ИНВЕСТОРЛАРМЕН ТІЛ ТАБЫСУ
(Сегізінші mapay)
Павлодарға жақындағанымызда басталған боран үш күнге созылды. Әуежайы жабық болып ешбір ұшақты, соның ішінде Президенттікін де қабылдай алмады. Қала жым-жырт, қарапайым халықтың алда болатын өзгерістерден хабары жоқ. Мені танитын жұрт шамалы, әрі уақытым болған соң қаланы бipaз араладым. Бірден көзге түскені – кісілердің көңілі жабырқау, жүзі салқын, көшелер қараңғы. Күннің ең қысқарған мезгілі еді, кешкі төртте күн батып, көше қараңғылық құшағына енеді екен. Үйлердің өзіне жарықты бірнеше сағат қана береді. «Бизнес орталығы» деген шағын қонақүйде жатқанбыз. Кешкі асымызды ішіп отырғанда жергілікті адамдар келіп, қасымыздағы орынға жайғасты. Бip кезде шам өшіп, қызметші майшам жақты. Сонда әлгі көршілеріміз әңгімелерін айта бастады, таныстық, мен бірақ шын атымды айтпадым. Жай ғана семейліктерміз деп койдым. Олар жергілікті кәсіпкерлер екен. Шамалы жасаған тірліктері бар. «Бірақ қазір бәрі де шетелдік инвесторлардың қолында, бізді жолатпайды. Мұнай заводы, алюминий, ферроқорытпа, көмір өндірісі түгелімен соларда. Олардың істегенін біз де жасай аламыз. Артығымен icтер едік. Халыққа да пайда түсуші еді. Ал бұлар болса, бұрын кәсіпорындарға қараған оқу орындарын, емханаларды, балабақшаларды жапқан. Керек кылмайды, пайдасы жоқ деп. Электростанцияларды да өздері билейді. Бұрын қаламыз түгілі аудандар токқа зарықпайтын. Ал қазіргі жағдайды өздеріңіз көріп отырсыздар. Ауылдарда жарық мүлдем жоқ, мектептерінде не электр қуаты, не көмір жоқ. Күн суық, дірдектеген бала, сабақ жүрмейді. Сөз болмасын деп, күндіз екі-үш сағатқа мұғалімдер келеді екен де, сабақ өтті деп мәлімет береді екен. Ондай көзбояушылық барлық салада байқалады. Бұл қазіргі әкімнің жұмыс әдісі. Әcipece Президент келетін уақытта бізді, кәсіпкерлерді қинайды. Өткен жазда медициналық дәрі-дәрмек шығаратын заводты іске қосамыз деп қаншама әбігер болды, қаншама қаржы бюджеттен шықты. Ақырында, заводтың ең керек деген бұйымдары келмей қалып, өтірік болса да конвейерді жүргізуге директорды міндеттеді. Масқара болғанда, ол бейшара конвейерді қолмен айналдыруға екі жұмыскерді жасырын отырғызған да, үстіне дайын дәрінің сауыттарын сатып алып қойған. Президент келгенде қолына әдеттегідей қайшы беріп, қызыл лентаны қидырған. Президент жиналған журналистердің алдында бұл біздің тамаша жетістігіміз деп мақтап, сұхбат берген. Ол кici астанаға қайтқан соң, завод бір күн де жұмыс істеген жоқ. Пәленбай миллион доллар ысырап болды. Ал біздің әкім жақсы атты боп жүр. Бірақ түбінде бұл сөздер Назарбаевқа жеткен болуы керек. Әрі салынып арақ ішетінін біреулер айтып барыпты. Енді оны ауыстырады деген сөз жүр».
Әңгіменің осы жерінде біз бip-бipiмізге қарап, мырс еттік. Бірақ, ештеңені де сездірмей, ары қарай сұрастыра бердік. Бip кештің өзінде қаншама ақпарат алдық. Жартысы бос, алыпқашпа өсек болсын, ал қалған деректерге құлақ асу керек екен дедім ішімнен. Әсіресе жергілікті кәсіпкерлерді есепке алмай, дүниенің бәрін шетелдік инвесторларға беріп қойғаны шындыққа ұқсайды. Қалай болғанда да, экономикалық-әлеуметтік салада істейтін шаруа бастан асатын сияқты. Қонақүйде жатып, әлі кеш емес, бас тартсам ба деп те ойладым. Бұл инвесторлар барған жерінде көп нәрсені бүлдіретінін өз көзіммен көрген-мін. Ендіосыған және бүкіл облыстың шешілмеген проблемасына жеңімді түріп кірісуім керек. Тағы да біреулердің қытығына тиетініманық. Ол маған керек пе? Өз ісіммен жүргенім артық емес пе? Дүние-мүлік жағынан таршылық көpiп отырған жоқпын, өзімніңотбасыма, жақындарыма жеткілікті. Әкімнің еңбекақысына да қызықпаймын. Ал басқа көлденең «табыстарына» аштан өлсем де бармаймын. Сонда іздегенім не? Отан алдындағы борыш па? Әлде өсіп келе жатқан балаларымның болашағын ойлап баруым керек не? Бұл қызметке мен бармасам, басқа бipeyін қояр. Ал ол ел мүддесін ойлай ма, халықтың болашағы үшін дұрыс әрекет жасай ма? Мен сияқты тепсе темір үзетін жігіттер жұмысы көп екен деп жүрексініп бас тартса, мемлекеттің тағдыры не болмақ,жоқ, шешінген судан тайынбас, бip келісім берген соң баруым керек. Маған сенетінін, үміт артатынын Президенттің өзі де айтты ғой.
Желтоқсанның 21-сіннде Президенттің ұшағы Павлодар әуежайына қонып, түстен кейін ол облыс активін жинады. Жиналыс ұзақболмады. Сөз сөйлеушілер аз болды. Тіпті басқа облысқа әкім боп кетіп бара жатқан Ахметовке жерлестері жылы лебіз білдіре қоймады. Әлде Президенттен жасқанды ма? Әлде бұл елдің мінезі ауа райына сай салқындау ма деп ойлап қойдым. Олай емес, елде кінә жок, негізгі ceбeбi басқада екенін кейін түсіндім. Президент те, Ахметов те орысша сөйледі. Мен қысқаша ғана қазақша: «Рахмет. Сеніміңізді ақтауға тырысамын. Семейде әкім боларда бар күш-жігерімді жұмсаймын деп ант бергенмін. Ант бip-aқ рет беріледі. Сол антымда тұрамын», – деумен шектелдім. Назарбаевты шығарып салған соң Ахметов екеуіміз кабинеттіңекінші, қосалқы бөлмесіне кіріп жарты сағаттай отырдық. Коньягі бар екен, бірақ оны ішіп жарытпадық, жүрмей қойды. Жай ғана, салқын, бір-бірімізді аңдығандай сөйлестік. «Дәке, – дедім, – облыста көп істедіңіз, жақындарыңыз бар, дос-жұрағатыңыз бар. Өз басымнан өткен шаруа, бұндай ауыс-түйісте солар қиналады екен. Ондай адамдарыңыз болса, осы бастан айтып қойғаныңызекі жаққа да дұрыс болар. Ертеңгі күні менен қысым болды деген сөз шықпасын». «Ниетіңе рахмет, Faлымжан, жақын дегенде осында қарындасым бар – соны ғана ескерсең болады. Қалғандарында шаруам жоқ. Өздерімен өздері жүре берсін. Жөндідостарым да жоқ», — деп жауап берді. «Ал, мына жергілікті жігіттер, кәсіпкерлердің ішінде қолдауға тұратыны қайсы? Осы өңірдің шаруасын көтеретін, істің мәнін білетін, жерге жаны ашитын адамдарды айта аласыз ба?» – деп, ары қарай тамырын басып көрдім. Біразға дейін үндемей отырып барып: «Жоқ, ондайлар еске түспей тұр», – деді көңілсіз.
Мәселені көпке созбай, ертеңінде-ақ жұмысқа кірісіп кеттім. Отбасым Алматыда қалды. Балалар мектепте, Қарлығаш «Бөбек» қорында Сара Алпысқызының қоластында істеп жүрген, не жұмысын, не сыйлайтын әпкесін қимағанын байқамадым, тек дәл қазір кетіп қала алмаймын, бастаған жұмыстар көп, бip жаққа шығару керек дегенді айтты. Өзім болсам жарты жылдай қонақүйде тұрдым. Кейбіреулер «көп болмайды, кетеді» деген сөз де таратты. Өзім бip-екі жұма арасында Алматыға отбасыма барып қайтатынмын. Көктемгі каникулда балаларды алып, қасыма Қарлығаш келді. Күндіз олар қаланы аралап көрді. Мен жұмысымнан әдеттегідей кеш келдім. Түн ортасы болса да, Қарлығаш «үйдің тамағы ғой» деп, өзі пісірген асын әкелді. Балаларды жатқызған соң отырып сөйлестік. Үй қарастыруға уақытым жоқ. Үкіметтің үйіне бармайтынымды білесің. Сондықтан өзің іздеп тапсаң дедім. «Осылай айтатыныңды білгенмін. Сөзің сөз болса, онда жүр кеттік, үйімізді көрейік!» – деп жымия күліп, қолымнан тартты. Жайғасқан орнымнан тұрып, түн ортасында далаға шығуға тура келді. Сырттағы сақылдаған сары аязға қарамастан, аяқ астындағы қарды сықырлатып үш шақырымдай жаяу жүрдік. «Қарастырғаным көпқабатты үйдегі пәтер. Коттедж алсақ, не салсақ сөз болар, сенің қызметіңе кедергі етер деп ойладым. Ал мына пәтер жаңа болмаса да, дұрыстап жөндеп алсақ, бізге тамаша пана болатын сияқты», – деп Қарлығаш жол бойы маған өзінің таңдаған үйін мақтап барды. Өзі үйдегі барлық шаруаны жақсы меңгеріп алған. Бұндай жерге менің кіріскенім артық. Сондықтан үйге жақындағанда оған кірмейтінімді айттым. «Бұл шаруада саған әбден сенетінімді білесің. Өзің ұнатсаң болғаны. Ал қазір мен кірмей-ақ қояйын. Пәтер иелері мені көрсе ыңғайсызданар. Сен оларға ақшаңды төлеп болғанша кім екеніңді айтпай-ақ қой. Әкімдігін пайдаланып, саудаласып алды демесін біреулер». Сөйтіп бұл мәселе де шешімін тауып, жазға қарай таңдаған үйге кіріп алдық.
Қызметке келетін болсақ, ең басты мәселе облысты жылумен, электр қуатымен қамтамасыз ету болды. Қызық жағдай, Павлодар облысында бүкіл Қазақстан көмірінің үштен екі бөлігі, ал электр қуатының жартысына жуығы өндіріледі, бірақ облыс тұрғындарының жылу мен электр қуатына қолы жетпей отыр екен. Бұл, әрине, қарапайым адамның көзімен қарағанда. Ал негізінде мәселе қаржыда еді, дәлірек айтсақ, облыстың қарызында болатын. Бюджеттің өзі миллиардтаған қарызға батқан. Ауыл шаруашылығы 7,5 млрд теңге, өндіріс 50-60 млрд теңге қарыз, коммуналдық шаруашылықта да, ауруханаларда да, мәдениет пен білім саласында да берешек деген белден. Жедел жәрдем, өрт сөндіруші машиналар көшеге шығудан қалған, бензинге ақша жоқ. Еңбекақы, зейнетақы, жәрдемақы қарыздары өз алдына. Мысалы, балалардың жәрдемақысы соңғы үш жыл бойы төленбеген. Қаржыгерлердің тілімен айтқанда, облыс банкрот жағдайында еді. Бұған орынбасарым Мұхаметқали Оспанов екеуміздің көзіміз бірден жетті. Оның үстіне, банктерден алынған несиелер қайтарылмай, проценті, айыппұлы көбейіп жатыр. «Жағдай өте қиын. Семейге қарағанда алып өндірісі бар Павлодарда бұлай болады деп ойлаған жоқ едім. Жана жылдың бюджеті республикада бекітіліп қойды. Олардан жәрдем сұрай алмаймыз. Бір ғана жол бар – шетелдік инвесторлардан салықты толығымен төлеуді талап ету керек. Бірақ ол үшін өзіңнің саяси табандылығың қажет», – деп, Мұхаметқали байсалды да мазмұнды кеңесін өзінің әдеттегідей баяу үнімен жеткізді. «Иә, талас болады, текетірес болады. Бірақ басқа амал жоқ. Халықты жылусыз, аш-жалаңаш ұстауға болмас. Кейбір отбасылардың нанға ақшасы жоқ. Әcipece ауылда қиын. Өйткені көпбалалы отбасылар көбінде сонда». «Сорлы қазағымды шіренген инвесторлардың құрбандығына шалуға болмас. Жоқ, тәуекел! Жасаған ием қолдай гөр!» – деген шешіммен жаңа күреске бел байладым.
Бірінші шақырғаным мұнай зауытының және қаладағы ТЭЦ-тер мен жылу жүйесінің иесі америкалық “CCL” компаниясының басшылығы болды. Бастығы америкалық емес, Олег Ли деген өзіміздің кәрістердің бipi боп шықты. Ycті-басы, көзәйнегі жарқылдаған, бармағында шілдің жұмыртқасындай асыл тасты жүзігі бар «мықтымыз» басында өзінің салмағын, ықпалын көрсетуге тыраштанды. Бизнесі бойынша, экономикалық жағдайы және төленбеген салықтары жайында қойған сұрақтарымнан кейін жаңағының көкіректенгені басылды. Алдында «біздің компаниямыздың артында кім тұрғанын білесіз бе?» – деп бастаған ол, соңында «оңаша шығып сөйлесейікке» көшті. Онысын байқамағандай боп, мен: «Қала жылусыз, жарықсыз қалып отыр. Энергия жүйесін сіздер жекешелендіріп алдыңыздар. Қолдарыныздан келмейтін болса, қор қылмай дүниені қайтарып беріңіздер. Әйтпесе мына қыс ортасында халықты жылусыз қалдыру қылмысқа жатады», – деп, алған беттен таймайтынымды көрсеттім. Әлгімен үш күннен соң қайта кездестім. Энергия өндіру және жылы жүйесі бойынша қол қойылған контрактілерді әкеп тастап кетті. Халықты жылу және электр қуатымен қамтамасыз ете алмаса, қатал сынға ұшырайтынын сезген болуы керек. Бірақ ендігі жауапкершілік түгелдей менің мойнымда қалды. Не істейміз? Көмір алуға ақшамыз жок, ешкім де қарызға бермейді. Жылу жүйесінде істейтін мыңдаған адамның еңбекақысы айлап төленбеген, қысқа дайындық жұмыстары дер кезінде жүргізілмеген. Ана жерінен, мына жерінен жарылып, бөлшектері істен шығып жатыр. Тарифті көтерсек не болады? Бұл бip жағынан тиімді шешім сияқты. Түскен ақшаға көптеген шаруаны тындырып алуға болады. Бірақ халық не дейді. «Келмей жатып мына әкім салмақтың бәрін қарапайым халықтың иығына артты ғой!» демей ме?! Сөйтіп менің келешектегі іс-әрекеттеріме сенімсіздікпен қарайды. Оған бару тіпті де қолайсыз мен үшін. Оның үстіне облыстағы тарифтер әлдеқашан бірнеше рет көтерілген. Көмір құны отыны жоқ басқа облыстарға қарағанда бұнда едәуір жоғары.
Семейде төрт жыл әкім боп істегенімде бұл мәселе бірнеше рет көтерілген. Бірақ басында алған әлеуметтік саясат бағытынан кетпедік. Тарифтерді өсірмек тұрғай, керісінше, шамалы кеміттік. Теңгенің құны түссе де, жанар-жағармайдың және көмірдің бағасы өссе де, облыстағы тарифтер республика көлемінде ең төменгі деңгейде болды. Ал сол күндері шешімді жылдам қабылдау керек еді. Бұл icті шетелдік инвесторлардың қолына бepіп қойып, қарап отыруға болмайтынын түсіндім. Өйткені елге жаны ашитын жергілікті іскер адамдар ғана. Шетелдіктер мен оларға қызмет етуші қулар өз пайдасын ғана ойлайды, жергілікті жұрттың мұң-мұқтажынан аулақ жүреді. Сөйтіп керекті адамды іздеуге дереу тапсырма бердім. Екіншіден, стансалардың бәрін аралап, жағдайды өз көзіммен көріп шықтым. Үшіншіден, облыста «ерекше жағдай» жариялап, әкімшілік үйінен шықпай, түнде сонда жатып жүpдiм. Төртіншіден, осы әрекеттерімнің барлығын халыққа ақпарат құралдары арқылы дереу жеткізіп отырдық. Шынымды айтсам, жағдай өте күрделі болатын.
Сенгенім өз күшім және Алланың көмегі болар дегенім. Сенімің мықты болса, шаруаң алға басатынын сол жолғы оқиғалар дәлелдеді. Бұл әрекеттерімді халық та дұрыс қабылдады. Іздеген адамдар да табылды. Екібастұзда кәсіпкер боп жүрген Елтай Әрбиев деген азамат келді. Өзінің хал-ахуалын айтты. Билік жағынан көрген қысымы, бейнеттері бар екен. Сөзіне қарасам, облыстағы барлық жергілікті кәсіпкердің күні осы. Биліктің көңілі шетелдік инвесторларға ауған, өзіміздің адамдарды іскер адамның қатарына жатқызбайды. «Дүние-мүліктің барлығын сырттағыларға таратқаны қалай? Біз істесек, аз да болсын өз жерімізді, өз халқымызды ойлаймыз ғой. Бұл мемлекеттің саясатын түсінбедім», – деді ызалы Елтай. «Бұл шаруаны біздің қолымызға тапсырсаңыз – сеніміңізді ақтауға тырысамыз. Сәл қолдау, көмегіңіз керек болады» дегеніне, мен де өз шарттарымды айттым. Біріншіден, тарифтерді көтермейсіңдер. Екіншіден, жұмысшылардың еңбекақысын және бюджет салығын ретімен төлеп шығасыңдар. Үшіншіден, әлеуметтік бастамаларымызға қатысып, қайырымдылықтан бас тартпайтындарыңа сенемін». Шығарып саларда сәл бөгеліп: «Елеке, – дедім, – біз бен сіздің арақатынасымыз таза болуы керек. Ешқандай да бөтен әңгіме болмауы керек. Тура сөзбен айтқанда, бастықтардың барлығы парақор деп ойламаңыз. Мойныңызға алғанжұмысты абыроймен атқарсаңыз, одан артық сыйлықты дәметпеймін. Әрқашан осыны және халық алдында жауапты екенімізді ұмытпасаңыз болғаны мен үшін». Қол алыстық. Бірге істеген жылдарда сол сөзімізде тұрдық. Мен де оны барынша қолдадым, ол да өзінің жігіттерімен облыс үшін үлкен еңбек етті.
Қалада 12 сағатқа ғана жететіндей көмір қалғанын ескерсек, қандай қиын жағдайдан шыққанымызды түсінуге болады. Және де өз күшімізбен, ешқандай шетелдіктердің «инвестициясынсыз».
Жалпы, осы «инвестиция» тақырыбына тоқталып өткенді жөн көремін. Қаржыны сырттан әкеліп, экономикамызға құйған инвесторды көрген емеспін. Барлығы да өз есебімізден. Айталық, көмір кенішіне 20 млн доллар бөлінді деп статистика мәліметтерін береді. Бірақ ол ақша не көмірдің өзін сатып тапқан, не банктерден несиеге алынған. Ол несиені де қайтару үшін кейін көмір сатып, орнын толтырады. Сонда қарасаңыз, қайта айналып, бәрі де өз есебімізден, өз қазба байлығымыздан түскен ақшадан шығады екен. Бұл – «инвестициялары». Былайша айтқанда, «өз тонымызды» өзімізге теріс айналдырып, қымбатқа сатқанмен бірдей. Сонда тек осындай инвесторлардан не пайда? Мемлекетіміз үшін бұндай саясат не береді? Бұндай инвесторлар кетіп қалады деп неге қорқамыз? Кетсе, өзіміздің азаматтардың қолынан сол ic неге келмеске? Кетіп қалады ғой деп үрейленіп, оларға жеңілдіктерді неге бере береміз? Қолыма түскен құжат-қағаздарды қарап отырғанымда осы сұрақтар мені қатты мазалаған еді. Кезекті кездескен «инвесторым» – алюминий, ферроқорытпа зауыттарын және екі ірі электр стансасын иеленген топтың серкесі А.Машкевич еді. Алдында бұл мырза әкімшіліктің есігін теуіп ашып, қасына қарулы сақшыларын ертіп жүреді деп естігенмін. «Не істейміз?» деп аппарат жетекшісі В.Брынкин сұрады. Бұл кісіні мен осы қызметке Торғай облысы тарағаннан кейін шақырып едім. Аппарат жұмысын, мемлекеттік қызметті реттеу жағын жақсы меңгергені бұрын көзіме түскен. Ол да әлгінің қорлығымен келісе алмай маған: «Мына әкімшілік – мемлекет үйі, ал Сіз әкім ретінде халық атынан сөйлейсіз, Президенттің, мемлекеттің сенімді өкілісіз. Ал, бұларың қарулы түрде мемлекет ғимаратында жүргені ешқандай заңдылыққа да, этикетке де жатпайды», – деп менің ойымдағыны айтты.
Иә, намыс деген бар ғой. «Қарулы күзетінің кіруіне тыйым салынсын. Келгендер белгілі ереже бойынша кірсін. Біз үшін барлық адам тең». Осы жөнінде ел арасында қолдау пікір тарады: «Расында, Жақияновтікі дұрыс, мемлекет рәсімі мен рәміздерін барлық адам тең сыйлауы керек. Қалтамыз толған ақша деп ел намысына тиіспейтіндей болсын». Машкевич келіп, әдеттегідей кезексіз кірейін дегенде, қатал тосқауылға тап болып, ел қатарлы кезекке тұруға мәжбүр болды. Кездесуімізге керекті мамандарды шақырып, ашық, жария түрде отырыс өтті. Ол түн ортасына дейін созылды. Ең басты мәселелер – салықтың толық төлемі, заводтағы жұмысшылардың еңбекақысын көтеру, экология мәселесі және облыстың әлеуметтік бағдарламаларына қатысу. Әңгіменің бұлай өрбитінін ойламаған Машкевич көмекке өзінің экономистері мен юристерін шақырды. Үзіліс кезінде менімен оңаша сөйлескісі келді. Ол да сол үйреншікті әдісімен менің жеке басымның не тілейтінін сұрамақшы болды. «Қандай бұйымтай бар, әйтпесе бөлек шығып дастархан құрайық немесе Алматыға келіңіз, әуежайдан өзім қарсы аламын, қалағаныңыздың бәрін ұйымдастырамыз» деп, тағы басқа да «майлы жіліктерді» жылпылдап ұсына бастады. Өзім үшін еш нәрсеге әуре болмай-ақ қойсын, тек өзінің заңды міндеттерін орындасын, бар жомарттығын мына халыққа көрсетсін дедім. Сенбеді ғой деймін. Өйткені бірінші кездесуіміз нәтижесіз қалды. Біраз күн өте телефонмен мені тағы үгіттеді. Айтқанымнан қайтпадым. Бірнеше кісіні жұмсады. Арасында министрлер де телефон соқты. Оларға да жағдайды түсіндірдім. СоданМашкевичтің шыдамы таусылып, мені жамандап Президентке айтқан сияқты. Өйткені келесі айда өткен жиында «инвесторлардың жағдайын ойламайсың, оларға жеңілдік жасамайсың» деген Назарбаевтың қатты сынына іліндім. Бұны теледидар арқылы бүкіл жұрт көрді. Мәселені анықтап айтқан сөзімді қабылдамаған соң Президентке ренжіп, Павлодарға қайтып кеттім. «Не болса, ол болсын, көп болса қызметтен босатар» деп, қырсығып жатып алдым және Машкевичтің айтқанына көнбейтініме іштей бекініп алдым. Аяғында Машкевич өз тобымен тағы келіп, көтерілген мәселелер бойынша шартқа қол қойды. Бұдан былай қарым-қатынасымыз осы шартқа байланысты болатынына келістік. Осындай кездесуді жылында бip рет өткізіп, жыл қорытындысын қарап, жаңа шарттарға қол қойып жүрдік. Жылдан жылға салық төлемдері де қомақты өсіп, жұмыскерлердің айлығы да екі-үш мың теңгеге көтеріліп отырды. Басқа да талаптарымыз орындалды. Машкевичпен ресми жерлерде ғана кездесіп жүрдім. Бip peт қана Алматыға барып, қонақүйде онымен отырып шай ішкенім бар. Онда да ақысын өз қалтамнан төледім.
Павлодардағы мешіттің құрылысына қаржы керек еді. Онда да: «Бұндай құдай ісіне сұрағаннан, Ғалеке, Сіз кішіреймейсіз» деп, ел ақсақалдарының бipi, мешіттің қамкорлық қорының төрағасы Оралбек Қожанов айтқан еді. Одан басқа жерде шетелдік инвесторлармен қарым-қатынасымда оларға титтей де тәуелді болмауға тырыстым. Тіпті жаңағыдай шайдың ақысына дейін тиянақтап жүрдім. Есесіне ешкім мені «елдің қамын ойламай, шетелдіктердің сойылын соғып жүрді, не болмаса, бірдемесін жеп қойды» деп кінәлай алмайды.
Облыстағы шетелдік инвесторлардың арасында таза жұмыс істегені жалғыз ғана америкалық AES компаниясы еді. Олармен де кездестім. АҚШ-тан арнайы басшылары келді. «Ұлық болсаң, кішік бол» дегендей, алып фирманың өкілдері өздерін қарапайым адам ретінде көрсетті. Мәдениетті түрде еліміздің тәуелсіздігін, заңдарын, салт-дәстүрін сыйлайтынын айтты. Кезегімде мен де: «Пол Стинсон мырза, халқымыздың жағдайына көзіңіз жетіп отыр. Жас мемлекетіміздің өркендеуіне бәріміз де еңбек етіп жүрміз. Оған Сіздің компания да тиісті үлесін қосады деп сенемін. Рас, кейбір себептермен, ГрЭС-1 стансасын өте арзан бағаға, миллиард доллар құны бар дүниені бip жарым миллионға сатып алдыңыз. Бірақ ол үшін Сізді кінәлап отырған жоқпын. Шарттың аты – шарт. Қазақ ондайды «сауда сақал сипағанша» дейді. Дегенмен ұятыңыз бар адам сияқты көрінесіз, сондықтан бұл мәселе бойынша Сізден әділдік күтеміз. Басқасын айтпағанда, тіпті көпбалалы отбасылардың жәрдемақысын төлей алмай отырмыз», – деп оның адамгершілік, жомарттық сезімдерін оятуға тырыстым. Келіссөз нәтижесінде компания бюджетке қосымша 11 млн доллар көлемінде қаржы бөлетін болды. Оны түгелімен үш жылдық жәрдемақының қарызына жұмсадық. Бұл америкалық компанияның бюджетімізге ешқандай берешегі жоқ еді, еңбекақыны уақытымен жоғары деңгейде төлеп тұрды. Сондықтан бөлген қаржыларын облысты дамытуға қосқан үлесі деуге болады. Ризашылығымды білдірдім. Қыс ортасы болса да, қазақ жерінің әсем табиғатын көрсін деп Баянауылға апардым. Ел атынан қасқырдың иленген терісін сыйладым. Қайтқан бетте көңілі орнына түскен қонағым сырын айтты. «Шынымды айтсам, осы мемлекетте сіз сияқты халықтың адал қызметкерін көремін деп ойлаған жоқпын. Сіз жайында Қазақстандағы елшіміз Елизабет Джоунс жақсы пікірін айтса да, іштей күдіктендім. Неге десеңіз, алдында бізге жолыққан басшылар өз пайдасын ойлағандай боп көрінді. Осындағы бip таныстар «үлкен кабинетке кіргенде үлкен чемодан ала барыңдар» деген кеңесін де берген. Бірақ біз ондайға бара алмаймыз, сондықтан Қазақстандағы мәселелерімізді шешу үшін арнайы делдал фирма жалдадық. Ал Сізді кездестіріп, танысқан соң Қазақстан туралы пікірім біршама өзгерді. Парақорлықты, сыбайластықты жеңсеңіздер, елдің болашағы болар. Сізге ризамын», – деді. Мен де ойланып отырдым. Сырт көз сыншы ғой, мемлекетіміздің жаулап бара жатқан дертін бірден аңғарыпты.
Тағы бip америкалық фирманың өкілдері менімен жолығуға ниет білдірді. «Аксесс индастриз» фирмасының иелері аты америкалық болғанмен, бұрынғы Кеңес Одағының азаматтары Блаватник, Карпухович, Щербович деген мырзалар болып шықты. Қазақстандағы, тіпті дүние жүзіне әйгілі көмір кені «Богатырь» солардың қолында еді. Екібастұзға Москвадан келіп-кетіп жүреді екен. Олармен арақатынасымыз жөнді болмайтыны бірден-ақ анық болды. Өйткені олардың халық жағдайына пысқырып та қарамайтыны, көмір кенішінен өз табысын ғана көздейтіні, бар мәселені ақшаның күшімен, парамен шешіп үйренгені бізді мүлдем қанағаттандырмады. Әpi халқымызды адам есебінде санамайтыны, менсінбейтіні алыстан көрініп тұрды. Олардың айтқанымен жүрмейтініміз, заңсыздықтарына көнбейтініміз белгілі болған соң, олар жоғарыдан қысым ұйымдастыру әрекетіне көшті. Газет беттерінде менің атыма қара күйе жағуға, жала жабуға тырысты. Онысы нәтиже бермеді.
Бір-екі министр мен Премьер-министр Балғымбаевқа шындықтың бәрін айтып бердім де, газеттегі бықсықтарға мән бермедім. Амалы таусылған «инвесторлар» бас иіп алдыма келуге мәжбүр болды. Жылдық жер ақысын, салықтарын, ел алдындағы қарыздарын толығымен төлейтінін тиісті шартпен бекіттік. Бірақ бip жарым жылдан соң, үкімет ауысқанда, бұл келісімімізді бұзып, жіберген есесін қайтаруға тырысты. Үкімет басына келген Қасымжомарт Тоқаевтың өздеріне жақын адам екенін ешкімнен де жасырмады. Жақындығы соншалық, біраз күннің ішінде бізге ескертпей, кеніш тұрған жерді өте арзан бағаға сатып алғаны жөніндегі құжаттарға қол қойғызып алды. Ол eci дұрыс адамның, елді ойлайтын адамның миына да кірмейтін, талан-таражға жол ашқан, атышулы №53 үкімет қаулысы еді. Осыны ecтісімен дереу Астанаға жөнелдім. Жолда бес сағат бойы осы сұмдықты ойлап, уайымдаумен болдым. «Премьер-министріміз жаңадан келген, экономикадан хабары шамалы адам ғой. Дұрыстап түсіндірсем бәрі де орнына келер» деп, өзімді-өзім жұбаттым. Тоқаевпен әңгімелескенімізде жағдайды жан-жақты түсіндіріп, бюджетіміз қаншама қаржыдан қағылатынын, қаншама мектеп мұғалімдері мен аурухана дәрігерлері еңбекақысыз қалатынын кеңінен баяндадым. Үкіметтің бұл қаулысы жергілікті билік өкілдерінсіз қабылданғаны, олардың пікірін елемегені, елдің заңдарына қарама-қайшы келетінін де айттым. Әлемдегі ең алып кешенді, ондаған миллиард доллар құны бар қазба байлығымызды бар-жоғы жиырма миллион долларға сатып алған, оның өзін бірден бермей, сол көмірді сатқан ақшаның есебінен бepiп келеді.
Бұрындары кеншілерге арнап салынған он шақты балабақша, ауруханаларды, мәдениет ошақтарын керек қылмай, жекешелендірудің ертеңінде-ақ мемлекетке өткізіп тастаған. Енді шығынның барлығын бюджеттен, яғни халықтың қалтасынан өтеуіміз керек. №53 қаулыны орындайтын болсақ, салық төлемдері бірнеше есе азаяды, жердің құны жүз есеге кемітіліп, басқа да жеңілдіктер орынсыз беріледі. Сондықтан қаулының күшін жоюды, не болмаса тоқтатуды талап еттім. Ал келешекте бұндай әрекеттерді жасар алдында жергілікті жердегі бізбен ақылдасуды өтіндім. «Жарайды, айтқаныңызды түсіндім. Бұл жағдайды түзету жағын ойластырайын» деген Тоқаевтың сөзі мені біраз үміттендіргендей болды. Бірақ шығарып саларда айтқаны: «Сіз болашағыңызды ойлаңыз. Бұл жебекеңдермен кетісу қауіпті, байқаңыз». Бұл сөзден кейін әлгідегі көтеріңкі көңілім су сепкендей басылды. Бұл кісінің сыры белгілі болды. Бөлмесінен шыққанымда, көмекшісінің өз бөлмесінен Карпуховичпен телефон аркылы сөйлесіп, «қазір сізді Қасымжомарт Кемеловичпен қосамын» деген сөздерін құлағым шалып қалды. Күрес қайтадан басталатынын сол жерде ішім сезгендей болды. Күресте үкімет басшылары маған қарсы жақта болатыны айдан анық еді. Бірақ халық – біз жақта. Сондықтан жағдайды толығымен облыстық мәслихат сессиясында баяндадым. Пікір алысудан соң депутаттар бізді қолдап, Елбасына жеделхат жолдады. Облыс мүддесі үшін аяғына дейін атсалысатынын Парламент депутаты Серікбай Әлібаев айтты. Ол мәжіліс отырысында үкімет басшыларына осы мәселе бойынша өткір сауал қойды. Бұған кінәлі деп Премьердің бірінші орынбасары Ахметовтың ecімін атады. Ақпарат құралдарында да осы келеңсіздікті ашып, Ахметов пен «Аксесс» арасындағы сыбайластықты көрсеткен дәлелді фактілер келтірілді. Мамыр айында (2000 ж.) депутаттар Ахметовты жеке мәжіліс отырысына шақырып, қатты сынға алды. Біз де өз тарапымыздан сотқа жүгіндік, ол кездегі бюджеттің жағдайы қайта қиындай бастаған, еңбекақы мен жәрдемақы қарыздары екі-үш ай жиналып қалған. Сондықтан күреспеуге, халықтың кұқығын қорғамауға, басшылардан қорқып тығылып отыруға арымыз жібермеді. Біреулер осы кезде менің мінезімнің қаттылығын айтып, ешқандай бастыққа илікпейтінімді, айтқанымнан қайтпайтынымды тілге тиек етіп, Президентке сөз тасып жүрді. Ал Тоқаевтың Назарбаевтың атына жазған хатында мені жамандағанын және де Қажыгелдинмен жасырын байланысы бар деп кінә таққанын өз көзіммен көрдім. Президенттен осы тұста «инвесторлармен» тіл табыса алмағаным жайында сын-ескертпе естідім. Жоғарыдағы шенеуніктер арасында «мына Жақиянов өлер жерін білмейді екен, кіммен айтысқанын ойласайшы-ай» деген сөздер жүрді, үкіметте қолдағандар да табылды. Ол Мұхтар Әблязов, Ораз Жандосов сияқты Отанын сүйген, болашағын ойлаған азаматтар еді. Қанша әрекет жасағанымен, жалған «инвестордың» қалағанындай болмады. Халықтың назасы жібермеді. Күрес соңында үкімет өз қаулысының күшін жоюға мәжбүр болды. Жазға дейін созылған тартыс бізді де қажытты. Дегенмен түбінде елімнің мүддесі жеңіп шыққанына қанаттанып, қуаныш үстінде едім. «Аксесс» фирмасының басшылары келіп, қайта шартқа отырды. Келісіміміздің бip ережесі бойынша олар салынып жатқан мешіттің қорына үлес қосуды міндеттеріне алды. Қол қойылғанда: «Сіз болмасаңыз, осы ақша жоғарыдағы біреудің қалтасында, мешітке тимей кетуші еді» деп, көмекшілерімнің бipeyi ақырын ғана сыбырлады.
алдыңғы тараулар:
Парақшамызға жазылыңыз