///

Жолдас Өрісбай: Путиннің Украинаға соғыс ашуы Черчиллдің КСРО-ға қатысты айтқан “iron curtain”(темір перде) тіркесін қайта тірілтті

2547 рет қаралды
сурет украиналық "Зеркало недели" басылымының Телеграм каналынан алынды
Putin’s New Iron Curtain
Соңғы күнге дейін Ресей әскерінің Украина территториясына басып кіру мүмкіндігіне ешкім сенбеді. Тек АҚШ президенті өзінің барлау қызметіне сілтеп, Ресей шабуыл жасайтынын айтты. Басында мен “Байден асыра сілтеп айтып жатыр” деп ойладым. Бірақ ЦРУ дерегі сәрсенбі таңда рас болып шықты.
Менің пайымымша, Путин Украинаны Батыс өркениетінен Ресейді бөліп тұратын “буфер ел” ретінде көреді. Сондықтан ол буфердің жоғалмауы үшін бар күшін салып отыр. Cосын НАТО әскерінің Ресей шекарасына жақындауын қауіп деп біледі.
НАТО-ға 1990 жылы 15  ел мүше еді,  бүгін оның саны 30-ға  жетті. Осыған орай ол бірнеше рет ресми мәлімдеме де жасады, Батысқа талап қойды. Сол үшін де Ресей 1990 жылы Еурропаның даму бағытын таңдаған Молдовадан Преднестровьенің, 2008 жылы Грузиядан Оңтүстік Осетияның тартып алды, 2014 жылы Украинадан ЛНР және ДНР бөлінуін және Қырымның Ресей құрамына өтуіне ықпал етті. Бірақ Батыс өркениетінің бұған қатысты өз позициясы бар және АҚШ КСРО ыдырағаннан кейін әлемдік гегемонияны меншіктеген соң, ешбір аймақтық күшті тыңдамайтыны анық. Мұндай геосаяси жүрісте қай жақтың позициясы дұрыс екенін саясаттанушыларға қалдырайын. Бірақ соғыс агрессиясын ешқалай ақтап алу мүмкін емес. Әрбір адамның өмірі кез келген конфликтен жоғары тұруы тиіс.
Мен, әдеттегідей, батыс медиа ресурстарына шолу жасайын.
Батыстың алып медиа ресурстары Ресей әскерінің Украина территориясы бойында шоғырлана бастағалы бері Украина мен Ресейге қосымша тілшілерін жіберіп, ақпарат таратуды бастады. Ал соңғы үш күннен бері Ресейдің Украинаға басқыншылығы бүкіл әлемнің назарында болып отыр. Деректер өте жылдам жаңарып жатыр. Соңғы мәліметке сүйенсек, қазір Украинаның үш қаласы үшін (Солтүстікте – Киев, солтүстік шығыста – Харьков, оңтүстікте – Херсон) шайқас жүріп жатыр.
The New York Times. Басты бетте Украинаның әр аймағынан жиналған фоторепортаж, сол жағында live мәтіндік трансляция. Одан бөлек, Батыс өркениетінің соғысқа реакциясына қатысты бірнеше мақала бар. Жоғарыда “Украина Ресей жүрісін баяулатты” деген тақырып тұр. Сондай- ақ, көзге ілігетін анализдердің бірі геосаясат тұрғысынан берілген. Автор, басылымның Ақ үйдегі корреспонденті Питер Бейкер, соғыс Украина территориясында болып жатса да, АҚШ оған тікелей араласпаса да, бұл текетірес Ресей мен АҚШ арасындағы геосаяси ойын деп түсіндіреді. Тағы бір анализде өткен жұма санкцияланған есімдер қатарына Путиннің де кіргенін ескеріп, оның батыс елдерінде және оффшорда қандай байлығы болуы мүмкін екені зерттелген.
Ал колумнистерге келсек, америкалық журналист және саяси шолушы Томас Фридман бұл соғыстың еш тарихи параллелі жоқ екенін жазады. Ол Путинді Гитлерге теңеп, соғысты жеңуге экономикалық әл-ауқаты жетпейтінін жазады.
“Putinomics” кітабының авторы Крис Миллер Ресейдің Грузия (2008), Украина (2014) және Сириядағы (2015) әскери әрекеттеріне анализ жасау арқылы, неге оның әскери тактикасы тиімді және үнемі жеңетінін түсіндіреді. Сондай-ақ, Еуропа бейбітшілік фантазиясын қойып, бұрынғы әскери қуатын қайта құруы тиіс дейді ол. Ал редакция алқасы Путин суық соғыстың сиквелін бастағанын меңзеп, әрбір мерт болған украиналық үшін жауапты болатынын жазды. Одан бөлек, Guest Essay ретінде шыққан украин текті америкалық жазушы Саша Василюктің колонкасы ұнады.
Reuters. Басылым аудиториясы көбіне халықаралық деңгейде болғандықтан, басты бетте Украинадағы жағдайға қоса, Баффеттің инвестиция жайлы пікірі, Қытайдың Тайвань бұғазындағы америкалық кемеге қатысты ойын және Солтүстік Кореяның әскери тесті жайлы деректер легі бар. Сосын Reuters редакциясы Explainer яғни түсіндірмелі журналистика әдісін пайдаланып отыр. Бірақ көп анализ қаржы саласына бағытталған. Көбіне Батыс елдерінің Ресейге қарсы санкцияларының қалай әсер ететіні жайлы. Көзге іліккен деректердің ішінде Ресейдің өз территориясында Украина тарапынан шығып жатқан ақпаратты қолжетімсіз ету үшін әлеуметтік желілерге шектеу қойып жатқаны түсті.
The Guardian. Басты беттегі барлық үлкен тақырыптар соғыс жайлы. Фоторепортаж бен мәтіндік трансляция бар. Бірінші көзге түсетін мақалада “Путиннің жылдам жеңіске жету идеясы іске аспай қалды” деп жазады. Қытайдың мәмілеге шақырғаны, Германияның Украинаға әскери көмек жіберуге шешкені мақалаға салмақ беріп тұр. Бірнеше мақала Украинаның орыс агрессиясына қалай қарсы тұрып жатқаны жайлы. Ал Opinion секторында Питер Померанцев есімді КСРО-да туған британдық журналист Путиннің осы әрекетінің себебін анықтауға тырысқан. “Vladimir Putin: What’s going on inside his head?” деген колонкасында автор “неміс нацистері WWI соғысынан кейін Германияның қалай кемсітілгенін алға тартып, өз әрекеттерін ақтап алуға тырысса, Путин де КСРО ыдырағаннан кейін орыс өркениетінің кемсітілгенін алға тартады. Психологиялық тұрғыдан кемсітілген адам өз жауын да кемсітілгенін қалайды. Сондықтан Путин бастаған соғыс Украинамен шектелмейді. Оның басты мақсаты ЕО, АҚШ және Ұлыбританияны күшсіз ету” деп жазады.
Ресейдің Украинаға шабуылынан кейін әлемдік өктемдік мультиполярлы болып өзгерді
Жалпы батыс медиа ресурстарды кәсіби журналистік қызметін өз деңгейінде атқарып жатыр. Олар соғыс басталғаннан оқиға орындарынан тікелей тоқтаусыз ақпарат таратып жатыр. Украинадағы және Ресейдегі жергілікті сенімді медиа ресурстарына сілтеп те жатыр. Ресей билігі тарапынан көп ресми ақпарат шықпай жатқандығынан, ақпараттық ваакумды Украина тарабы тиімді пайдаланып жатыр. Кеше Украина Ресейге тойтарыс бере алмайтыны жайлы нарратив бүгін Ресей әскері жүрісінің баяулағанын алға тартып жатыр.
Теория бойынша, журналистика объективті болуы үшін екі тарапты да ашық түсіндіру қажет. Ал практикада балансты сақтау қиындау. Әсіресе, қазіргі кризис жағдайында ол тіптен күрделі. Менің ойымша, батыс медиа ресурстары ашық дереккөздердің барлығын пайдаланып жатыр. тек Ресей билігі тарабынан қажет ақпарат жарияланбай жатқаны үшін Ресей позициясы аз қамтылған сияқты түйіледі. Одан бөлек Ресей позициясын қолдайтын салмақты сарапшы да жоқ. Соловьев сынды пропагандистердің шоуына келетіндер батыс журналистері үшін сарапшы ретінде легитимді емес. Олар жалпы журналистер үшін легитимді емес.
Ал Путин үнемі сілтейтін НАТО шығысқа жылжымайтыны жайлы “келісім” атымен жоқ. Оны Горбачев та жоққа шығарған. Ол миф туралы Марк Кремер есімді Гарвард ғалымы 2009 жылы үлкен зерттеу жазыпты. Сілтемесін төменде қалдырамын.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар