///

Кәмелет жасына толмаған адамның ораза ұстауы қаншалықты дұрыс?

1500 рет қаралды
фото: Қармақшы таңы

Осы аптада Қасиетті Рамазан айының соңғы күндері өтіп жатыр. Ораза ұстау әр мұсылманның парызы. Десек те, әлі кәмелет жасына толмаған, мектеп оқушыларының ораза ұстауы қаншалықты дұрыс?

19 сәуір күні Facebook әлеуметтік желісінде Ақтау қаласындағы мектеп мұғалімі ауыз бекіткен балалардың ата-анасына ренжігені туралы бейнежазба тараған. Мұғалім бейнежазбада ораза ұстаған оқушылар сабақ оқып, білім алуға құлықсыз екенін, шаршап, әлсіреп, бастарын көтере алмай, сабақ үстінде ұйықтап қалатынын айтады. Олай болса, ауыздарын ашсын, бірінші орында сабақтарын оқысын деген мұғалім, ата-аналардан үйге барған соң балаларымен сөйлесуін сұраған.

Иә, ораза ұстау денсаулыққа пайдалы, ұстау-ұстамау адамның өз еркінде. Әйтсе де, оразаның шарттарына тым жеңіл қарап кеткен жоқпыз ба? Ораза ұстаған оқушылардың мақсаты қандай? Ұстаздардың бұл туралы ойы қандай, сабақ үлгеріміне әсері жоқ па? Осы сұрақтарға жауап іздеп, ауыл мектебінің ораза ұстаған оқушыларын әңгімеге тартып көрдік. Өзім қызмет істейтін Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданының ауылдық шағын жинақталған мектебінде биыл ораза ұстаушы 3 оқушы ғана тіркелген. Ұстаздарының, сынып жетекшілерінің айтуы бойынша бұл оқушылардың бойынан ешқандай оғаш қылық байқалмаған, сабақ үлгерімі, тәртібі бәрі қалыпты жағдайда.

А есімді 11-сынып оқушысы:

– Биыл ораза ұстағаныма 3 жыл. Оразаны өзім үшін ұстаймын, ешкімге жария жасамаймын. Сабағыма да еш кедергісі жоқ.

Г есімді оқушы:

– Менің биыл оразаны алғаш ұстауым. Үйде намазхан ағам, – оразаны ұстау үшін әуелі айдың басында үш күн, ортасында үш күн, аяғында үш күн ұстап, организміңді үйретіп ал, –  деді. Дәл қазір ораза емеспін, – деп жауап берді.

А есімді оқушы, 8-сыныпта оқиды:

– Мен өз мінезімді түзеу үшін, көп нәрседен өзімді тыю үшін, кей уақыт лас сөздер айтып қоямын, ашуланып қаламын, сабырсыздық танытамын, осы мінездерімді түзеу үшін ораза ұстауыма тура келді, – деді.

Мектептегі ардагер ұстаз К.Я. Шүкірғалиұлы:

– Өз басым оқушылардың ораза ұстауына қарсымын. Себебі оразаны кәмелет жасқа толып, ақыл-ойы орныққан соң ұстауы керек. Бұрын оразаны тек жасы алпыстан асқан адамдар ұстаушы еді. Оқушы әлсізденіп қалады, шаршайды, сосын сабаққа қабілеті төмендейді деп есептеймін.

Осы мәселеге орай Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының да пәтуасы шықты. Онда балиғат жасқа толған әрбір мұсылманның ораза ұстауы парыз саналғанымен, ата-аналардың оқушыларды мәжбүрлемеуін сұраған:

– Біріншіден, шариғатымыз бойынша балиғат жасына жетпеген жас балаға ораза ұстау – парыз емес. Бұл туралы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Үш адамнан қалам көтерілді: айыққанға дейін жын түрткен адамнан, оянғанға дейін ұйқыдағы адамнан, балиғатқа толғанға дейін баладан».

Біз бұл хадистен балиғатқа толмаған жас балаға құлшылық жасау, оның ішінде ораза ұстау міндет емес екенін түсінеміз.

Екіншіден, балиғатқа және кәмелетке толмаған жас баланың ораза ұстау кезінде оның организмінде әлсіздік, дәрменсіздік пайда болуы мүмкін.

Бұл жағдай кішкентай бүлдіршіннің денсаулығына кері әсер етуі, сонымен қатар оның толыққанды білім алуына кедергі келтіруі мүмкін. Ата-аналарға осы мәселеге аса көңіл бөлуге кеңес береміз.

Кез-келген құлшылық, оның ішінде ораза толыққанды білім алуға, тиянақты жұмыс істеуге кері әсер етпеуі керек. Оразаны себеп етіп, әркімнің өзіне жүктелген жауапкершілігіне немқұрайлы қарауына болмайды. Өйткені, әр адам сауап амалды өзі үшін орындайды.

Үшіншіден, ата-аналардан балиғат жасына жетпеген балаларды ораза ұстауға мәжбүрлемеуді сұраймыз, – www.amin.kz сайтындағы хабарламада.

Гүлжан Жанғали, БҚО, Тасқала ауданы

Ақтау ауылы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар