“Мінбер” сайты күн саны қымбаттап бара жатқан азық-түлік бағасын бақылап, ауыл-ауылдағы бағалар жайында жариялап отыруды жөн көреді. Өткен аптада Алматы облысы, Кеген ауданы Тасашы ауылындағы баға жайында жазған едік. Бұл жолы Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы Көкөзек ауылының дүкендеріне бас сұғып көруді жөн көрдік. “Мінбердің” азаматтық журналистерінің репортаждарына құлақ түріңіздер!
Ауылдағы “Гүлжанат” дүкенінің сатушысы бағаны ауыздықтау үшін ең әуелі оны өндірушілердің бағасын реттеу керек деген пікірде:
– Ауыл әкімдігінен комиссия құрамындағы мүшелері келіп, – бағаны түсіріңдер деп, бағаны өздері қойып кетеді, – дейді саудагерлер, – Бірақ комиссия мүшелері бағаны аудандық және сауда орындарындағы көтерме бағаға қарап реттейді. Сол азық-түлік бізге көтерме нарықтан тұрақты бағамен келсе, біз де нарықтық бағаны тұрақты ұстап тұрар едік, – деген пікірлерін жасырмады олар.
– Ал, бізге бағаны түсір дейді, біз бағаны қалай түсіреміз? Біздің әкелетін жол шығынымыз бар. Бағаны шектен тыс көтеріп жатқанымыз шамалы. Азық-түлік түрінің әрбіреуіне қосатынымыз 5% ғана, кейде оған да жетпей қалады. Мысалы, қантты 520 теңгеден әкеліп, 550 теңгеге сатамыз, біздің қосатын бағамыз да мардымсыз. Бізді қайта-қайта тексере бермей, күнделікті тұтынатын азық-түліктің бастапқы бағаларына тосқауыл қоюға қауқарсыз болғаны ма?, -деген сауалды алға тартты «Гүлжанат» дүкенінің иесі.
Күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасына тоқталсақ:
Жергілікті атқару органдарына ескерту берілгенімен, нарықтағы баға ырық берер емес. Министрлер, әкімдер сауда орындарын аралайды, көреді. Жоғары жақтан қымбаттап келген азық-түлік бағасын көре тұра бізге орынсыз талап қояды.
Көкөзек ауылының әкімі Берік Жолдахмет бағаны реттеу үшін үнемі тексеру жүргізіп отыратынын айтады.
– Мәселен, кей өңірлерде қант бағасы 600 теңге болса, біз 550-ден асырмауға талап қойып отырмыз, – дейді.
Баға мәселесі жайында зейнеткерлермен де сұхбаттасып көрдік.
– Қазіргі таңда азық-түлік бағасының қымбаттауына байланысты азық-түлік аламыз ба әлде дәрі-дәрмек аламыз ба деген таңдауға тірелдік. Кей жағдайда керекті дәрілерге қаражат жетпей жатады. Кейде тіпті тапқан табысы күнделікті күнкөрісіне жете бермегендіктен, дүкеннен қарызға азық-түлік алуға мәжбүр боламыз, – дейді зейнеткер ауыл тұрғындары.
Нұржан Құмар,
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар аудан, Көкөзек ауылы
Парақшамызға жазылыңыз