////

Қаңтар трагедиясы бізге нені үйретті?

3112 рет қаралды
сурет: Вести

Қаңтардың алғашқы күндері болған оқиғалар «жаба тоқып келген жауырымыздың» бетін айқара ашып берді. Әскери және қауіпсіздік, құқықтық-саяси да, ақпараттық та әлеуетіміз мәз емес екен. Жаба тоқып, жауып келген жарасы ашылып әрі-сәрі күй кешкен қоғам мемлекеттік құрылымда бірінен соң, бірі болып жатқан өзгерістерді қорытып үлгере алмаса да бір үміт артатынын аңғару қиын емес.

Ал бұл оқиғалар жайлы мамандар не дейді? Олар бұл оқиғаға қандай атау береді? Әп-сәтте ел ішін дүрбелеңге салған жайттың әлеуметтік сипаты қандай? Халықтың риясыз ниетіне қара күйе жаққан қандай күш? Қай тарап нендей қате жіберді? Осы сауалдар төңірегінде саясаттанушы Думан ҚАБДЫҒАЛИЕВ пен әлеуметтанушы Айсұлу ТҰРСЫНБАЙҚЫЗЫНЫҢ ойын білдік. Сіздер де оқи отырыңыздар, дүрмекке ерген дүрбелең ақпараттан шаршаған боларсыздар. Митиңгіден сабақ алдық па?

 

Думан ҚАБДЫҒАЛИЕВ, саясаттанушы:

 

БИЛІК  БЕЙБІТ ШЕРУГЕ ШЫҚҚАНДАР МЕН ЛАҢКЕСТЕРДІ «БІР ҚОРАПҚА» САЛМАУЫ КЕРЕК 

– Саясаттанушы ретінде қаңтардың алғашқы күндері болған оқиғаларды қалай атаған жөн?

–  Бір нәрсе анық: шынымен бейбіт Қазақстан тарихында бұл ең бір қиын кезең болды. Жаңа жылдың алғашқы күндері болған бұл оқиғаларды бір сөзбен атау қиын. Себебі қысқа уақыт ішінде бейбіт шеру де, саяси дүрбелең де, жаппай тәртіпсіздік те, биліктің бейбіт митинг талаптарын орындауы да, лаңкестікке қарсы операция да болды. Кейбір БАҚ өкілдері мұны «Қаңтар трагедиясы» деп атап жүр. Бұл атау қаншалықты дәл екенін уақыт көрсетеді.

– Жаңаөзендегі бейбіт митиңгінің сипаты өзге қалаларда неге сақталмады деп ойлайсыз?

– Жаңаөзендегі халық нақты бір талаптарымен шыққан болатын және  митиңгінің өршуіне жол бермейтін ұйымдастырушы, бас-көз болған адамдар бар болғаны анық байқалды. Ал басқа қалаларда ол стихиялық түрде болғасын, келеңсіздікке жол берілді.

– Саясаттанушы ретінде Жаңаөзен қаласынан өзге қалаларда алаңға жиналған топты қалай сипаттар едіңіз, олар не айтқысы келген еді? Айтқысы келгенін дұрыстап айта алды ма?

– Басқа қалаларда жиналған халық қордаланған экономикалық жағдайды көтерді. Баға өсуі, жалақы аздығы, биліктің кетуі, инфляция мен девальвация, әділетсіздік т.б. Өкінішке қарай, осыны бейбіт түрде жеткізген халық арасына бұзақылар кіріп кетіп, бейбіт шерудің шырқын бұзды. Сол себепті халық өз талаптарын толық жеткізе алмады, арасында басшылары да болмады.

– Бұл оқиғадан халық пен билік қандай сабақ алуы тиіс?

– Халыққа үлкен сабақ –  митиңшіге шыққанда өзгелерді де өз ыңғайына иландыра білетін лидер керек. Яғни, әртүрлі деструктивті топтардың шеруді өз мақсатына пайдаланып кетуіне жол бермеу керек. Халықтың жіберген қателігі бұзақылардың күш қолданып, қалаларды тонауы. Себебі үкімет осы шарадан кейін оларға қарсы оқ атты.

– Бұл оқиғалар ел тұрғындарының саяси сауатына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

– Ел тұрғындарының саяси сауатын көшедегі қантөгіс көтере қоймайды. Бұл оқиғадан халықтың нақты талапты дұрыс қоя білсе, құқықтық жүйеде өз мақсатына жете алатыны айқын көрінді. Оған Жаңаөзен халқының газ бағасын 50-55 тг түсіруі нық сендірді. Яғни, халық өзі бейбіт түрде талабын орындата алатындығын көрді.

Сонымен қатар, дүрбелеңнің ақыры ауқымды экономикалық шығынға ұшыратанын да халық аңғарған секілді.

Билік болса, бейбіт шеру мен лаңкестерді «бір қорапқа» салмай, ара жігін ажыратып, кім қандай мақсатпен шыққанын анықтай білуі керек. Өз ойын жеткіземіз деген халықты жалпы бұзақылармен бірге лаңкестер деп атау үлкен қателік. Үкіметтің жалпы бірдей лаңкес деп бәрін атауы, ескертусіз оқ атуы үлкен шарасыздық, қателік. Ертең осының барлығы тергеліп, АҚШ, Еуропа елдері тарапынан адам құқығын аяққа таптау бойынша санкциялар салуы әбден мүмкін.

Айсұлу ТҰРСЫНБАЙҚЫЗЫ, әлеуметтанушы:

ІШКІ МИГРАНТТАРДЫҢ КӨПТІГІ АРАНДАТУШЫЛАРҒА ҚОЛАЙЛЫ БОЛДЫ

– Жаңаөзенде әлеуметтік-экономикалық талаптан басталған бейбіт шеру неге саяси митиңгіге ұласты деп ойлайсыз?

–  Халықта ең алдымен әлеуметтік мотив болды.  Жаңаөзенде де, өзге де үлкенді-кішілі қалаларда азық-түліктің қымбаттауы мен жалақының аздығы айтылып, осы қиындық адамдарды алаңға жетеледі. Алғаш осындай әлеуметтік-экономикалық талаппен басталған митиңг саяси және діни тіпті қылмыстық топтардың араласуымен ушығып кетті.

–  Алаңға шыққан адамдардың әлеуметтік портретін қалай сипаттар едіңіз?

–  Алаңға түрлі әлеуметтік категориядағы адамдар шықты. Оларға ортақ сипатты айтар болсақ, жас және жыныс ерекшелігі бойынша – 18-35 жас аралығындағы, кейбір қалаларда 45-50 жас аралығындағы ер азаматтар шықты. Ал білімі және материалдық жағдайына қарай сипаттайтын болсақ, көбіне білімі орта, ортадан жоғары немесе арнаулы орта білімді, әсіресе аймақтарда жоғары білімі бар азаматтар да шықты. Ал материалдық жағдайы орта және ортадан төмен белгілі бір әлеуметтік қиындық көріп жүрген топ өкілдері шықты. Дегенмен, алаңға жиналғандардың барлығын бір бояумен бояп, бір сипатпен сипаттауға келмес, себебі оның ішінде материалдық жағдайы жақсы білімі жоғары азаматтар да, саяси белсенді, өзінің азаматтық ұстанымын білдіргісі келген адамдар да барған болуы әбден мүмкін. Ондай категориядағы адамдар барғанын жоққа шығара алмаймыз.

– Әр қаланың әлеуметтік портретінде ерекшелік барын ескерсек, Алматының   портретін жасау қиын емес пе? Дәл осы ерекшелік арандатушыларға қолайлы болды деп есептеуге бола ма?

– Иә, Маңғыстауда көбіне кәсіби еңбек ұжымдары ұйымдасқан түрде алаңға жиналса, Алматыда бір категорияға жатқызуға келмейтін, түрлі топтар, тіпті әр күні әртүрлі топтағы адамдар, әртүрлі мотивтегі адамдар шықты. Басқа қалалармен салыстырғанда Алматыда тәртіпсіздіктің қатты ушығуына ішкі мигранттар мен қалаға жапсарлас мекендердің көп болуы себеп. Үлкен қаланың жан-жағындағы облыс, қала, аудан, ауылдардан қанша адам келгенін ешкім білмейді. Олар өте көп. Тоғыз жолдың торабында бас қосқан түрлі топтарды арандату, жолдан тайдыру оңай әрі қолайлы. Сосын Алматыда жұмысы бар болса да, тұрақты тіркеуі жоқ адамдардың саны өте көп. Қарапайым тілмен айтқанда олардың жоғалтатын ештеңесі жоқ. Олар өздерін бақылауда жүрміз деп ойламайды немесе отбасынан жырақта болған соң, әлеуметтік жауапкершілік өте төмен болады. Сондықтан осындай түрлі категориядағы адамдарды пиғылы жаман діни, саяси топтардың пайдаланып кетуі өте оңай.

Шындығына келсек, қазір бұл мәселе діни, саяси, қылмыстық реңк алып кетті. Ал қоғамның әлеуметтік-экономикалық түйткілді мәселесі оның астарында қалып қалды. Халықтың табысының төмендігі мен жұмыссыздығынан туындайтын кедейшілік, аймақтағы инфрақұрылым, ауыз су мәселесі, жол сапасы, интернеттің жоқтығы, білім мен медицина мекемелерінің қызмет сапасының төмендігі секілді көптеген мәселе тағы да үстіртін шешіліп немесе сол күйі қала берсе мұндай жағдай қайталана береді. Себебі діни, саяси, қылмыстық, геосаяси қызығушылықтар ешқашан тоқтамайды.

Біздің қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық теңсіздік жылдан жылға тереңдеп бара жатыр. Ең кедей тап пен ең бай таптың арасындағы айырмашылық тым алшақтап барады. Орта таптың да жағдайы барған сайын төмендеп бара жатыр. Азаматтардың айлық табысы, ел тұрғындардың тұрмыс жағдайы бір бірінен өте алшақ. Мәселен, Алматыда туған бала мен шалғай ауылда туған баланың дамуына жасалған жағдайлар салыстыруға келмейді. Ауылда туған бала автоматты түрде көп жағдайдан, инфрақұрылымнан, білім алу мүмкіндігінен жырақ қалады. Бұл өз кезегінде баланың дамуына өте үлкен кедергі. Ауылда мектеп бітірген түлектердің грантқа ең көбі 3-4 еуі ғана түседі. Ал қалған 18-20 бала не істейді? Ішкі мигранттардың санын толтырады. Сондықтан ең алдымен облыстар мен аймақтардың, аудандар мен ауылдардың инфрақұрылымын дамыту керек. Ондағы жастар мен балалардың бос уақытын өткізетін спорттық, интелектуальдық үйірмелерді ашуға жағдай жасау керек. Кәсіби маман болуына мүмкіндік беріп, тұрақты жұмыспен қамту. Уақытша науқандық шаралар жасап қана қоймай, өнеркәсіптер, шағын цехтар ашу қажет. Әлеуметтік төлемдер төлеу, олардың көлемін арттыру мәселенің шешімі бола алмайды.  

– Мемлекеттік орындар бұл оқиғадан нендей сабақ алуы тиіс?

Бұл жағдайлар Қазақстанда өмір сүру қауіпсіз емес екенін көрсетті. Сәйкесінше, біздегі адамдардың бейсаналы түрде, әсіресе, білімді, интеллектуалдық деңгейі, материалдық жағдайы жоғары адамдардың шетелге көшуіне әкеп соғады.

Әрине, бұдан кейін қауіпсіздікті нығайту мақсатында әскери құрылымдардың техникалық, кәсіби, қаржылық деңгейін  арттыруға көп көңіл бөлінеді. Дегенмен, ол тек салдармен күрес екенін ұмытпауымыз керек. Саяси ауыс-түйістер де бұл мәселенің шешімі болуы екі талай. Бізде жалпы саяси ғана емес, жалпы әлеуметтік-экономикалық жүйені өзгертуге бағытталған жұмыстар жасалуы керек.

Бұл жағдай Қазақстанда діни, саяси, қылмыстық топтардың жұмысының әбден жолға қойылғанын көрсетті. Ішкі қауіпсіздікті сақтау саласының әлсіз екені, өз қауіпсіздігімізді өзіміз қамтамасыз ете алмайтынымыз көрініп қалды. Ресми деректе айтылған 225 адамның қаза болуы бейбіт заманда әлеуметтік тұрғыда өте ауыр қаза.    

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар