///

Нұрлан Кенжеахмет, тарихшы, ғалым: Қазіргі қазақ  елінің шекарасы Абылайхан тұсында қалыптасқан

3236 рет қаралды

2021 жылдан бастап, Харвард университетіндегі «Fairbank» зерттеу орталығының шақыруымен АҚШ-та қызмет атқарып келе жатқан ғалым, тарихшы Нұрлан Кенжеахмет Қазақстанға тың ғылыми жаңалығымен келді.

Ол – Моңғол империясы тұсында Еуразия даласына қатысты сызылған ортағасырлық карталардың ғасырлық құпиясын тұңғыш рет шешкен ғалым. Алматыда  Нұрлан Кенжеахмет«Eurasian Historical Geography as Reflected in Geographical Literature and in Maps from the 13th to the Mid-17th Centuries» аталатын осы ғылыми монографиясын таныстырды.


Нұрлан Кенжеахмет осыдан бірнеше жыл бұрын Германиядағы Гумбольт қорының ғылыми грантына ие болған соң, Бонн университетінің Шығыстану институтында Орталық Азияның тарихи карталары бойынша ғылыми зерттеулер жүргізе бастайды. 2021 жылы Харвард университетіне ауысқаннан кейін де ғылыми зерттеуін жалғастыруға зор мүмкіндік алады. Өйткені аталған университет кітапханасының қоры әлемдегі ең ірі әрі бай қорлардың бірі болып саналады. АҚШ-та Орталық Азия бойынша 13 мыңнан астам карта сақталған.

Жалпы, кітапқа Тайвань, Германия, Жапония және Франция архивтерінен жиналған Қазақстанға қатысты карталар бойынша зерттеулер енген. Монографияда екі географиялық картаға ерекше назар аударылады. «Каңнидо» – Моңғол империясы тұсында Құбылай ханның (1215-1294) жарлығымен қытай тілінде сызылған ең көне «әлем картасы». Аталмыш карта 1402 жылы Кореяда қайта көшіріліп сызылған. «Каңнидо» тура мағынасында «Тарихи Елдер мен Олардың Астаналарының Кешенді Картасы» деп аударылады. Бұл картаның батыс бөлігі одан бұрын Араб-Парсы картографтары сызған  карталарға негізделген.

Монографияның екінші бөлімі 15-16 ғғ Қытай мен Жерорта теңізіне дейінгі аумақты алып жатқан елдердің жер-су картасы туралы тың зерттеулер жүргізілген. Еңбекте кей ғалымдар Мэнгу шаньшуй диту (Моңғолдың жер-су картасы) деп атаса, екіншілері Силу шаньшуй ту( Жібек жолының жер-су картасы) деп атап жүрген 30 метрден асатын танымал орама картаның 15-16 ғғ мұсылман елшілері жазған сапарнамалар негізінде сызылғаны дәлелденген.

Ғалымның айтуынша бұл еңбекті жазуға он жылдан астам уақыт жұмсаған. Өйткені, зерттеу барысында қолданылған карталардың басым бөлігі Жапониядағы құпия мәлімет саналды. Оларды алу үшін арнайы рұқсат алу қажет еді. Рұқсат алуға көп уақыт кетті дейді, ғалым. Сондай-ақ, Нұрлан Кенжеахметтің сөзінше бұл еңбекте 500-600-ден астам топонимдік атау бар. Олардың кейбірінің атауын дәл табу үшін 5-6 жыл уақыт кеткен. Жалпы, әр топонимдік уақытты зерттеуге әртүрлі уақыт жұмсалды. Өзі сегіз тіл білетін ғалымның сөзінше мұндай карталарды зерттеу үшін араб-парсы, көне қытай немесе шағатай тілдерін білу қажет.

Монографияда Еуразиямен қатар Африка елдері де аталады. Өйткені   9-10 ғғ сызылған карталарда Африка елдері, Қиыр Шығыстағы мекендер де бар.

Нұрлан Кенжеахмет, ҚХР, Шыңжаңдағы Арасан ауданы, Қарабұқа кентінде дүниеге келген. Докторлық дәрежесін тарих саласы бойынша 2005 жылы Мәскеуде және археология саласы бойынша 2007 жылы  Бейжіңде қорғаған. Орталық Азия археологиясы, тарихы және тарихи географиясы бойынша көптеген ғылыми еңбектердің авторы. Қазақстанға келген соң,  Р.Б. Сүлейменов атындағы шығыстану институтында және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қызмет еткен.

2003 жж Пекин университетінде оқып жүрген кезде картографиямен айналыса бастап, Жібек жолының картасын зерттеуді бастайды. «Ал,  2007 жылы Жапонияға барғанда жапондардың карталарды зерттеу барысында қателік жасап жатқанын байқадым, өйткені мен көне қытай тілін білемін. Мен оларға мәліметтер бұрмаланып жатқанын айтқанмен, одан нәтиже болмады. Сол кезде дәл осы карталарды зерттеуге бекіндім» дейді ғалым.

Нұрлан Кенжеахметтің дерегінше орта ғасырларда Махмуд Қашқари, әл-Хорезми сызып кеткен карталар бар. Қытай архивтеріндегі карталарда да қаншама тарихи мәліметтер бар. Осы еңбекті жазу барысында түрлі тарихи мәліметтердің сәйкестігін анықтау,  нақтылауға баса мән берілгенін айтады ғалым.  Оның сөзінше, кезінде еуропалық зерттеушілердің өзі де араб-парсы ғалымдары сызып кеткен карталарды қолданған. Әйгілі саяхатшы Марко Полоның өзі осы карталарға жүгінген болуы мүмкін, өйткені оның деректеріндегі жер-су атаулары да араб-парсы тілдерінде келтірілген, дейді ғалым.

Ғалым Харвард университетінің базасында Абылайхан тұсындағы қазақ хандығының шекарасы туралы ғылыми зерттеу жүргізіп жатыр. Оның айтуынша, қазіргі қазақ  елінің шекарасы сол Абылайхан тұсында қалыптасқан. Ол туралы нақты деректер бар. Картографиялық мәліметтер бар. Ол зерттеу де жарты жылдың ішінде жарық көреді.

Болашақта Қазақстанға келу жоспарымда бар деген ғалым қазаққа қызмет ету үшін ел ішінде тұру шарт емес, дейді.

Сондай-ақ, Нұрлан Кенжеахмет осы жылы STEM мектебінің құрылтайшысы Эльмира Шырымбаевамен бірлесіп, “Тайқазанның таңғажайып тарихы” аталатын қазақ тарихына қатысты деректер топтастырылған балаларға арналған топтама шығаруды жоспарлап отыр.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар