 бейнеролик шығару және әлеуметтік желілерде тарату; Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналған байқау өткізу; Міндетті түрде ұйымдастырылған іс-шаралар туралы облыстық және республикалық БАҚ-та 5 мақала және 5 сұхбатты жариялау; Өткізілген әрбір іс-шара қорытындысы бойынша (2 күн ішінде) Өнім беруші Ішкі саясат басқармасының сайтында жариялау үшін мемлекеттік және орыс тілдеріндегі ақпаратты (іс-шараның атауы, мазмұны, мақсатты аудиторияны қамтуы, өткізілген орны, 2-3 сапалы фото) Тапсырыс берушіге жолдайды.
Жобаның соңында қорытынды шығармашылық есепті құрастыруға қойылатын талаптар бойынша нұсқаулыққа сәйкес растайтын барлық құжаттарды қоса отырып, қағаз және электронды нұсқада қорытынды шығармашылық есепті (нысан бойынша) Ішкі саясат басқармасына ресми хатпен бірге 2020 жылғы 20 желтоқсанға дейінгі мерзімде жолдауы қажет.
Тапсырыс берушінің орындаушыға қойған талабы қалай орындалды және оны орындау қалай бағаланды? Мұны білу үшін қызметке тапсырыс берген басқарманың сайтына үңілдік. 2021 жылғы 27 мамырда Басқарма сайтының Баспасөз орталығы айдарындағы Мақалалар бөлімінде «2020 жыл 6 қосымша» тақырыбымен «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында шараларды ұйымдастыру» құжаты жарияланған. Осы құжаттағы бағалау өлшем шарттарына сәйкес сарапшылар кеңесі атқарылған іске баға беріпті. Бағалау есебінің қорытындысы 117 балл.
Орындалған жұмыстар бағаланбас бұрын алдымен есебі болуы шарт. Осы мақсатпен БҚО ішкі саясат басқармасының сайтындағы Баспасөз орталығы айдарында жарияланған 2020 жылы қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және құқық бұзушылық профилактикасына бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу туралы ақпаратты іздестірдік. 2020 жылғы 1 қыркүйектен бастап жарияланған материалдар арасында 2 байқау өткізілген.
Дәл осы күні «Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күніне арналған үздік жарияланымдар байқауы» тақырыбымен Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күніне арналған «Сыбайлас жемқорлық біз үшін жат!» тақырыбында әлеуметтік желілердегі үздік жарияланымдар байқауының жеңімпаздары анықталғаны туралы баяндайды.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша қызметтерді орындаған үкіметтік емес ұйымдар келісім-шарт негізінде орындаған жұмыс туралы есепті техникалық шартта талап етілген тәртіппен БҚО ішкі саясат басқармасына тапсыруы қажет. Алайда, басқарма сайтында тапсырыс аясында орындалуы тиіс жұмыстар тізіміне сәйкес осы екі байқау туралы ақпараттан өзге ақпарат табылмады. Ашық дереккөздерден «АҚ ЖОЛ» шағын және орта бизнесті қолдау Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі туралы не оның есебі туралы ақпаратты іздестіру барысында, бірлестіктің сайты не әлеуметтік желідегі парақшалары табылмады.
«АҚ ЖОЛ» шағын және орта бизнесті қолдау Қауымдастығы» ЗТБ 16.04.2013 жылы заңды тұлға ретінде тіркелген, қызмет түрі – басқа топтастыруларға енгізілмеген, өзге қоғамдық ұйымдардың қызметі, мемлекеттік сатып алулар порталына 18.04.2017 жылы тіркелген, мемлекеттік сатып алуларға қатысушы, рөлі – жеткізуші.
Бірлестік басшысының аты-жөнімен сәйкес келетін тағы 3 кәсіпорын тіркелген, олар:
- «ЖАС ТОЛҚЫН ОРАЛ» ЖШС – 08.2011 жылы тіркелген, қызмет түрі – мектепке дейінгі білім беру;
- «ЖАҢА ТОЛҚЫН ОРАЛ» ЖШС – 22.11.2012 жылы тіркелген, қызмет түрі – мектепке дейінгі білім беру;
- «НҰР» корпоративтік қайрымдылық қоры – 13.03.2014 жылы тіркелген, қызмет түрі – басқа топтастыруларға енгізілмеген, өзге қоғамдық ұйымдардың қызметі.
Бұл мекемелер мемлекеттік сатып алулар порталында тіркелген бе? Тіркелсе рөлі қандай және қандай қызметтер көрсетеді? «ЖАС ТОЛҚЫН ОРАЛ» ЖШС және «ЖАҢА ТОЛҚЫН ОРАЛ» ЖШС мектепке дейінгі білім беру, «НҰР» корпоративтік қайырымдылық қоры басқа топтастыруларға енгізілмеген, өзге қоғамдық ұйымдардың қызметімен айналысады.
«ЖАС ТОЛҚЫН ОРАЛ» ЖШС мемлекеттік сатып алулар порталында 2016 – 2020 жылдар аралығында тапсырыс беруші не жеткізуші ретінде ешқандай келісімшарт жасамаған.
«ЖАҢА ТОЛҚЫН ОРАЛ» ЖШС мемлекеттік сатып алулар порталында 2016 – 2020 жылдар аралығында жеткізуші ретінде бір көзден сатып алу тәсілімен жалпы сомасы 173 382 000.00 теңгеге барлығы 13 келісімшарт жасалған.
«АҚ ЖОЛ» шағын және орта бизнесті қолдау Қауымдастығы» ЗТБ келетін болсақ 2017 жыл мен 2020 жылдар аралығында мемлекеттік сатып алу порталында 6 келісімшарт жасаған, оның ішінде 2020 жылы 8 800 00, 00 теңге сомаға тек бір ғана сатып алу шартын жасасыпты.
2019, 2020 жылдары аталған бірлестік «қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және құқықбұзушылық профилактикасына бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу» қызметін жүзеге асыру үшін әлеуметтік мемлекеттік тапсырысты орындаған. Техникалық шарттарда міндеттелген талаптарға сәйкес: Өткізілген әрбір іс-шара қорытындысы бойынша (2 күн ішінде) Өнім беруші Ішкі саясат басқармасының сайтында жариялау үшін мемлекеттік және орыс тілдеріндегі ақпаратты (іс-шараның атауы, мазмұны, мақсатты аудиторияны қамтуы, өткізілген орны, 2-3 сапалы фото) Тапсырыс берушіге жолдауы қажет. Бірлестіктің тиісті түрдегі есепті ресми құжатпен БҚО ішкі саясат басқармасына ұсынғанына күмәніміз жоқ. Бірақ, жоғарыда атап өткендей Басқарма сайтында өнім беруші орындаған жұмыстар, өткізген шаралар, атқарған қызметтер туралы 2 хабарламадан басқа хабарлама жарияланбаған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін бюджеттен қаржы бөліп, қорытындысында осы қаржының қалай жұмсалғаны туралы есепті ресми ашық дереккөздерде жарияламау дерегінің өзі сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын саңылау десек болады. Жұртшылық үшін облыстың ішкі саясат басқармасы тарапынан да, үкіметтік емес ұйымдар тарапынан да бюджеттен бөлінген қаржының игерілгені жайындағы есеп ашық түрде қолжетімді болғаны абзал болар еді. Осылайша, үкіметтік емес ұйымның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда атқарған қызметінің есебін тек тапсырыс беруші ғана емес, тұрғындар да көріп оң не теріс бағасын берер еді.
Біз бұл конкурсты зерттеу арқылы бюджеттің 8,8 миллион теңгесін жұмсаған ұйымның көзге көрінетін ештеңе істемегенін білдік. Ол жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін не істеген? Оқушыларға шығарма жаздыру немесе әлеуметтік желіде жарияланым жасау үшін осынша қаражатты жұмсаудың қажеті қанша? Ұйымдастыру шараларына қанша қаржы шығындалған? Жүлде қорының қанша болғаны да беймәлім. 8 миллион теңге бөліп 2 шарамен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бола ма? Ал, егер аталған екі шарадан басқа да істер жасалған болса неге ол туралы есеп жоқ?