9-16 желтоқсан аралығында Қазақстандық фильмдер Францияның Париж, Страсбург, сондай-ақ Брюссель (Бельгия) мен Люксембург (Люксембург) қалаларында көрсетіледі. Франциядағы Қазақстан киносы Ассоциациясының ұйымдастыруымен осымен үшінші рет өткелі отырған Қазақстандық кино күндері әртүрлі жанрдағы 11 фильм көрерменге ұсынылады.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өтетін Фестиваль шымылдығын Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмі ашады. Ол бұған дейін ÉTRANGE FESTIVAL 2020 кинофестивалінде Бас жүлде алған болатын. Ал 10 желтоқсан күні француз көрерменіне Жаннат Алшанованың «История цивилизации» қысқаметражды туындысы мен Ермек Шынарбаевтың «Уроки Казахского» мелодрамасы ұсынылады.
11 желтоқсан күні Parlink және Cesar компаниялары бірігіп түсірген Берлин Иришевтің «Алла – восточная жемчужина DIOR» деректі фильмінің француздық нұсқасы көрсетіліп, «Загадка Аллы, музы Диор» атты кітаптың тұсауы кесіледі. Бұл 1950 жылдарда Кристиан Диордың музасы болған, әкесі қазақ, шешесі орыс қыздың тағдыры туралы. Эмигрант ретінде көп қиындық көрсе де Алла сән әлемінде бұрын-соңды болмаған жаңалық жасап, соғыстан кейінгі жылдардағы еуропалық подиумдарда азиялық ерекшеліктегі алғашқы модельдердің бірі болды.
Осы күні Әділхан Ержановтың «Желтая кошка» трагикомедиясы да көрсетіледі. Бұл фильм 77-Венеция Халықаралық кинофестивалінің «Горизонты» бағдарламасы бойынша бағаланған, Оскар 2021 «Үздік шет тіліндегі фильм» жүлдесіне кандидат. Сонымен қатар, танымал режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың қазақ көрерменіне жақсы таныс «Аманат» фильмі де осы күні көрсетіліп, ұйымдастырушылар фестиваль атынан марқұмға «Кинематографияға қосқан үлесі үшін» сыйлығын атамақ.
13 күні Страсбургте «Так сложились звезды» деп аталатын С.Снежкиннің фильм-интервьюі көрсетіледі. Брюсселде 14 желтоқсан «Томирис» арнайы көрсетіліп, 15 күні – Люксембург қаласында актриса Самал Еслямованың қатысуымен, Е.Нурмухамбетов пен Л.Такебаның «Конокрады. Дороги времени» атты қазақ-жапон картинасы ұсынылады.
Фестиваль аясында жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдығына орай Ефим Дзиганның «Жамбыл», Адай Абелдиновтың «Күлтегін» анимациялық фильмдерінің онлайн көрсетілімі болады. Қазақстан киносының күндері Париж Мэриясының қолдауымен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Франция, Бельгия елдеріндегі Қазақстан елшілігі мен Қазақстандағы Франция елшілігі, Страсбургтегі ҚР Бас консулдығының, Франциядағы Қазақстандықтар Ассоциациясы мен Евразиялық Энергетикалық топтың қолдауымен өтпек. Айта кетейік, Франциядағы Қазақстан киносы Ассоциациясында қазақстандық және әлемдік кәсіби кино мамандар жұмыс істейді. Олар Қазақстанда түсірілген көркем, деректі, анимациялық фильмдерді Франция мен француз тілін қолданатын өзге де елдерде көрсету арқылы, түрлі шеберлік сыныптарын өткізіп, дистрибьюторлер табу арқылы қазақстандық кинематографияны насихаттайды. Сондай-ақ бірлесіп кино түсіруді қолға алуға жол ашады.
Кейбір фильмдер www.festivalfilmkazakhstan.com сайтында тегін көрсетіледі.
Парақшамызға жазылыңыз