Батыс Қазақстанның тумасы Зайреден Мұхамбетжанов Белградтағы (Сербия) грэпплингтен өткен Әлем чемпионатында Әлем чемпионы атанды
Бұл туралы 2021 жылғы 31 қазан күні Қазақстан Республикасының Грэпплинг Ассоциациясы өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында ресми жариялады
«Белградта (Сербия) грэпплинг және ерлер мен әйелдер арасындағы грэпплинг Gi бойынша әлем чемпионаты аяқталды. Әлемнің 24 мықты құрамасы биылғы жылдың ең басты шарасына қатысты. Қазақстан командасы 1 алтын, 1 күміс және 6 қола медальға ие болды. No Gi бөлімінде Мухамбетжанов Зайреден (алтын)медальге ие болды. Медальдар кестесі бойынша: «Grappling Gi бөлімінде» Қазақстан 4 орынды, «No Gi бөлімінде» 5 орынды иеленді» деп хабарлайды Ассоциация.
Зайреден 84 кг. салмақта грэпплинг күресі бойынша іріктеуден өтіп, жолдама алып, Қазақстан Республикасы құрамасының қатарында Әлем чемпионатына аттанды. Чемпионат Белград қаласында (Сербия) 2021 жылғы 28-31 қазан аралығында өтті.
Елге оралған соң, 12 қарашада туған жері Алғабас ауылының халқы әлем чемпионы атанған Зайреденді ел болып қуана қарсы алып, бар құрметін көрсетті. Бізге ауылға бірге барып, Зайреденмен сұхбаттасудың жолы түсті.
– Зайреден, елімізде грэпплинг бойынша тұңғыш Әлем чемпионы атануыңмен құттықтаймыз. Әлем чемпионатына барар жол қалай салынды, жолдамаға қалай қол жеткіздің?
– Ең бірінші грэпплинг бойынша Қазақстан біріншілігінде жеңіске жеттім. Біріншілік Қостанай қаласында 2020 жылы желтоқсан айында өтті. Осыдан кейін Азия чемпионаты мен Әлем чемпионатына іріктеу болды. Әлем чемпионатының алдында бір ай бұрын Нұр-Сұлтан қаласында іріктеуден өттім. Бұл жолы Азия чемпионаты өтпей қалуына байланысты Әлем чемпионатына әр салмақтан екі спортшының қатысуына мүмкіндік берілді. Іріктеуден өткен соң Әлем чемпионатына жолдама бұйырды.
Чемпионатқа бүкіл әлем бойынша 24 ел қатысты, менің салмағымда 21 спортшы сайысты. Спорттың осы түрінде тұңғыш әлем чемпионы атандым. Франция, АҚШ және Украина елдері 2 және 3 орындарды иеленді. Жалпы грэпплингпен 2016 жылдан бастап айналысып келемін, осыған дейін еркін күреспен айналысқан болатынмын. Белградқа Оралдан 4 адам, олар облысымыздың грэпплинг бойынша бас жаттықтырушысы Ихсанов Алмаз және менімен бірге 2 спортшы – Симаченко Вадим мен Тельманова Назерке бардық.
– Спортқа қызығушылық қай уақыттан басталды және спортпен айналысуыңа кім себепкер болды?
– 1996 жылы қалаға көшіп келдік, 1997 жылы мектепке бардым. Шамамен 4 сыныпта оқып жүрген кезім-ау деймін. Барлық балалар сияқты футболды жақсы көреміз ғой. Көп қабатты үйлердің ауласында балалармен футбол ойнайтынбыз. Сондай бір күні Джакупов Егінбай деген белгілі спортшы ағамыз барлық баланың ішінен мені шақырып алып: «балам, қайда тұрасың, күреске қатыспайсың ба, қатысқың келе ме?» деп сұрады. Екеуміз әңгімелесіп біздің үйге келдік. Үйде ата-анам, ағам, бәрі мені бірдеңе бүлдіріп қойған шығар деп шошып кетті. Ол кісі ата-анаммен сөйлесіп: «қалада «Макака» деген күрес клубы бар, сол клубқа балаңызды күреске беріңіз, қабілетті бала. Қаленов Жәнібек деген жаттықтырушымыз бар» деді. Үйдегілер болса әні-міні деп, қолдары тимей, кішкене ұзақ жүріп қалды. Мен де «күреске апарыңдаршы» деп арттарынан қалмадым. Содан бір күні реті шығып, анам күрес залына апарды. Мен барған кезде Сайлау Мұқашев ағамыз жаттықтырушы еді. Мүмкін Егінбай ағамыз мені сыртымнан бақылап жүрді ме білмедім, бірақ осы кісі мені қолымнан жетектеп әкеліп, ата-анама күреске беріңдер демесе, мүмкін мен басқа спорт түрімен айналысатын ба едім. Қалай болғанда да мен ол кісіні және сол сәтті әрқашан алғыспен еске аламын.
– Алғашқы жаттығулар мен жаттықтырушыларың туралы айтып бересің бе?
– Ең алғашқы жаттықтырушым Сайлау Мұқашев сияқты ағамыз болғанына өте қуаныштымын және мақтан тұтамын. Содан кейін де облысымызда, республикада белгілі Айжарықов Ринат, Хамзин Мұхтар, Қаленов Жәнібек, Ибраев Бақытжан, Дағыстаннан Эфендиев Закир, Қарағандыдан Мұсабеков Амангелді, бразилиялық Карлос Фариас сияқты мықты спортшы, жаттықтырушылар менің спортшы болып қалыптасуыма өз еңбектерін сіңірді. Олардың барлығы да менің бүгінгі жеңіске жетуім үшін өз үлестерін қосты деп есептеймін.
– Спортпен айналысу тәртіп пен ерік-жігерді талап етеді. Сенің де спортшы болудағы жолыңда сәтсіздіктер мен жеңістер болған шығар. Спорттағы мансабың қалай қалыптасты?
– 4 сыныпта 10 сыныпқа дейін еркін күреске үзбей қатыстым. Қалалық, облыстық, республикалық турнирлерде, Ресей Федерациясында өткен халықаралық турнирлерде жүлделі орындар алып, чемпион болдым. Шымкент қаласында өткен Қазақстан чемпионатында 3 орын алған едім, оны ең үлкен жеңісімнің бірі деп есептеймін. Әрине қиындықсыз болмайды, менің де басымнан түрлі уақыттар өтті. Өмір әркез тәтті сәттерден тұрмайды.
2008 жылдары, 10 сыныптан кейін күресті қойып кеттім. Сол уақыттарда жарыстарға шыға алмай, бір қиындықтар болып қалды. Әрі мектеп бітіруге дайындалып, милиция мектебіне оқуға түсуді ойлап жүрдім. Мүмкін сол себептен де шығар, жаттығуларымды тоқтатып тастадым. Тіпті жаттықтырушыларым қоймастан шақырып, үгіттеп, қайта-қайта хабарласып жүрді. Жастық болар, мен өз шешімімнен қайтпадым. Бәрі біз ойлағандай бола бермейді ғой. Айналғанда мен оқуға түсе алмай қалдым. Осыдан кейін жаттықтырушыларыма хабарласуға ыңғайсыздандым. Негізі күрескім келді. Арада үзіліс болып қалды, бірақ тиіп-қашып 2009 жылы, 2012 жылы жаттығуларға барып жүрдім. Еркін күреспен айналысуды қойған кезде де мен денемді шынықтырып, спорттық форманы үнемі ұстап жүрдім.
2013 жылы Атырауға Теңізге жедел әрекет ету тобына жұмысқа кірдім. Қызмет ете жүріп, үнемі жаттығып жүрдім, фитнесспен айналыстым. 2016 жылы грэпплингпен айналыса бастадым. Оған себепші болған досым Ерлан Хамитов еді. Ол грэпплингтен жарыс өтетіні туралы айтқан болатын. Алдын ала дайындалдым, Орал қаласында 84 кг салмаққа 4 кездесу жасадым, 4-де ұттым. Спорттың осы түріне қызығушылық сол уақытта басталды десем болады.
2016 жылы қазан айында Ақтау қаласында Қазақстан чемпионаты өтті, 77 кг салмақта ІІІ орын алдым. 2017 жылы ақпан айында Қызылорда қаласында Қазақстан чемпионаты өтті, 77 кг салмақта І орын алдым. 2017 жылы қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласында Азия чемпионаты өтті, ІІ орын алдым.Сол жолы да Азия чемпионатынан кейін Әлем чемпионатына баруым керек еді. Басында қаржыландыруға қатысты қиындықтар болды, кейіннен қаржы бөлінді, бірақ мен жеке себептерге байланысты бара алмадым. Әрі қарай да жаттығуларымды тоқтатпадым. 2019 жылы Қазақстан чемпионатына жол шықты. Чемпионат Тараз қаласында ақпан айында өтті, 84 кг салмақта ІІ орын алып қалдым. 2019 жылы Әлем чемпионаты Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Мен чемпионатқа қатыспадым. Үштікке кірсең құрамадасың, сол себептен Азия чемпионатына І орыннан кейін автоматты түрде қосыласың. Азия чемпионаты 2020 жылы карантинге байланысты өткізілмеді.
2019 жылдан бастап Қазақстан құрамасына кірдім, еңбекақы төленді. Бүгінге дейін құрамадамын. Құраманың қатарында болу, еңбекақы алу қандай спортшыны болса да ынталандырады, алға жетелейді, мақсат қоясың. Қазақстан біріншілігін, Азия чемпионатын ұттым, өзіме деген сенімім бекіп, енді Әлем чемпионатында бақ сынап көрейін деген айқын мақсат пайда болды. Бұдан бөлек, әлем деңгейінде ел намысын қорғаймын деген жауапкершілік сезімі де болды. Содан Әлем чемпионаты карантинге байланысты 2020 жылы өтпей қалды, 2021 жылы қатысу бұйырды.
– Ел біріншілігі, Азия және Әлем чемпионаты сияқты үлкен додаларға дайындалудың ерекшелігі бар ма?
– Оңай емес әрине, бірақ осыған дейінгі жолдың барлығы осы жетістіктерге жету үшін жасалды. Жаттығуларды үзбеу керек, жүйелілік болу керек, одан басқа да мәселелер жетерлік, соған қарамастан тоқтамау керек. Әлем чемпионатының алдында бар жұмысымды тоқтатып, дайындықты күшейттім, 1 ай жарым тек дайындықпен айналыстым. Себебі, жұмыс істей жүріп, чемпионатқа дайындалу өте қиын, жаттығудан кейін қалпыңа келу үшін уақыт керек. Ұйқы, тамақтану, жаттығу, демалыс, барлығы уақытымен, кесте бойынша болуы керек.
Бала кезімнен спортпен айналысуды бастаған уақытта жаттықтырушыларым маған спортшының күнделікті күн тәртібін сауатты, дұрыс үйретті. Жаттығуды жоспар бойынша жасауды үйретті. Спортшының өз тәртібі болуы керек, тәртіп дұрыс жолға қойылмаса бәрі бекер, нәтиже болмайды. Мысалы: ұйқың қанбай қалса, тіпті жаттығуды емес, ұйқыны ойлап жүресің. Ал бәрі жолға қойылса, спортшы жаттығуларын барлық ынтасымен өткізеді, залға баруға асығып тұрады. Сол жаттықтырушыларымнан үйренген күн тәртібін қатаң ұстануға тырыстым. Уақытымен ұйықтап, тамақтандым. Тіпті достармен кездесу, қонаққа бару, қыдырудан бас тарттым. Осының бәрі уақыт пен күшіңді, қуатыңды алады. Артық салмақ болмағандықтан, аса қиын болмады. Жалпы физикалық қалпымды сақтауға бар күшімді салдым.
– Чемпионатқа дайындалуға осыдан басқа не көмектесті?
– Тағы бір маңызды дүние, спортшы дәрумендер қабылдауы қажет. Мен қанша дегенмен ата-анам, отбасым, балаларым бар. Шыны керек, кейде осы дәрумендерге қаржы бөле алмай қаламын. Чемпионатқа дайындалар алдында менің спорттағы жолдас-достарым маған көп қолдау көрсеткенін атап айтып, алғысымды бірдіргім келеді. Олар маған моральдық қолдаудан бөлек, өз қаржыларына әрбіреуі әртүрлі қажетті дәрумендерді алып берді. Тек біреуінің есімін атай алмаймын, өйткені олар аз емес. Осының өзі маған көп көмек болды. Дәстүр бойынша чемпионаттарға, біріншіліктерге бәріміз бірге дайындаламыз. Чемпионатқа дайындалу барысындағы жаттығулар кезінде де қасымнан табыла білді. Әріптестерің тарапынан ұжымдық қолдау әрбір спортшы үшін өте маңызды, командалық жұмыстың да маңызы көп. Қазақ айтқан ғой, «жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деп, командалық қолдау көрсеткен барлық әріптестеріме алғыс айтамын.
– Сен үлгі тұтатын спортшы бар ма?
– Қай спорттың түрі болмасын бақылаймын, бірақ мен футболшыларды жатқа білетіндей фанат емеспін. Белгілі бір спорт түрін деп айта алмаймын, қандай спорт түрі болмасын, өзіме керегін ғана қараймын. Ешкімге табынбаймын. Өзіңе сенімді болу, өз-өзіңмен көп жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Бірақ, өзіңе сенуді, дандайсып кету, кеудеңді ұрумен шатастыруға болмайды. Сәттілік деген қиын нәрсе, бірде бар, бірде жоқ, жеңіс оңай келмейді. Жеңістің тәтті дәмі, ащы термен келетінін білемін. Жеңіске тынымсыз еңбек пен темірдей тәртіптің арқасында жетуге болады.
– Әлемдік аренада белдесуге шығар алдында қандай сезімде болдың?
– Мен басқа елдің спортшыларының дене бітімі, физикалық не техникалық дайындығы менен асып түседі деп ойлаған жоқпын. Бәрі өзіміз сияқты адамдар, ешкім бізден артық емес, ешкім бізден кем емес. Мен де ешкімнен артық, не кем емеспін. Барлығымыздың екі аяқ, екі қол, бір басымыз бар. Осыған дейінгі бар дайындықты, не үйрендім, не көрдім, нені қабылдадым, осының барлығын дәл қазір ортаға салуым керек. Намысты қолдан бермеу керек деген мақсат қойдым.
«Мандраж жоқ па?» деп сұрағандар болды. Ең бастысы жүректе тыныштық болды, қобалжу, қорқу, үрей деген сезім немесе ойбай мынау атақты мұнымен қалай күресемін деген ойлар болмады. Келгеннен кейін де «шаршамай күрестің, жарадың» деп айтып жатыр жерлестер. Шаршамаудың да себебі жақсы бапта болғанымнан шығар деп есептеймін. Оған қоса жауапкершілік сезімі де босаңсуға мұрша бермейді. Қазақстанда жүргенде көп білінбейді, ал шет елде, өзге жерде жүргенде қандай ауыр жауапкершілікті арқалап келгенің аса қатты білінеді екен. Тек Батыс Қазақстан емес, бүкіл елдің атынан намысты қорғау үшін келгенім қатты сезілді. Сондықтан әлсіздік көрсете алмадым.
– Күреске шығар алдында сен ұстанатын дәстүр бар ма?
– Күреске шыққан сайын сақтайтын қалыптасқан дәстүр бар деп айта алмаймын. Осы жолы Алладан «егер осы жеңіс мен үшін қайырлы болса, нәсіп ете көр, егер қайырлыдан болмаса, онда менен алыстата көр» деп тіледім. Алладан әмір келмесе, басыңды да қаси алмайсың деген бар ғой. Алланың қалауымен осы жеңіс маған нәсіп етті. Ал бұйырмайтын дүние, ол қанша жерден мықты болсаң да бұйырмайды.
– Спорт, өнер, жалпы сайыс бар жерде бәсеке бар, сәйкесінше неше түрлі әңгіме, әрекеттер болатыны да ешкімге жасырын емес. Бұл жағы қалай болды және сенің оған қарым-қатынасың қандай?
– Жасырмаймын, маған дайындығың чемпионатқа бармайды деген, осыған ұқсас әңгімелер айтқан адамдар болды. Бұл осы салаларда бұрыннан болған, бар және бола беретін құбылыс шығар. Бірақ, мен құр әңгімелерге мән бермедім, тек өзіммен айналыстым. Қазір әңгіме, сөз қуатын уақыт емес, тек іспен дәлелдеу керек. Өкінішке орай, осының барлығы жүрекке жүк түсіреді. Біз бір-бірімізге қолдау болсақ, жетпегенін жеткізіп, әркез көмекке асықсақ деп тілеймін. Көре алмау, қызғану ол өте жаман нәрсе, бұлардан аулақ болу керек.
– Әлемдік додада еліміздің көк байрағын желбіреткен кезде қандай сезімде болдың?
– Жеңіс тұғырындағы сезім – ол енді сөзбен жеткізе алмайтын, мықты сезім. Қуанышымды жеткізе алмаймын. Сол кезде ту да келе қалды, жігіттер шамамен алдын ала дайындап қойған болса керек. Көк туды желбіретіп жүгіріп шықтым. Барлығының қуанышында шек жоқ, барлығы құшақтасып, бір-бірін, мені құттықтап жатыр. Бұл эмоция сол уақытта желіде тараған бейнежазбалардан да көрініп тұрған шығар.
– Әлем чемпионатына сапарыңның шығыны қаржыландырылды ма әлде өзіңнің қаржыңа бардың ба?
– Шығындарды Қазақстан Республикасының Грэпплинг Ассоциациясы қаржыландырды. Өзім қаржы шығарған жоқпын. Осы орайда Ассоциацияның төрағасы Қанат Алин мырзаға, облыстағы федерация төрағасы Азат Ихсанов мырзаға және бас бапкер Алмаз Ихсанов мырзаға жан-жақты қолдауы үшін алғысымды білдіремін.
– Бұрын сен қатардағы спортшы едің, қазір Әлем чемпионысың, не өзгерді?
– Өзім үшін бәрі бұрынғыдай. Бірақ, адамдардың қарым-қатынасы, көзқарасы өзгерді десем болады. Өзгеріс жақсы жағына қарай болғаны қуантады. Сосын адамдар мен үшін шын қуанды. Қазір көшеде, қоғамдық орындарда мені мүлдем танымайтын адамдар жақындап келіп, танысып, қолымды алып құттықтайды. Балалар чемпионның қолын алдым деп қуанып жүр. Танитын, танымайтын адамдардан уатсап әлеуметтік желісіне келген құттықтауларға бірнеше күн қатарынан жауап бердім. Бүгін міне туған ауылымның азаматтары ата-анаммен бірге шақырып, бар құрметтерін көрсетіп жатыр. Мың да бір алғыс ауылдың игі-жақсыларына. Адамдарға осынша қуаныш сыйлай алғаныма өзім де қуаныштымын.
– Алдағы уақытта спортқа қатысты жоспарларың қандай?
– Шетелдік спортшылардың мен үшін шексіз қуанып, шын жүректен құттықтағаны таң қалдырды. Құттықтап, менің әлеуметтік желіде парақшаларым бар жоғын сұрап, өздерінің ерекше тәсілдері маған өтпей қалғанын айтып, күліп жатыр. Бәрі шынайы. Мен олармен еркін сөйлесе алмадым, аудармашы арқылы сөйлестім. Алдағы жоспарлардың бірі тіл үйренсем деймін.
Спортқа қатысты шешімді әлем чемпионатынан келген соң қабылдаймын деп ойладым. Қазіргі уақытта сол жоспарларымды айқындаудамын. Жалпы, спорттан қол үзбеймін. Әрбір жетістікке жеткен спортшы өз мансап жолында өзімнен озып шығатын шәкірт тәрбиелесем деп армандайтын шығар. Менің де ұзақ мерзімге жоспарлаған мақсаттарымның бірі – жастарды спортқа баулу, жаттықтыру, болашақ чемпиондарды дайындау. Қолыңнан келген кезде, мүмкіндігің бар кезде қоғамға, елге пайда келтірген дұрыс деп түсінемін. Менің қолымнан келетіні спорт болса, еліміздің спорт саласын дамытуға, атап айтқанда жас буынды спортқа баулуда үлес қосқым келеді.
Мазмұнды сұхбатыңыз үшін рахмет, арман-тілектеріңіздің орындалуына тілекшіміз, чемпион!
Біріккен күрес әлемінің (UWW – United World Wrestling) «Халықаралық грэпплинг ережелеріне» сәйкес Грэпплинг – бұл спорттық жекпе-жектің түрлі үлгілерінің, дзюдо, самбо, бразилиялық джиу-джитсудың және басқа да спорттық жекпе-жек түрлерінің әдіс-тәсілдері мен техникаларын қамтитын гибридті спорттық жекпе-жек. Грэпплинг өнері – спортшының буындарына ауыртпалық әсер ету техникасының, сонымен бірге түрлі тұншықтыру әдіс-тәсілдерінің көмегімен қарсыласын жеңілуге мәжбүрлеу.
Спорттың жалпы философиясына сәйкес грэпплингпен айналысатын спортшылар спорт пен адал ойынның маңыздылығын құрметтеуге міндетті және олар жарыс кезінде қарсыласына ешқашан қасақана зиян келтірмеуі керек.
Ағылшын тілінен аудармасы «жармасу, шап беріп ұстау» деген мағынаны білдіреді. Негізінен классикалық жекпе-жектегідей (самбо, дзюдо, джиу-джитсу және еркін күрес) лақтыру және лақтыру техникасы кіреді.
Қазақстан Республикасының Грээплинг Ассоциациясы 2013 жылы 11 қарашада құрылған. Қазіргі уақытта ассоциация төрағасы – Алин Қанат Төлеубекұлы. Батыс Қазақстан облысындағы федерацияның төрағасы Ихсанов Азат.
Батыс Қазақстан облысы, Орал
Фотоны түсірген: Нұрбек Ихсан
Парақшамызға жазылыңыз