ҮЛКЕН САЯСАТ
(үшінші тарау)
Сөйтіп кеңестің бірінші отырысында мені Президентке таныстырды. Сол мәжілісте Президент бұл кеңестің негізгі мақсаты мен жұмыс кестесін айтты. Реті болса ай сайын жиналатын болдық. Кеңестің әр мүшесіне куәлік беріледі және оның үкімет орындарына кipyге, өзінің пікір–ұсыныстарын айтуға құқығы бар делінді. Жас мемлекеттің нарықтықэкономика жолында көптеген бойламаған өзені, аспаған кезеңі бар екені және ecкікадрлардың барлығы бұрынғы әкімшіл–әміршіл жүйеден ғана хабардар екені айтылды. Біз болсақ, жаңа толқынның адамдары ретінде, осы кеңес арқылы жас мемлекетке көмек етуіміз керек. Көмегіміз – Президентке ақыл-кеңес беру және нарықтық заңдарды, үкімет қаулыларын, жарлықтарды даярлау. Сол отырысымызда Президент көп сөйлеген жоқ. Көбінде біз білгенімізді айттық. Ол кici блокнотына бірдеңе жазып отырды. Есімде қалғаны, Президент өңінде күмән сезімі сақталып, қатты алаңдап отырғаны байқалды. Білмейтін бағытына шыққан кеме капитаны сияқты.
Үкімет тарапынан біздің «кураторымыз» боп Төлеген Жүкеев (ол кезде вице-премьер) бекітілді. Жұмысты үйлестіруші ретінде әкімшілік қызметкері Игорь Гутов тағайындалды. Сол кеңестің барлық 11 мүшесі кейіннен мемлекет кызметіне шақырылды. Мысалы, бірінші толқынмен Олег Сосковец пен Әкежан Қажыгелдин вице-премьер боп кетсе, екінші толқында Қозы-Көрпеш Есенберлин – министр, ал мен әкім болып тағайындалдым. Шын мәнісінде бұл кеңестің республиканың алғашқы нарық қадамдарына және мемлекет басшыларының осы жөніндегі пікіріне үлкен ықпал еткені сөзсіз. Бұл жұмысымыз қоғамдық негізде болғанымен жауапкершілігімізді толығымен сезіндік, уақытпен санаспай жұмыс істедік. Біз үшін де тағы тәжірибе жинауға жақсы көмек болды. Мемлекеттің басқару жүйесімен, басшыларымен таныстық. Әрине, өзімнің негізгі жұмысым «Семей» компаниясында, Семейде жүріп жатты. 1992 жылы облыс әкімшілігінің басшысы деген қызмет тағайындалды. Облысымызға басшы боп Чернов деген кісі келді. Қажыгелдинді біраз кешіктіріп барып өзіне орынбасар қып бекітті. Бұл екеуінің арақатынасы онша болмады. 1993 жылдың жазында Мақаншы ауданында үкімет жұмысына кеткен Жәнібек Кәріпжановтың орнына депутат сайлау өтті. Оған Әкежан да қатысатын болды. «Сайлау жұмысын әбден меңгердің, науқанды өзің басқарасың ба?» – деп сұраған соң келісімімді бердім. Расында, ол кезде дос-әріптестерімнен құрылған «командамыз» белді де беделді бүкіл Семей өңіріне ыкпалды топ еді.
Қажыгелдин облыс әкімшілігінің өкілі болғанымен, әкім оны қолдамағанын білдік. Ол кезде ондай жағдай жиі кездесетін. Басшысының пікіріне қарамастан сайлауға түскендердің болуы аз да болсын демократияның ыкпалы еді. Сондықтан сайлауда әкімшілік «ресурсты» есептемей, өзіміздің күшімізге ғана сенуіміз керек болды. Біз үшін тағы бip ыңғайсыз жағдай – Әкежанның сол жерде бұрын болмауы, жергілікті халыққа бейтаныстығы. Ауданға барлау жасап барғанымда, жергілікті жерде көп жыл бойы еңбек еткен аксақалдардың бipi Жақсылық Ысмағұлов (марқұм) былай деді: «Ең жоқ дегенде қалың найманнан бipeyi болса етті, мына уақты сайлайды деймісің?» Ауылдағы сайлаудың осындай ерекшеліктерін ескеру керек болды.
Дегенмен ең үлкен қауіп Әкежанның өзінде еді. Достарым: «Тағы да өткендегідей боп жүрмей ме?» – деген сұрақтарын маған тікелей қойды. Оның үстіне үміткерлердің бipeyi Берік Бейсекенов деген алматылық бизнесмен маған келіп: «Өзім мақаншылықпын. Қарамановқа күйеубала екенімді естіген боларсыңдар, жоғарыдан қазір Әкежанға звондайды. Сондықтан әуре боп қайтесің?» – деген. Осы күдікті оймен Қажыгелдинге бардым. Сұрадым. Алдын ала «жоқ, қайтпаймын» дейтінін білгенмін. Тіпті осы жолы Мақаншыға барғанында, «Аяғына дейін тұрасыз ба?» деп сұрағандар да болған. Сонда: «Атам қазақтың сөзі бар ғой, деспе, десең – боқ жеспе», – деп жиналған жұрттың қошеметіне ие болғаны бар. Сондықтан соңғы сайлау күніне дейін күдігім ойымда болды. Әйтеуір абырой болғанда осы жолы жеңдік. Бірінші турда. Бірақ сол жеңістің жемісі бес айға ғана жетті. Өйткені Парламент депутаттары өзін-өзі «таратты», таратушылардың ішінде Әкежан да болды. Маған айтқаны: «Өз адамдары арқылы берген Президенттің тапсырмасы. Біз Нұрекеңе Парламентті таратуға болысуымыз керек. Қазір депутаттармен жұмыс істеп жатырмыз. Сен де Семейдің жергілікті кеңестерін «таратуға» өзің депутат ретінде белсенділік көрсет». Онысын мен құптай алмадым. Ұсынған үндеуге не мен, не демократиялық топтағы жергілікті депутаттар қол қоймадық. Бұл қыста болған оқиға, ал оның алдында, күзде, Семейге Президенттің өзі келіп қайтты. Біздің компаниямызда, көмір кенішінде де болды. Ол кезде «Қаражыра» көмір разрезі қомақты көрсеткіштерге жетіп, өңірдегі ipi кәсіпорын есебінде саналатын. Басқа өндіріс орындары құлдырап тұрғанда, Президент деңгейіне Семейде көзге ілінетін ештеме болмағанда, біздің компаниямыздың жетістіктері облыс басшыларына «сиқырлы таяқтың» өзі боп шықты. Президентпен eріп жүргендердің ішінде Чернов та, марқұм Бозтаев, Қажыгелдин де болды. Өзімізше дайындалып, карьердің басында жеңіл шатыр тігіп, ішіндегі қабырғаларға график-суреттерді іліп, сөзімді: «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, сіз еліміздегі тұңғыш жекеменшік Қаражыра көмір кенішінде тұрсыз» дей бастап едім, ол кici қолын сілтеді. «Білемін, бәрін де білемін. Әкежан екеуіңнің қолыңнан ic келеді екен. Не сұрайсың, қандай көмек керек?» – дегенде, мен (мұндай дәрежедегі қонақтарды бірінші рет қарсы алып тұрмын) не айтарымды білмей, сәл бөгелдім. Осыны пайдаланып Чернов: «Оларға керегі кредит…» дей берді. Сол жерде есімді жиып: «Жоқ, рахмет. Бізге керегі тек заңдар дұрыс болса болды», – деп үн қаттым. Расында, компаниямыз не үкіметтен жеңіл несие алып, не болмаса магазиндер мен заводтарды жекешелендіруге қатысқан жоқ еді. Бизнестің табысы компанияны қаржыландыруға жеткілікті болды. Кейін де, әкім болғанымда да ондай «жеңілдіктерге», көмекке тіпті де бармадым. Сөз шығып, ұят боп жатқаны әкімдік қызметіме нұқсан келтірер деген ойда болдым. Бүгін басымда сол ой болғанына Аллаға разымын. Әйтпесе мынандай тырнақтың астынан кіp іздеп жатқан заманда тергеушілерге ондай «фактілер» үлкен олжа болушы еді. Павлодарды қойып, Семейдің бүкіл архивін ақтарып тексергенде тарыдай кінә таба алмағаны ақиқат. Сондықтан 2001 жылы күзде өз пікірімді ашық жариялауға шыққаным – өзімнің тазалығыма кәміл сенгенімнен болды. Ондай сенімсіз бүгінгі тірлігім мүмкін емес еді. Әрі бала кезден түйгенім – өмірде оңай олжа, оңай табыс болмайтынын түсінгенім немесе «судың да сұрауы бар» деген қағида.
93-тің күзінде Қажыгелдин үкімет басшысының бірінші орынбасары боп тағайындалды. Бірінші вице-премьер болатынын маған өзі құпия түрде айтқан. Әрине, ресми түрде жарияланғанша ешкімге де тіс жармадым. Ол туралы не облыс әкімі, не өзінің әйелі білмеді. Алматыдан ұшып келгенінде өзім ғана қарсы алдым. «Жарлыққа қол қойылды, бүгін айтатын шығар, тек Натальяға айтпай-ақ қой әзірше», – деді сөз арасында. Үйлеріне Қарлығаш үшеуміз бipгe кірдік. Наталья Николаевна бізге қонақжайлық танытып, шайын дайындауға кipicті.
Қажыгелдиннің қатардағы облыс әкімінің орынбасары кызметінен бірден бірінші вице-премьерлікке көтерілгені көптеген «болжаушы» үшін жазда қар жауғандай болды. Аяқ астынан астанаға келген Әкежанның кабинетіне жол тауып, жаңа басшымен танысқысы келгендер көп еді. Маған да «таныстыршы, байланыстыршы» деп, жақындасқысы келгендер болды. Әрине, ондай делдалдықтан бойымды аулақ салуға тырыстым. Әкежан «көмегің керек болады» деген соң бастапқыда қасында болдым. Үкіметтің реформалық қадамдарына көмектесу бұрынғыдай қоғамдық міндетім деп білдім. Бірақ әу бастан мемлекеттік қызмет мені қызықтырмады. Бірде, Алматы әуежайының VIP залында тұрғанымызда, «Семейдегі менің орныма сен бар» деген Әкежанның сөзіне: «Сіз білесіз ғой, орынбасар болуға, тіпті чиновник болуға икемім жоқ», – деп жауап қайтардым. «Сонда сен мені немене, майысып жүр демекпісің бе?» деп, маған өкпесін білдірді. Кейін бұл жөнінде арамызда бірнеше рет әңгіме болды. «Жаз шыға Чернов кетеді, орнына елді ойлайтын, қолынан ic келетін жас жігітті қарастырыңдар деген Президенттің тапсырмасы бар. Өзің қалай қарайсың?» – деп тура көзіме қарап, бұрынғы сұрағын басқаша бұрып қойды. «Әрине, облыстың жағдайы өте қиын, құлдырап тұрғанын менен де жақсы білесің. Дегенмен күшің жетеді, көрсеңші», – деп сөзіп жалғастырды. Келіскен-келіспегенімді айтпай, «ойланайын» деп Семейге қайтқан едім.
Орталықтан компаниямыздың жаңа офисін салып, көшейін деп жатқанбыз. Ecік алдына келген ақ «Волганың» ішінен балдақты Атмачиди Аким Иванович шықты. Атақты құрылыс темір-бетон комбинатының директоры. Әңгімені алыстан бастаса да, мені үгіттеуге келгенін сездім. «Сен болмасаң кім арқалайды бұл жұмысты? Біз, бәріміз, үлкен-кішіміз бар, директор-кәсіпкерлер, ақсақалдар қауымы өзіңді қолдайтынымызды білесің», – деп сөзін қорытындылады. «Сіз білесіз ғой, Аким Иванович, бес жыл болды осы бизнесті нөлден бастап, біраз жетістікке жеткіздік. Алда қойған мақсаттарымыз бар. Компанияны үлкейтіп, бизнестің басқа да салаларын көрейін деп едім», – деген сөздерімнен ұсыныстан бас тартқанымды аңдаған Атмачиди қайта үгіт жұмысына кірісті. «Шаруашылығымды кімге қалдырамын, сіз орныма келмейсіз ғой?» дегенімде, бас салып: «Керек десең жасыма қарамастан, жас бизнесменнің орнын мен-ақ басайын», – деді. Амалсыздан, осындай сөзден соң «көрейік» деп бәсеңдеу айттым, сол жерден әуежайға бipге кеттік. Тосып отырған Қажыгелдин Атмачидиді бөлмесінен шығып, құшақтап қарсы алды. Екеуі бөлек сөйлесті. «Жүріңдер, енді сізді Сергей Александрович күтіп отыр», – деп премьер-министрдің кабинетіне апарды. Kipeбepic бөлмесінде сәл бөгелдік. Осылай тез болады деп ойлаған жоқ едім. Басыма бірінен соң бipi ойлар келе берді. Ележанның туғанына тоғыз-ақ ай. Бизнесім болса анау, бітпеген шаруа көп. Кәсіпкер болып жүргенде өз еркім өзімде емес пе. Енді міне, қызмет тәртібін сақтап, бюрократтардың жүйесіне кіруім керек. Оның үстіне не партия, не совет қызметінде бір күн де істеп көрген жоқпын. Кеш болмай тұрғанда шынымды айтып кетейін деп ойладым. Енді бірде: «Өзімді сынап көрейін. Неге қолдан келмеске? Нарықты білемін. Саясаттан хабарым бар. Халықпен жақсымын, ақсақалдар, белсенділер қолдайды. Кісілерді басқару жүйесін меңгердім» деген амбициялық ойлар келді. Алдымен Атмачиди кірді. Біраздан соң мені шақырды. «Сен үшін мені сыйлайтын Аким Иванович кепілдігін бepіп отыр. Енді барып Президентке ұсыныс жасаймын. Ол кісіге ертең кіретін шығарсың», – деп Терещенко әңгімені аяқтады. Шыққан соңСемейге, Төленге телефон шалдым: «Қарлығаштар дачада, телефонмен сөйлесе алмадым. Сен барып, менің қара костюм-шалбарымды мұнда таңертең самолетпен салып жібер. Ертең Президентке кіремін», – дедім. «Бәрін де түсіндім». – Жан досымның жауабы қысқа болды. Сөйтіп, таңертең мұнтаздай киініп, Президенттің қабылдау бөлмесіне бардым (Ол кезде бұрынғы ғимаратта еді). Көп бөгелмей кабинетіне кіргенімде Президент бұрыннан жақсы таныс адамдай орнынан тұрып қабылдады. Әңгімелесті. Көбінесе республиканың экономикасы жайында сөйлестік. Әрине, Семейдегі әкімдік жұмысым туралы да айтты. Әңгімеміз ұзаққа созылмады. «Осы жерден әуежайға тура кеттік. Жарлыққа қолымды қойдым. Мұндайда созып керегі жоқ. Қайталап айтайын, бар үмітім сенде. Жассың, тарихымызда болмаған жағдай. Ең бастысы, реформаны қолға алып, облысың үлгі көрсетсін. Адамдармен тіл табысып істейтініңді, халықтың өзіңді қолдайтынын естігенмін. Жер өзіңдікі, ел өзіңдікі, саған сенемін», – деген сөзінен соң орнымнан тұрып: «Нұрсұлтан Әбішұлы, сенім артқаныңызға рахмет. Ақтауға тырысамын», – деп қоштаспай шықтым да, күтіп тұрған фотограф суретке түсіріп алған соң, асығыс әуежайға бет алдым. Ұшақта әңгімемізді жалғастырдық.
Бір кезде Президенттің көмекшісі Иманғали Тасмағамбетов қасыма келіп: «Саған, Ғалымжан, үлкен сенім артылды. Жастардың ішінен бірінші болып осындай қызметке бара жатырсың. Байқа!» – деді. Осы кезде, неге екенін білмеймін, ойыма «Никогда не растанусь с комсомолом, буду вечно молодым» деген әннің әуені келді. Күлдім. Ұшақ та қанатын жайып қона бастады. Семейде әлі ешкім ештеңені білмейді. Черновты ауыстырады екен дегенді ғана біледі. Президент сол күні қарсы алғандардың ішінен бip адам кейін маған: «Назарбаевтың қасында басқа ешкімнің көрінбегеніне қарап, ендеше әкім өз арамыздан болар деп түйдік. Бірінші орынбасар болып жүрген Мәркен Шайжүнісов болатын шығар деген оймен актив жиналысына бip-ақ бардық», – деді. Расында, менің тағайындалуым көп кiciгe төбеден жай түскендей болды. Актив жиналысында қысқаша ғана: «…барлық күш-жігерімді жұмсауға ант беремін», – дедім. Мәжіліс залынан шығып, әкімнің кабинетіне кipe бергенде алдымыздан Мәркен аға шықты: «Нұреке, мен не істейтін болдым?» – деп сұрады. Назарбаев маған бұрылды да: «Ғалымжан, мына Мәркенді бірінші орынбасар ғып қалдырасың. Келесі жылы Абайдың тойы, сонымен шұғылдансын. Қалғанын өзің білесің», – деді. Есіме Әкежанның: «Барған соң Мәркеннен бастап бәрін қуасың. Олар саған жұмыс істетпейді», – деген сөзі түсті. «Міне, осымен саясат басталды» деп ойладым.
Президентті шығарып салған соң «Линкольн» машинасымен тар көшелерден әрең өтіп, дачамызга қайттым. Ележанды қолына ұстап, Берікті қасына ертіп, алдымнан Қарлығаш шықты.
Бірінші жұмыс күнімді ертерек барып концептуалдық ic-шараларды жазудан бастадым. Содан соң кішігірім спортзал сияқты кабинетте ары-бері жүрдім. «Шешінген судан тайынбас». Қиын болса да, жеңді түріп қойып, еңбектенгеннен басқа амал жоқ. Бұрынғы басшылар сияқты ақырындап күн өткізгеннен ештеңе шықпас. Ондай болсам азын-аулақ жинаған абыройымнан айрылармын. Президенттен бастап үміт артып отыр. Қолымнан не келеді?.. Облыстың экономикалық, бюджеттік жағдайынан аздап хабарым бар (облыстық мәслихаттың депутатымын және сессияның төрағасы едім). Жағдайы өте нашар, қарызы көп. Бизнесте болса, баяғыда банкрот болушы еді. Салық түспейді, өйткені өндіріс орындары тоқтап тұр. Дүкендерде нан жоқ, ұн жоқ. Қалада су жоқ, бензин жоқ. Автобустар жүргенді қойды. Әлеуметтік саладағы жағдай тіпті нашар. Мұғалім, дәрігерлердің жалақысы бес-алты ай, қарттардың зейнетақысы жеті-сегіз ай, балалардың жәрдемақысы жылдап төленбеген. Ұлттық теңгемізді ұстап көрмегендер бар. Ашынған халық ереуілге шығып, тиісті ақшасын талап етеді. Коммуналдық шаруашылықтың да проблемасы бастан асады. Қыс бойы жылу болмады, тұрғындар пәтерлерге пеш орнатуға мәжбүр болды. Бір сөзбен айтқанда, экономикалык-әлеуметтік жағдай терең дағдарыста. Бәрінен де жаныма батқаны ауылдың жағдайы еді. Облыста тұрғындардың 60 пайызы ауылда. Совхоздар таратылған, орнына жекешелендіру деп ұжымдық, кооперативтік мекемелер кұрылған. Нақты ие болмағандықтан дүние-мүлік, мал талан-таражға түскен, «бартерге» деп ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен. Семей өңірінде жердің құнары төмен болған соң, ежелден қазақтың бар байлығы мал еді. Бірақ оның да саны үш-төрт жылдың ішінде күрт төмендеген. Кейін Моңғолиядан келген қандастарымыздың бірінен мал санын сұрағанымда: «Моңғолияда малдың тұрақты саны 30 миллионның үстінде. Неге десеңіз, үкімет бip ақылды ic жасады – социализмнен қалған малды толығымен халыққа таратып берді, әр адамның қолына тиістісін берді. Ал Қазақстанда жекешелендіру кезінде малды адам қолына емес, ұжымшар кеңсесінің есебіне берді. Нақты ауыл тұрғындарына бұдан пайда түспеді. Бірінен соң бipi ауысып жатқан кеңсе басшылары пышаққа іліндірді сол малдың бәрін», – деген. Мұнысы рас еді. Ауылдың құлдырап кеткені дәл осыдан – үкіметтің еш ойланбай істеген жекешелендіру бағдарламасы мен оның орындалуынан еді. Әрине, бұл мәселенің бәрін шешу әкімнің құзырында емес. Заң шығаратын да, қаржы бөлетін де – орталық. Сондықтан алдағы уақытта жасайтын қадамымызды, осындай дағдарыстан шығу жолын қарастыру үшін облыстық мәслихат сессиясын өткізу керек екенін түсіндім.
Екінші шешетін мәселе – кадр жайы. Облыста бұрыннан қалыптасқан, аппарат жұмысын білетін мамандар жеткілікті. Бірақ олар социализмнің жоспарлы экономикасында істеп үйренген, ескі әдетпен жоғарыдан нұсқау келгенше қимылдамай отырып алатын кадрлар еді. Әлгінде ғана кабинетке кіріп, толып жатқан телефонның қайсысы қайда қосылатынын маған көрсетіп жатқан әкімнің көмекшісі Айткали Eciмханов мен сөйлей бастағанда тік тұра қалды. Облыс мекемелері, оның басшылары, аппарат қызметкерлерінің тізімін даярлаңыз дегенімде, түрі өзгеріп, жүзінде үлкен алаңдау байқалды. «Мына Жақиянов, жас бала, қылшылдаған қылышымен қырады ғой бәрімізді» дегенді көзінен оқыдым. Ол шығып кеткенде, кадр мәселесін байсалды шешу үшін бұрынғылардың тәжірибесін пайдалана отырып, аппаратқа жаңаша ойлайтын, экономикамен, нақты іспен шұғылданып көрген азаматтарды шақыру керек екенін түсіндім. Оралған көмекшіме: «Айтеке, өзіңіздің бұрыннан тәжірибелі, қағаз-құжаттарға тиянақты маман екеніңізді білемін. Облыстық әкім аппаратын басқарасыз», – дедім. Басқа да кадр мәселесін шештім. Шайжүнісовтен басқа орынбасарларды орнынан босаттым. Бас-аяғы жеті-сегіз адам екен. Біреуін фирмаға, екіншісін банкке жіберіп, үшіншісін өзіме кеңесші ғып жұмысқа орналастырдым. Жаңа командама өндіріс пен коммуналдық реформа бойынша Александр Лукинді, экономика саласындағы реформаға Бауман училищесінде бipгe оқыған Мұхаметқали Оспановты, ауыл бойынша Үржар ауданынын әкімі Маймұрат Уәлиевті, тағы бip топ өзім сенген азаматтарды шақырдым. Денсаулык сақтау, әлеуметтік саланы Бақыт Түменова, ал білім саласын Зәуреш Батталова басқарды. Жұмыстан босатқан шенеунік ағаларымыз басында ренжігенін білдіріп еді, кейін жекеменшік компанияларда істей бастағанда маған келіп жағдайына разы болғандарын айтып жатты. Бұл мәселеге ерекше мән берген себебім, ұмтыла бipгe жұмыс істейтін командамен қатар, қоғамдағы бірлік туралы ойладым. Өмірден байқағаным, қоғамдағы наразылық адамдармен дұрыс сөйлеспей, пікір алыспай, жеке-дара қабылдаған шешімдерден басталады екен. Сондықтан командамызбен ащы болса да халыққа шындықты айтып, әр қадамымызды жария түрде түсіндіріп істейміз деп келістік. Өтпелі заманда реформаны жүргізу оңай шаруа емес екені ақиқат. Дайындаған тұжырымдамамызды (концепция) депутаттарға ұсындық. Өзі бір-ақ бет қағаз. Ешқандай «байытамыз, жарылқаймыз» деген уәде жоқ. Тек нақты қадамдар. Қолымыздан келетінін айттық. Қиындықтарды жасырмадық. Ұранымыз – «тағдырымыз өз қолымызда, өз күшімізге ғана сенуіміз керек». Қиындықтың ең үлкені – адамдардың санасын, қоғамда қалыптасқан менталитетті өзгерту еді. Басшылардың бос уәдесіне алданған халық, жоғарыдан нұр жауардай дәмеленген адамдар, Үкіметке әбден сеніп, өзінің сана-сезімі оянбаған халық еді. Барлық саладағы реформаларға кіріскенде осының бәрі ойымызда болды. Кейін біз бастаған реформаларды үлгі етіп, республика бойынша насихаттады. Қайталап айтайын, ол реформаларға біз амалсыздан, халықтың жағдайын түзететін ешқандай басқа «ресурс» болмағандықтан бардық. Мысалы, бензин мәселесін қалай шештік? Республикада бірінші боп бензин құятын бекеттерді «Мұнай өнімдері» монополисінен алып, әр дербес меншіктің қолына жалға бердік. Нәтижесінде аз уақыттың ішінде бензинмен қамтамасыз етуге қол жетіп, бағасы 20 теңгеден 12 теңгеге түсті. Бұл нарықтың ең басты заңын – бәсекелестікті жүзеге асырғанның арқасы. Сол сияқты әр салада игілікті өзгерістерді бастадық. Соның бәрін халық қуана қабылдады десем, шындық болмас. Түсінбеушілік көп болды. Қателіктеріміз де болды. Кей кезде жоғарыдан берілген уәде бойынша, орталықтан көмек күтіп қалғанымыз да бар. Сынаушылар да, бұрмалаушылар да аз болған жоқ. Дегенмен ол реформаларсыз облыстың да, республиканың да жағдайы өзгермес еді. Президенттің өзі де жұмысымызға қанағаттанғанын жасырмады. Біз жасаған реформаларды (соның ішінде коммуналдық саладағы) шетелдерде, Ресейде жүргенінде үлгі ретінде айтып жүрді.
Семейдегі жұмысымның бәpi тек қана реформа жүргізумен шектелді деген пікір тумасын, тарихы, мәдениеті, дәстүрі ежелден қазақтың бір үлкен ошағына айналған бұл өңірдің тағдыры мен үшін бірінші орында тұрған. Осы орайда қазақтың рухани орталығы боп табылатын Семейде ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойын өткізу жөнінде қабылданған үкіметтің де, ЮНЕСКО-ның да шешімі туралы айтуым керек! Мен үшін бұл үлкен сын болды. Жас мемлекетіміздің қалыптасуына, елдің бірлігіне бұл мерекенің қажеттігін Президент те, қалың бұқара да айтқанын жақсы білесіздер.
Облысты аралауды бісмилләһи деп, Абай ауданынан бастадым.
Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бip жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма, – деген Абай атамыздың шумақтары ойыма оралды.
Аудандағы жұртпен кездесіп, үш жылдан бepi салынып жатқан Абай-Шәкәрім кесенесінің құрылысында болдым. Бip жыл уақыт қалды, ал құрылыстың жартысы да бітпеген. Салып жатқан – Маңғыстаудан келген жұмысшылар. Басшысы Сайын Назарбеков маған салмақ түcipe сөйледі: «Әкімдер, вице-премьерлер келеді де, уәделерін бepiп-беріп кетеді. Ал жұмыс өнбейді». Мен одан не керек екенін, қандай көмек қажет екенін қысқаша сұрадым. Қасымдағы көмекшім оның айтқанын түгел жазып алды. Жұмысшылардың тұрмысын, еңбекақысын сұрап-біліп, аса мәз емес екенін байқадым. Қоштасқанда Сайынға: «Көп уәде бермеймін. Бұл той бәріміз үшін де сын. Жабыла жұмыс істейік. Намысқа тырысып, қолымнан келгенін жасаймын, сұрағандарыңыз болады», – дедім. Семейге оралған соң Шайжүнісовті өзіме шақырдым: «Мәркен аға, той дайындығымен таныстым. Өте төмен деңгейде екен. Құрылыста тас жоқ, цемент жетіспейді, басқа да құрылыс заттары жоқ дейді құрылысшылар. Менің ойымша, жетіспейтін бір-ақ нәрсе – ақша. Ол болса заттар да болады, құрылысымыз да жылдамдайды, жұмысшылар да көңілденіп, еселей еңбектенеді. Мұндағы дайындыққа көп басшының керегі жоқ. Сондықтан Сіз бар жұмысыңызды қойып, Алматыға барыңыз, тиісті қаржысын бізге тезірек аударуды қадағалаңыз», – дегенімді ол кici мақұлдады. Содан соң Абай қорының төрағасы Мағжан ақсақалмен ақылдастым. Осы жайында жоспарлаған ic-шараларымды қолдады. Бұл жұмысқа белсенділерден кімді қосатынымызды келістік. Солардың ішінде Абай ауданының бұрынғы басшысы, ecімі республикаға танымал Хафиз Матаев ағамыз да бар еді. Жалпы, осы мерекенің дайындығы мен өтуіне облысымыздың игі жақсылары бip адамдай жұмыла атсалысты. Шақырғанымда сылтауратып бас тартқандары болмады. Мен де кешегі партия, совет қызметкерлерін өзге жағынан, іскерлік қасиеттер жағынан таныдым. Олар да менің тек есепшіл бизнесмен, «партияны құртқан демократ» қана болмағанымды байқады ма деймін. Сол бірлесе «алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толкын інілер» істеген жұмыс жемісті болғаны баршаға бүгінақиқат. Бұл жөнінде Медеу Сәрсекенің авторлығымен «Абай тойы» атты кітап-альбом шығарғанбыз. Сонда той дайындығына бел шешіп кіріскен азаматтардың аты-жөні, еңбегі, қосқан үлесі кеңінен көрсетілген.
Дәл сол күні, Абай ауданынан оралған соң, түннің ортасы болса да, Төлен мен Аким Ивановичті үйінен алдырттым. Жағдайды түсіндірдім: «Мемлекет қаржысына кесенені, мұражайды саламын, Қарауылдың жолдарын, көшелерін жөндеуге болар. Ал қалған керек-жарақты, тойдың өзін өткізу pәсімін, киіз–үй қалашығын, бәйгені, айтысты, тағы басқа шараларды демеушілер көмегімен қаржыландыруға тура келеді. Басшылармен, кәсіпкерлермен дұрыстап сөйлесіңіздер. Керек сомасы аз емес, жүз миллиондап шығады. Қысым болмасын, өз ниеттері болсын. Тізімде бірінші боп, Аким Иванович, «Семей» тұрсын. Қосатын үлесі бәрінен көп болсын, ертең сөз болмайтындай. Төлен, сен жігіттерге түсіндір жағдайды. Басқа шығындарын азайтсын да, мынадай құдіретті іске берсін. Алладан қайтар жәрдемі. Маған болысқаны осы болсын», – дегенімде екеуі де тұнжырамай, ынтымақтастығын жылы лебізбен білдірді.
Әкім қызметіне кіріскенімде, алда таудай шаруалардың тұрғаны белгілі еді. Өйткені Семейдің барлық өнеркәсіптері мен зауыт-фабрикалары полигонға негізделген. Цемент зауыты, «Большевичка», кабель зауыты да, не керек, қыл-аяғы КСРО-дағы алыптардың бipi Семейдің ет комбинаты да бар өнімін Мәскеуге тасыған. Олардан Семей облысының бюджетіне ештеңе түсіп жатқан жоқ. Қырық жыл ажал отын шашқан полигон жабылғаннан кейін барлық өндіріс те тоқтап еді.
Сенбі күні жекеменшік машинамызбен Өскеменге бет алдық. Ауылда бейіт басына барып, әруақтарға бағыштап құран оқыттық. Әкем марқұм о дүниеге аттанғалы жеті жыл. Осы уақыттың ішінде көп нәрсе өзгерген. Заман басқа. Қазір қасымда болса, баласының қадамдарын қолдар ма екен? «Мен сенің өміріңнің жалғасымын» дегенімді түсінер ме екен? Тасқа Қашаған бейнесіне, астындағы «1919 – 1987 ж.ж.» деген жазуларға қарап ойландым. «Бар ғұмырын бip дәуірде жасапты. Кішкентай адамның тағдырын алпауыт тоталитарлық мемлекет билеген дәуір. Сталин үшін соғысты, социализм үшін еңбек терін төкті. Басқа ештеңені көрмеді. Бүгінгі арпалысып жатқан заманды түсіне ме?» Қасымызда Ғылымбек, Есімбек, Меңсұлу және Қарлығаштың бауыры Асқар мен мамамыз Гүлжамал, папамыз Қадес бар. Кешкісін сол кісілердің үйіне, өзіміздің Тарғынға бардық. Апайларының арасында жалғыз ұл болып өскен Асқар мені бала кезінен туған ағасындай жақсы көретін.
Алдыңғы тарауларға сілтемелерді мына, мына және мына жерден таба аласыз.
Парақшамызға жазылыңыз