/////

Ғалымжан Жақиянов: Өмір белестері (соңы)

3526 рет қаралды
фото: Мүфтият сайтынан

МӘШҺҮР ЖҮСІП МЕШІТІ 

Он төртінші  тарау

Шындықтың бәрін Н.Назарбаевқа ә дегеннен жайып салмағанымның тағы бip ceбeбi болатын. Менің пікірімді президент теріс қабылдаған күнде саясаттың заңы бойынша қызметімнен өз еркіммен кетуім керек еді. Ондай қадамға мен дайын болмадым. Мәселе мансапты қимағанымда емес. Әкімдік қызметке байланып қалған ештеңем жоқ, онсыз да өзімді еркін сезінетінмін. Бірақ кеткен күнде облыстағы кейбір бастамаларымыз аяқсыз қала деп алаңдағанмын. Соның ішінде Павлодардағы бас мешіттің құрылысы бітпей, бүкіл халықтың алдында берген уәдем орындалмай ма деп қорықтым. Арамызда шынайы сыйластық орнаған жұртпен борышты боп қоштасқым келмеді. Облыстың әйгілі бас мешітін саламыз деп 2000 жыл туарда жария еткенбіз. Құрылыс жұмыстары наурыздың 22-сінде басталған.

Мешіт туралы жариялап, бірінші ырым тасын қойған күні, 1999-дың  қазан айының 14-інде Павлодарда орыс шіркеуінің ашылу pәсімі өткен. Благовещенский соборының салтанатына жан-жақтан, Ресейден христиандардың діни әкейлері мен епископтары келген. Бүкіл қала жұртының көзінше Алматы және Семей архиепископы Алексей (Алексий) маған Москва Патриархының алғыс қағазы мен «Князь Московский Даниил» атындагы орденді тапсырған. Жиналған діни қауым бой көтерген соборды көріп, оның асқан шеберлікпен салынғанын, мұндай собордың Ресейдің өзінде сирек кездесетінін айтқан. Ашылуы Христостың туған күні қарсаңында жоспарланған жобаның іске асуына менің де қатысым болған еді.

Павлодарға келген алғашқы күндерімде жергілікті мешітке барғанмын. Жиырмасыншы ғасырдың басында салынған ғимарат тарлау боп көрінген маған. Әcipece жұма намазына жиналған жамағаттың көбі мешіттің ішіне сыймай, сыртта тұруға мәжбүр болатын. Оны кеңейту мақсатымен жөндеу жүргізіп, бөлек қызмет үйін салдырғанымызбен, мәселе шешіле қоймады. Қаланың жыл сайын көбейе түскен мұсылман қауымына мешіттің кең, жаңа ғимараты керектігіне әбден көзіміз жетті. Елдің  ақсақалдары да, жергілікті имам Жұмабай да осыны бұрыннан айтып келеді екен.

Сондай-ақ қаладағы орыс шіркеуіне пасха кезінде кіріп шыққанмын. Бұрыннан христиан діні туралы мағлұматым бар еді. Оның не екенін алғаш рет Мәскеуде студент достарыммен бірге қасымыздағы әйгілі «Елохов» соборына кіргенімде көргенмін. Жасыратыны жоқ, маған, кешегі ауыл баласына, шіркеу мен оның шоқыну қызметтері жат. Тіпті көз үйренгенше қорқынышты көрінді. Ал Павлодардағы шіркеу үш бөлмелі жер үйге орналасқан, шіркеу деген аты ғана екен. Жаңадан ғимарат саламыз деп, бес жыл бұрын орны белгіленіп, құрылысын бастап та жіберген. Бірақ онысы іргетастан аспапты. Әлгі шағын шіркеуге жиналған қалалықтар осыны айтып, әкімшіліктен көмек сұраған.

Ресми тұрғыдан қарағанда, әкімнің дінге қатысы жоқ. Конституция бойынша мемлекеттің дінге болысуы шарт емес. Қыруар еңбек пен мол қаржыны талап ететін анадай құрылыстарға мемлекеттік бюджеттен қаржы жұмсауға құқымыз жоқ, тек демеушілікке арқа сүйеуіміз керек. Осының бәрін таразыға салып, алдыңғы кезекте орыс шіркеуіне болысқанды жөн көрдім. Жылдар бойы сүйегіміз үйренген «кенжелігімізден» емес, жомарттығымыздан, қазаққа ежелден тән адамгершілік қасиеттерімізден. Өз жерімізде отырып, кеңдігімізді көрсеткеніміз – ірілік  пен тұрақтылықтың белгісі.

Қacipeтті кеңес жылдары қуғын-сүргінге барлық дін ұшыраған. Заманында Павлодарда тұрғызылған қаншама зәулім мешіттер мен шіркеулердің түгін қалдырмай, тас-талқан етіп қиратқан. Облыс  архивінде сақталған деректердің негізінде ислам және христиан діндерінің өлкедегі тарихы қудаланған өкілдері туралы кейін екі кітап шығардық. (Қысымның шетін біздің ұрпақ та байқап өсті. Бала кезімде Баяухан әжемнің араб әліпбиін маған жасырын үйреткені есімде).

Діннің адам баласына керек екенін абақтыда отырып ерекше сезінесің. Мұндағы мешіт дейтініміз бір барактың шетінде, алақандай жерге орналасқан бөлме. Жұма сайын сонда барып, білгенімізше құран оқытып тұрамыз. Келіп жүргендердің ішінде кісі өлтіргендері үшін жазаланғандарды жиі кездестіремін. Өзінің күнәсына Алладан кешірім сұрап, мешіт үйіне кірейін дегендер баршылық. Өкінішке қарай, олардың көбін жібермейді. Колония әкімшілігіндегі бір қазақ тыйым салған дейді. Дініміздің тәрбиелік қасиетін түсінбеген сол бастықтың мешіт ішіне кіріп, тізе бүккенін көрмедім. Керісінше, Алланың жолына түсейін деген бейшараларды қудалап, ұрып соққызып әлек. Бөлмені қайта-қайта тінткізеді. «Тұтқындарды неге мешітке жолатпайды? Сол үшін зынданға (ШИЗО) бізді қамауға бола ма?» деп, медреседе аздап дәріс алған Аман деген жігіт менен ақырындап сұрайды. Имандылықтан жұрдай шалақазақ «жандаралдың» қай құдайына сыйынатынын білмедім. Бәлкім шенеуніктердің погонға табынатын өз тәңірісі бар шығар? Олар үшін заман өзгермеген, бұрынғы темір торлы қалпында қалған сияқты.

Өткен тарихқа бүгінгі мемлекетіміз жауапты емес шығар. Бірақ дін алдындағы, ел алдындағы қарыздарды кім өтейді? Ұлтымызды рухани озбырлық пен кедейліктен шығаруға, адамдарды дініне қайтаруға атсалысу қолына билік тізгінін ұстағандардың әрқайсының заңда жазылмаған парызы деп білемін. Істеген қызметімде, жүрген жерімде ұстанған қағидам осы болатын. Бұл қағиданы жергілікті әкімдер де қолдаған. Сол жылдары облыстың барлық ауданында, елді мекендерінде діни ғимараттар салынды. Солардың ішінде екібастұздықтар тұрғызған мешітін де, шіркеуін де бөлек атап айтқым келеді.

Ал Павлодарға келетін болсақ, «әуелі собор құрылысын аяқтаймыз» деген шешімімді ақсақалдарға өзім жеткіздім. Қоғамдағы бірлік пен ынтымақтастық саясатын басшылыққа алғанымды айттым. «Қаланың өзге дінді ұстанатын тұрғындарының пікірін ескерейік. Шipкеуімізді бітірмей, мешіттеріне кірісіп кетті деген сөз ертеңгі ісімізге бөгет қылмасын» дедім. Айтқанымды қандастарымның басым көпшілігі дұрыс қабылдады. Есесіне қала орталығынан кеңдеу жер алуға, мешіттің  құрылысын жалтақтамай  жүргізуге жол ашылды. «Келісіп пішкен тон келте болмас», әділдікпен істеген шаруа әрқашан да жемісті.

Жаңа мешітке жәрдемдесу мақсатымен құрылған қайырымдылық қордың қамқоршылар алқасына облыстың белгілі азаматтары мен ақсақалдары кірді. Оның күнделікті ұйымдастыру жұмыстарын Оралбек Қожанов ағаға тапсырдық. Алдын ала жарияланған байқауда, алқа мүшелерімен кеңесе, Т.Әбілда жетекшілігіндегі алматылық сәулетшілердің жобасын негізге алдық. Содан түскен пікірлерді қорытындылап, төрт мұнарасы 63 метр биіктікке бой көтерген, іргелерінің ені 64 метр, қазақтың шаңырағындай күмбезделген сегіз бұрышты ғимаратқа тоқтадық. Ислам әлемінің ең түкпірінде орналасқан мешіттің өзіндік ерекшелігі ретінде ұлтымыздың шаңырағы мен сегіз қырлы белгісін ұсынған өзім едім. Үш мың кісілік кешеннің ішінде намаз орындарымен бірге медресе, кітапхана, асхана бөлмелері, ал сыртында көлемді бау-бағы демалатын жерімен қарастырылған. Дүниедегі өзге мешіттердің тәжірибесіне сүйене отырып, оны пайдаланудағы тұрмыстық қолайлылығын да ескердік. Бар-жоғы он сегіз айдың ішінде біткен құрылыс жұмысы жеңіл жүріп, сапасы жағынан да қуанта түсті. Өзіміздің сәулетшілер мен құрылысшылардың шеберлігімен салынған Қазақстанда теңдесі жоқ зәулім ғимарат, халықтың айтуынша, бүгінгі қаланың беткеұстар мақтанышына айналды.

Облыстың бас мешітіне Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының атын беруді ақсақалдар бірауыздан қолдады. Артында тарихи жазба еңбектері қалған, бүгінде елге ислам дінін насихаттауымен танымал болған сопы М.Ж.Көпейұлының өмірі Баянауыл өлкесінде өтіпті. Ол кісінің туған жерінен әкелінген тас мешіт алдына орнатылды. Кіші киіз үйдің көлеміндей орын алған тасқа Мәшекеңнің мәңгілік сөздері қашалды:

Жаяу қыл, нәпсіңді атқа мінгізбей бақ,

     Міне қалса, жортқызып желгізбей бақ.

     Өзін-өзі бағуға көп әл керек,

     Көз соңынан көңілді жүргізбей бақ.

                        ***

      Ғибрат ал атқан таң мен батқан күннен,

      Шықпассың адам болсаң айтқан жөннен.

      Басыңа қайғы келсе, қапа болма,

      Тарылып, назаланып, шықпа діннен.

 

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Мешіттің ашылуы қыркүйектің он бесіне, жұма күніне белгіленді. Оған Елбасының өзі қатысамын деп уәде берсе де, келмейтінін білдім. Арамыз тым қатты суи бастаған болатын. Өткендегі әңгіменің ызғары сезіліп тұрды. Назарбаевтың толқыған  көңілін аулаған маңайындағылардың ішінде шоқты көсей түсуге ынтызарлар да жететін. Біреулері менің сұхбат-мақалаларымды оған оқытып әлек болса, екіншілері облыстағы игі істерімді тepic айналдырып, «халыққа  Сізден де жақсы боп көрінгісі келеді, ең үлкен мешіт салып, өз даңқын асырмақшы» деген сөздерді құлағына құйып жатты.

Спортпен шұғылданып, жігіттермен доп ойнап жүрген мезгілім еді. Жүгіріп барып, телефонды көтерсем, шетелден Берік телефон соғып тұр екен. «Папа, жаңа ғана ВВС телеканалынан Нью-Йоркте жарылыс болғанын хабарлады. Қасымдағы америкалықтар жылап жіберді»  деп, ұлым 11 қыркүйектегі  ғасыр оқиғасын қысқаша айтып берді. Кешкі жаңалықтардан бұл исламшылдардың  ұйымдастырған террористік aктісі екенін білдік. Апаттың елімізден алыста, жердің арғы бетінде болғаны және дүние жүзіндегі  өзге мұсылмандардың оған  кінәлі емес екені анық болса да, мынадай жағдайда мешіт мерекесін сол күндері өткізгеніміз орынсыз еді. Сондықтан ақылдаса келе мешіттің ашылуын келесі жұмаға, 22-сіне ауыстырдық, бұл туралы халыққа ескерттік.

Ол кезде мешіт құрылысы бітіп, бірақ халық ішіне кipe қоймаған. Сондай бip сәтте кешкісін Қарлығаш пен Ележанды жаңа мешітке апарып, өзім аралатып көрсеткенім екеуіне де өте ұнаған. Бара жатқанымызда Қарлығаш: «Сен үшін бұл жай, қатардағы құрылыс емес екенін білемін. Дегенмен неге асықтың, елмен бірге кірмедік пе?» деп ақырын сұраған. Үндемей, жүзіне қарап қана қойдым. Ашығын айтпасам да түсінген шығар. Түсінбесе де көңіл-күйімді сезді, білем.

Салтанатқа халық өте кеп жиналды, мешіттің ашылуы ойлағанымыздай өтті. Рәсімді дайындау Ғалым Доскенов басқарған творчестволық топқа тапсырылған. Алдында кездескенімде «дабыра тойға айналдырмасаңыздар, концепциясы жаңа заманға сәйкес, рухани негізі болсын»  деген едім. Олар дайындаған салтанат сәтті боп, жиналғандардың көңілінен шықты. Әcipece, Алланың үйіне қарай сатылап көтерілген бетте толқыған жүректің  лүпілдегені әлі көз алдымда. Бірге келе жатқан Мәжіліс депутаттарының ішінен Фариза Оңғарсынова апамыздың «мыналарың керемет, ғаламат екен» деген дауысын құлағым шалып қалды.

(соңы)

алдыңғы тараулар:

Басы

І тарау

ІІ тарау

ІІІ тарау

ІV тарау

V тарау

VI тарау

VII тарау

VIII тарау

IX тарау

X тарау

XI тарау

XII тарау

ХІІІ тарау

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар