//////

Бақытбек Бәмішұлы: Британия күнделігі

3447 рет қаралды
фото: Qazaq uni

«ҒАСЫРЛЫҚ ҚҰЛАЗУ»

Анадай жерде жалғыз аяқ жолмен топтан оқшау кетіп бара жатқан әлгі испан-колумбиялық жігітті көріп, қарадан қарап ойым Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» роман-ертегісінің шым-шытырық, қиял-ғажайып, шын-өтірігі аралас шытырман оқиғаларына қарай ойысып кетті.

Бастан аяқ баяндалатын жынды-жыпыр, есалаң, есуастардың тірлігі мен талайы әуелі оқыған адамды мезі ететін. Таусылып бермейтін, бірінен кейін бірі өніп шыға беретін әуейілік, ессіз күйсіз махаббатқа улана салатын балғындық, тән рахатына шырмалған мастық, мағынасыз, мазасыз, бірді айтып бірге кеткен әдеби көркемдіктен жұрдай мәнсіз қойыртпақ баяндаулар арқылы жеткізілетін бүгінгі астарлы азғындық салдары кешегі өткен өмір, белгісіз бір мекенде болған тағдыр ретінде суреттеледі.
Қазіргі ғұмыр кешіп жатқан адамдардың ой-санасын жаулап алған менмендік, тән құмарлық, ойнастық, әуейілік, жыныстық ләззаты, ашыналық, ар-ұждан, ұят дегеннен жұрдай адами қасиеттер болғандықтан оқырманын да көбінен тарту үшін оқуға жеңіл көше тілімен һәм өмір шынайылығын жазса көп оқылып, көп пайда, ақша әкелетінін жақсы меңгергендіктен қарапайым стильмен, ауыз екі тілмен барыңды барынша баяндап берген ұзын сонар қырттың әңгімесі ғой бұл.

Егерде романды бастан-аяқ оқып, бітіріп ішіндегі мәнді-мәнсіз қолданылған сан-цифрларды теретін болсаңыз оның өзі үш-төрт бетке созылады. Санның көптігі сондай оқырман сіз түгіл соны жазып отырған автордың өзі сандырақтап шатасып, шалынысып кетеді. Ал айтуға ауыз бармайтын іс-әрекетті жазуда автор анайы эротиканы суреттеудің асқан шебері екенін көрсетіп, басталғаннан ақырына жеткенше сілекейін шұбыртып қызыға, құмарта, ауызының суы құрып отырып жалықпай баяндалатын, таусылып бітпейтін алуан сипаттағы жыныстық қатынастарды сылып алып тастайтын болсаңыз ала ботаны қайнатып, суы әбден суалғанда қазан түбінде қалатын бір шөкім сахардай-ақ дүние қалың бет кітаптан қолыңызға ілінері хақ. Бірақ, сол көл-сулардың арасында әлгі сахар, шындықтың шырыны тығылып жатқанын, сол сулардың ішінде абайла деген асыл ұғым жасырынып, қаймағы бетінде емес, тасада тұрғанын ғана аңғару керек.
Оны қазіргі сары жағал ақпаратқа құмар, әлгібір бизнесмен қазақ жігіт айтқандай ыршып жүріп ән салған шегірткелердің кімнің кімге байға тиіп, кімді кімнің қатын қылып алғаны, кімнен кімнің ажырасқаны, кімді кім сүйгені туралы жазбаларын жазғыш, жариялағыш және соны жариялай оқып, жалықпай көретін оқырман табылса игі.

фото: Уикипедия

Осы роман атауының өзі салмақты. Жүз жылдық жалғыздықты бір адам басынан кешуі екі талай дүние. Демек жүз жылға созылған жылғыздық үш-төрт ұрпақтың тағдырын әйгілейді. Өз бетімен кетсін, бетін бізден аулақ қылсын дейтін, бірақ, адамзат баласын бүгін жаулап бара жатқан анайы, азғын тағдырлар тоғысы жаныңды түршіктіреді. Айырмашылығы – оның Макондо топырағында өтіп жатқандығы. Маркес ұлттық әдебиетті атаусыз, адрес-мекен жайсыз аспаннан салбыратпай өз топырағында, белгісіз шағын қалашық Макондо халқының тағдыры арқылы-ақ әлемдік, жалпы адамзаттық деңгейге көтерді.
Романды аудармашы Қалтай Оразбекұлы «Ғасырлық құлазу» деп атапты. Көркем әрі романның ішкі жан дүниесінде не бар екенін толық ашып көрсетуге меңзейтін сөзді дәл тапқан. Бұны көздеген ондыққа дөп тиген мергендік деп көремін.
Жалғыздық қоғамнан оқшаулану. Қазақ ұғымында өмірден баз кешу. Баз кешу қазақ өмірінде де болған. Бірақ біздің баз кешкен жандар көбінде тіршіліктегі, қоғамдағы, өмір сүрген ортасындағы әділетсіздікке қарсы тұра алмай жаны қиналғандықтан өмірден баз кешу көп кездесетін. Қоғамдық, жалпылық сипат ала алмаған еді. Таза қоғам ішіндегі жарық жұлдыздай көрініс болатұғын. Маркестің айтып отырған жалғыздығы шын мәнінде азған, тозған, арсыз жолға батып кеткен, адами қасиеттен жұрдай болған қоғамның құлазуы. Ал құлазу – жалғыздықтың ішкі жан әлемі. Маркестің зерттегені де адамның ішкі жан әлеміндегі күйзеліс. Ол – қоғамның қанын ішіп, қан сорпасына шомылған қорлық пен зорлықтың кесірі. Бір ғасырға созылған күйзеліс.

Тірлік, тіршілік көзі қашанда – жер. Сол байтақ көлденең көк аттыға жем болады. Торыққан жұрттың жілік майын қандаладай қадалып, сүліктей сорған, қазіргі тілмен айқанда шетелдік алпауыттар. Көңілі алаң, көкірегі дала жұрттың жан жүйесі жаппай құлазуға ұшырады. Құлазу – астамшылдыққа шыдамай ақырында ереуілге шыққан халықты қарулы жасақпен қоршап алып қырғанда судай аққан адал қанының ұрпақтан-ұрпаққа жеткен, сүйегіне өтіп кеткен зардабы. Асқынған алаяқтық, байлыққа белшесінен батқан жемқорлар. Бассыз-баусыз кеткен тексіздік. Бірі консерватор, ал екіншісі либерал болып партия құрып, жақ-жақ болып атысып-шабысудың түп төркіні бір кіндіктен таралып, құрлық атаулы жаулап алмақ ниетті қанды соғыстарды баяндаған тұстары публицистикалық мақалаға пара-пар. «Бір балық ұстаймын деп бүкіл айлақты лайлайтын ақылсыздар». Ел жікке бөлініп, бірінің етін бірі жеді. Ізгі қоғамдық құрылыс орнату ой әдірем қалды. Қан судай ақты, тоқтаусыз. Ашынған ел. Ақыр соңында не болды? Адамгершілік, ар-ожданнан айырылды. Азып-тозыды. Бұл азғындық ұрпақтан ұрпаққа жалғасты. Ғасырлар бойы бір атаның балалары бірі-біріне үйленіп былыққандыққан құдай сақтасын, өмірге жарамсыз бір түрлі адам келді. Қаланы жезөкше, жынойнақ, зинақор ашық-шашық тойымсыз арсыздық жайлады. Ел қызыл құртқа желініп, елді мекен Макондо жоқ болды.

Ғасырлық торығу, тозу, жүз жылдық қамығу, құлазу келесі ұрпақта қайталанбаса екен деген үмітпен аяқталушы еді роман-ертегі… бетін ары қылсын. Ынсап бер, адамзат баласына. Маркес мені біраз жерге жетектеген секілді.

Хексам, Ньюкасл қаласы

(жалғасы бар)

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар