Бірқатар ақпарат құралдары бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектановтың қамауға алынғаны туралы жарыса жазып жатыр.
Экс министрдің ұсталғаны жайында Ulysmedia.kz сайты да жазады. Бірақ бұл сайт ақпарат әлі нақтыланбаса да “Экс Қорғаныс министрі ұсталды” деп өте сеніммен жазады. Басылым бұл туралы “дереккөздерге” сілтеме жасайды. Алайда қандай дереккөз екені айтылмайды. Әрі басылым Бектановтың Қылмыстық кодекстің 128 бабымен ұсталғанын айтады. Сондай-ақ, Ұлыс медиа “Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік пен “терроризм” актілері бойынша қылмыстық істерді тергеу барысында Мұрат Бектановтың қызметтік міндеттерін атқармағаны белгілі болды” дей отырып, 19 ақпанда оның үстінен Қылмыстық кодекстің 452 бабы бойынша (биліктің әрекетсіздігі) қылмыстық іс қозғалғанын айтады. Ulysmedia.kz корреспонденті Бас прокуратураға хабарласқанын жазады. Алайда жауап берілген берілмегені туралы айтылмайды.
www.interfax.kz сайты да “құқыққорғау органдарындағы дереккөзге” сілтеме жасаған.
“Азаттық рухы” сайты да осындай ақпараттың пайда болғанын айтып өтеді. Олар сілтемені “Не хабар” телеграм арнасына жасаған.
Бұл ақпарат Қазақстандық аталған сайттарға сілтеме жасалып ресейлік және басқа да постсоветтік елдердің сайттарында жарияланып үлгерді.
Естеріңізде болса, 19 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Токаев Бектановты Қорғаныс министрі лауазымынан алып, орнына Руслан Жақсылықовты тағайындаған. Жаңа министрді таныстыру барысында Президент Бектановты қаңтар оқиғасы кезінде “командирлік мінез” таныта алмады деп сынаған еді.
Парақшамызға жазылыңыз
[…] 19 ақпанда қамауға алынғанын растаған ақпарат жарық […]