///

Бабақұмар Қинаятұлы: Лакителек Хунгарикум паркіндегі Абай ескерткіші

1821 рет қаралды

Әзір Лакителектегі Хунгарикум паркінде мәдени, сәулет, білім беру, сауықтыру орталықтарын қамтитын бірегей, өзгеден одағай ірі кешен бой көтеруде. Парк Маковец стиліндегі немесе тарихи сәулеттің кешендері, киіз үй қалашығынан, сан ондаған мүсіндерден құралған ашық аспан астындағы интерактивті мұражай деуге болады. Аумақта ғалым, өнеркәсіп, аграр, руханият саласының таңдаулы мажар қайраткерлерінің мүсіндері бой көтерген. Оның бір тобы бауырлас халықтардың көрнекті ойшылдарына арналған. Оның қатарына биыл Ұлы Абай ескерткіші қосылды.

«Бұл – Қазақ ақыны, ойшылы Абайдың Мажарстандағы екінші ескерткіші, біріншісі ­- Будапештегі орталық саябақта 2014 жылы ашылған», ­- деді шараға арнайы келген қазақ Елшісі Жәнібек Жарасқанұлы. Мүсін авторы –  Карпат етегіндегі мажарлар тұратын Унгвар қаласының тұрғыны, санаткер Роман Васил.

Салтанатта Мажарстанның вице-премьері, қаржы министрі, әрі экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мажар-қазақ үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Варга Михай өз сөзінде Абай тұлғасы мажар-қазақ бауырластығының рәмізі, оның туындылары мен тәржімалары құрлықты жақындастыратын маңызына ден қойды.  Мажарстанның шығыс пен батыс әлемінің тоғысуында орналасуы зор артықшылық, әрі оны қарым-қатынасты нығайтуда назардағы басты ұстаным ретінде мемлекеттік «Шығысқа ашылу» саясатында көрініс тапқандығына, әсіресе Қазақстанмен ынтымақтастыққа жете мән беріліп отырғандығына тоқталды.

Мажарстан вице-премьері Варга Михай, Мажар Парламентінің вице-спикері Лежак Шандор, Мажарстандағы қазақ елшісі Жәнібек Әбдіраш Лакителек Хунгарикум паркінде Ұлы Абай ескерткішінің ашылу салтанатында

Өз кезегінде Лежак мырза «Біз он жыл бұрын жан-жаққа тарттық, енді жан тартамыз, ынтымақтасамыз» (“Tíz évvel ezelőtt még össze-vissza tartoztunk, most meg összetartozunk”), – деді. Салтанатта Ұлы Абайдың өлеңдері оқылды, әндері шырқалды. Қазақ елшісі институт пен құрметті қонақтарға Мұхтар Әуезовтің «Абай жолының» мажарша басылымын сыйлады. Оңайша Мақсұмқызының дарынды шәкірті, қазақ тілін еркін меңгерген, Яссауи университетінде музыка мамандығын игеруші Фехер Богларка қобыз күйін орындады      (жас өркеннің қобызда орындаған тырнақалды туындылары «Ösi rege» ­ (Бағзы әпсана) атпен СД­-диск түрінде жарыққа шыққан-ды).

ЛАКИТЕЛЕКТЕГІ БИЫЛҒЫ ҚАЗАҚ ТЫНЫСЫ

«Жаздық курстарда қазақ, моңғол, корей, жапон, түрік, орыс тілдерінде курстер, алуан әдеби, мәдени шараларды өткізуден жаңылған жоқ», – дейді Гашпар Роланд есімді жетекші. Биыл да сол үрдісінен танған жоқ, «тәржіма және елтану апталығына 60 үйренуші және ондаған ғалым, педагог шақырылған екен. Орыс, моңғол курстары әдебиет тәржімасының практикалық және теориялық ісімен шұғылданды: әйгілі моңғолтанушы Бирталан Агнеш, славист Горетить Иожеф, Толстой қауымдастығы жетекші Сүч Ольга, полиглот түркітанушы, моңғолтанушы Шомфай Қара Дәуіт сынды мамандар болды.

Қазақ тобының бағдарламасы қызықты болды: профессор Шомфай қазақ тілі мен тарихының өзекті мәселелері қақында (әсіресе өзінің Kazak Grammer (Languages of the World/Materials 417. LINCOM Europa, 2002)  еңбегі негізінде) біршама теориялық мәселелерден, қазақ аймақтары, қазақ спиритуализмі тақырыбында дәрістер оқыды. Оңайша Мақсұмқызы қазақ өмір салты, Шанта Иштван мажар зерттеушілерінің Орта Азияға сапары, Бұқарбай Құралай жаңа кезең тарихы, Айдана Смағұл қазақ тілін үйрету бойынша, өз басым қазақ тарихына шолу, қазақ тіл ғылымындағы бүгінгі күн тәртібіндегі мәселелер қақында әңгімеледік. Ахмет Байтұрсынұлынан бастап Сапархан Мырзабеков, Әлімхан Жүнісбек еңбектеріне арнайы тоқталған топ жуықта дүниеден озған Әлекеңді еске алып, Оңайша Мақсұмқызы естелік айтты.

Мажар тілділерге арналған баспаға дайындалу үстіндегі қазақ грамматикасының оқулығы таныстырылды (оның тел авторларының бірі, тілтанушы Бижомарт Қапалбек мырза).

Қазақ тілі мен мәдениетін үйренуші, дәріптеушілер оқытушы мен қазақ елшісімен

Тағы бір елеулі оқиға мәдени антропологтар Шанта Иштван мен Шомфай Қара Дәуіттің «Азияның жүрегінен келген хаттар мен фотосуреттер» (Levelek és fényképek Ázsia szívéből) атты зерттеу еңбегінің тұсаукесері болды. «Антология» баспасын шыққан, сиясы кеуіп үлгермеген еңбек жуықта 92-ші мәрте өткен кітап жәрмеңкесінде ұсынылды. Алмаши Дьөрдь 1900 жылы Жетісу бойына жасаған сапар нәтижелерін  «Азия жүрегіне сапарым» атпен 1903 жылы жариялаған еді. Он алты сандыққа жүк болған экспедиция олжасын мұражай қорына тапсырған аталмыш бекзада тұранизм мұратына қызмет еткен.  Қос зерттеушінің еңбегі осы іргелі еңбектің жалғасы ретінде, Алмашидың 1906 жылы (екінші мәрте) Жетісу бойы мен Қырғыз жеріне саяхатының беймәлім қырларын сараптауға арналған. Тағдыры ауыртпалыққа тап болған Алмаши Австрияда Грацта 1933 жылы қайтқан соң ІІ жиһангерлік соғыста оның мұрасы бомбалаудың кесірінен құрып кетеді. Алайда Шанта мен Шомфай Қараның ширек ғасыр ізденуі арқасында әлемдік Орта Азия зерттеуіне құнды мұра қосылды. Оған себеп болған Венада қызмет еткен профессор Көхалми Каталин мен Алмашидің жиені Дьөмөрей Зита екен. Жиені зерттеушілерге нағашы атасының апасына жазған сапар күнделіктері мен  фотоальбомын сыйлайды. Алмаши бірге саяхаттаған досы тегі ирландиялық Хубертке сыйлаған фотоальбомы аман сақталып, кейін мұрагерлерінің қолына тиіпті. Еңбек Орта Азия зерттеуі үшін құнды мәліметтерге толы. Тіпті Алмашиға  араб жазумен қазақ тілінде жазылған «Ашық хат, бұйрық хат» деп аталған құжатты жариялаған.

 

«Levelek és fényképek Ázsia szívéből». «Антология» баспасы, 2021 еңбегінің мұқабасы және Алмашиға берілген қазақ тілінде жазылған әкімшілік хаты

Еңбекте «Манас» дастанын кең танытуы, сапарының қыр­-сыры, фотосуреттер туралы тарқата баяндалған. Құнды түпнұсқа фотосуреттердің бір парасы 2019-дың мамырында Алматы қала тарихы мұражайының қабырғасына Алмашиға ескерткіш тақта орнату салтанатына орай қазақ аудиториясына ұсынылған болатын.

Шанта мен Шомфайдың зерттеу еңбегімен қоса Алмашидің еліне ерте келген көмекшісі қырғыз бозбаласы  Бердікеұлы Тұрғанға арналған деректі фильм Лакителек курсында көпке ұсынылды. 1892 жылы дүниеге келген Қарақолда түздіктерге арналған мектепте оқыған бозбала Алмаши иелігіндегі сарайда екі жыл тұрған, балаларына орысша үйреткен, зерттеушіге экспедиция материалын өңдеуге, «Манасты» аударуға көмектескен. Кейінгі тағдыры белгісіз. Оны зерттеу әлі жалғасуда…

(жалғасы бар)

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар