///

Жанар Оразымбет: Сарыбастау деген тарихи атауға қиянат жасау кімге керек?

4684 рет қаралды

Сарыбастау – жүрек түкпірінде сыздаған сағыныш. Сарыбастау – биік шыңдарға қол создырған аппақ армандардың бесігі. Сарыбастау – балалық бал күндер мен бейкүнә сезімдердің куәсі. Құтты қоныс, киелі мекен туған жер ! Сенсің, арқа сүйер тірегім, табан тірер тұғырым! Бір кезде ауылға деген сезімімді осылай түйіндеппін.

Сарыбастау… .Бұл – аспантаулардың аясында орын тепкен біздің ауыл.

Өмірге шешем келген осы маңда,

Өмірді сүйген және шошыған да.

Он бесінде жат жұртқа пенде болып,

Жат босаға тұрыпты тосып алдан.

Қаршадайдан қайғыны ішіп – қанған,

Қайрылмай артына ұшыпты арман.

Сарыбастау! Анамның көз жасымысың,

Сау етіп кірпігінен түсіп қалған?!

Мұзбалақ Мұқағали анасының кіндік қаны тамған Сарыбастауы туралы осылай деп жыр маржанын өріпті өзінің “Өмірдастан” поэмасында. Айтайын дегенім, биыл 90 жылдығын атап өтуге қамданып жатыр біздің жұрт. Мынандай әлем қайғы жұтып, заман төңкеріліп асты үстіне түсіп жатқанда той тойлаудың қаншалықты маңызы бар? Ол той кімге (ауылға) не береді? Айтайын дегенім бұл емес. Ауылда (сыртта жүргендері бар) ел қамын ойлайтын азаматтар бар ғой. Өздері шеше жатар.

Осы жерде сол ауылдың суын ішіп, сол ауылдың топырағынан нәр алған ауылдастардың екіге жарылуына, айрандай ұйыған ауылдың жік-жікке бөлінуіне себепкер боп жатқан бір мәселе бар. Айтпағым сол туралы еді. Естеріңізде ме, мен баяғыда Қонаев ақсақалдың үйіне барып, сұхбат алып, ол кісі маған бата берді деп ем ғой. Ол туралы “Қонаев берген қос алма” деген атпен жазып, біраз сайттар мен басылымдар өзімнің рұқсатыммен көшіріп басып, жариялаған болатын. Сол жерде Димаш атамыздың “Балам, қай ауылдың баласысың?” деп сұрағанын, менің Сарыбастауданмын дегенімде “Әәә, Ленин колхозынан, Әшімбаевтың аулынан екенсің ғой” деп ауылдағы біраз жайттан хабардар екенін білдіргенін жазған едім. Сол кезде менің жүрегімді сұмдық бір мақтаныш сезімі кернеген. Желдің өтінде, дәл шекарының түбінде тұрған менің аядай ауылымды өзі өмір сүрген уақыттың адал перзенті, тағылымы терең биік парасат иесі, елінің сый-құрметіне бөленіп, ұлттық тұлғаға айналған, көзі тірісінде-ақ ел-жұрты өз көсемі ретінде таныған ғажап адам Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев ақсақалдың тап басып танып, біліп, есінде сақтап тұрғанына төбем көкке екі-ақ елі жетпей қайтқам.

Иә, Сарыбастау атауы Кеңес Одағы кезінде осы ауылдың кірпішін қалап, оны еліміздегі ең іргелі шаруашылыққа айналдырған Социалистік Еңбек Ері Нүсіпбек Әшімбаевтың есімімен тығыз байланысты. Тіпті, осы екі ұғымды бір-бірінен бөліп-жарып қарауға келмейді. Енді мәселе неде дейсіз ғой.?

Ауылдың бір топ азаматтары Сарыбастауға осы Нүсіпбек атамыздың атын беру керек деп даурығып жатса керек. Ал екінші топ “Жоқ, қаншама уақыт бойы осы атаумен аталып келе жатыр. Сарыбастау болып қала берсін. Ал Әшімбаев атамызға ауылдағы орталық көшенің атын берейік” дейтін көрінеді. Бір-бірімен қырғи-қабақ боп, дауласып жатыр екен. Сол ауылдың бір түйір бөлшегі ретінде мен де қалыс қалмайын деп…

Меніңше болғанда, екінші топтікі дұрыс. Сарыбастау – осы ауылдың тарихи атауы. Ал Әшімбаев атамыздың ауылға, сол ауылдың көркеюіне сіңірген қисапсыз еңбегін ешкім жоққа шығармайды. Менің бір ойым, кезінде осы кісі өзі салдырған, ауылдағы ең көрікті һәм көрнекті орындардың бірі – мәдениет үйін осы кісінің атымен атауға әбден болар еді. Айтпақшы, Қонаев атамыз осы мәдениет үйін де тілге тиек етіп, “Сендердің ауылдарыңдағы клуб кезінде драмтеатрдың үлгісімен салынған. Ондай мәдениет үйі Қазақстанда екі-үш жерде ғана бар” деген еді.

Уақыт шіркінді ешкім уысында ұстап тұра алмайды ғой. Уақытпен бірге ұрпақ алмасады. Бұл өмірдің заңдылығы. Бір кездері Сарыбастауды керемет қып гүлдендіріп, оның атын айдай әлемге паш ететін бір ұрпақ келетін шығар. (Келуге тиіс!) Сонда Әшімбаев атауын тағы өзгертеміз бе?! Қалай ойлайсыздар, қымбатты менің достарым, осы жер-су атауларын өзгерте берген дұрыс па? Одан не шығады? Кім не ұтады?

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар