////

Бақытбек Бәмішұлы: Цеденбал неге жылады?

1888 рет қаралды

Мен 2015 жылы қаңтар айында «Басыбайлы құл болғаннан ашқұрсақ азат болған артық» атты мақала жазып Мінбер.кз және «Түркістан» газеттеріне жарияладым. Және бұл мақала кейін менің «Сөз мәйегі» атты кітабыма да енген еді. 

Мақаланың әрі эпиграфы әрі тақырыбы ретінде алынған «Басыбайлы құл болғаннан ашқұрсақ азат болған артық» деген цитата өткен ғасырда Моңғол Ұлысын (Монгол Улс) қырық төрт жыл басқарған Юмжаагийн Цеденбалдың сөзі еді. Бұл сөз оның Советтер Одағы билеушілері тарапынан Моңғолияны Советтер Одағының бір елі ретінде Одақ құрамына енгізсек қайтеді деген ұсынысына берген жауабы болса керек. Цеденбал шығу тегі жағынан біз жойылып кетті деп жүрген Жоңғардың жұрнағы дүрбіт (дөрвөд) тайпасынан еді.

Мақалада Цеденбалдың өмір тарихы, саяси қайраткерлігі жөнінде сөз болған-ды. Моңғолияның тәуелсіздігін СССР-ға арқа сүйей отырып қандай бір жолмен сақтап қалу үшін барлық күш-жігерін сарп еткен Чойбалсан 1952 жылы Мәскеуде жұмбақ жағдайда қайтыс болғаннан кейін Моңғолия билігі толықтай 1940 жылы, бар жоғы 24 жасында МХРП-ның бас хатшысы, партия басшысы болып сайланған Цеденбалдың қолына өтеді.

Қандай да бір мемлекет, ұлт-ұлыстың өмірінде жеке тұлғалардың айырықша рөл атқаратыны белгілі. Сондай тұлғаның бірі Моңғол елі өмірінде осы Цеденбал болған.

Цеденбал советтік жүйе шеңберінде, коммунистік партияға адал қызмет етті. Коммунист бағыт-бағдарды нық ұстанды. Солай болса да өзінің ұлттық ішкі меніне берік болғандығын оның іс-әрекеттерінен айқын көруге болады. Мәселен, Совет Одағында жүргізілген «Сталиндік жеке басқа табыну» ісін әшкерелеу Моңғолияда да жалғасын табады. Өйткені Чойбалсан Сталиннің айтқанын бұлжытпай орындаған «өз адамы» болатын. Сондықтан да бұл науқаннан тыс қалуы мүмкін емес еді. Цеденбал 1956 жылы Чойбалсанның жеке басына табыну әрекетін партия съезінде әшкерелеп, сынағанымен оның атындағы қала, көше және Ұланбатыр қаласындағы есерткішіне соқтықпай, «Чойбалсан Сталин емес қой» деп өз естелігінде жазған екен.

Суретте: Солдан оңға қарай Ноғай Шымшырұлы, Цеденбал Юмжаагийн, Ақтан Бабиұлы және Сарай Асқанбайұлы

Моңғолия тәуелсіз мемлекет болғанымен оның бүкіл саяси-әлеуметтік жүйесі, іс-әрекеті КПСС-ке бағынышты еді. Солай болса да Цеденбал Ел Тәуелсіздігін бәрінен жоғары қойыпты. Мәскеу билігіне  жағына, жаға отырып, солардың саусағының ұшымен қимылдай жүріп, «біздің бай-кедей болуымыздан гөрі тәуелсіздігімізді ұрпақтан ұрпаққа жалғастыра өмір сүруіміз қымбат» депті.

Советтер Одағының Коммунистік Партиясының Бас хатшысы болып М.С.Горбачевтің келуімен Моңғолияны қырық төрт жыл билеп, асығы алшысынан түсіп тұрған Цеденбалдың басына қара бұлт үйіріледі. Өйткені Моңғолия басқа да социалистік елдер қатарлы Советтер Одағының ашса алақанында, жұмса жұдырығындағы ел еді.

1984 жыл. Цеденбалды Совет елінде дем алып қайту үшін Мәскеуға келген барысында «ден саулығына аса қауіпті ауруға душар болған, ұзақ уақыт емделуі керек» деген дәрігерлік анықтаманы дереу шығарады. СССР-дың Денсаулық сақтау министрі Чазов МХРП-ның саяси бюро мүшелеріне Цеденбалдың «ақыл-есіне қатысты ауруды» дәлелдеп,  сендіреді. Бұны естіген Цеденбал қатты қайран қалыпты. 1984 жыл 20- тамыз күні Филатова (Цеденбалдың әйелі)  КГБ-нің бастығы Чебриковпен жолығып Моңғолияға қайтаруын талап етеді. Алайда бұл кезде оның сөзін құлаққа ілетін адам қалмаған екен. Өйткені Коммунистік партияға Цеденбал енді керексіз адам, ал ол еліне қайтып барса істің немен тынатыны да белгілі, сондықтан оның мәселесі әлде қашан шешіліп қойса керек. Ал Цеденбалдың ден саулығы ұлы Зоригтің айтуына қарағанда емделіп жазылғанның орнына Чазовтың күн құрғатпай салған екпесінен күннен күнге төмендей берген. Сөйтіп Цеденбалды қырық төрт жыл тапжылмай отырған «хандық тағынан» тайдырады.

Цеденбалдың басына күн туған қиын-қыстау кезде қасында болған адам 30 жыл қорғаныс қызметінің басшысы лауазымында істеген Л.Нанзад деген генерал екен. Оны 1989 жылы қаңтарда ғана еліне қайтарды. Ол Цеденбалдың 1984 жылы шілденің 26-нан 1985 жылдың 25-ақпанына дейін (7 ай көлемінде – ББ) Мәскеуда арнайы жерде қамауда болғанын айтып берген. Онан кейін Мәскеу орталығынан төрт бөлмелі пәтер беріп, «мырза қамақта» ұстаған. Осы пәтерде Цеденбал өмірінің ақырғы аянышты жеті жылын әйелі және немере қызымен өткізген екен.

Ли Куан Юдің айтуына қарағанда бодандықтан босанып, тәуелсіздік алған елдің билігін қолға алған тұлға үшін екі мүмкіндік туады екен. Оның бірі – моралды аяққа таптап, жеке басының шірігенше баюы болса, екіншісі – халық мүддесі үшін адал тер төгіп, елін ұшпаққа шығару. Цеденбал осы бір қанатты сөздің соңғысын таңдаған елбасы болып қалды.

Әр нәрсенің басталу көзі болса, тоқтап, бітіп, аяқталу нүктесі де бар. Қоғамдық құрылыс та, оның саяси жүйесі де сондай. Цеденбалдың билік құрған ғұмыры 1984 жылмен трагедиялық жағдайда аяқталады. Цеденбал зерттеушілер мен көз көргендердердің айтуына қарағанда Мәскеуде мырза қамақта ғұмырының соңғы жеті жылын аянышты жағдайда, өле-өлгенінше өксікпен өткізіпті. Цеденбалға байырғы саяси серіктестерінен де, Филатованың қолтығына су бүркіп, аяғын жерге тигізбей қолпаштаушы итаршыларынан да бірде бір адам осыншама уақыт ішінде жөнін сұрап, артынан іздеп, ат ізін салмаған екен. Шынтуайтында оларға ондай мүмкіндік берілмесе керек.

Цеденбал өмірінің  соңғы жеті жылында отанынан жырақта, жат жұрта, «мырза қамақта» қандай күй кешіп, қалай өмір сүргені жайлы оның өзінің жазған естеліктері, жолдаған хаттары, тілшілерге берген сұхбаттарында айқын көрініс тапқан. Оларда Цеденбалдың Отанға деген шынайы махаббаты, сүйіспеншілігі, туған жерге деген сарғайып сары тап болған шексіз сағынышы, енесінен айырылған ботадай боздаған шарасыздықтан шырқыраған дәрменсіз жанының айқайы, ішкі жан дүниесінің зар еңіреген күйзеліс-күйініші, тартып жатқан төзгісіз азабы, ең соңғы, ақыреткі арман-тілегі айтылады:

«Ағзам азып барады. Асқазанымда бір нәрсе бар. Сол менің жанымды жеп тынатын сияқты. Ертерек елге жетіп, сүйегімді қойып, тынышталғым келеді. Менің тілегімді қажетті адамдарға жеткізші» (Ю.Цеденбал,1989 ж).  «Менің ең соңғы тілегім тек қана елге жету. Есен-аман елге жетіп, етек-жеңімді жинасам деймін. Елшіліктегі жолдастар менің тілегімді қабыл алып, шешіп береді дегенге сенімім зор» (Ю.Цеденбал: 1989 ж).

Сондай-ақ, комиссар Төмөрбатыр дегенге сол 1989 жылы жолдаған хатында тағы да би деп жазыпты: «Жігітім, сен мені ауруханадан қашан шығармақсың. Мен өте-мөте қиналып кеттім. Мені мына көңіл-күйдің тозағынан құтқарып, Отаныма апаршы».

Додоодорж деген журналист ғана қиысын тауып бетпе-бет жүздескенде жарықтық: «Әбден шаршадым, қажып кеттім,  мені елге алып кетіңдерші, сүйегімді сонда апарып тастаңдаршы» деп жыларман болыпты.

Д.Дожоодорж: Туған жеріңізге барасыз ба?

Ю.Цеденбал: Барамын, барлық аймақтарды аралаймын. Мен түнімен отырып жұмыс істеуші едім. Қазір бос уақытым көп, елді сағындым. (1990 ж).

Цеденбал 1991 жылы Мәскеуде қайтыс болды. Моңғолиядан мемлекетік комиссия келіп үлкен өкінішпен оның мәйітін Ұланбатырға алып қайтады.

Бақытбек Бәмішұлы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар