«АЛТЫН ТІЛ» БАҒДАРЛАМАСЫ
Тоғызыншы mapay
Ал енді қайтадан 1998 жылға оралайық. Жылу және электр жарығымен қамтамасыз ету сияқты бip-eкi әрекетпен шектелген жоқпыз. Бар күшті салып бұл мәселені біраз уакытқа дейін шешуге болар. Бірақ бұл сала тұрақты істеу үшін жүйелі, түбегейлі өзгерістер қажет еді. Жай әкімшілік әдісімен бұйрық бергеннен еш нәтиже шықпайтын. Дәлірек айтсам, қысқа мерзімді қозғалыс болғанымен, ұзақ мерзімді алсақ, болашақты ойласақ, бұндай әдiстер зияннан басқа түк те бермейтіні ақиқат. Өйткені мәселенің түпкі тамыры қаржыландыруда еді. Экономикамыздың барлығы нарық қатынастарына ауысып жатқан соң энергетика да ауысуға тиісті. Ол дегеніміз – тұтынушылардан жиналған ақша ғана бүкіл саланы қаржыландыру көзі. Ал тұтынушылар арасында біpey төлейді, екіншісі төлей алмайды. Сондықтан тұтынушылардан жиналған ақша энергетиктер шығынының жартысын да өтей алмайтын. Ең қиыны осы еді. Төлем жасауға халықтың жағдайы белгілі, әcipece ауылдық жерлерде, оның үстіне сол кезде қайдағы бip кездейсоқ адамдар келіп, жарықтың ақшасын жинап, кейін мүлдем хабарсыз кеткен. Сөйтіп ел ішінде «төлесек те, төлемесек те жарық болмайды» деген пікір қалыптасып жатты.
Бұл тығырықтан шығу жолын іздеу үшін кеңесу мақсатымен мамандармен бipгe Алматыға, «KEGOK» компаниясына бардық. Бұл компанияның қарамағында ipі электр қуатын тасымалдайтын сым жүйесі бар еді. Мысалы, Павлодар облысындағы жылу-электр стансалары мен қала, ауылдар арасындағы электр қуатын тасымалдау түгелімен солардың қолында болды. Ал электр төлемі түспеген соң, олар барлық жүйені сөндіріп тастап отырды. «Бұл әрекетке біз амалсыздан барып отырғанымызды түсінетін шығарсыздар» деп «KEGOK» басшысы Мұхтар Әблязов кірген бойда жағдайды түсіндіре бастады.
Алдында бір-екі жолыққанымыз болмаса, басқалай араласымыз жоқ еді. Кейін сол сапарымды еске алып отырғанда: «Сол кезде әкімдердің барлығы маған келіп ток сұрайтын, үш күнге болсын қосуды өтінетін. Мүмкін емес деген сөзіме нанбайтын және жағдайдың туындаған негізі өздерінде екенін түсінбейтін. Облыстан келген сендерді де басында сұрайды деп ойлап қалдым. Керісінше, сұраудың орнына «кеңесейік» дегендерің маған бірден ұнады», – деп еді. Рас, мәселені түбегейлі шешуге бел буған біздің әңгімеміз көбінде экономика жайында болды. Мұхтар өткір ойымен, іскерлігімен маған бірден ұнады. Жасымыз қатар, өскен, оқыған ортамыз ұқсас болғандықтан, тіл табысуымыз оңай боп шықты. Ол да мен сияқты Москваның ең әйгілі физика институтын бітірген, мен сияқты қазақ ауылында туып-өскен. Сондықтан өмірге деген көзқарасымыз да жақын болды.
Мұхтарлар «KEGOK» стратегиясымен, жұмыс шарттарымен бізді таныстырса, біз де облыс бойынша осы саладағы жоспарларымызды бөлістік. Аяғында бұл тығырықтан шығу үшін салалық реформа жүргізуіміз керек, халыққа түсіндіру жұмысын қолға алуымыз керек, тарифті 2–2,5 теңге аралығына түсіруіміз керек, бірақ төлемақыны толығымен жинауымыз керек, халықта сенімсіздік тумау үшін жарықты бip сәтке де болсын сөндірмеуіміз керек, өз арамызда тығыз байланыс болу керек деген қорытындыға келдік. Ең басты мәселе бұл жерде біздің бip-бірімізге сенуіміз еді. Елге оралған соң аудан-қала әкімдерін жинап, жағдаймен кеңірек таныстырып, халықпен жұмыс істеуді тапсырдым. Өзім де барған жерімде, жиындарда осы мәселені түсіндіруге ерекше назар аударып жүрдім. «Қазір жарық төлемі 20–30 пайызға ғана жиналып жүр, сол себептен бүкіл елді мекендерді жарықтан үзіп келді. Әрине, тариф жоғары, барлығы бірдей төлей алмайды. Сондықтан біз оны төмендеттік. Ececіне ауыл болып жиналып, төлемдерді толығымен өткізулеріңізді сұраймыз. Онсыз болмайды. Ақша жетпегендер үнемдеңіздер. Жарықсыз отырғаннан гөрі бұл да жақсы ғой. Осы сұрағанымызды орындасаңыздар, жарық үздіксіз болатынына кепілдік беремін», – деген сөзіміз жұрт арасына тез тарады. Расында екі-үш ай қиынға түсті. Бірақ ұйымдастырушылық жұмыстың арқасында төлем көрсеткіші 70–80, кейін 90–95 пайызға дейін көтерілді. Шарттарын орындап, энергетиктер де жарық сөндіруді тоқтатты. Арасындағы уақытша ағытқандары, не төлемдерін жинай алмаған ауылдар болмаса, жалпы бұл мәселе түбегейлі шешімін тапты.
Кейін бұл тәжірибемізді Алматыда, халықаралық ұйымдардың басқаруымен өткен конференцияда айттық. Қатысқан көптеген маманның пікірінше, энергетика саласындағы реформамыз оңды болды. Павлодарға басқа облыстардан тәжірибе алмасу мақсатымен делегациялар келіп жүрді. Ал мен үшін бұл облыс жұртшылығы алдында абыроймен орындалған жетістіктің бipi болды. Қайталап айтайын, бұл мәселені тудырған жаппай жекешелендіру еді. Аз уақыттың ішінде бүкіл электр стансаларымыз бен жарық жүйесі жеке меншікке өтіп кеткені халықты қатты күйзелтті. Терең ойламай жасалған әрекет болды. Сондықтан осындай тығырықтан шыққанымызға қуанышты едім және де бастамамды аяғына дейін жеткізгенімізге басшы ретінде қанағат еттім.
Мен барғанда Павлодар облысында қаржы, бюджет және қарыз, энергетика проблемаларынан басқа да шешімін таппай келген мәселелер жеткілікті болған. Соның ішінде тіл, мәдениет, рухани құндылықтардың кедейленгені бірден көзге түсетін. Кеңес дәуірінде индустрия кәсіпорындары шоғырланған соң, сырттан келген халықтың басым болуы себебінен ұлтымыздың рухани күйзеліске түскені ақиқат. Тәуелсіздік жылдары да бұл жағдайды түзететін қадамдар байқалмады. Әрине, кейбір шараларды, мысалы, қазақ театрының ашылуын, Бұқар жырау атындағы мұражайдың ұйымдастырылуын және анда-санда өткен айтыс не қазақ эстрадасының концерттерін бұл жерде атап кеткен дұрыс. Бірақ ол шаралар мәселенің тек бетін ғана сүзгендей, түп негізіне жете алмады.
Әcipece, әр ұлттың тамырлы буыны боп табылатын тіл саласында нәтижелі жұмыс жүрмегені анық еді. Жай жоғарыдан түскен нұсқаулар орындалған болар. Мысалы, мекемелердің мөртаңбасын қазақша жазғызды, не кейбір дүкендердің маңдайшасында екі тілде тақтайшалар орнатылған. Ондай қимылдардың пайдасынан зияны көп пе деп ойладым. Өйткені ол шенеуніктердің есеп беруіне ең жеңіл шара – бәленбай мөр ауыстырылды, жоспарды осыншама пайызға орындадық дегеніне ыңғайлы. Ал тілдің дамуына оның ешқандай әсер етпейтіні белгілі. Ол дамудың ең бірінші көрсеткіші – қазақ тілінің пайдалану аясының кеңеюі, қолдану ортасының артуы. Бұл жағынан алсақ, тілімізді жоғалтып алуға жақындап тұр едік. Мысалы, алғаш мәслихаттың отырысына барып, Семейдегі әдетімше баяндамамды қазақша жасағанымда сенсация сияқты қабылдады. Сондағы жиналған жұрттың жарымынан көбі қазақтар еді. Мінбеге шыққандардың біреуі де қазақ тілінде сөйлеген жоқ. Тіпті таза қазақы Баянауыл, Май аудандарының әкімдері орысша шүлдірлей жөнелгенде шыдамым таусылып, сын-ескертпе жасауға тура келді. Оңаша қалғанда қазақша сөйлей алатын басшылықта жүрген азаматтарға: «Жүрген жерлеріңізде өз тілімізде сөйлеулеріңізді өтінемін. Басшы боп өзімізден бастамасақ болмас. Басқа жұрт бізге қарайды, осы орайда бізден белсенділік күтеді» дегенім де бар.
Әкімшілік тарапынан басқа да қадамдарды жүзеге асыра бастадық. Бірақ бұның барлығы жеткіліксіз екеніне көзім жеткенде қатты ойландым. Үйдің сыртын ғана бояп, күрделі жөндеуді талап еткен жұмыстарға қол тигізбегендей сезімде болдым. Үлкен қозғаушы күш керек, жаппай халықтық қозғалысты ұйымдастырмай түк те шықпас деген ойға келдім. Содан облыстағы қазақ зиялыларын, ақсақалдарды, тіл мамандарын жинап, өзімді қатты толғандырған мәселені ортаға салдым. Пікір алысуға шақырдым. Ақыл-көмектерін сұрадым, бір емес, бірнеше мәрте кабинетімде жиналып, ойымызды, ұсыныстарымызды ортаға салдық. Арасында осы мәселе бойынша республикамыздың зиялыларымен кездесіп, Астанадағы Ақпарат және мәдениет министрлігіне бірнеше рет бардым.
Нәтижесінде «Алтын тіл» атты бағдарлама дүниеге келді. Бұл нақты іс-шаралары көзделген, жауапты адамдар мен мерзімдер бекітілген бағдарлама болып шықты. Бағдарламаның басты мақсаты – қазақ тілін дамыту, қолдану аясын кеңейту. Ол үшін қысқа мерзім ішінде мәдениет саласында, әкімшілік пен қоғамдық ұйымдарда, ақпарат құралдарында тіл саясатын тереңірек жүргізуді көздедік, әсіресе білім саласында қазақ тілін оқытуды, оның сапасын қатты қадағалауды қолға алдық. Қазақ мектептерінің, қазақша білім беретін сыныптардың санын көбейтуді, қазақ тілі мен қазақша берілетін пән мұғалімдерінің білім сапасын көтеруді қолға алдық. Сонымен қатар теледидарда, көшелерде ана тілімізді жарнамалауға кірістік. Азаматтарға күнделікті тұрмыста, жұмыстарында, көпшілік арасында өз тілімізде сөйлеуді ұмытпауды ескерттік. Бұл істі жүзеге асыру үшін әкімшіліктің күшімен бірге қоғамдық қолдау да керек еді. Сондықтан әкімшілік тарапынан бұл іске ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының төрайымы Наурызбаева Гүлбайрам Әуесханқызы жауапты болса, екінші жағынан арнайы «Алтын тіл» қоры құрылып, қоғамдық басшысы болып елдің беделді ақсақалы Шәкәрімов Қабидолла Нұрселенұлы бекітілді.
Қабаң кезінде облыстық партия комитетінің екінші хатшысы боп істеген, тәжірибесі мол, халыққа танымал адам. Ол кісінің елім дегенде, халық тағдыры дегенде ішкен асын жерге қоятынына күмән жоқ еді. Жоғарыдағы партия басшыларымен келіспей, қызметінен кетіп, трактор зауытына қатардағы жұмыскер боп барғаны ел аузында аңызға айналған, кейін зейнеткерлікке шығып жүргенінде осы қоғамдық жұмысты ұсынғанмын. Басында «жасым келіп қалды ғой» деп келісімін бермей, кейін ақсақалдың өз айтуынша, «Ана тіліміздің тағдыры бәрімізді алаңдатады, сондықтан Ғалекең сияқты жастардың үндеуін біз қолдамағанда, ол кімге сүйенеді?» деген оймен қайта келіп, келісімін берді. «Алтын тіл» бағдарламасын ic жүзіне асыру кезінде Қабидолла ағамыз қыруар шаруа тындырды. Көптеген кәсіпорын мен мекеменің табалдырығын аттап, ел ішіндегі беделін пайдаланып, қазақ басшылардың намысын оятып, басқа ұлт басшыларына мақсатымызды жан-жақты түсіндіріп, халық арасында нәтижелі үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Жалпы біздің бастамамыз, қолданған әдісіміз республика көлемінде ақ ниетті қолдау тапты. Қазақ тілі жанашырларының басын қосып, республикалық конференция өткіздік. Біздің тәжірибеміз елеусіз қалмады,
Парламенттің арнайы отырысына шақырылдық. Онда атқарған істерімізді, мақсат еткен жоспарларымызды тұжырымдап баяндадым. Оған қоса нақты ұсыныстар енгіздім. Бұл жөнінде сол кезде министр боп жүрген Алтынбек Сәрсенбаев екеуміздің арамызда әңгіме болды. Бүгінгі нарық қатынастары қалыптасып жатқанда тіл мәселесін тек ұранмен немесе жай сөзбен шешуге болмайды. Үкімет тарапынан тиісті қаражат бөлінгенде ісіміз әлдеқайда өнімді болады. Мысалы, 2000 жылғы республикалық бюджетте қарастырылған қаржының көлемі – бар-жоғы 92 млн теңге. Астананың құрылысына бөлініп жатқан жүздеген миллиард теңгемен салыстыруға да келмейді. Ал қазақ тілінің, яғни мемлекеттік тілдің дамуы да – стратегиялық міндетіміздің бipi, еліміздің тәуелсіздігін сақтауымен тең тұрады. Сондықтан бұл салаға мұнайдан түскен қаржының қомақты бөлігін жұмсасақ артық болмас. Алтынбек екеуіміздің көзқарасымыз бip боп шыкты. Өкінішке қарай, ол кездегі үкімет басшысы Тоқаев мырза ана тілінің қамқоршысы ретінде өзін көрсете алмады. Соған қарамастан өз облысымызда жоспарлағанымыздың көбіне өз есебімізден қаржы тауып, нақты нәтижелерге қол жеткіздік.
«Алтын тіл» бағдарламасын орындау барысында бәрі де қазақ тілінде емін-еркін сөйлеп кетті деп айта алмаймын. Облыстың тарихын, қазақ санын ескерсек, ол мүмкін де емес еді. Бірақ бірінші үлкен қозғалыс, халықтың талпынысы тіліміздің болашағына жақсы сенім әкелді. Жиналыстарда, мекемелерде ана тілімізде сөйлей бастады, қазақша оқулықтарға, әдеби кітаптарға сұраныс көбейді, ата-аналар балаларын қазақ мектептеріне бере бастағаны жалпы халықтың сана-сезімі өзгере бастағанын көрсетті. Көпшілікпен бірге біз де Ележанды қазақ мектебіне бердік.
Павлодардағы Абай атындағы №10 мектепте 700-ге тарта бала оқиды екен. Бағдарламаны орындау барысында мектеп ұжымы белсенділік танытып, қазақ тілінде білім беру саласында айтарлықтай жетістіктерге ие болды. 2000 жылы бітірген түлектері түгелімен жоғары оқу орындарына түсті, ал пәндік олимпиадалардан окушылары олжалы оралып жүрді. Республикалық олимпиадаларда да физика пәнінен екінші орынға ие болды. Мектеп директоры Жармағамбетова Бұлғын Шәкенқызы – жұмысына берілген адам, қазақ тілінің нағыз жанашыры, қазақ мектептерін дамыту жөніндегі бастамамызды бірден қолдаған білім маманы. Әрине, әр ата-ана баласының болашағын ойлайды. Шындықты айтсақ, қазақ мектептерінде жалпы білім сапасы нашар болғандықтан түлектері институтқа түсе алмайды, басқалармен салыстырғанда дайындық деңгейі төмен келеді. Сол себептен таңдау алдында тұрған ата-аналар аттың басын көбінде орыс мектептеріне тірейді. Бұл жағдай бұрыннан, Кеңес дәуірінен қалыптасқан, «көзі ашық адам болсын» деп қазақ баласын орысша оқытты. Ащы да болса да тағы бір шындықты айтқан абзал, сол көштің алдыңғы қатарында бастықтар мен зиялылардың, яғни «элитаның» балалары болатын. «Тектілердің» көбі орыс мектебіне барған соң, қазақ мектептері, қазақша білім алу артта қалғаны рас. Сонымен мұғалімдердің де, оқушылардың да интеллектуалдық ортасы төменгі деңгейде болып келді.
Қазақ мемлекеті тәуелсіздігін алған соң бұл мәселе бірінші орынға шығуы керек еді. Өйткені тіл және сол тілдегі білім беру ісінің дамуы мемлекеттің мемлекет боп орнықты қалыптасуының ең басты көрсеткіші. Мысалы, құранды тек араб тілінде оқытқан арабтар өз ықпалын тіл арқылы таратқанын немесе медицина мен басқа ғылымдарды бүгінге дейін адамзаттың латын тілінде (рим империясы жойылса да) оқып келгенін ескерсек, тіл мен білімнің маңыздылығын көреміз. Бұл қатарға бертінде ағылшын тілінің кеңінен тарағанын, әсіресе компьютерлік технологияларды бас-аяғымен жұтқанын және онымен француздардың қалай күрескенін жатқызуға болады. Менің ойлауымша, тіліміздің тағдыры, одан туындайтын ұлттың тағдыры үшін шешуші сәт тіл мен білімнің түйіскен жерінен басталады. Олай болса, ұлттық қауіпсіздік те осыдан басталады.
Ележанды мектепке берер кезде Қарлығаш екеуіміз көп ойландық. Семейге қарағанда Павлодардың қазақшылығы белгілі, баламызды не тілге үйрете алмай, не білім бере алмай қор қылып аламыз ба деп қауіптендік. Бірақ ата-ана ретіндегі борышымыз жеңіп шықты. Әрі қазақшаға бәрімізді үгіттеген әкім өз баласына келгенде қайтеді екен деп ойлайтын жұрттың үнсіз сұрауының алдын алғанымды жасырмаймын. Қарлығаштың өзі мектептерді аралап, ұсынысын айтты. Элиталық, қазақ тілінде сабақ беретін жекеменшік мектепке бермей, баламыз көпшіліктің ортасында өссін, тәрбиеленсін деген оймен аталған №10 мектепке тапсырдық. Ележанды жетектеп мектепке өзіміз бардық. Сынып жетекшісі – Гауһар апай. Бір жағынан бұл қадамымыз ақпарат құралдары арқылы ел алдындағы «қазақшылығымызды» көрсеткен «PR» болса, екінші жағынан баланың өміріндегі ең ұмытылмайтын сәтіне отбасымызбен қатынасқанымызға шын ниетімізбен риза болдық.
«Алтын тіл» бағдарламасын қабылдар алдында бірнеше топ комиссия құрып, қазақ тілінің оқу орындарында, мәдениет ошақтарында, түрлі мекемелерде оқытылуын зерттедік. Бұл зерттеулеріміздің қорытындысы бізді мәз қылмады. Мекемелерде тіл туралы заңды формальды түрде ғана орындаса, мектептерде сабақ беретін мұғалімдердің білім дәрежесі өте нашар екенін байқадық. Арнайы білімі жоқ, жартысынан көбі басқа пәннің оқытушысы. Кейде тіпті келеңсіз жағдайларға тап болдық. Совхоздың бұрынғы мал дәрігерлері мен зоотехниктері қазақ тілінен сабақ беріп жүргенін көрдік. Керісінше, институт бітірген, қазақ тілінің маманы ретінде қолында дипломы бар жастар жылдар бойы жұмыс таба алмай жүр екен. Осындай кемшіліктердің бәрін ескеріп, бағдарламамызды және одан туындайтын ереже – бұйрық құжаттарды да нақты шаралармен толықтырдық. Бағдарлама жұмыс істеген екі жылдың ішінде қуанарлық өзгерістердің, бетбұрыстардың куәсі болдық. (Дегенмен, түбегейлі шешуші кезеңнен асу үшін уақыт, шыдам, алған бағыттан таймайтын қуатты еңбек керек еді. Алайда саяси себептерге байланысты облыс басшылығынан шеттетілуім «Алтын тіл» бағдарламасын жүзеге асыруға кедергі жасады. Аяғына дейін орындалмаған арманым бүгінде жаныма батады.)
Жалпы білім саласын ерекше назарда ұстадық. Облыста бұл саланың дамуына негіз бар еді. Кеңес Одағының үлкен жетістіктерінің бірі – халықты ағарту, білім беру салаларына қаржыны аямайтын. Әcipece орта білім деңгейін, кеңес мектебінің дәстүрі мен әдістерін дамыған елдердің өзі мойындағаны ақиқат. Тәуелсіздікпен қатар келген экономикалық дағдарыс білімнің құндылығын азайта түсті. Қаражат жетіспеуі себебімен мектептер жабыла бастады, тәжірибелі мамандар кетіп, білім сапасы күрт төмендеді. Сексенінші және тоқсаныншы жылдары мектеп бітіргендерді бір-бірімен салыстыруға келмейді. Біз, кеңес үкіметі кезінде жоғары оқу орындарында дәріс алып, мамандық алған азаматтар, шетелдіктермен кез келген кездесуде не келіссөздерде өзіміздің ең ұтымды қасиеттеріміз осында екенін байқадық. Елімізге алғаш келген қонақтар, бизнесмендер халқымыздың жалпы білімді екеніне таңғалатын. Компаниямыздың серіктестері, түрік «кәрдештердің» 1991 жылы келіп, бірінші отырыстан соң біздің есепке жүйріктігімізге, жан-жақты білікті екенімізге таңдай қаққаны әлі есімде. Дүние жүзін біраз араладым, көрдім. Содан бір түйгенім – мемлекет үшін білімді халық табиғи байлықтардан әлденеше есе асып түсетін құндылық. Тағдырдың бергені мен еңбектің арқасында иеленген тәуелсіз мемлекетімізде бұл тарихи мүмкіндікті пайдалану – өркениетті болашаққа жол ашумен тең. Сондықтан бұрыннан қалғанды түгендеп, жоғалтқанды оралтып, халыққа жаппай білім берудің үлгілі дәстүрін жаңғыртқан жөн деп білемін. Білім сапасын көтеру үшін оқыту әдістерін дамыту керек. Өркениетті елдер осы мәселеге өте қатты мән беретіні белгілі. Мысалы, Америка Құрама Штаттары дүние жүзінен дарынды оқымыстыларды жинағаны белгілі, бұл ол мемлекеттің ұлттық стратегиясы саналған. АҚШ-та жастардың білім алуына, ол білімді жалғастыруына, дамытуына, басқа да жағдайларына қатты көңіл бөледі. Бұл әрекеттері «интеллектуалдық ресурс» ретінде қымбат бағаланатынын дәлелдейді. Неге осыдан үлгі алмасқа? Неге бізге де мемлекеттік инвестицияны білім саласына жұмсамасқа? Бөлінген қаржыны шығынға, яғни қайтарылмас қаржыға жатқызуға болмайды. Өйткені бұл шығындарымыз жасөспірімдеріміздің білімімен қоғамымызға еселеп оралады. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» демекші, мұндай инвестиция мың пайыздық өсіммен қайтатыны анық. Осы қағиданы білім саласындағы саясатта басшылыққа алғанымды бүкіл жұрт біледі. Алғашында облыстық бюджеттің 20 пайызы ғана оқу орындарына бөлінсе, соңғы жылы бұл көрсеткіш 38 пайызға жетті. Яғни бюджетке түскен 5 теңгенің екі теңгесі мектептерге бөлінді. Соған сай талапты да күшейттік. Алға қойған мақсатымыз – білім сапасы жағынан республика бойынша бірінші орынға шығу. Оқушылар арасында, мектептер мен мұғалімдер арасында түрлі байқаулар, жарыстар, конференциялар өтіп жатты. Оқытушылардың, әсіресе ауылдағы мектеп мұғалімдерінің кәсіби деңгейін көтеруді ұмытпадық. Сөйтіп, 500-ден астам оқу ұжымымен бірге жасаған еңбегіміз қысқа мерзімде жемісін бере бастады. Екі жылдан соң облысымыз бірінші орынға шығып, екі жыл қатарынан республика бойынша білім саласының ең үздігі боп аталды. Үздік оқушылар да, үлгілі мұғалмдер де бізден шықты. Пәндік олимпиадаларда жеке оқушыларымызбен қатар ұжымдар командалық есепте ең жоғары орындарға ие боп жүрді. Ал математика мен физика пәндерінен Қайрат Ахметов сияқты дарынды балалар халықаралық жарыстарда жеңіске жетіп, республикамыздың атын шығарды. Осы жетістіктерімізді ескеріп, Білім министрлігі республиклық олимпиаданы Павлодарда өткізуді ұйғарды. Алматыдан басқа қалада өтіп көрмеген бұл жарыс ұйымдастыру деңгейі жөнінен есте қалғанын қатысқандардың бәрі, соның ішінде министрліктің басшылары мен облыс өкілдері ерекше айтты. Республикамыздың білім саласындағы көрнекті мамандары біздің ұстанған саясатымызға, істеген еңбегімізге өте жоғары баға берді. Бұл жерде орта білімнің ең маңызды көрсеткішін біздің жетістігіміз ретінде айтқаным жөн. Ол – оқу орындарына түсетін мектеп түлектерінің саны. 2000 және 2001 жылдардың жоғары оқу орнына қабылдайтын тест қорытындысы бойынша «жақсы» және «өте жақсы» бағаның ең көбі, «нашардың» ең азы бізде болғаны заңды құбылыс деп санаймын. Алматы, Астана сияқты қалалардың алдына шықтық. Оларға қарағанда, жалпы оқушылардың санына облысымыздағы ауыл мектептерін бітіргендер де кіретінін ескерсеңіз, ауылдағы білім берудің алға басқанын аңғарасыз. Тағы бір маңызды жетістік, алдында айтылғанмен үндесетін көрсеткіш – қазақ мектептерін тәмамдаған балаларымыз ұпай жағынан басқа облыстармен салыстырғанда алға шықты.
Орта мектептермен қатар кәсіптік-техникалық оқу жүйесі де қолға алынды. Бұрынғы техникумдар мен училищелерді жаңғырту керек болды. Өйткені жұмыссыздықпен күресудің маңызды жолы – жастарға арнайы кәсіби білім беру. Өндіріс басшылары токарь, фрезеровщик сияқты жақсы мамандар азайып кеткенін айтатын. Бір жағынан бұндай мағлұматқа сену де қиын. Өйткені жұмыссыздық қаулап тұрғанда жұмыскер табылмауы мүмкін емес сияқты. Бірақ соңғы жылдары бұрынғы ПТУ мен техникумдардың жаппай жабылғанын ескерсек, кәсіби жұмыскер даярлау процесі үзіліп, жастардың жұмысқа жарамсыздығы бірден көзге түсетін. Еңбек биржасында немесе көшеде тұрғандардың басым көпшілігі қара жұмысқа ғана лайықты екенін айтады. Мектеп бітіргендердің барлығы жоғары оқу орындарына бармайтыны да анық. Жастардың өмірдегі алғашқы еңбек қадамына жәрдемдесу – мемлекеттің тікелей міндеті. Сондықтан бұл мәселені шешіп, арнайы бағдарлама қабылдадық. Кәсіптік оқу орындарын түгелдедік, жабылғанын қайта аштық, керекті жабдықтармен қамтамасыз еттік. Зауыт директорларымен бірлесе отырып, білім департаменті олармен шартқа отырды. Онда мамандықтардың түрлері, қанша адам, қай уақытта керектігі көрсетілді. Қалалармен бірге ауылдық училищелердің бәрін әр ауданда қайта аштық. Атын «колледжге» ауыстырумен шектелмей, затын да, яғни мамандықтардың түрін де өзгерттік. Нарыққа сай дайындатқыздық. Мысалы, Баянауылда даяшы, қонақүй қызметкері сияқты мамандардың курстарын аштық. Өйткені табиғи ұлттық парктің негізінде демалыс пен туризмді дамыту жолдарын қарастырғанбыз. Ол үшін тиісті инфрақұрылым, келгендерге тұрмыстық қызмет көрсету, орналастыру орындарын дайындау қажет болды. Демалушылардың ұзын саны 20–30 мыңнан асатын болды. Жататын, тамақтанатын орындарға қызметші керек. Бұның барлығы да баянауылдықтар үшін жұмыс орны. Қызмет көрсетудің сапасы әйгілі курорттардан кем түспеуі керек. Мысал ретінде Түркиядағы, Анталиядағы демалыс сервисін келтіруге болады. Міне, соған лайықты мамандарды дайындау мақсатымен Баянауылдағы колледжді іске қостық
Павлодар облысындағы білім саласындағы ұстанған саясатымыз жайында әңгіме болған соң, тағы бip жағдайды түсіндірген дұрыс. Әкімдіктен кеткенде соңымнан шырақ алып түсіп тексергендер жұмысымнан әйтеуір бip кемшілік таппақшы болған. Ол «айыптың» мағынасы мынандай: «Білімге бөлінетін қаржыны облыстық бюджетте орталықтандырды, қала мен аудан әкімдерінің қолында мектепке деген қаражат қалмады. Бұрын аудандар өз қаржысын жеке жұмсағанда жаксы еді» деген сөз шығарды. Осылай істегеніміз рас. Облыс бойынша білім саласында бip бағдарламаны, бip саясатты ұстаған соң, оны шешетін қаржы да бip жерден шығуға тиіс. Бұның тиімді де үнемді әрекет екеніне ешкім де күмән келтіре алмайды. Ал, ең бастысы, қалаға қарағанда аудандардың бюджеті әлдеқайда тапшы екенін ұмытпауымыз керек. Өндірістен түскен салық арқылы ғана ауыл мектебін көтеруге мүмкіндік туды. Барлық ауданның мектеп ғимараттарын жөндеуден өткіздік, жеке жылу қазандықтарын орнаттық. Бұл әр ауданның шаруасы, өздері қаржы тапсын деп отырғанда ауыл мектептерін дамыта аламыз ба? Қала деп, аудан деп бөлмей, білім бюджетін орталықтандырғанымыздың басты себебі, міне, осында еді.
Павлодар өндірістік өңір боп саналғанмен, ауылдың жағдайы бірінші күннен-ақ назарымда болды. Облыс тұрғындарының үштен бірі ауылда тұратын. Мен келгенде «жекешелендіру» деген өтіп болған. Экономикалық дағдарысқа ұшыраған ауылдың берекесі әбден кеткен. Бұрынғы совхоздардың дүние-мүлкі, техникасы талан-таражға түскен, малдың саны үш есе кеміген. Көпке созбай, қыстың ортасы болса да, өңірмен танысуды шалғай аудандардан бастадым. Әуелі Баянауыл ауданына барып, кейін апта сайын бір-екі ауданды аралап тұрдым. Сөйтіп, қысқа уақыттың ішінде облыстың барлық үлкен-кішілі ауылдарында болып, жерімен, халқымен, оның жағдайымен танысып шықтым. Жұртпен жүздесу, жағдайды өз көзіммен көру – ауылда өскен мен үшін бұл сапарлардың маңызы зор еді. Халық та менің аралағанымды жақсы ниетпен қарсы алды. Кейбір ауылдың қариялары облыс басшыларын соңғы рет қашан көргенін естеріне түсіре алмай, келгенімнің өзіне ризалығын білдіріп жатты. «Келіп, халімізді көргеніңізге көңіліміз тоқ» дейді қариялар. Кейін бұл бастамамды үзбей, жыл сайын әр ауданды (барлық саны – 14) аралап жүріп, қалыптасқан дәстүр бойынша ауылдың ақсақалдарымен, зиялы кісілерімен, қарапайым халықпен не кеңселерде, не мектеп ішінде, не шаруашлық науқан жерлерінде, шақырса өз үйлерінде кездесіп жүрдім.
Жоғарыда айтқанымдай, алғаш сапарымда ат басын Баянауылға тіредім. Әрине, бұл таңдауымның өз мәні болған. Баян өлкесі – күллі қазаққа танымал жер. Қазақ тарихындағы орны да бөлек қасиетті топырақта дүниеге келген перзенттері елінің даңқын шығарған. Тарихта аты қалған адамдардың біразының есімі осы киелі жермен тығыз байланысып жатыр. Арғысын алсақ, Бұқар жырау, Мәшһүр Жүсіп аталарымыз, берісінде Қаныш Сәтбаев бастаған ғылым мен әдебиет жұлдыздары. Бip Баянның өзі Қазақстанға оннан астам академик беріпті. Қазақтың өнер-мәдениетіне Баянауылдың үлкен ыкпал еткені де белгілі. Осы және басқа мағлұматтар жайында жол бойында Қанат Болатұлы Даржұман ақсақал екеуміздің арамызда ұзақ әңгіме болды. Бұл кісі көп жыл бойы бірнеше ауданды басқарған, кейін облыс басшылығында қызмет істеген.
Баянда ауданның бірінші хатшысы боп жүргенінде жергілікті халықпен түсінісіп еңбек еткені ел ішінде абырой әперген. «Қанеке, бірге жүріңіз, еліңізбен таныстырыңыз» дегенімді бірден мақұлдаған. Кейінгі сапарларымда да кезіндегі аудан, облыс басшылары, қазіргі зейнеткерлердің бірге еріп жүруі дәстүрге айналды. Ол кісілердің көргені, өмірлік тәжірибесі мол, әр жердің экономикалық-әлеуметтік мәселесінен хабардар және елінің ішкі жағдайын жақсы білгені әкімдік жұмысыма үлкен көмек етті. Бірде-бір маңызды шешімімді осы ақсақалдардан құралған кеңесшілер тобының пікірін білмей қабылдамадым. Бұл ақсақалдардың арасынан Борис Васильевич Исаевты ерекше атағанды жөн көремін. Борис Васильевич көп жыл бойы облыстың бірінші хатшысы болған, ауыл шаруашылығы мен өндірісін бес саусағындай біледі. Өз пікірін жасқанбай, сараптап жеткізе алады. Жалпы осы кеңесшілерімнің әкімшіліктің жүргізген жұмысына сын көзбен қарағаны өте қажет болды. Сол жолғы тағы бір бастамамды айта кетейін. Елге шығардың алдында өңірдің тарихы, салт-дәстүрі жайында біраз мағлұмат алғанмын. Соның ішінде ата-тегі, рулық жағынан елді мекендердің қалай орналасқаны туралы ақпаратты назарымнан тыс қалдырмадым. Бұндай дайындықтарым мен үшін пайдалы болды. Кейін оны жүйелі түрде жалғастырып, қазақ тарихы мен әдебиеті сабағына айналдырдым. Күнделікті кестемнен арнайы уақыт бөліп, Еңлік Өсербайқызы деген университет ұстазынан сабақ алып жүрдім. Ескі жыр-аңыздар, тарихи оқиғалармен қатар кейінгі қазақ әдеби шығармалары және зерттеу еңбектерімен таныстым. Рухани мағынасы бар бұл оқуым білім шеңберімді кеңейтуге зор әсерін тигізді.
Баянауыл бұрын болмаған жерім еді. Сондықтан ауданның жағдайымен толығырақ танысуды ұйғардым. Ауыл шаруашылығын, мәдениет және оқу орындарын, ұлттық паркке жататын көл жағалауын көруге бip күн жетпей, екінші күнге қалдым. Бұрыннан қалыптаскан әдетім – істің мән-жайын толық білуді қалаймын. Сол себепті уақытпен санаспадым, кезіккен адамдардың бәрін асықпай тыңдадым. Аудан «активінен» басқа ауыл ақсақалдарымен мешіттерінде кездесу болды (Осыны жазып отырғанымда Баянауылдың бip қариясынан хат келді. Ол да сол сапарымды, сол кездесуді еске алып жазыпты).
Бәрін тыңдап алған соң, өзімнің осы сапардан түйгенімді, алдағы мақсатымды ортаға салдым: «Баянауыл қасиетті жер, иісі қазақтың мақтанышы, ғұлама адамдар шыққан. Оның осы атын қайта жаңғыртуға бәріміз де жаппай еңбек етуіміз керек. Бүгінгі жағдайы мәз болмай тұрғанын сіздер де айттыңыздар, мен де көзіммен көрдім. Ауыл шаруашылығындағы дағдарыс жұмыссыздыққа, әлеуметтік әділетсіздікке әкелгенін айттыңыздар. Рухани дүниеміздің азғаны да жанымызға батады. Аралағанымда аудандық мәдениет үйі, басқа да мәдениет ошақтары құлыптаулы тұрғанын көрдім. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ауылында болдым. Ақынның жуықта 100 жылдығы аталып өткен. Ендігі жерде сол ауылдағы әйгілі жерлесіміздің мұражайының бүгінгі халі бәрімізге де үлкен сын. Сол сияқты Қаныш Сәтбаевтың осындағы мұражайы, Қанекең өзі оқыған Теңдік аулындағы мектеп жағдайы күрделі шараларды қажет етеді. Ғалымның екі жылдан соң келетін 100 жылдығын тағы да той-томалаққа айналдырып, рухани мұраларын ұмытсақ, әруағы алдында үлкен ұят. Басқа да шешімін күткен мәселе көп. Әcipece шалғай жатқан ауылдардағы мектептердің жағдайы қатты алаңдатады. Олардың көмір-отынсыз отыруы төзуге болмайтын жағдай», – дедім.
«Сондай-ақ жарықсыз отырғанын да өздеріңіз айтып жатырсыздар. Сабақтары үзіліп, оқудан қалған балаларыңыздың болашағы не болмақ? Ал білім алу деген – бұл өңір үшін атадан келе жатқан дәстүр. Қаншама ғалымдар, академиктер шыққан! Сонау 19-ғасырдың ортасында осы дуанның аға сұлтаны болған белгілі жерлестеріңіз Мұса Шорманов әр ауылдан жыл сайын екі баладан сыртқа оқуға жіберіп отырғаны тарихта қалды». Жиналған жұртқа осындай ашық сырласуымыз ұнағанын байқадым. Алдарында тұрған облыс басшысына өздерін алаңдатқан сұрақтарын қойды. Кейбір сұрақтары пікірталас түрінде боп шықты.
Ауданға қарайтын Майқайың деген өндіріс кентінен келген қария мекендерінің жағдайын айтты. Бұрынғы «Майқайыңалтын» атты кеңес кезінде дүрілдеп тұрған кәсіпорын қазір құлдырап, бip меншік пен екінші меншік арасында талас туып, 1000-ға жуық адам жұмыссыз қалыпты. Кентте не жарық, не жылу, не су жоқ. Күйзелген жұрт басқа амал болмағандықтан epeуілге шығады. Жылусыз қалған көпқабатты пәтерлерде шамасы келгендер пеш салып алған, шамасы келмегендер үйлерін тастап, жан-жаққа пана іздеп кеткен. Кезінде 15 мың тұрғыны бар кентте қазір жартысы да қалмаған. «Жуықта теледидардан Кентаудың ашынған халқы ереуілдеп, Алматыға дейін барғанын көрсетті. Бізде де дәл сондай, одан да ауыр жағдайдағы кеншілер қалашығы. Берекесі кеткен, шыдамы біткен жұрт оқыс әрекеттерге баруы мүмкін. Осыны тоқтатыңыз. Тағы бip өтініш бар, – деп сәл бөгелген ақсақал ойын қинала жеткізді. – Ауданнан бізге ешқандай жәрдем жоқ. Жергілікті жұрттың атынан бізді осы ауданнан шығарып, Екібастұзға қосуды өтінемін. Жақын тұрған қала ғой, септігі тиер». Бұл сөзден соң ешкім де үн қатпады. Содан соң Баянауылдың үлкендері жаңағы сөйлеген кісіге наразылық білдіре бастады. Барған сайын сөздері салмақтана түсіп, дауға беттеді.
Қазақтың жер дауы қиынға соғатыны ойымда бар, «бұл ұсынысты жан-жақты қараймыз» деп әңгімені тоқтатуды ұйғардым. Ішімнен бұл арада экономикалық тиімділіктен гөрі ел ішінде қалыптасқан қарым-қатынастарды, ата дәстүрді басшылыққа алған дұрыс болар деп шештім. Сонау ақ патша заманының өзінде әкімшілік-территориялық бөліс кезінде шенеуніктер қазақ даласының заң-ережесімен қатты санасқан. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдарынан кейін Баянаула (дұрыс аты осылайша дейді) өңірін қазақтың Арғын руы мекендеген. Бүгінде бұнда Арғынның Сүйіндік-Қаржас, Айдабол, Күлік ұрпақтары тұрып жатыр. Олардың ауыл-ауылға бөлініп қоныстанған ерекшеліктерін ескеруіміз керек. Әрі Екібастұз бен Майқайыңның кент болғаны бертінде ғана, ал Баянауылдың саяси ықпалы Ерейментауға, Көкшетауға дейін жайылғаны тағы да бар. Сондықтан асығыс әкімшілік шешім жарамас. Бюджетті «ықшамдауды» ғана көздегеніміз үлкен шиеленіске апарар, билігімізге сенімсіздік тудырар. Олай болса, Майқайыңды осы әкімшілік қалпында қалдырып, экономикалық-әлеуметтік мәселелерін тікелей өзімнің қолыма алуым керек деген шешімге келдім. Кездесудің соңында, айтылған сөз, берілген уәде мен тапсырмаларды қорытындылай келе, «Баянауыл басынан бақыт кетпесін!» деп, жиналған қауымға тілегімді айттым. Жергілікті дәстүр бойынша бұл «аман болыңыздар, ақ мол болсын» деген тілек еді.
Майқайыңның жағдайы, расында, өте қиын екенін сонда барғанымда өз көзіммен көрдім. Шындықты айту керек, менен бұрын да кент мәселесін шешуге тиісті қаржы жұмсалған, түрлі уәде берілген. Бірақ көмектің барлығы құмға сіңген судай жоқ боп кеткен. Нақты қадағалау болмағандықтан әлгі қаржы қолды болған. Мәселені шешу үшін қажетті шараларды тиянақтап, жұмыс жоспарын жасадық. Жауапты адамдарды бекітіп, арнайы штаб құрдық та, әр тапсырманың нақты орындалуына бақылауды күшейттік. Жоспарымыз екі бағыттағы жұмысты көздеген. Біріншісі«Майқайыңалтынды» қайта іске қосу болса, екінші бағыт – кенттің коммуналдық шаруашылығын жөндеу, халыққа қажетті коммуналдық қызмет көрсету, жарықты, жылуды, суды дереу жеткізу жұмыстары еді. Жоспардың орындалу барысын тиісті қызметкерлерден күнделікті сұрап отырдым. Осылай күн сайын қадағалап отырып, тиісті нәтижеге қол жеткізіп, алған міндеттемелерімізді абыроймен орындадық. Кәсіпорынға іскер басшылар табылып, қираған темір-терсегі ғана қалған кен байыту фабрикасы іске қосылды. 700 адамға жұмыс орны табылды. Кәсіпорынның президенті боп сайланған Орынжан Қабдолов (белгілі жазушы-ғалым Зейнолла Қабдоловтың інісі) осы қызметте өзін қабілетті басшы ретінде көрсете білді. «Мына қарапайым халықтың күйін көрсем жаным ашиды. Сізден қолдау болса, күшімді аянбай еңбек етуге жұмсауға даярмын», – деген сөзі маған ұнаған.
Арада бip жыл өтіп, Майқайыңға тағы бip барғанымда көз қуанарлық өзгерістерді көріп, істеген азаматтардың, халықтың еңбегіне риза болдым. Судың, жылудың күрделі жөндеуден өткен құбырларын, жылыту қазандығын өзім тексеріп шықтым. Фабриканың да технологиялық процестері толығымен істеп тұрды. Барлық жұмыстың сапасы қанағаттанарлық. Өнім шығарып жатқан кәсіпорын тиісті салықтарын төлеп, аудан бюджетін толтыра бастады. Дотациядан шығып, Баянауыл ауданы өз керегін өзі толығымен өтейтін болды. Жиналысқа қатысқан жұрт ризашылығын білдіріп жатты. Көздерінен қуаныш сезімін сезгендей болдым. Мынадай сыннан өткен соң қолдарынан не болса да келетіндей көрінді.
Облыстың ауыл-қоныстарымен танысып аралап шыққанымызда, олардың жағдайы қатты алаңдатты. Кезінде Қазақстан бойынша үлгілі шаруашылықтардың қатарында жүрген елді мекендердің жағдайы күрт төмендеген еді. Дүрілдеп тұрған совхоз-колхоздардың аты ғана қалған. Даурықпа жекешелендірудің кеселінен агроөндіріске қажетті дүние-мүліктен жұрдай болған кәсіпорындар, бюджеттік дағдарыстан зардап шеккен білім, денсаулық сақтау, мәдениет орындары, жан сақтау амалымен ауылдан безген жұрт дереу шешім қабылдауды талап етті. Қоластымдағылармен және облыстағы бұрынғы басшы-мамандармен ақылдасып жоспар құрдық. Біріншіден, ауыл шаруашылығына деген көзқарас пен саясатты түбегейлі өзгертуді көздедік. Оны қалай нарыққа бейімдеу туралы аграрлық саладағы ғалым мамандарды тыңдадық. Облыс бойынша жер құнарлылығы нашар екенін, оның орта деңгейі 10–20 балл-бонитет аралығында екенін ескеріп, егіс көлемін ықшамдау керек болды.
Соңғы кездерде атақ қуалаумен дарақы жыртылған бip миллион гектардан астам жердің жарымы ғана айтарлықтай астық бере алады екен. Соның өзінде барлық жерге бидай еге бермей, арасына күнбағыс, тары, ал қалаға жақын жерлерге көкөніс өсірген тиімді. Қалғаны – бос әурешілік, болымсыз қаржыны шашып, жүдеп-тозған халықты бекерге қинау. Гектарынан 2-3 центнер берген алқаптар не жанар-жағармайдың шығынын өтей алмайды, не еңбекшілерді асырай алмайды. Оның есесіне мал жайылымы қысқарып, экологиялық апат орын алғаны өз алдына бip проблема. Сондықтан талан-тараждан қалған соңғы техниканы жинастырып-жөндеткізіп, оны сатуға тыйым салғызып, кем дегенде 7-8 центнер астық беретін жерде ғана егіншілікпен шұғылдануды дұрыс көрдік. Босаған алқаптарға жабайы шөп егіп, табиғи қалпына келтіруді ұйғардық. Ecесіне сол өңірлерде мал шаруашылығын дамытуға бет алдық. Epтісті жағалаған қазақтың ежелден малмен айналысқанын да ескердік. Өлке тарихынан білгеніміз – жергілікті жұрт өзен бойындағы тоғайды қыстауға, даланың қыраттарын жайлауға пайдаланып, ал өндірген ет-тepi бұйымдарын Омбыға саудалаған (Сақталған естеліктердің ішінде Мұса Шормановтың жергілікті қазақтардың салт-ғұрыптары туралы жазғандары бар екен).
Екінші кезекте тұрған ауылдың инфрақұрылым мәселесі еді. Қираған қора-қыстауларды жөндеумен қатар электр жүйесін, жолдарды, байланыс желілерін қалпына келтіру керек болды. Өнімдерді тасымалдау мен кісілердің жүріп-тұруына және өзара қатынастарына мүмкіндік жасамай ауылды көтеруіміз екіталай. Тұрғындардың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы да осы қатардағы мәселеге жатады. Оқу, емдеу, дем алатын орындар қалмаған, ластанып, берекесі кеткен ауыл адам баласын қызықтыра ма? Keлесі мәселе ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсатып сату жолдарын табу болатын. Шаруашылықтарды аралағанымда малшылар мен диқандардан естігенім бір-ақ нәрсе – өнімдерін әділ бағамен сатуға көмектесу. Өзгелерін санамағанда, осы аталған маңызды үш мәселені шешу керек болды. Үшеуі де бір-бірімен тығыз байланысып жатты. Оларды шешу оңайға түспеді. Бip мысал келтірейін. Облыс тұрғындарының үштен екі бөлігі қалаларда тұратын. Яғни азық-түлікке сұраныс та, оның бағасы да көтеріңкі. Алайда бейнеттеніп мал өсірген ауылдағы шаруаның көзімен қарасақ, олардың өнімі арзанға сатылады. Қала базарымен салыстырғанда баға айырмашылығы екі есе кем болатын. Ceбeбi неде? Көп ойландық. Түрлі шара ұсынылды. Қателіктеріміз де болды. Бip аудандағылар «бәле саудагер-делдалдарда, солардың көзін құртсақ шаруамыз оңады» деп шықты. Содан өздерінің орталықтандырылған қабылдау пункттерін ашып, жеке меншіктерге, дайындаушыларға тыйым салды.
Екінші ауданның басшылары «қала базарынан ауданымызға орын берсеңіз, біздің шаруалар үшін өз өнімдерін тікелей, еш делдалсыз өздері саудалауына жол ашылады» деп маған келді. Әрине, мұндай нарық заңдарына қарама-қайшы келетін әрекеттерден зиян шеккеннен басқа пайда болмады. Бірінші ауданда әлгі қабылдау пункттерінің монополиясы кесірінен нарық бәсекесі жойылып, малдың қабылдау бағасы бұрынғыдан да төмен түсіп кетті. Орталықтан орын бергенімізге қарамастан, екіншілердің саудасы жүрмей қойды. Ауыл адамдарының қалаға ат сабылтып келгені, үйдегі жұмысын тастап базарда тұрғаны тиімсіз болды. Алған орындары не босап, не сол қала саудагерінің қолына қайта тиді. Бұдан түйгеніміз – көзге оңай боп көрінгенімен, мәселені тек әкімшілік жолмен шешуге болмайды. Өткізген маркетингтік сауалнама-зерттеулер оның артында көптеген басқа мәселе тұрғанын көрсетті. Ауылда түрлі рұқсат қағаздарын алу, МАИ мен санэпидемстанция сияқты жемқорлардан өту үшін оларға пара беру ауылдықтарды қалаға жеткенінше әбден шығындатты. Міне, осыны шешпей және сауданың өзін дамытпай, ic өнбейді деген қорытындыға келдік.
Ауыл шаруашылығын дамытуға ғылыми тәсілдерді қолданған күнде ғана нарық саласында жеңіске жетуге болады. Осы жөнінде облыстық ауыл шаруашылығы департаментінің басшысы Асанова Бактылы Бипанқызымен пікіріміз үндесетін. Өзі ғылым кандидаты Асанова ханым жұмысын озат тәжірибе мен ғылыми жетістіктерге сүйене атқаратын. Егіндіктің агротехнологиясын үзбей орындау, тұқымды жақсарту сияқты шаралар бағдарламамыздың негізгі нүктесі болды. Тұқым шаруашылықтарының жұмысын жандандырып, агрономдар мен мамандар үшін білім жетілдіретін түрлі семинарлар ұйымдастыруды көздедік. Сол сияқты мал тұқымын асылдандыруды және әр ауылда ұрықтандыру пункттерін ашуды жоспарладық. Осы бағыттағы қадамдарымыздың көбі кейін республикада қолдау тапты. Әсіресе, Ауыл шаруашылық министрлігін Сауат Мыңбаев басқарған кезде бұл жайында жиі пікір алмасып тұратынбыз.
Ауылдың шаруашылығымен қатар инфрақұрылымын қалпына келтіру, көріктендіру және әлеуметтік тұрмыс жағдайын түзету үшін 1999 жылы арнайы үш жылдық бағдарлама қабылдадық. Оның атын жаңа ғасырдың табалдырығынан көгерген ауылымызбен бірге аттайық деген мағынада «Ауыл-2001» деп қойдық. Бағдарламада елді мекендерді (ішіне қалалар да енді) көркейту, көгалдандыру, жаңарту мәселелерін шешу жолдары қарастырылды. Жоспарлаған щараларды орындау кезінде мыңдаған көше түзеліп, миллиондаған тонна қоқым-қоқыс шығарылып, орнына ағаш, гүлдер отырғызылды. Қираған ғимараттар мен бұзылған жолдарды жөндетіп, ауылдардың бәрі электр қуатымен, телефон байланысымен қамтылды, ауыл әкімшіліктерінің бәріне компьютер орнатып, өзара интернет байланысын ұйымдастырдық. Бұрыннан шешімін таппай келген таза ауыз су мәселесін де қолға алдық. Жүздеген мекеннің құдықтары қазылып, су құбырлары жөнделді. Барлығында су тазалығына зерттеу жүргізіліп, сапасы төменіне тазарту станциялары орнатылды. Әлеуметтік салада мектептердің, ауруханалар мен мәдениет үйлерінің жұмыстарын жандандыру әрқашан басты назарымызда болды. Аталған қадамдарымыз ауыл көркіне өң беріп, халықтың рухын көтере түсетініне кәміл сендім. Керек десеңіз, бұл әкімдік қызметімнің маңызды пәлсапасы еді.
Инвестиция жұмсаймын деген кәсіпкер өз пайдасымен қатар жердің құнарлы, мекеннің тұрмысқа қолайлы болуына мән беретінін ескерсек, бұл пәлсапаның артынан экономикалық мән-мағына да көруге болады. Сондықтан «өңіріміз гүлденсін десеңіздер, адам баласын қызықтыратындай тартымды болсын десеңіздер, тазалық пен көріктендіру жұмыстарына қатты көңіл бөлейік» деп, халыққа түсіндіріп, насихаттап жүрдім. Ай сайын екі-үш ауданды аралауды, жергілікті жұртпен жиі жүздесуді міндетіме айналдырдым. Өйткені мұндай үлкен бастамамыздың тасын өрге домалату үшін бүкіл халықтың қолдауы мен білек сыбана кіріскені керек еді. Алғашқыда барлығы да жоспарлағанымыздай болмай, түрлі бөгеттер ісіміздің дұрыс жүруіне кедергі болды. Шенеуніктердің үйренген көзбояушылығы мен «мүмкіндігіміз жоқ» деген сияқты сылтауы етектен тартты. Басшылардың сондай көзқарасын байқаған бұқараның да аса көңіл-қошы соқпады. Үгіт жүрмеген жерде әкімшілік «қамшысын» қолдануға тура келетін. Ауыл-қаланы аралау сапарымды көшелерден бастайтын болдым. Көзге түскен күресінді не жолдың шұңқырын қасымдағыларға, әсіресе жергілікті әкімдерге көрсетуден ыңғайсызданбадым. Бірде Павлодар қаласының шетіндегі Қ.Сәтбаев атындағы көшеге тақадық. Алдында газеттерден сондағы тұрғындардың шағым хаттарын окығанмын. Расында жүз жылдығын тойлап жатқан академик ағамыздың атындағы көшенің сиқы адам көргісіз еді. Ренжігенім сонша, қала әкімі Н.Чмыхты жер үйлердің арасымен көше бойлап жаяу жүргізіп, аяғында қатаң сөгіс жарияладым. Сөйтіп, тазалық пен көріктендіру үшін түбінде қатты сұрау болатынын бәрі түсіне бастады. Әрі ол жұмыстар жай сенбілік не апталықпен шектелмей, күнделікті тәртіпке айналатынына жұрттың көзі әбден жетті. Осы тақырыпты қозғаған газеттер мен теледидардың насихаттау күші де зор ықпал етті.Нәтижесінде, «өз аулам – өз ауылым – өз Отаным» деген ұран-ұмтылысымызды халық өзінікіндей қабылдап, үш жылғы еңбегіміз жемісін берді. Көпшіліктің пікірінше, ауыл-қалалардың тазалығы мен сырт көрінісі жағынан облысымыз ең көрнекті орынға көтерілді. Келген-кеткен жолаушылардың «ауылдарың көркейіп, көгеріп келеді екен» деген сөзі мен үшін мақтап-марапаттаудың ең үлкені көрінетін.
алдыңғы тараулар:
Парақшамызға жазылыңыз