Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай MINBER.KZ Орал қаласында түрлі салада еңбек етіп жүрген әйелдермен сұхбаттасты. Олар, жол құрылысы саласындағы зертханашы, шаштараз, коммуналдық кәсіпорында бақылаушы

Әр кейіпкер өз отбасында асыл жар, аяулы ана, ал мамандықтарының өз қиындығы, ыстығы  мен суығы, өз ерекшелігі бар. Бірақ, біздің кейіпкерлерімізге бұл кедергі емес. Өйткені, өзі еңбек ететін саланың және жеке еңбегінің қоғам мен адамдар үшін маңызы зор деп есептейді. Тағы бір қызықты дерек, әйелдердің барлығының дерлік сүйікті ісі бар, яғни бос уақыт деген жоқтың қасы. Бос уақыт болса да өздерінің жаны сүйетін ісімен айналысуға бөледі. Нәзік жанды арулар отбасына, жұмысына және сүйікті ісіне тең уақыт бөліп, қатар алып жүр. Осыған қарап оларды өзімен және айналасымен үйлесімді өмір сүре білудің әдемі үлгісі деуге болады.

Нина Грищенко, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ мемлекеттік кәсіпорнының БҚО филиалының зертханашысы:

– Кәсіпорындағы жұмыс өтілім 16 жыл. Бұл мамандыққа ойламаған жерден келдім десем болады. Бұрын ДЭУ-38 аталған мекеменің бұрынғы басшысы зертхана ашылған кезде келіп, жұмыс жасап көр деп шақырған еді. Жұмыс маған ұнады. Кейін Алматыда зертханашы курсын оқып алдым. Қазір жоғары білім алудамын, құрылысшы мамандығының 3 курсында оқимын.

Жол саласындағы зертханашының жұмысы аса бір қиын деп айтпас едім. Біздің жұмыста өте мұқият болу керек. Барлық сынақтарды аса жоғары ұқыптылықпен жасау, қателеспеу керек. Өйткені, тапсырыс берушінің, мердігердің жолдары қандай болатыны мен оның сапасы біздің сынақтарымыздың нәтижесіне байланысты. Біз құмды да, қиыршық тасты жабынды да, асфальтты да, барлығын сынақтан өткіземіз. Ауа-райы қандай болса да жолға шығамыз, асфальттың қалыңдығын тексереміз, керндер аламыз, бірінші асфальтқа сынақ жүргіземіз, жол жиегін, көлбеулерін қараймыз. Бірақ, кернді құрғақ кезде, ауа температурасы керн алуға қолайлы, жылы уақытта аламыз. Осыған қарамастан, мамандығым өзіме ұнайды, өзіме қызықты. Әрқашан жаңа сынақтармен танысып, тәжірибеге енгізіп отырамыз. Сол үшін үнемі оқу, даму үстіндеміз. Астана, Алматы қалаларына барып, біліктілігімізді арттырып отырамыз.

   

Нина Ивановнаның гүлдері

Теректі ауданының Подстепное ауылында тұрамын. Жер үй болған соң ауламыз бар. Менің сүйікті ісім – гүл өсіру, гүлдерді өте қатты ұнатамын.Раушан гүлдерін өсіремін, бағымда 40 түп раушан гүлі бар. Барымен тоқтамаймын, жылдан жылға гүлдерімді көбейтіп, түрлендіріп отырамын.

Ирина Пшенникова, шаштараз: 

– Мамандықтағы еңбек өтілім 18 жыл. Бос уақытым болды, содан шаштараз мамандығын оқып алуды ұйғардым. Шаштараздыққа кездейсоқ келдім дей аламын. Сондықтан ба шаштараз менің тұрақты мамандығым болады деп ойламаппын, бірақ уақыт өте келе ұнаттым.

Кемшіліктеріне келетін болсақ, химикаттармен жұмыс жасаймыз. Аллергия немесе күнұзақ тіке тұрып жасайтын жұмыспен байланысты аурулармен ауыру ықтималдығы бар. Тағы бір ерекшелік, адами фактор, ең күрделісі клиенттермен жұмыс. Көп жағдайда адамдар өзіне не қажет екенін біледі, егер кеңес берсең құлақ асады. Келесі біреулерінің тәрбие, мәдениет деңгейі төмен, жүйке жүйесі сыр берген, сабыр мен төзім дегенді түсінбейтін болады. Интернеттің де өз минусы бар, кейбір клиенттер видеодан көріп алып, дәл бір үлгіні жасауды қалайды. Бірақ, оның күрделі техникасы мен ақысы туралы ойланбайды, сөйтіп жұмыс жеңіл, ал бағасы төмен деп есептейді.

Кемшіліктің тағы бірі – шаштараздың жұмысы өте көп материалдық шығындарды талап етеді. Құралдар, орамалдар, алжапқыштар, жағалар, шаш бояуға қажет бас киімдер, фольга, қысқыштар, фен, шаш қиятын машинка, шығыс материалдары. Одан бөлек саптамалар, сымдарды ауыстыру, құралдарды қайрау сияқты істер мерзімді қайталанып отырады, электр қуаты мен судың шығыны да бар. Шаштараз мамандығын оқитындар көп. Ал мамандықта қалатыны 10-15% ғана. Спецификалық иістер, клиенттердің өзін-өзі ұстауы, олардың әдеттері мен қылықтары, мұндайға барлық адам төзіп, үндемей және сыпайы түрде қызмет ете алмайды. Оңай жұмыс болмайды, маған өз жұмысым ұнайды. Өйткені, мұнда шығармашылық ойларымды іске асыра алатын, түрлі эксперименттер жасай алатын мүмкіндіктер бар. Мен үшін әр клиент маңызды, әрбіреуінің өз тілі бар. Бәрімен тіл табысып, қалауын табуға, көңілінен шығуға тырысамын. Оған дәлел 15-20 жылдан бері бірге келе жатқан клиенттерім.

                                   

Менің сүйікті ісім – қолөнермен айналысу. Біріншіден, тоқыма ісімен, кесте тігумен айналысамын. Екіншіден, пайдаланылып қалған бөтелке не басқа ыдыстарды декупаж жасап, оларды ваза не басқа әдемі құтыға айналдырамын. Олардың ішінде ескі кілттер, темір-терсектерден жасалған картиналар да бар. Үйдегі бөлмелерді және жұмыс орнымдағы өз аймағымды өз қолымнан шыққан әдемі дүниелермен безендіргенді ұнатамын. Мен үшін қолөнер демалыс, терапия, жан рахаты десем болады.

Гүлжамал Мұқашева, «Батыс су арнасы» ЖШС бақылаушысы:

– Коммуналдық салада, осы мекемеде қызмет еткеніме 18 жыл болды. Бақылаушының жұмысындағы қиыны көрсеткіштерді жинау шығар. Мен жеке секторда тұратын абоненттердің үйлерінен судың көрсеткіштерін жинаймын. Үйлерді жаяу жүріп аралаймыз. Әрине оңай емес, өйткені жеке үйлердің ауласында көбінде иттер болады. Иттердің бізге қауіп төндірген, бақылаушыларды қауып алған кездері де болған. Адамдар да әртүрлі болады, кейде түсініспеушіліктер туындап жатады. Сосын біз ауа-райына қарамаймыз, жаңбыр, қар, қыс, жаз болсын көрсеткіштерді міндетті түрде алуымыз керек. Дегенмен, осындай қиыншылықтарға қарамастан өз жұмысымды жақсы көремін. Өйткені адамдармен жұмыс жасаймын, адамдарды жақсы көремін, жақсы тіл табысамын. Осы 18 жыл ішінде маған шағымданған, жұмыс орныма арызданған адам болған жоқ. Абоненттерім де мені жақсы көреді.

Негізгі мамандығым тәрбиеші. Мамандығым бойынша тек бір жыл ғана жұмыс істедім. Кейін мәдениет үйіне мәдениет қызметкері болып жұмысқа кірдім. Себебі, менің сүйікті ісім –  баян аспабының не эстраданың сүйемелдеуімен ән салу болатын. Өнерім – менің өмірім десем болады. Достарым, туыстарыммен бас қосқан кезде, қонақта, кездесулерде ән шырқаймын, сонымен бірге жұмыс орнымда тұрақты қоғамдық іс-шараларға қатысып, өз өнерімді көрсетемін. Халықтың алдында өз өнерімді паш ету, ән салу, баянда ойнау мен үшін ең жеңіл және ең сүйікті іс.

Мамандықтың нашары не жеңілі жоқ. Әр маман маңызды. Қазіргі уақытта жастар жаппай жоғарғы білім алуға тырысады. Ата-аналар да балаларының жоғарғы білімді болғанын қалайды. Бірақ, арамызда екі-үш дипломы сандықта сарғайып жатқан, өзі мамандығы бойынша бір күн де еңбек етпеген адамдар да бар. Ал, жолдарды салатын, көшелерді тазалайтын, клиенттерге қызмет көрсететін, тамақ пісіретін, техника жүргізетін, коммуналдық салада еңбек ететін, шаш қиятын не киім тігетін адамдардың күнделікті еңбегі байқалмайды. Шаштараз күнұзақ аяғын суытпастан, тұрып қызмет етсе, жол құрылысындағы зертханашы мен коммуналдық саланың бақылаушысы ауа-райы жағдайына қарамастан өз міндетін жолда не көшеде орындайды. Қандай болмасын өндірістің зиянды не ауыр жағдайлары болады. Ал, кейіпкерлердің сұхбатынан байқағанымыз – барлығы да өз жұмысын жақсы көреді. Жұмысшы мамандықтарға әрқашан сұраныс жоғары, олар әркез қат. Тек оларды насихаттау жағы кемшін десек болатын шығар. Халықтың барлығы жоғары білімді басшы болуы мүмкін емес. Қазақ балаға көп тілейтін әкім бол деген тілектен көрі, жүрек қалаған, өзің ұнатқан мамандықты игер деп жиі бата берген орынды шығар. Мереке құтты болсын, әдемі арулар!

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар