АЛҒАШҚЫ РЕФЕРЕНДУМ
(төpmiнші mapay)
Кейін, бip өкінішті жағдайда, отызға келмеген Асқар бауырымыз қаза болды. Бәріміз қатты қайғырдық. Қарлығаш көпке дейін есін жинай алмай сырқат болды. Қазір де осы жолдарды жаза отырып Асқардың өмірге деген сүйіспеншілігін, адамдарға деген ақкөңіл бауырмалдығын көз алдыма елестетем. Өмірде бәрін де асығып істейтін, бip нәрсеге үлгермей қалатындай жүретін. Сол жолы балалық шағымызға оралғандай, мектепте болған оқиғаларды бір-біріміздің есімізге салып біраз күліп алдық. Бірде, біз сегізінші, ал Асқар төменгі сыныптарда оқып жүргенімізде, өзімнің мықтылығымды көрсетейін және сүйген қызымның бауырына мақтанайын деп маңайдан жылан ұстағаным бар. Әлгіні жиналған балақайлардың алдында тірідей аузыма апарып «фокус» көрсеткем. Соны көрген Асқар үйіне бара сала әке-шешесіне Қарлығаштың көзінше мені жылан жұтқан батыр деп шұбырта мақтапты. Осы оқиғаларды еске түcipin, көңілді отырдық. Сөйтіп туған жерден жаңа қуат алғандай әсерленіп қайттық.
1994 жылдың аяғында Жоғарғы Кеңестің депутаты Қ.Нағыманов шығыска әкім боп тағайындалған соң, Семей қаласындағы депутаттық орын босады. Қажыгелдин мені шақырып алып: «Ол округтен депутаттыкка түсуге Шайжүнісовпен сөйлесіп едік, көнбеді. Мүмкін, сенің тіліңді алар?» – деген тапсырма берді. Мәркен ағаның тамырын басып көріп едім, өзі де бәрін түсініп отырған екен. «Екі сартқа – бip тартар, сендердің қимылдарың-есептерің белгілі» дегендей сыңай танытты. Мәркен аға депутат болып кетсе, біріншіден, біздің реформаторлық командамыздың ic-қимылдарына ілеспеген Шайжүнісовты жоғарыға құрметпен шығарып саламыз. Екіншіден, сол депутаттық орынға үміткер боп келген Серікболсын Әбділдинді тоқтатамыз. Өз жауабында Шайжүнісов те соған салмақ түcipe айтты. «Ұтылсаңыз, өзім жеңілгендей болам» деп келісім уәдемді бердім. Шынымды айтсам, мен онда Әбділдинді жөнді білмейтінмін. «Семей облысында туып өссе де, ертеде Алматыға кеткен, ал қазір Жоғарғы Кеңес төрағалығын тартып алғанына кек қайтарғалы жүрген адам» деген пікірде болғанмын. Не ол кісі, не мен кездесейік деген ниет білдіргеміз жоқ. Бip жолы қалаға Әбділдинді қолдап Олжас Сүлейменов түнделетіп келіп қайтқанын естідім. Сонда Шайжүнісов: «Сендер, жастар, оған кіріспей-ақ қойыңдар. Ол үшеуіміздің арамыздағы «разборка», – деді. Расында, «Караван» газеті (онда әлі Гиллердің қолында) бұл сайлауды «битва титанов» деп атаған. Күрестің жеңімпазы Шайжүнісов болды. Бірақ депутаттығы екі-ақ айға созылды. Парламент екінші рет таратылды. Ал бұны естігенде Мәркен ағаны әдейі сырғытып тастағандай және Серікболсын ағамызға қасақана кедергі жасағандай күйде болдым. Шынында жоғарғы жақта сондай «сценарий» бар екенінен мүлдем бейхабар едім.
Сайлау біткен соң облысымызға сол кездегі вице-премьер Қуаныш Сұлтанов келді. Абай тойына дайындық барысын бақылау үшін Қарауылға бара жатқанымызда, жол үстінде, бip қызық тақырыпты қозғады: «Негізінде Президент сайлауы келесі жылы ғой. Бірақ елдегі жағдай Ресейдегі сайлаумен қабаттасқалы тұр. Нұрекеңе өтуге қиын болатын шығар. Сондықтан алдын алып, сайлауды биыл (1995 ж.), Абай жылында, елдің рухы көтеріліп тұрған кезін пайдаланып өткізсек, қалай қарайсың? Сенің пікіріңді Президентке айтуым керек». Мен онда бұл сөздің күрделі жалғасы болады деп ойлаған жоқ едім. Бір-екі айдың ішінде Конституциялық сот Парламентті өкілетсіз деп тапты. Содан соң Президенттің өкілеттілігін жалғастыру жөнінде референдум өткізді. Сонда Сұлтанов мырза барлау мақсатымен менің пікірімді сұраған екен ғой. Менің ойымша, дәл осындай сауалнаманы басқа да әкімдермен өткізген болуы керек.
Наурыз айында облыс әкімдерін Алматыға жинады. Назарбаевтың өзі, бізден басқа вице-президент, премьер-министр және Конституциялық соттың төрағасы қатысқан жиын өтті. Мәжілісті Президент ашты. «Парламентіміз жарамсыз болып қалды (бізге қарап күлді). Ендігі жоспарымыз туралы сендермен кеңесейін деп едім. Сендер жергілікті жердегі менің сенімді өкілімсіңдер. Сендердің айтқандарыңды халық тыңдайды. Алдағы қадамдарымызда сендерге сүйенетінімді білесіңдер. Сондықтан бip мәселе жайында өздеріңмен ақылдасайын дедім. Сендер мақұлдасаңдар, осыны іскe асырамыз. Мәселе мынада», – дей келе, жоспарларын айтты. Бір кеңесшілері республикамыздағы жағдайды ескере отырып, ертерек Президент сайлауын өткізейік депті. Тағы бipeулep сайлау түрінде емес, референдум өткізген дұрыс депті. «Құқықтық жағынан бұл әрекеттер таза. Парламент жоқта заңдарды қабылдауға менің құқығым бар. Осы құқығымды пайдалана отырып тиісті заңдарға өзгерістер енгізе аламын. Қане, не айтасыңдар?» – деді. Біраз бөгелістен соң әкімдердің бipeyi (Жамбылдан Өмірбек Байгелді болар) сөз бастады. Қолдады. Басқа да кәрі серкелер құптады. «Сайлау өткізіп, әуреленіп қайтеміз, әйтеуір сіз жеңесіз. Сізден басқа үміткер көріп тұрған жоқпыз. Елді желіктірмей, референдум өткізе салайық. Бізге, әкімдерге сеніңіз, айтқаныңызды орындаймыз. Дауыстың бәрін алып беріп, жеңеміз» дегенге келтірді. Бұлар алдын ала дайындалған «көш бастаушылар» екені белгілі болды. «Сендер неге үндемейсіңдер? Барлығың түгел қалмай сөйлеңдер», – деді Назарбаев қалғандарымызды қолымен нұсқап. Басқалар да мақұлдайтынын айта бастады. Маған кезек келгенде, қобалжып барып, сөйледім: «Ең алдымен, Нұрсұлтан Әбішұлы, мен сіздің жас мемлекетімізді тәуелсіздік жолымен басқарып келе жатқан командаңызда екенімді айтқым келеді. Екіншіден, сайлау болғанда сіздің сайланатыныңызға күмәнім жоқ» – дедім. – Бірақ осы жерде өз ойымды сізге ашық жеткізу менің міндетім деп санаймын. Қалай болса да, референдумның аты – референдум. Ол сайлау емес. Қанша «таза» өткізсек те, ертең сынаушылар болады. Дау болуы мүмкін. Біздің демократия бағытындағы барлық қадамымызды қадағалап отырған Батыс не дейді? Көрші Түркіменстанда қағаз жүзінде мүмкін бәрі де заңды, таза шығар. Бірақ олардың нақты әрекеттері Ниязовтың режиміне айналып бара жатқанын дүние жүзі айтып отыр. Осы жағынан бізге де, сізге де, Нұрсұлтан Әбішұлы, сақтанғаныңыз дұрыс болады. Ертең ұрпақтан ұят болмасын. Болашағымызды ойлайық. Әлі де болса сайлау арқылы жеңуді ойластырайық», – дегенімде бәрі үндемей тыңдап шықты. Мәжілісті қорытындылай келе, Президент: «Қолдағандарыңыз үшін рахмет. Әлі де ойланамыз, айтқандарыңды еске аламыз. Айтатыным – Қазақстан демократия жолынан таймайды. Менің демократиялық көзқарастарым дүние жүзіне мәлім. Батыс та, Америка да мені біледі. Бізді қолдайды. Оған алаңдамаңдар. Бізге қазір елдің бірлігі керек. Сайлау, демократия деп шашылып қалмайық», – дегенді айтты. Жиналыс біткен соң, Назарбаев басымен изеп мені кабинетіне шақырды. Басқа әкімдер «қазір Президент мына баланың әкесін танытады» дегендей, соңымнан қарап қалды. Kepiсінше, Президент жылы шыраймен қарап: «Ғалымжан, сен әлі жассың ғой, көп нәрсені біле қоймайсың. Көп жыл бойы Москваның билігімен жүрдік. Ендігі мақсатымыз өзіміздің Қазақстан деген мемлекетімізді құрып, тар да тайғақ жолдан шығару. Сайлау боп жатса, жауларымыз пайдалануы мүмкін. Бұрынғы империяны аңсаған Ресей де қарап тұрмас. Сенің демократ екеніңді білемін. Саған айтар ақылым – бұл мәселені қазір көтермей-ақ қой, шыдай тұр, уақыты келер», – деген сөзінен кейін мен де тік сөйлегеніме кешірім сұрадым. «Бірақ, өзіңіз жасырмай ойларыңды айтыңдар дедіңіз. Сондықтан шынымды айттым. Ал, Сізді, Сіздің бастамаларыңызды қолдаймын. Еліміз тәуелсіз де демократиялық жолмен жүретініне сенемін», – деп шығып кеттім. Қостанай облысының әкімі Балташ Тұрсынбаев қасыма жақындап келіп, қолын берді: «Дұрыс айттың, Ғалымжан. Мына үйдегі саясатпен қайда барарымызды кім білсін. Ал енді байқап жүр», – деді.
Бұл жерге көп аялдамай, Премьердің кабинетіне тура тартып кіріп барғанымда, Әкежан Мағжанұлы: «Сен ойланбай айтады екенсің! Кім андағыдай сөзді Президентке айтады? Сенің айтқаныңды біз білмейтіндей ақымақ деймісің?» – деп дүрсе қоя берді. «Ондай болса, неге үндемедіңдер, неге қателіктерді айтпайсыңдар?» – деп мен де үнсіз қала алмадым. «Оны түсінетін олар бар ма?» – деп жоғарыға сұқ саусағын көтерді. Сәлден соң ол сөзін жалғастырып: «Ондай сынды ол кешірмейді», – деп зілді қорытынды жасады.
Танымадық, жарымадық,
Жақсыға бip іргелі..
Қолыңа алып, пәле салып,
Аңдығаны өз елі, – деген өлең жолдарын Абай атамыз кімге арнады екен?!
«ЯК-40»-пен үйге қайтып бара жатқанымда, болған жайды көз алдыма қайта елестеттім. Бірінші рет бәрін тастап, қайтадан өз шаруама оралғым келді сонда. Бірақ тағы ойландым, бастаған ісіміз қалай болады, Абай тойы не болады? Қиындықтан қорқып, мына жастар қашып кетті деген лақап тарайды. Жоқ, не болса да шыдайын деп, өзімді қайрай түстім.
Референдум белгіленген уақытында, белгіленген қорытындысына жетті. Тіпті сол күні облыстардың арасында (әкімдердің арасында) жарыс болғандай. Кім қанша пайыз жинап береді, сол Президентке өзінің адалдығы мен құрметін көрсеткендей. Екі сағат сайын барлық облыс бойынша адамдардың сайлауға қатысу пайызын бізге Алматыдан хабарлап тұрды. Сағат он, он бipгe таман маған Әкежан телефон соғып: «Сен төменгі қатарда тұрсың, көрсеткіштеріңді түзетсеңші», – деп бip айтты. Соңыра таман, түстен кейін тағы телефон соқты. Мен де осы сөздерді әкімшілік аппарат жетекшісіне, Айтқали Абылқасымовқа (өткен жолы кішкене қате жіберіппін, оның eсімі Айтқали Есімханұлы) айтып отырдым. Ол төменгі әкімдерден себебін сұрап жатты. Олардың не істегенін білмеймін, әйтеуір кешке қарай көрсеткіштеріміз түзеле бастады. Соңында облысымыз топ ортасында мәреге жетті. Алдыңғы орынға шыққандар 99-100 пайыз көрсетіпті. Eci дұрыс адам бұндай көрсеткіштерге сенбейді. Семей облысына мұндай көрсеткіш көрсету ұят болар деп ойладым. Әйтпесе, бізде де кейбір аудандар 100 пайыз көрсетіпті. Оларды тоқтаттым.
Кейін күзде кейбір облыс әкімдері орындарынан босатылды. «Басқа қызметке ауысуына байланысты» делінді ресми ақпараттарда. Ал референдум қорытындысына қарасам, қызметсіз қалған тізімнің төменгі жағында тұрған облыстардың әкімдері боп шықты.
Референдум өте салысымен әкімдерді әйелдерімен Алматыға шақырды. Бәрімізге сөз берді.. Кезегіміз келгенде біз де құттықтауымызды айтып, той иелеріне жақындадық. Қарлығашты таныстырдым. Президент: «Сара, Ғалымжан – әкімдердің ішіндегі жасы. Біздің балаларымыздай. Тіпті Дариғамызбен құрдас, бip жылы туған екен. Аралары бip-ақ күн. Үмітім осы жастарда», – деп, қолындағы фужерін соғыстырды. Біз алғаш рет Президенттің отбасымен таныстық (фотосуреті үйде бар).
Абай тойы тамыздың 10–12-сi аралығына белгіленген. Бүкіл жұрт боп дайындалып жаттық. 150 жылдық мерейтойға орай бұрынғы кеңес заманының әдісімен арнайы үкімет комиссиясы құрылған. Ішінде атақты лауазымды мүшелері аз болған жоқ. Бірнеше отырысын Президент өзі басқарды. Көшпелі отырысы Семейде өтті. Кезекпен вице-премьерлер, министрлер осы мәселе бойынша бізге келіп-кетіп жүрді. Дегенмен жұмыстың бәрін өзіміз атқаратынымыз, жауапкершілік біздің мойнымызда екенін басынан бастап айқын білдік. «Тас түскен жеріне ауыр. Сондықтан салмақтың бәрі, Ғалымжан, өзіңізге түсті. Осы игілікті шаруада ұлы бабамыздың рухы өзіңізді қолдап-жебеп жүрсін», – деген болатын Хафиз Матаев ақсақал маған. Ол кезде әкімшілік жанындағы арнайы бөлімнің меңгерушісі еді. Абайдың шығармаларын, М.Әуезовтің еңбектерін, кейін Абайтанушылар, соның ішінде Қайым Мұхаметқановтың зерттеулерін мұқият оқып шыққан болатынмын. «Абай жолын» бұрын орыс тілінде оқып едім, енді түпнұсқада, қазақша оқығанымда, ерекше бай тілдің рахатына бөлендім. Сол кітаптарды оқып, халқымыздың нақты рухани байлығына тояттағандай болдым. Сол жылы облысымызда мәдениет, өнер саласында үлкен қозғалыс болды. Абайға байланысты, қазақтың тарихына, салт-дәстүріне байланысты оқу орындарында арнайы сабақтар мен байқаулар жүріп жатты. Театр, музейлер қайта жаңғырып, жаңа қойылымдар, жаңа көрмелер дүниеге келді. Тарихи үй-жайлар қалпына келтірілді. Бip сөзбен айтқанда, той, оның дайындығы елге рухани және мәдени серпіліс берді. Тіпті қонақ күтуге еліміздің ежелден келе жатқан дәстүрімен бipгe бұл өнердің жаңа үлгілерін пайдаландық. Ол үшін арнайы оқу ұйымдастырдық, ал бірнеше адамымыз Алматы, Москва, Еуропаға барып, оқып қайтты. Солдағымыз – шақырылған қонақтардан, әcipece шетел қонақтарынан ұят болмасын, еліміздің мәдени деңгейі туралы әлемде жақсы пікір қалыптассын деген ой еді. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» демекші, той иесі болғандықтан мәселені ipi-ұсақ деп бөлмей, бәрін назарымда ұстадым.
Президент жиналған мың-сан халықтың алдында бұл той Абайды дүние жүзіне паш еткенін, Абай арқылы қазақты, Қазақстанды бүкіл әлем білгенін айтты. Соңында Қарауылдағы сахнадан халыққа ризашылығын білдіріп: «Осы тойды ұйымдастырған азаматтарға, облыс әкімі Жақияновқа рахметімді айтамын», – деді де, сол жерде «Көзімнің қарасын» шырқап қоя берді.
– Нұреке, – деп қалды Сара Алпысқызы, – Ғалымжан мен Қарлығашқа менің де аналық алғысым зор. Қандай прием жасады, қандай мәдениетті жастар, – деп Сара апамыз алғыс сезімін білдіріп жатыр.
Қарлығашқа қарасам, анасынан алғыс естіген баладай мәз-мәйрам. Өзім де арқаланып қалдым.
Әуежайда Қарлығаш екеуіміз қонақтарымызды шығарып салып жатқанда, Нұрсұлтан Әбішұлы Сара Алпысқызының көзінше тағы да ризашылығын айтып, жасаған еңбегіме, қызметіме үлкен баға берген-ді. Сонымен бар күш-жүгерімізді жұмсап, Абай тойын биік деңгейде өткіздік. Әрине, әкімнің бар істегені осы Абай тойы деген пікір тумауы керек. Әу бастан қолға алған түбегейлі реформаларымызды жүзеге асыру жұмыстарын жүргіздік. Бұл жұмыстарымыз тоқтамай, үзіліссіз өтіп жатты. Тәжірибе алмасу мақсатымен қызметкерлеріміз Москваға, Нижний Новгородқа барды. Әсіресе Нижний Новгород облысының губернаторы Борис Немцовтың командасымен байланысымыз жақсы болды. Америкалық мамандармен де қатынасымыз жиіледі. Олардың USAID, DOMA, т.б. ұйымдарының өкілдері Семейде тұрақты түрде қызмет атқарды. Гуманитарлық, консультациялық көмек беру жөнінде Америка елшілігімен арнайы келісіміміз болды. Бұл келісім бойынша біздің мамандарымыз АҚШ-қа оқу-практикалық мақсатпен бірнеше рет барып қайтты. Олар штаттар мен қалалардың жұмыс жүйесімен, тәжірибесімен танысты. Жас тәуелсіз мемлекетіміз либерал саяси-экономикалық бағыт алған соң, дамыған өркениетті мемлекеттердің тәжірибесін зерттеу және өзімізге лайығын алу біз үшін маңызды болды. Бұл жолмен бұрын жүріп көрмегендіктен, мемлекетімізде арнайы білім алған маман кадрлар болмады. Оқығаны, білгені кеңестік дәуірдің коммунистік басқару жүйесінің шеңберінде болды. Сол себептен өзім де америкалықтардың ұйымдастыруымен алты штатында іссапармен болып қайттым. Солардың ішінде Техастың Хьюстон қаласымен тәуір қарым-қатынаста болдық. Губернаторы Дж. Буштың шақыруымен Техас штатына да барып қайттым. Бұл 1995 жылдың қазан айы еді.
алдыңғы тараулар:
[…] ІV тарау […]