/////

Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Мичурин ауылдық округінің әкімі Максим Мусалимов: Желтоқсан, қаңтар айларында су таситын автомашина істен шығып қалды

3607 рет қаралды

Зеленое ауылындағы ауыз судың жағдайы жайында осыған дейін ауыл тұрғындарымен сөйлесіп, Бәйтерек ауданы және Мичурин ауылдық округінің әлеуметтік желідегі парақшаларына шолу жасаған едік

Әлеуметтік желідегі ақпараттан бөлек, мәселенің мән-жайын білмек ниетпен Бәйтерек ауданы Мичурин ауылдық округінің әкімі Максим Мусалимовтың жұмыс орнына телефон арқылы хабарластық. Қуанышымызға орай аптаның соңғы күнінің екінші жартысында Максим Болатұлы жұмыс орнынан табыла қойды. Оған қоса, мүмкіндігінше сұрақтарымызға да жауап берді.

– Максим Болатұлы, Зеленое ауылын ауыз сумен қамту мәселесін жақсы білетін шығарсыз, осыған дейін және қазіргі уақытта мәселені шешу үшін қандай жұмыстар жасалды?

– Қазіргі таңда Мичурин ауылдық округіне қарасты 5 елді мекен бар. Олар – Мичурин (халық саны – 6775 адам), Зеленое (халық саны – 428 адам), Жамбыл (халық  саны – 615 адам), Октябрское (халық саны – 555 адам) және Асан (халық саны – 2065 адам) ауылдары. Олардың ішінде Мичурин ауылында су бар, Жамбыл, Асан және Октябрьское ауылдарына ауыз су жүйесі «Ақ бұлақ» бағдарламасының аясында 2019, 2020 жылдары жүргізілген. Ал, Зеленое ауылына келетін болсақ, басқа ауылдармен салыстырғанда тұрғындар саны аз болуына байланысты кейінге қалдырылды. Қазіргі уақытта ауыз суды жүргізу жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалды. Одан кейін, бас жоспарға сәйкес Зеленое ауылының аумағын 200 учаскеге кеңейту жоспарланған. Яғни, қазіргі уақыттағы 428 адам емес, жаңадан қосылатын тұрғындардың есебімен қосымша сутартқы құрылысы үшін түзетулер енгізу қажет болды. Бұл да ауылға су жүргізу мерзімінің созылып кетуінің бір себебі. Мемлекеттік сараптамадан оң нәтиже алды. Қазір құрылысқа қаржы бөлу мәселесін қарастыру үшін ҚР Қаржы министрлігіне жолданды. Қаржы бөлу мәселесі оң шешімін тапса, кешіктірілмей тендер жарияланады.

– Ауыл тұрғындарына суды жеткізу қалай қамтамасыз етілуде?

– Зеленое ауылында Совет одағы кезінен орталықтандырылған су жүйесі болмаған. 2015 жылы ғана аудандық әкімдік шешім қабылдап, суды Мичурин ауылынан тасымалдап, Зеленое ауылына жеткізу ұйымдастырылуда. Яғни, суды тасымалдау, жеткізу, су тасығыш машинаның шығындарын әкімдік өз мойнына алған, ал тұрғындар тек суға ғана төлейді. Биылғы жағдайға келетін болсақ, шыны керек желтоқсан, қаңтар айларында су таситын автомашина істен шығып қалды. Желтоқсан айында тез жөндеп, іске қостық. Кейін қаңтар айында бір қосалқы бөлшегін жөндесек, келесісі бұзылып, бірінен соң бірі бұзыла берді. Машина 12 күндей жөндеуде болды. Машинаның жөнделгенін күтіп отыра алмаймыз. Сондықтан, 23 қаңтарда қосымша қаражат тауып, борты бар Газель көлігімен су жеткізу үшін Орал қаласын сумен қамтамасыз ететін «Батыс су арнасы» ЖШС су құйып, тасымалдайтын ыдыстарды алдық. Сөйтіп, ауылдағы Раздольное, Бейбітшілік көшелеріне суды тегін жеткіздік.

– Зеленое ауылына суды жеткізумен қандай мекеме айналысады және жеткізу кестесі бар ма? Болса жеткізу жиілігі қандай?

– Ауылға суды тасымалдап, жеткізумен айналысатын Бәйтерек ауданының «Коммунальник» МКК. Тасымалдау сол кәсіпорын есебінен. Су айына 3 рет жеткізіледі. Су тасығыш машина бөшкесінің сыйымдылығы 4 т.м. (4000 л.). Суды жеткізу кесте бойынша жүргізіледі. Жүргізушінің өзі Зеленое ауылында тұратын Сергей Дичянский есімді азамат. Ауыл адамдары тасымалдау, жеткізу үшін ақы төлемейді. 1л судың құны үшін 1 теңге төлейді. Әркім өз қажеттілігіне сай алады.

– 23 қаңтардан кейін су жеткізілді ме? Ауыл адамдары суды жеткізу кестесі барын біле ме? Кесте бойынша жеткізу күндері мен уақыты белгіленген бе? Және су тасығыш машина бұзылмаған жағдайда су кестеге сәйкес жеткізіле ме?

– Әрине, 8, 9 ақпан күндері жеткізілді. Жоғарыда айтқанымдай машина жүргізушісі ауылдың адамы, адамдар су жеткізілу уақытынан хабардар.

– Ауыл тұрғындары соңғы 3 жыл бойы Мичурин ауылдық округінің әкімін көрмедік дейді, жақын арада ауыл тұрғындарымен кездесу жоспарыңызда бар ма?

– Өзім Мичурин ауылдық округінің әкімі қызметін атқарғаныма екі жыл болды. Пандемияға дейін жыл сайын ауыл тұрғындарымен есептік кездесулерде көрісіп жүрдік. Қазіргі вирусқа қатысты,  жағдайға, карантин шектеулеріне байланысты соңғы жылдары кездесулер өткізе алмай жүрміз. Бірақ жеке қабылдаулар өткізілді. Ауыл тұрғындары жеке қабылдауларға келе алады, келіп жүр де. Пандемия кезінде санитарлық талаптарды сақтай отырып, есептік кездесулер де өткізілді. Одан бөлек ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап беретін, жедел байланысатын What’s App әлеуметтік желісінде ортақ чат бар. Бұл чатта әкімдік қызметкерлері ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап береді. Биыл 02 ақпан күні Зеленое ауылында аудан әкімі мен ауыл әкімінің орынбасарлары барып, ауыл тұрғындарымен кездесіп келді. Бұл туралы ауыл тұрғындары алдын ала хабарландырылды. Барлық сұрақтарға жауап берді. Соның ішінде су мәселесі де талқыланды. Карантин шектеулеріне байланысты тұрғындармен жаппай шараларды өткізе алмай қалдық. Биылғы жылы жаз айларының әр айын ауыл күні деп жариялап, әр ауылда ауыл күнін өткіземіз. «Ауыл күні» маусым айында Зеленое, шілде айында Октябрьское, тамыз айында Жамбыл ауылдарында жоспарланды. Бұл күндері ауыл тұрғындары үшін концерттік бағдарлама, спорттық шаралар және басқа да шаралар өткізілетін болады.

– Зеленое ауылын сумен қамту құрылысына қанша қаржы жоспарланған? Қаржы мәселесі шешілген жағдайда Зеленое ауылына биыл су өткізу мүмкін бе?

– 325 млн 700 мың теңге қаржы жоспарланған. Қаржы мәселесі министрліктен қолдау тапқан жағдайда, біз су жүргізуді биыл бастағымыз келеді. Ол үшін ең бірінші мүдделі тарап әкімдік. Өйткені, су жүргізу көптеген мәселені шешуге көмектесер еді. Алдымен, халыққа су жеткізіледі және ауылдан 3 адам болса да жұмыспен қамтылады. Содан кейін су тасымалдау, су тасығыш машинаны жөндеу, жанар-жағар май сияқты шығыны шаш етектен болып отырған күрделі мәселеден құтылар едік. Сол тасымалдау мен машина шығындарына кеткен қаржыны ауылдың жағдайын жақсартатын басқа мұқтаждарға жұмсар едік. Сондықтан, осы қаржыға тіреліп тұрған мәселе шешімін тапса деп күтіп отырмыз. Жалпы, ауыл жағдайын жылдан жылға жақсартуға тырысып жүрміз. Былтыр Зеленое ауылында балалар ауласы пайдалануға берілді. Зеленое ауылы Мичурин ауылынан 4 км қашықтықта орналасқан. 2016 жылы тұрғындар қала мен екі ортаға кедергісіз қатынайтын керме көпір (вантовый мост) салынды. Алдағы уақытта да көптеген жоспарларымыз бар.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев

Материал дайындау барысында, яғни 14 ақпан күні Мичурин ауылдық округінің әкімі Максим Болатұлы облыс әкімі Ғали Есқалиев Зеленое ауылының тұрғындарымен кездесуге барғаны туралы хабарлады. Кездесу барысында әкім тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, су өткізу бойынша жобаны қолдайтыны туралы хабарлапты.

Ресми хат жолдауды не алдына баруды талап етпей, қоңырау шалған кезде бірден сұрақтарға жауап беріп, бар жағдайды айтып берген әкімге ризашылығымызды білдіреміз. Әр ауылдың әкімі осындай қоғам мен адамдар үшін ашық болса екен. Зеленое ауылына суды биыл жеткізу үшін барлық рәсімдер ыңғайланған екен, енді қаржы министрлігінің құптауы келіп, ел тезірек қуансын. Ал, су жеткізуге бөлінетін қаржының құпталғаны, құрылыстың басталуы жайлы сүйінші хабар ауылдағы әкім мен халықтың кездесуіне маңызды, әрі қуанышты себеп болсын деп тілейміз!

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар