ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАРСАҢЫНДА
(екінші тарау)
Жіберген кісіміз бір адаммен оралды. Аласа бойлы, орта жастағы жігіт кіргені көзіме шалынды. Қол ұсынып, таныстық: «Ғалымжан» – «Әкежан». 1989 жылдың аяғы еді. Жиналған қауыммен амандасып шыққан соң, оған орындық ұсындық.
Топтың жетекшісі ретінде мәжілісті жалғастырып, жиналғандардың үміткерге сұрақ қоюын өтіндім. «Партияда барсыз ба, жоқсыз ба?», «Болсаңыз, бүгінгі СОКП-ға көзқарасыңыз қалай?», «Конституцияның 6- бабындағы партияның билеуші роліне қалай қарайсыз?», «Нарықтық экономика деген не?», «Демократиялық принциптерді қолдайсыз ба?», «КГБ-дан не себептермен кеттіңіз», т.б. сұрақтар бұршақша жауды. Бір-екі сұрақтан соң үміткеріміз: «Бұл не, тергеу ме?» деп, ренжігенін білдірді. «Жоқ, олай емес. Қолдамастан бұрын сіздің идеологиялық көзқарасыңызды білсек деп едік», – дедім. «Онда мақұл, сөйлесейік», – деді. Нәтижесінде, кейбір жауаптары күдік тудырса да (мысалы, «демократия басқаруға көнуі керек», «көппартиялық жүйеге қарсымын» дегендері болды), оны қолдаймыз деген шешімге келдік. Сөйтіп, кандидаттарымызды белгілеп, барлығымыз сайлау науқанына кірісетін болдық.
Ол кезде «саяси технологиялардан» мүлдем хабарымыз жоқ, әйтeyip, білгенімізді, оқығанымызды, москвалық достарымыздан көргенімізді пайдаландық. Ой-пікіріміз біздің басты қозғаушы күшіміз болды. Кездесулерге, митингілерге жиналған халық біздің ұмтылысымызды шын көңілмен, таза пиғылымен қабылдады. Теледидар мен газет беттерін бермей, бізге қысым жасаған партия-билік басшыларының әрекеттері аяғында өздеріне соққы болып тиіп жатты. Халық бізді тани келе беделіміз де өсе бастады.
Көрші Ресейдің Рубцовск қаласының баспаханасында басылған газеттеріміз, үндеулеріміз, түрлі-түрлі «самиздаттар» тұрғындар арасына тарай бастады. Олардың көкірек көзін, сана-сезімін оятты. Бұған жетерліктей қаржы өзімізден және бізді іштей қолдаған кәсіпкерлерден түсті. Болашаққа шақыратын, халықты қызықтыратын партияның идеологиялық ресурстары таусылып, режим тікелей әкімшілік тұрғыдан күш көрсетуге көшті. Бұл олардың ең үлкен қателігі боп шықты. Жалпы, Совет империясының күйреуі адамдардың санасын билейтін идеологияның таусылып бітуінен басталған. Осындай қоғамдық дағдарыстардың (бүгінгімен салыстырып көріңіз) негізі – идеологиялық текетірес. Бұл күресте әкімшіліктің күшімен, адамдарды қудалау әдістерімен жеңуге болмайды. Кepiciнше, халықтың сенімінен және қолдауынан айырылған биліктің күні ақпанның қарындай тез eрiп кетуге тиіс.
Әрине, партия режиміне санаулы күндер қалғанын біз онда әлі білмедік. Өзіміздің кандидаттар түскен қалалық және облыстық округтермен қатар, республикалық округке де ерекше көңіл бөлдік. Әкежан Қажыгелдин сөзге шешен, әртістік таланты бар, қарсыластарына қарағанда жұрт алдында ұтымды ойнай алатын боп шықты. Үгіт жұмысына бүкіл штаб боп жабыла кірістік. Нәтижесінде: Александр Княгининмен бipгe тоғыз кандидат інінен екінші турға шықтық. Княгинин де сөзге шешен, қаланың бip заводының белді директоры еді.
Партияның үміткері өтпеген соң жергілікті партия басшылары Әкежанды өткізбеуге тырысты. Дәл сол кезде облыстық «Иртыш» газетінде жергілікті КГБ басшысының сұхбаты жарияланды. Онда ол Қажыгелдинді жамандап, КГБ қатарында жүргендегі «қылықтарын» айтты. Онымен қоса облыс басшыларының Әкежанға қысым жасауға әзірлік жасап жатқаны туралы сөз тарады. Бірінші турдан кейін екі күн өтті, бірақ үміткерімізден хабар болмаған соң, үйіне барып келейік деп келістік. Көңілімізде бip күдік болды. Оның себебі Әкежанның досы Лукиннің астыртын күңкілдеген сөзі еді. Лукин Қажыгелдин сайлаудан бас тартады, өйткені жағдайы күрделеніп тұр деген сияқты сөздер айтты. Үйіне барып, көңіл-күйі түскен Әкежанға халықтың оған артып отырған үмітін үзуге болмайтынын ашып айттық. Ол: «Жарайды, науқанды жалғастырамыз», – деді. Бірақ бұрынғыдай болмады. Қажыгелдиннің сөйлеген сөзі де, іс-қимылы да бұрынғыдай өткір болмады. Табанды позиция көрінбеді. Бағдарламасынан да өткір жерлерін алғызып тастады. Әсіресе партияны, тоталитарлық режимді сынаған жолдар жойылды.
Саяси бағдарламасын дайындаған В.Ковтуновский екеуіміз едік. Бұл өзгерістерді естіген Виктор едәуір ашуланды. Тобымызбен кеңесіп, аяғына дейін күресуге бел байлап, шыдамдылық көрсеттік. Дегенмен сол жолы жеңілдік. Төменгі округтердегі кандидаттарымыздан бірнешеуі ғана жеңді. Басында облыстық депутаттық округтен түскен мен де жеңілдім. Соған қарамастан, бip айдан соң өткен қалалық кеңестің сайлауына түстім. Бұл жолы округте басқа тактикаға көштім. Өзім сайлаушыларды түгел аралап, танысып, ойымды жеткізіп шықтым. Соның нәтижесінде сайлауда жеңіп, қалалық депутаттың бесжылдық мандатына ие болдым. Сонымен бірге партия басшыларының бітіспес жауына айналдым. Сөйтіп қалалық кеңестің жұмысына белсене кірістім.
Біз құрған демократиялық депутаттар тобында бас кезінде он шақты адам болдық. Оның құрамында Лукин, Батталова, Ковтуновский, басқа да біздің идеяларымызды жақтаушылар болды. Төленнің жолы болыңқырамай, депутаттыққа өте алмады. Бірақ өтпегендер салы суға кетпей, қолын бip сілтемей, барлығы да саяси-қоғамдық жұмысқа белсене қатысып жүре берді. 100 депутаты бар қалалық кеңесте алғашқы кезде біздің он, он бес даусымыз жеткіліксіз болды. Аз екенімізге қарамастан, сессияларда жиі-жиі сөйлеп, тобымыздың пікірталас мәжілістерін өткізіп, жақтастарымыздың қатарын көбейттік және маңайдағы жұрттың көңілі бізге ауа бастады. Көбі сырттай партияның айтқанымен жүрсе де, іштей біздің ой-әрекеттерімізді қолдады.
Қалалық атқару комитетінің (горисполком) төрағасы Қажымұрат Нағманов та сондайлардың қатарына жататын. Саясат пен идеология жағынан ол бейтарап бағыт ұстанса да, каланың коммуналдық шаруасында өзінің дербестігін көрсеткісі келді. Оның бұл әрекеттepiн сырттан (Екібастұздан) келген «варяг» деп, жергілікті горкомның «партократтары» жаратпады. Әcipece, горкомның хатшысы Ульяновпен текетіpeci күшейе түсті. Әрине, бұл ішкі, газет бетіне шықпаған айтыс болды. Бұл мәселеде біз Нағмановты қолдадық. Кейін тартыс шиеленісіп, Қажымұрат Ыбырайұлы қызметтен кетуге мәжбүр боп, Алматыға, Парламентке ауысқанда, біз оны бәріміз бірігіп шығарып салғанбыз. Ал қалалық кеңесте біздің санымыз да, беделіміз де өсе түсті. Депутаттық топтың қатарында 30-ға жуық адам болды. Бірақ көптеген мәселе бойынша біздің даусымыз шешуші роль атқарды. Қала мен облыс басшылары біздің пікірімізбен санасатын болды.
Қаладағы демократияның, яғни халықтық биліктің күш алған уақыты сол ма деймін, митингі мен жиналыстарға қала басшылары бөгет жасай алмады, өйткені кедергі жасаса, кеңестің сессиясында қатты сынға түсетін еді. Өзіміздің газетімізді шығардық. Алғашқы кезде тіркеу болмаған соң (онда үкімет тәуелсіз басылымдармен не істейтінін білмеген), газеттің аты «999» болды. Ақырында рұқсат алып, атын «Гражданское действие» деп өзгертіп, бірнеше мың тиражбен бастық.Соңымыздан, газет таратушылардың, баспахана жұмыскерлерінің артынан КГБ, партия, прокуратура қызметкерлері түсті. Бip нөмірінде Совет Одағының гербінің сыртынан сыммен шырмауық (азаттығымыз империяның темір торымен қоршалған деген мағынада) оралған суретті бердік. Сол үшін бізге қылмыстық ic қозғап, жауапқа тартпақшы болды. Одан еш нәрсе шығара алмады. Осылай бізбен арпалысқан «партократтар» шаршады. Коммунистік режимнің өзі де әлсірей бастаған-ды. Қоғамдық жұмыспен қатар ең басынан өзімнің кәсіпкерлікпен шұғылдануымды тоқтатпадым. Тілек екеуіміз отырып көлемділеу бip шаруаға кірісейік деп шештік. Сайлау шайқасынан есеңгіреп қалған Әкежанды тауып алдық. Ойымыз оған ұнады, саясаттан гөpi осынымыз дұрыс болар деп, үйлестіру мәселелеріне белсене кірісті. Өзіміз құрылтайшы боп «ТОМАН» атты коммерциялық фирманы тіркеттік. Ол кезде нарық экономикасын игере алмаймыз дейтін басшылар басында ат-тонын ала қашты. Оның үстіне «Кооперативтер туралы» заңнан басқа ешқандай заң жоқ. Ақырында, Нағманов жауапкершілікті өзіне алып, №001 деген куәлікке қол қойып, фирмамызды тіркеді (кейін премьер боп жүргенде Қажыгелдин «Қазақстанда бірінші боп фирма аштық» дейтін).
Сөйтіп саясат та, бизнес те қатар жүріп отырды. Бірде, жарты жылдан соң, Әкежанның саясатқа қайта оралайын деген ойы болды. Ол кезде қала басшысын депутаттар сайлайтын еді. Тек алдымен қалалық округтен депутаттыққа өту керек. Онысын біз мақұлдап, қолымыздан келетінін айттық. Ол орынға тағы бip үміткер боп Шымболат Оразбаев ағамыз шыққанын естідік. Жасы келіп қалған Шәкең бұрын қаланы басқарған, кейін Алматыға теміржол қызметіне ауысқан. Енді партия басшыларының шақыруымен өз қаласына оралмақшы. Ақылдасып, штаб құрдық та, сайлау науқанына кірісіп кеттік. Басында жеңеміз деп белсенділік көрсеткен Әкежан бip уақытта тағы да бәсеңдеп қалды. Сайлаушылармен біз әзірлеген кездесуге де сылтауратып келмеді. Салмақ салып, онымен тағы да жоғарыдағылардың «дұрыстап» сөйлескенін сездім. «Қимылдамасақ, уақытты бекер өткізіп аламыз» деп едім, үндемеді. Ақыры сайлауда жеңілді. Ол күні қалада да болған жоқ. Достарымның алдында мен ыңғайсызданып, не айтарымды білмедім.
Уақыт өтіп жатты, біртіндеп дүние де өзгере бастады. Кеше нарықты қабылдамаған партия басшылары аяқ астынан өздері де коммерцияны меңгере бастады. Горком мен обкомның жанында неше түрлі фирмалар құрылды. Қажыгелдинді облыстық атқару комитетіне (облисполком) төрағаның орынбасары етіп жұмысқа алды. Жаңа нарық қатынастарын орнықтыру және шетел байланыстары қолына тиді. Әрине, оның тәжірибесін ескерді. Онда біздің ортақ фирмамыздың дамып келе жатқан кезі еді. «Сен маған қарағанда есепке жүйріксің ғой. Экономикадан да хабарың бар, сондықтан бизнесімізді өзің басқарып жүре бер. Сенің адалдығыңа, мені алдамайтыныңа сенемін. Мен болсам, мемлекеттік қызметте icтеп көрейін, ана ақ үйге бармасам болмайды», – деп Әкежан алаңның арғы жағында тұрған обком-облисполкомның ғимаратына қолын сілтеді. Мен оның бұл айтқанын мақұлдадым. «Есепке жүйріксің, экономикадан хабарың бар» деп тұрғаны – менің Москвада оқып, әйтеуір қажеті болар деп, қосымша экономикадан дәріс алғанымды білетін. Tiпті Москва студенттері арасындағы экономикалық олимпиадада командамыз бірінші орын алған. Оған ешқандай таңғалуға болмайды. Өйткені жоғары математиканың тармақтары институтымызда ең жоғары дәрежеде оқытылатын. Ал механика мен экономиканың қолданатын математика заңдары бірдей. Оның үстіне фирмамен айналысып жүргенде нарықтық экономика жөнінде түрлі кітаптар оқып, Москвада ұйымдастырылған семинарларға қатысып жүрдім. Сонымен біреуіміз билік жүйесінде, екіншіміз бизнес жолымен жүретін болдық.
Бұл 1990 жылдың аяғы еді. Бipге істеген сегіз-тоғыз айдың ішінде бір-бірімізге үйреніп, достасып кеткенбіз. Ол билікке кетсе де бастаған шаруасын ұмытпаған, көп жағдайда ақылдасып отырдық. «ТОМАН» фирмасының негізінде «Семей» қауымдастығын құрдық (онда әлі акционерлік қоғам деген ұғым жоқ). Мен «Семейдің» бас директоры болсам, ол президенті боп аталды. Ол кезде мемлекеттік қызметкерлерге басқа мекемелерде қосымша қызмет атқаруға тыйым салынбаған. Әрине, Әкежан көбіне «құрметті басшы» есебінде болды. Айтқанымдай бүкіл есеп-қисап пен жауапкершілік менің мойнымда қалды. Коммерциядан басқа өндіріспен шұғылданатын болған соң, сауда-саттықтан түскен табысымызды жерді барлау (геология) жұмыстарына және тау-кен техникасын алуға жұмсадық. Есептегенімізде сауданың өзі пайданың қайнар көзі боп тұрды. Сол кезде бастаған бизнесмендер жақсы біледі, тауар айналымынан 400–500%, кей кездері 1000 пайызға дейін пайда түсетін.
Дегенмен болашақта өндіріс те табысты болатынын сездік. Өзімізге ғана емес, халыққа да пайдалы затты өндіргіміз келді. Алтын, мыс, көмір, гранит көздерін барлауға бірнеше геологиялық экспедиция ұйымдастырдық. Бірден олжалы болмадық. Қасымыздағы серіктес кәсіпкерлер «түк шықпайды, бекерге ақшамызды шашамыз, одан да үй, машина сатып алайық, өмірдің қызығын көрейік» дегендей болды. Олармен дұрыстап сөйлесуге тура келді. «Өмірдің бар қызығы дүние-мүлік те емес, шыдасақ – бастаған ісіміз өнімді болады, табысымыз молая түседі, сонда армандағандарыңды аларсыңдар. Жетеді, бөлінемін дегендерің, мейлі, үлестеріңді алып, кейін өкінбейтін болыңдар», – дедім. Кейбіреуі шыдамай, тиісті үлесін алып шықты. Қалғанымыздың бағымыз жанып, еңбегіміз жемісті болды. Алдымен жабық полигонның жерінен көмір шықты. Бірақ оны өндіріп тасымалдау үшін талай шаруаны бітіру керек болды. Әрі көмірдің бағасы төмендеп, оның өзін акшалай емес, бартермен қайтарған уақыт болатын. Түбінде қиыншылықтың бәрінен өтіп, күні-түні еңбектеніп, саудадан түсіп жатқан ақшаның бәріне техника алып, жұмысшылар жататын үйлер, 140 шақырымдық темір жол және тас жол салып, айтарлықтай табысқа жеттік. Ол табыс ақшалай ғана емес, рухани нәтиже берді, мен мақсат қойып, мәреге жеткен адамның сезіміне бөлендім. Өйткені «нөлден» бастап, тың жерде мыңнан артық жұмыс орны бар, маңайдағы өлкенің бәрін көмірмен қамтитын, жыл сайын бюджетке салық ретінде миллиардтаған қаржы түсіретін, батыс үлгісіндегі менеджмент басқарған ipi, тұрақты кәсіпорынды аяғынан тұрғыздық.
1990-91 жылдары жергілікті КПСС белсенділері мен біздің топ арасындағы күрес жалғаса берді. Бұл текетірес 1991 жылдың 19 тамызына барып тірелді. Оған дейін бірнеше саяси «шайқастан» өттік. Бұл мәселеде Әкежанмен де қатты сөзге барып қалатынбыз. «Сен мұныңды қой, мен сөз естіп жүрмейін» дейтін болды. Осы жерде Әкежанның шыққан ортасы жөнінде айта кетсем деймін. Қажыгелдиндер отбасы жергілікті «элитаға» жататын. Әкесі Мағжан ақсақал облыстың беделді азаматы, жылдар бойы облыстық атқару комитеті төрағасының әлеуметтік сала бойынша орынбасары боп істеген (өзім кейін ол кісімен жақын танысып, сыйлы ақсақалдарымның бірі болды). Әкежан да партия, совет мекемелерінде жауапты кызметтер атқарған. Осының бәрі оның көзқарасына ықпал еткені сөзсіз. Ол өзін қоршаған партноменклатура ықпалынан толығымен шыға алмаған. Онысын мен түсінетінмін. Сондықтан ара-тұра айтыссақ та, ара қатынасымыз жақсы болатын. Жақын туыстай үй-ішімізбен араласатынбыз. Мен оны аға (арамыз 11 жас) ретінде сыйладым. «Сен қырсықсың, тік мінездісің, қулау болу керек» дегеніне ренжімей, құлақ салып отыратынмын. Бірақ негізгі көзқарасымнан қайтпадым.
1991 жылғы тамыздың 19-ы шешуші кезең болды. Тек Мәскеуде, Ресейде ғана емес, біздің қаланың басшылары да не істерін білмей қалды. Таңертең өзіміздің топпен жиналып, ақылдасқан соң облисполкомға, Қажыгелдинге бардым. Ол: «Отыра тұр, мен Бозтаевқа (обкомның бірінші хатшысы) барып келейін», – деп шығып кетті. «Кешекең не icтерін білмей отыр. Алматыдан біpey-мipey көшеге шыға қалса, қысым жасауды ұйғарып жатыр екен. Сабырлы болуды өтінді», – деп қайтып келді. Маған қарап: «Сендер байқаңдар, тым қатты кетпеңдер. Бүгінгі сауда биржасының ашылуын бірге өткізейік, артық ештеңе болмасын», – деді. «Өз жағдайыңызды өзіңіз білерсіз. Бірақ біз үндемей отыра алмаймыз», – деп бетін қайтардым. «Байқа, бауырымнан» басқа ештеңе айта алған жоқ. Сол күні «Семейдің» офисінде, менің кабинетімде – мен, Лукин, Әлжанов, Тоқтасынов, Ковтуновский, тағы он шақты «демократ» жиналды. Естіген-білгенімізді ортаға салдық. «Қаладағы әскери гарнизоннан бастап горкомға дейін сапқа тұрғызып, кезекшілерін шығарыпты» деп естідік. Сонымен қатар біздің топ мүшелерін аңдып тұтқындамақшы дегенді де естідік. Лукин бip сағат бұрын өткен горкомның пленумына қатысыпты. «Олардың именетін түрі жоқ, видеокамерамен түсіріп алғанға рұқсат берді, міне, көресіңдер ме?» деп, қолындағы кассетасын видеомагнитофонға салып, бізге көрсетті. Онысында қала мен облыс басшылары ГКЧП-ні қолдайтынын білдіріп, қалада тәртіп орнату қажеттігін, «демократ-оппозиционерлердің көзін жою» керектігін айтыпты. Қарап болған соң кассетаны сейфіме салдым. (Кейін оның құны өсіп, ішіндегі «кейіпкерлер» жалынып кешірім сұрап жүрді). Ал біз мәжілісімізді онан әрі жалғастырдық. Не болса да аяғына дейін тұрамыз деп анттастық. Ұйым-мекемелерде насихат жұмысын жүргізейік, халықты митингіге жинайық дегенді айттық. Тіпті арамыздағы бipey «керек болса, қаруланайық» дегенге дейін барды.
Кешке қарай тағы жиналдық. Әрқайсымыз бітірген жұмысымызды баяндадық. Жалпы халық бізді қолдайды деген пікірге келдік. Әзірше ешқайсымызды ұстаған жоқ. Ертеңнен бастап жоспарлы әрекетке кірісейік деп келістік. Біріншісі, депутаттардың сессиясын өткізейік. Кворум жиналмаған күнде оны жиналысқа айналдырайық, әйтеуір халық үнімізді естісін деп келістік. Содан соң түні бойы дайындаған газет пен үндеулерімізді ел арасына таратайық дедік. Бәріне келісіп, енді шығайық деп жатқан кезде жігіттер: «Әкежанның не ойы бар? Бізді қолдай ма?» – деп, мені кеңірдектен алғандай болды. «Оның жағдайы оңай емес, өздерің білесіңдер. Бүгін биржаның ашылуына қатысуының өзі ерлік», – деген жауабым көңілсіз шыққанын Тілек байқады. Жеке қалғанда «шыныңды айтшы!» дегенде, мен: «Бұл жағдайда өзімізге ғана сенуіміз керек», – деп оның көзіне қарадым. «Олай болса, бәрі түсінікті, берік болайық», – деп, құшақтасып қоштастық. Кетейін деп жатқанымда Виктор жүгіріп келді. «Америка дауысы» радиосы «Мәскеуде депутаттар жиналып жатыр, халық көшеге шығып, баррикада құруға кірісті» деп хабарлағанын жеткізді. Жағдайдың шынымен шиеленіскенін сонда білдік. Алдында тек ГКЧП берген ақпаратқа ғана құлақ түріп отырғанбыз. Осы қалпыммен үйге келдім. Қарлығаш мен есіктен кірісімен мойныма асылып, көзіме қарап: «Дүние не боп жатыр?» – деді. Осының алдында болған саяси күрес кезінде Қарлығаш: «Партия жиналыстарында, газет бетінде сендерді экстремист, оппозиционер деп шулатып жатыр», – деген еді, есіме сол түсті. Болып жатқан оқиғаны жасырғаным дұрыс болмас деп, оған бәрін айтып бердім. «Жарайды, өзің шеш. Әрқашан басыңмен ойлап істейтініңді білемін, саған сенемін», – дегені маған орасан зор қуат бергендей болды.
Түн ортасы болатын, ұйқы жоқ. Радионы бұрап отырып «Америка дауысына» түстім. Жаңалықтың бәрін содан біліп отырдым. Ертеңгісін депутаттар жиналысына халық көп жиналды. Бос орын жоқ, кісілер түрегеп тұрды. Жоғарғы балкон да толып кеткен. Басында тізгінді қолға алмақшы болған «партократтар» әуелі елді қорқытып-үркітті. Оларға қарсы сөйлеген сөзімізде азаттық, ұлт, намыс сөздерін де басыңқырап, халықты өзімізге қарата бастадық. Мен өзім үш-төрт рет шығып сөйледім. Қызу даудың ортасында облыстық милиция басшысы Цимбал орнынан тұрып: «Мына сөйлегендердің бәрінің қолына кісен салыңдар», – деп, сақшыларына бізді нұсқады. Ұмтылғандарды менің: «Абайлаңдар, ертең заңсыз әрекеттерің үшін жауапқа тартыласыңдар», – деген сөзім тоқтатты. Халықтың басым көпшілігі күшке салмай, ақылмен шешейік десті. Зәурештің де сабырға шақырған үні естілді. Пікірталастың соңында біз жеңе бастап, халықты өзімізге бұрғанымыз білінді. Демократияны қолдаған шешім қабылдап жатқанымызда, мінбеге депутат Хазипов шығып: «Жаңа ғана Москвадан ұшып келдім. Ельцин бастаған демократтар тобы халықты көтерді, Кантемир дивизиясы соларға қосылды, өз көзіммен көрдім», – дегені өрекпіп тұрған ГКЧП қолдаушыларының үстіне мұздай су құйып жібергендей болды. Осы сәтті пайдаланып, біз жиналыстың да, ондағы биліктің де тізгінін қолымызға алдық. Қызық болғанда, жаңа ғана біздің тас-талқанымызды шығарамыз дегендер күрт өзгерді, қасымызға келіп, ымыраласқан сыңайда жалпылдап жатты. Енді олар партия басшыларынан емес, бізден ақыл-нұсқау сұрайтын болды. Залдан шығып, төрағаның кабинетіне бардық. Ол телевизорын қосып, жан-жаққа телефон соға бастады. Алматы үн-түнсіз, не айтарын білмей, қатты сасқан сияқты. Парламент сайлаған Президенттің қарамағындағы үкіметтің үні шықпағанына жиналғандар таңғалды. Дегенмен Мәскеуден жақсы хабарлар келе бастады. Жеңгенімізді сезініп, қатты қуанышпен бір-бірімізді құттықтадық.
Қараңғы кеште Ертіс жағасына шықтық. Жігіттердің бipeyi: «Бүгін 20 тамыз, тарихта қалатын күн, осыны атап өтетін жөніміз бар» деп, «Метакса» деген коньяктың бip бөтелкесін алып келді. Біраздан соң мен бөлектеніп, өзеннің дәл қасына жақындадым. Тұңғиық, мөлдір судың бетіндегі Ай мен жұлдыздардың бейнесіне қарап тұрдым. Қарт Ертістен соққан самал кеудемді ерекше, бұрын болмаған сезімге толтырғандай.
Азаттық сезімі. «Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды; Анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды» деген Қазыбек бидің қоңтайшы алдына барғандағы cөзi ойыма келді. Ол оқиға, шамамен, осы Қара Ертістің басталар тұсы – Жоңғар жерінде болғанға ұқсайды. Онда бабаларымыз еліміздің азаттығы үшін сырт жаумен шайқасқан. Енді бүгін, арада екі жарым ғасыр өткенде, «коммунистік тоталитарлық жүйе» атты одан жүз есе күшті жаудың үні өшті. Бүгінгі күн тұрғысынан қарасам, сондағы елдің азаттығы үшін, адамның бас бостандығы үшін күресіміз аяқталмапты. Құлдығымыздан арылмаппыз. Тәуелсіздік ұранын бүркеніп, жеке басының мүддесін көздеген билік басындағылар азаттығымызға қауіп төндіріп тұр. «Азат өмірсіз – тәуелсіздік болмас» – осы қағиданы ұмытпағанымыз дұрыс.
Тамыз оқиғасынан кейін мен саясаттан алшақтай бастадым. Әрине, қоғамдық шаруаларға да көңіл бөліп, соның ішінде қазақ тілі мен мәдениетіне болысуым ерекше орында тұрды. Қазақша шығатын басылымдарға, кітаптарға, жеке авторлар мен өнерпаз адамдарға фирмамыз әрқашан да демеушілік көрсетіп келді. 1992 жылы Қабанбай батырдың 300 жылдығына арналған үлкен республикалық деңгейдегі айтыстың ұйымдастырушысы да, демеушісі де болдық «Қабанбай бабаңның әруағы қолдап, жебеп жүрсін», – деген еді осы әрекетімізге ой салған Семей ақсақалдарының бірі Қанат Смағұлов. Марқұмның маған құдалық жақындығы да бар еді. Әйтеуір қазақ руханиятының дамуына аз да болса үлесімізді қоса алғаныма риза боп жүрдім.
Сөйтіп жүргенімізде Әкежан екеуіміздің арамызда бір әңгіме болды. Креслосында отырып, темекісін бірінен соң бірін шегіп, маған қарап: «Бауырым, осы біз республикаға неге шықпаймыз?» – деді. Сөздің төркінін сезсем де, білмегенсіп: «Республиканы қойып, халықаралық байланыстарымыз бар (ол кезде біздің Түркия, Қытай, АҚШ-пен бизнес қатынастарымыз болған) ғой», – дедім. «Жоқ, мен оны айтып тұрған жоқпын. Тыңда, жуықта маған Алматының бір кісілері үлкен үйге жақындау жөнінде ақыл айтты. Республикада кадр жетіспейді. Егемендікті алғанмен, басшылар нарықпен не істейтінін білмей отыр. Республикалық бip қауымдастық құрып, сол арқылы үкіметке ықпал етсек, қалай ойлайсың?» – деп сұрағын тағы қойды. «Жас мемлекеттің нарық экономикасындағы алғашқы қадамдарында, әрине, білікті мамандар қажет қой. Қолдан келсе, неге көрмеске?» дегенімде, «Ондай болса, кірісейік. Керекті бағдарлама, құжаттар жағынан болысарсың. Қолың тисе, кеттік Алматыға», – деп орнынан тұрды. Ақылдаса келіп, республикалық Кәсіпкерлер одағын құратын болдық. Құрылтай жиналысына жан-жақтан кәсіпорындардың басшылары мен жеке кәсіпкерлер қатысты. Расында, үкімет басшылары нарықтан хабарсыз болғандықтан, көптеген құжат, заң жобаларын өзіміз дайындадық. Қажыгелдиннің аса белсенділігін Президент байқап, оны өзімен Түркияға, ресми сапарға біpгe ала барды. Содан бастап Назарбаев оны қасына ертетін болды, онымен кеңесетін болды. 11 адамнан тұратын Президент жанында кәсіпкерлер кеңесі құрылды. Оған Әкежан екеуіміз де мүше боп кірдік. Кеңестің бірінші отырысында Әкежан мені Президентке таныстырды.
Алдыңғы тарауларды оқу үшін: мына және мына сілтемелерді басыңыз.
Парақшамызға жазылыңыз
[…] тарауларға сілтемелерді мына, мына және мына жерден таба […]
[…] ІІ тарау […]