////

Ресей-Украина текетіресі: Донецк мен Луганскіден бейбіт тұрғындар эвакуацияланып жатыр

2387 рет қаралды
фото: gazeta.ru Днбасстағы бейбіт тұрғындар Ростов на Дону өңіріне эвакуацияланып жатыр

Сенбі күні әлі ешкім мойындамаған ДХР (Донецк халықтық республикасы) мен Луганск халықтық республикасынан (ЛХР) бейбіт тұрғындар эвакуациялана басталды. Аталған республикалардың басшылары Украина президенті Владимир Зеленский бұл өңірлерге шабуыл бастау туралы бұйрықты беруге дайын отыр деді. 

Сонымен соғыстың басталуына кім мүдделі?

Бүгін ресейлік басылымдарға шолу жасап көреміз.

Ресейлік тәуелсіз басылым “Дождь” жұма күні аталған екі өңірдің басшылары тұрғындарын Украинамен шекаралас жатқан Ресейдің Ростов өңіріне шығара бастағанын жазған. Олар Киев Донецк мен Луганскіге шабуыл жасауды жоспарлап жатыр, сондықтан бейбіт тұрғындарды шығаруға мәжбүрміз деп түсіндірді. Ресми Киев бұндай жоспардың болмағанын айтуда. Украинаның Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужный Украинаның ешқандай шығыс облыстарға шабуыл жасау жоспарының жоқ екендігін айтады. “Менің Ресей тарапынан уақытша басып алынған аумақ халқына айтарым ― басқыншы биліктің кезекті өтірігіне сенбеңіздер! Сіздерді жағдайды ушықтырып, тағы да қан төгу үшін пайдаланып отыр. Донбассқа қарулы шабуыл жасау қарапайым халықтың қанын төгуге, жазықсыз құрбандардың көбеюіне алып келетіні сөзсіз. Сол себепті біз ондай сценарийді қарастырып отырған жоқпыз”, – делінген оның мәлімдемесінде.
Украина билігі Донбасс өңіріне шабуыл жасалып жатыр деген ақпараттың жалған екендігін айтуда дейді басылым.
Ресей мемлекеттік басылымы “Russia Today” Украинаны Донбасстағы орыстілді тұрғындарға қарсы геноцид жасауда, оны АҚШ мойындамай отыр деп есептейді. «Примитивный и грубый цинизм»: почему США отрицают геноцид русскоязычного населения в Донбассе” деген мақала АҚШ екіжүзді саясат ұстанып қана қоймайды, Донбасстағы орыстілділерге қатысты жасалып жатқан геноцидті мойындамау арқылы өте дөрекі цинизм танытып отыр деп айыптайды. Ресей Федерациясының Вашингтондағы елшісі Анатолий Антонов “Бұл жағдай американдықтардың адам құқығы жөніндегі лозунгтарын құнсыздандырып, орыстілділердің құқығын аяққа таптау саясатын қолдап отырғандығын көрсетіп отыр. АҚШ Мемлекеттік хатшысы қанша жерден Украина жауынгерлерінің орыстілділерге қарсы қылмысын дәлелдесек те, бұны тек Ресейдің Украинаға басып кіру үшін ойлап тапқан сылтауы деп есептейді” деп мәлімдеген болатын” дей отырып, басылым мәселеге қатысты тек ресейлік сарапшылардың пікірін ұсынады.
Басылым сондай-ақ, Ресейдің Мемлекеттік Думасының қарауына екі маңызды құжаттың келіп түскенін жазады. Ол құжаттар Украина территориясындағы Донецк және Луганск халықтық республикаларының (өзін өзі жариялаған) құқықтық статусына қатысты. Мемлекеттік Дума аталған республикалардың тәуелсіздігін тану туралы мәселені қарастырмақ. Олардың негізгі желеуі Донбасстағы орыстілді және Ресей азаматтарының қауіпсіздігі үшін бұл өте маңызды қадам болмақ. Дәл осындай саясатты Ресей 2008 жылы Грузияға қарсы соғыста және 2014 жылы Украинадан Қырым түбегін аннексиялап аларда пайдаланған еді. Сол әдісті осы жолы да пайдаланғалы отыр. Өкініштісі, ресейлік мемлекеттік басылымдар орыстілді тұрғындардың құқығы туралы жалған ақпаратты жақсы манипуляциялап отыр.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар