Бастауы бейбіт шеру болатын. Еріккеннен емес, елдегі қымбатшылыққа наразы болған жұрт жанайқайын жеткізді. Жетті. Естіді.
“Елдегі төтенше жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақты бақылау жүргізілуде”- деп басталатын мәтін елдегі қала, облыс, тіпті аудан әкімдігі ФБ парақшаларында жарыса жазылды.
Мәселен, Түркістан қаласында жоғарыда атап өткен тауарлардың баға индексі 0,4% төмендеді. “Айналым схемасы” шеңберінде өндірушілерге жалпы 640 млн. теңге берілді. Нәтижесінде ірі сауда орындары тауарды нарықтағы бағадан 10-15,% төмен бағамен сатып жатқанын айтқан.
Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевқа орынбасары “азық- түлік тауарларына баға мониторингі күн сайын жүргізілуде” деп баяндады.
Ал Оралда сұйық майдың литрі енді 858 теңгеге түсті деп хабарлады.
Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова бірқатар сауда орталықтарын аралап, күнделікті халық тұтынатын 19 түрлі азық-түлік өніміне шектік баға белгіледі.
Осы мәндес ақпаратты Алматы облысының әкімдігі парақшасынан да табуға болады.
Шын мәнінде елдегі жағдай қалай?
Әлеуметтік желі арқылы сауалнама жүргізіп, өңірлердегі бағаларды салыстырып көрдік. Алматы және Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ірі сауда орталықтарында бағаның бақылауға алынғанын тұрғындар жазды. Ал ішкі аудандарда, яғни тұрғын үйлердің ауласында орналасқан дүкендерде баға қымбат. Алматы және Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары нан бағасы 160 теңге деп көрсетті.
Ел аймақтарында еттің бағасы әртүрлі. Мәселен Алматы облысы, Ұйғыр ауданында сиыр еті 2000, жылқы еті 2500, қазы 3000 теңге болса, Алматы қаласы “Тау самалы” базарында 3400, ішкі аудандарда 3200-3700 теңге, Түркістанда 2200- 2500 теңге, Нұр-Сұлтанда 3400 теңгеден жоғары.
Үн бағасы 9500-10500 теңге арасында, ал, Алматы қаласы, Іле ауданында 12000 теңгеге дейін өскен.
Сүт өнімдеріне қатысты өз пікірін білдірген Алматы қаласының тұрғыны Ләйла Сағымбекова:
– Қырғызстаннан келетін сүт өнімдері мен елдегі өндірілетін сүттің бағасы жер мен көктей. Өкінішке орай, біздің өнімдердің бағасы шарықтап тұр,”- дейді.
Қырғыздың “үйдікі” маркалы 1 литр сүтін жеке саудагерлерде ең арзаны 300 теңгеге, ал ірі супермаркеттерде 375 теңгеге алуға болады. Талдықорғанда шығарылған сүттің сапасы жақсы болғанымен, қолжетімсіз екенін атап өтті.
Өнімнің бір қалада әртүрлі бағада сатылу себебін белгілі журналист Ғалия Балтабай кәсіпкерлердің әрекеті дейді.
Дегенмен 15 қараша күнгі әлеуметтік желіде бағаның түсе бастағанын жұрт қуана хабарлай бастады.
Ал біз бақылауды жалғастыра береміз!
Ботагөз Жөкен
Парақшамызға жазылыңыз