///

Шыңғыс Ергөбек, саясаттанушы: Украина соғысы маңындағы геосаяси ойын: жасырын мүдделер* (жалғасы)

1722 рет қаралды

Бұл соғыс АҚШ-қа әлемдік көшбасшылықты сақтау мен Ресейдің ұлттық мүдделер аймағын Ресей шекарасымен ғана шектеуге жол ашатын мүмкіндік. Бұл шектеуді АҚШ бес бағытта жүзеге асыруды көздейді.

АҚШ РИТОРИКАСЫНДА БҮГІНГІ РЕСЕЙМЕН ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫС ОРНАТУ – АГРЕССОРМЕН БАЙЛАНЫС ОРНАТУ МАҒЫНАСЫН БІЛДІРЕДІ

1)  АҚШ әлемдік көшбасшылықты сақтауда екі негізгі қарсыласпен бетпе-бет келді.

А) Қарқынды дамып келе жатқан Қытай. Қытай соңғы уақытта әлемдік экономиканың жетекші күшіне айналуда. Оған Батыс елдерінің инвестицияларын белгілі дәрежеде топтастыра отырып, Ресей және Орталық Азияның табиғи ресурстарына арқа сүйеу нәтижесінде қол жеткізді. АҚШ Қытай дамуын шектеу мақсатында Ресейді оқшаулап, сол әдіспен Ресей ресурстарының Қытайға жетуіне тежеу салуға мүдделі екенін жасырған емес. Қытай алдында не батыстық инвестициялардан не ресейлік ресурстардан айрылу дилеммасы қойылды. Орталық Азия ресурстары қарқынды дамушы мемлекеттің қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жеткіліксіз.

Б) Еуропалық одақ – екінші қарқынды дамушы аймақ. Ол өз дамуын Ресейден шығатын шикізатқа негіздеген. Бұған дейін АҚШ Еуропалық одақ дамуын тежеуде BREXIT-ті қолданғанына қарамастан, Еуропалық одақ дамуын жалғастыруда. Оны тежеу үшін оның ресурстық негізінен айыру керек. Демек Ресейді оқшаулау Еуропаның дамуын тежеуге ықпал етеді.

2) АҚШ әлемдік саясаттағы гегемониясын сақтап қалу мүмкіндігін барынша пайдалануда. Украинадағы соғыс құндылықтар соғысы деп қабылдасақ АҚШ өзінің әлемдік құндылықтарды қалыптастырушы ретіндегі рөлін нығайтты. Украинаны ашықтан-ашық қаруландыру арқылы Ресейдің Украинаға басып кіруіне ықпал етті. Бүгінгі АҚШ риторикасы қырғиқабақ соғыстығана емес, одан әлдеқайда күрделі нысанды елестетеді. Себебі «қырғиқабақ соғыс» жылдарында «бейтарап позицияға» сыйластық болатын. Бүгінгі АҚШ риторикасы  әсіресе «әлемдік экономикадағы маңызды» мемлекеттер үшін «кім бізбен бірге болмаса, олар бізге қарсы» принципін алға тартқандай болып көрінеді. Ресейге салынған санкция онымен серіктес мемлекеттерді серіктестікті жан-жақты саралауға, ынтымақтастық мүмкіндіктерді қайта қарауға мәжбүр етеді. Демек әлемдегі АҚШ позициясы мызғымастан, бірполярлы әлемдік құрылысты одан әрі нығайтады.

3) АҚШ Ресейді барлық одақтастарынан, ең болмағанда «бейтарап» мемлекеттердің  қолдауынан айырмақ.  Экономикалық санкциялардың барлығы Ресеймен экономикалық тығыз байланыстағы барлық мемлекеттерге кері әсер ететіні сөзсіз. Оның үстіне АҚШ риторикасында бүгінгі Ресеймен тығыз байланыс орнату – агрессормен байланыс орнату мағынасын білдіреді, демек аморальды әрекет болып табылады. Тіпті «бейтараптықтың» өзі көптеген күдік тудыратын факторға айналуда. Экономикалық санкциялардың барлығы Ресейді одақтастарынан айыруды көздеген маңызды қадам. Ресей рублінің девальвациясы Қазақстан секілді елдерге «инфляция экспортын» әкеліп үлгерді. Құнсызданған рубль көрші елдердің барлығына дерлік кері ықпал етті. Мұның сыртында Ресейдің өз нарығын қорғау мақсатында «нарықтық емес» тетіктерді қолдануы әріптес елдерге кері әсерін тигізбей қоймасы анық. Демек, Ресей одақтастарының алдында тұрған диллема – не одақтас болып қалып, экономикалық зардап шегу, моральдық астракизмнің орталығына айналу, не одақтастықтан бас тартып АҚШ векторына қарай бет бұру. Бейтарап қалудың өзі уақыт өте келе мемлекеттерге  үлкен зардап шектіруі мүмкін.

4) АҚШ өзінің әлемдік көшбасшылығын Ресей, Қытай секілді мемлекеттерді «францияландыру» арқылы жүзеге асыруға тырысары сөзсіз. Бүгінгі Францияны қарасаңыз бұрынғы ұлы державалық амбицияларынан айрылған демократиялық құндылықтарға арқа сүйейтін, әртүрлі геосаяси ойындардан аулақ мемлекет. АҚШ-тың сенімді серіктесі, әрі одақтасы. Ресейді одақтас болмаса да, геостратегиялық ойыншы ретінде ойыннан шығару арқылы АҚШ өзінің ең маңызды мақсаты әлемдік арбитр рөліне қол жеткізу мүмкіндігіне ие болары сөзсіз.

5) Бүгінгі әлем үшін АҚШ демократиялық құндылықтар отаны. Ал соңғы уақытта әлемдік деңгейде бұл құндылықтарға деген сенім төмендеп, «демократияның өзгеруіне» алып келді. Мұның нақты мысалы Венгриядағы Премьер-Министр Урбанның позициясы, Эквадор, Венесуэлла, Түркия секілді мемлекеттердегі демократияның құндылығы туралы ойлар. АҚШ демократиялық экспансияны өзінің негізгі сыртқы саяси доктриналарының біріне айналдыра отырып, осы уақытқа дейін Ливия, Сирия сынды мемлекеттердегі билікке қауіп төндірді, Сириядағы азаматтық соғыстың жүйелік сипатын қолдаушылардың біріне айналды. Ауғанстанға демократия әкелемін деп үміттенді. Бұл жобалардың барлығы табысты аяқталды деп айту қиын. Демек, «репутациялық шығынды» қалпына келтіру, соғысқа килікпей соғысудың амалын қарастыруға ықпал етті. Украинаны қолдау саясатында Еуропалық одақ пен АҚШ Украинаға қару жеткізумен шектеліп отыр. Бұл саясатты логикалық тұрғыдан қаншалықты дәрежеде бітімгершілікті мақсат ететін бейбіт саясат деп айтуға болатыны да күмәнді. Соғысқа дейінгі кезеңде де белгілі дәрежеде АҚШ Украинаға экономикалық көмектікөбіне қорғаныс құралдарын жеткізу арқылы жүзеге асыруға тырысты. Бұл Ресей үшін үлкен қауіп ретінде қарастырылуы да түсінікті. Демек, бұл қақтығыстың негізгі бенефициарына АҚШ-ты жатқызуға әбден болады.

[*] Бұл мақаладағы пікірлер автордың субъективті пікірі. Бұл мақала Украинадағы соғысты саралауда соңғы нүкте емес.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар