Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен бейнебайланыс режимінде Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин, Президент Әкімшілігінің Басшысы Мұрат Нұртілеу, Үкімет мүшелері, облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты, деп жазды Ақорда.
Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, биылғы жоспардың талқыланатынын атап өтті. Президенттің пікірінше, халықтың табысын арттыру және теңсіздікті азайту басым міндеттің бірі. Мемлекет басшысы инфляцияны ауыздықтау мәселесін екінші міндет ретінде атап, Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдеріне “Алтын Орда” базарына қатысты тапсырма берді.
Парақшамызға жазылыңыз– Сауда-саттықтағы тиімсіз делдалдыққа тоқтау салатын кез келді. Мысалы, 3 миллион адам тұратын Алматы қаласы мен оның төңірегіндегі елді-мекен тұрғындары тұтыну тауарларын көбіне «Алтын орда» базарынан алады. Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдеріне Үкіметпен бірлесіп, базарды тексеруді және тәртіп орнатуды тапсырамын. Бұл жер пайдакүнемдер үшін нағыз майшелпекке айналған. Бұған Алматыдағы қаңтар оқиғасы кезінде анық көз жеткіздік. Бұл – басқа өңірлерге де қатысты мәселе. Қажет болса, бұл жұмысқа құқық қорғау органдары атсалыссын. Екі ай уақыт беремін, – деді Президент.